Рухани жаңғыру

Ескірмейтін ерлік

«Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды».

Әбілқайыр ханның осы бір ауыз сөзінде ата-бабамыздың тұтас бір дәуірлік тарихы жатыр.

Сейсенбі күні «Әбілқайыр хан мен Бопай ханым, тұлғалар туралы ақиқат пен аңыз» атты дөңгелек үстел өткен облыстық тарихи-өлкетану музейінің конференц-залының төрінде Әбілқайыр мен Бопайдың портреттерімен қоса, бүкіл ғұмыры ел қорғау жолындағы жанкешті ерлікпен өткен даңқты ханның осы сөзі де жазулы тұрды.

Дөңгелек үстел 14-16 маусым күндері Ақтөбеде Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның есімдерін ұлықтау, рухтарына тағзым ету мақсатымен өтіп жатқан шаралардың аясында ұйымдастырылды. Жиынға тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар, Әбілқайыр ханның ұрпақтары, қазақтың тарихын түгендеу, тарихи тұлғалар есімін қастерлеу үшін жасалып жатқан істерге демеуші болып жүрген меценаттар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Бірінші сөзді облыс әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов сөйлеп, халқымыздың тарихын тереңдете зерттеу, тарихи тұлғалардың елге жасаған қызметін, ерлік істерін насихаттау мақсатымен облысымызда жасалып жатқан істерге тоқталды.

— Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің гео-
графиясы» аймақтық ғылыми бағдарламасының аясында Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан алтын әшекейлі киіммен, қару-жарағымен жерленген сармат көсемінің қабірі табылғанын білесіздер. Ежелгі сармат көсемінің бейнесі, қорғаннан қазып алынған барлық жәдігерлер ғылыми тұрғыданқалпына келтіріліп, осы музейге қойылды. Әбілқайыр хан да — тарихымыздағы даңқты тұлғалардың бірі. Кеңестік заманда, сол кездің саясатына байланысты, оның тұлғасын лайықты бағалау, ұрпаққа шынайы тарихын жеткізу жағы кемшін болды. Тәуелсіздік жылдарында осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен көптеген істер жасалды, дегенмен Әбілқайыр тұлғасын, оның өмірінің маңызды кезеңдерін әлі де тереңірек зерттей түсу қажет,
— деді облыс әкімінің кеңесшісі.

Бұдан кейін Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы, 1993-1997 жылдардағы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Айт-
қали Есенғұловқа сөз берілді. Айтқали Ғұсманұлы өз отбасының тағдыры, яғни Әбілқайыр ұрпақтарының қудалануы туралы әңгімеледі. Өткен ғасырдың 20-жылдарында оның ата-анасы көршілес Орал өңірінен Пермь өлкесіне жер аударылған.

— Отбасымызда 14 бала дүниеге келген. Әжемнің және жастай шетінеген 6 ағамның сүйегі Пермь жерінде қалды. Әкем он жылға айдалған, алайда бұл мерзім біткеннен кейін де атақонысына орала алмаған. Тек қазағы көп Орынбор жағына қарай жақындаған. Мен Орынбор облысында туып-өстім, сол жақта білім алдым, өмір бойы шетте жүрдім. Әкем 1947 жылы репрессияның екінші толқынына ілігіп, қайта қудалауға ұшырады. Содан кейін көп ұзамай қайтыс болды. Оның бейіті Орынбор өңірінде қалды. Әскери адам болғандықтан, қызмет бабымен әр жерде жүрдік. Шетелдерде көп болдым. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс минис-
трі Сағадат Нұрмағамбетов-
пен бұрыннан таныс едім. 1992 жылы ол мені өзімен бірге жұмыс істеуге шақырды. «Қазақстанның қарулы күштерін құра-
мыз»
— деді. Бұл ұсынысты көп ойланбай қабыл алдым, — деді ол өзінің естелігінде.

Сондай-ақ Ақтөбе жұртшылығына деген ризашылығын жеткізіп:

— Әбілқайыр хан қолбасшы ретінде бүкіл қазақ жерін қорғады. Соның ішінде Ақтөбе өңірі оған ерекше құрмет көрсетіп келеді. Ақтөбенің төрінде бабамыз-
дың ескерткіші тұр. Сіздерге басымды иіп, рақмет айтамын,
— деді.

Айтқали Есенғұлов жиын үстінде өзіне түскен Әбілқайырдың қай баласынан тарайтыны туралы сауалға жауап бермеді.

— Біз Нұралыдан, Ералыдан тараған ұрпақ болып немесе басқалай бөлінбеуіміз керек. Халқымыз «таза қазақ», «шала қазақ» секілді «ұғымдарды» да санаға сіңірмей, бірлікті ғана ойлауы керек. Мен, ең алдымен, халқымыздың саны көбейсе және бірлігі мығым болса екен деп тілеймін, — деді ол.

Тарих ғылымдарының кандидаты, испан тілі мен әдебиетінің белгілі маманы, Әбу Насыр
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры Самат Өтениязов Әбілқайыр ханның тарихымыз-
дағы рөлі, жалпы, Қазақ хандығының тарихының өзі әлі түбегейлі зерттеліп болмағанын айтып, көп нәрсенің тасада қалып отырғанына тоқталды.

— Мысалы, келесі жылы тарихымыздағы ең зор қасіреттің бірі — Ақтабан шұбырынды апатына 300 жыл толады. Шығыс жақтан жоңғарлар ғана емес, олармен бір мезетте Батыстан казак-орыс отрядтары мен қалмақ әскерлері де қазақ жеріне шабуыл жасаған еді. Жоңғарлар Түркістан қаласына дейінгі жерлерді түгел басып алды да, ал батыстан келген жау,
өздері жоспарлағандай, Түркістанға жете алмады. Себебі Әбілқайырдың сақадай сай әскері оларды тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден әрі асыра қуып тас-
тады. Міне, бұл — ерекше атап өтілуге тиіс маңызды жайт. 1723–1724 жылдары Әбілқайыр бастаған қазақ әскері Утва, Самара, Шаған өзендерінің бойында казак-орыс және қалмақ отрядтарымен бірнеше рет бетпе-бет келіп, қырғын шайқастар болды. Солардың бірінде қалмақ ханы Аюке өлді. Әбілқайырға Ресей басқыншыларына қарсы Кіші жүз тарапынан күресті ұйымдастыруды 1709 жылы Әз Тәукенің өзі тапсырған еді. Әрине, оған дейін де Әбілқайыр осы күрес жолында жүріп, ерлігімен көзге түсті. Басқыншыларға қарсы күресіп, елі мен жерін қорғауға ол жарты ғасыр ғұмырын арна-
ды,
— деді тарихшы.

Жиында, сондай-ақ исламтанушы, 2017-2020 жылдар аралығындағы еліміздің Бас мүфтиі Серікбай Ораз, Әбілқайыр мен Бопайдың елдікті сақтау, жерді қорғау жолындағы қызметін зерттеп-зерделеу ісіне демеушілік көрсетіп жүрген азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Жау-
ғашты Нәбиев, ғалым, профессор Абай Орынбаев, ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыс-
тық филиалының төрағасы, Бопай ханымның есімін ел жадында сақтауда аянбай еңбек сіңірген азамат Келдібай Еспағамбетов, т.б. сөз сөйледі. Осы жиындағы ерекше сәт — Бопай ханымның жаңа портретінің таныстырылуы болды. Портреттің авторы — өз шығармашылығымен ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген талантты суретші Нарқыз Әлібек.

Жалпы, дөңгелек үстел барысындағы әңгіме, негізінен, Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның елге сіңірген қызметіне байланысты зерттеулерді түрлі бағытта одан әрі тереңдете түсу төңірегінде өрбіді. Жиынның үйлестірушісі, тарихшы, өлкетанушы Айшуақ Дәрменов те: «Әбілқайыр мен Бопайдың өмірі мен қызметіне қатысты зерттеулер және сол зерттеу-
лердің барысында табылған, анықталған маңызды деректер арқылы олардың ерлігін насихаттау ісі тоқтаусыз жалғаса беруі керек»,
— деп атап өтті.

Айта кетейік, 2023 жылы Әбілқайыр ханның туғанына 330 жыл толады. Осы қарсаңда тарихшыларға, зерттеушілерге қоз-
ғау салу мақсатымен ұйымдас-
тырылған шараларға өңірімізге белгілі кәсіпкерлер — Қожаевтар әулеті ұйытқы болып отыр. Бұл шаралардың аясында Әйтеке би ауданындағы «Әбілқайыр хан» мемориалды кешенінде Әбілқа-
йырхан мен Бопай ханымның рухына арнап ас беріліп, Құран хатым түсіріледі. Сонымен бірге еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар Толыбайдағы Әбілқа-
йыр хан музейінде болады, ақындар айтысы, қазақ күресі, қол күресі, т.б. ұлттық ойындардан жарыс та өтеді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button