Тарих

Көңілден кетпес бейнелер

Тағзым

Әйтеуір, менің,қойныма тыққан жоқ тасым,

Ақ адал жаным,қорғаным әрі жақтасым.

Арманым — жүрек адамды сүйіп тоқтасын,

Арманым — елім ұлым деп сонда жоқтасын.

 Ізтай Мәмбетов.

Мынау тіршіліктің тарам-тарам мол соқпағында талай жанмен танысып-білісіп, жақындаса түсесіз. Соның ішінде адами биік болмысымен өзіне тартып тұратын, айналасына шуағы шашырап жүретін ерекше бір кісілер болады. Сондай адамдар көзден таса болса, көп ішінен қарап, іздей бастайсың.Ол адам сенің ойыңда тұрады. Осындай ғалым-азамат, қазақ ғылымы мен білім жүйесінің  дамуына үлкен үлес қосқан  ұстаз, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Нұрышев пен оның зайыбы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Күлімхан Бәйкенқызын қайтпас сапарға шығарып салғанымызға да он жылдың жүзі болыпты.

Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, уақыттың қалай өткенін де байқамай қаламыз.

Шынында да, қанша қимағанмен, оларды іздеп, қабырғамыз қайысқанымен, орындары уақыт өткен сайын қатты сезіліп тұрғанымен, осы өмірдің заңдылығына бәрібір көнеді екенбіз. Бірақ жанымызға жақын тұтар сол асыл бейнелердің көз алдымыздан кеткенімен де, көңілден кетпей жүрген сәті бар.

Ғалекеңнің  адамгершілігі, досқа деген адалдығы, ағайынға қамқор көңілі,  қызметтестерімен алдына көмек сұрап келген адамдарға өзінің жан дүниесімен бұрылатын сәттері ұмытылар ма?!

Қазақта оқымысты адамдар туралы сөз қозғалса: «Білім инемен құдық қазғандай», «Білекті бірді жығар,білімді мыңды жығар» деген мақалдармен қосып мақтап айтады. Осы қазақтың қасиетті сөздерінің белгісін біз Ғалымжан Жұмабайұлы мен Күлімхан Бәйкенқызының  тұлғаларынан көрдік.

Ғалымжан Жұмабайұлының жүріп  өткен жолына қарасақ, шынында да, аса сәулетті, мәнді екенін көреміз. Қазіргі жиі айтылып жүрген парасатты әлемді ол өмірінің соңына дейін ту етіп ұстап өтті. Қашан көрсең де өзіне тән сыпайы қалпымен сәл ғана жымиып, шын ниетімен сәлемдесетін еді. Хакім Абай атамыз айтқандай, «Биік мансап — биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыранда шығады».

Ғалымжан Жұмабайұлы қол жеткізген табыстары мен қызметтеріне қырандай қалықтап, елдің үлкен батасымен жетті. Осы саладағы еңбек жолын оқытушы  болудан бастаған ол еліміздің және облыстың ғылымы мен  мәдени-әлеуметтік дамуына мол серпін берді. Тоқсаныншы жылдары елдің жігеріне жігер қосып, жас та болса сол кезде көп шаруаны ұйымдастырып,қиын-қыстау кездерде де өзінің табандылығын көрсетіп, үлгі бола білді.

Ғалымжан Жұмабайұлы мен Күлімхан Бәйкенқызын жасаған еңбектерін көріп, «жақсыны танитын, оны бағалай білетін парасатты да ақылды, ойлы азаматтар бар екен» деген сөздер осындай кісілерге қатысты айтылған деп пайымдайтынбыз.

Заманның талабына бейімделе білетін ерлі-зайыпты ғалымдар ұстаздық атты  ұлағатты жолда өз ісінің білгір маманы, шебер  ұйымдастырушысы бола білді,  сатылап өсіп, биік лауазымдарына, бастарына бармақтай бақ берсе де асып-тасымаған жандар еді.

Ғалекең жоғары мансапты қызмет атқарған уақытында бас шұлғып, көлеңкемен жүрмей, әрқашан да өзінің байсалды қалпын сақтап қалды, экономика ғылымдарының докторы, профессор атағы мен ғылыми дәрежелерді алғанда да ел алдындағы борышын атқарғандай болып қызмет жасады.

2004 жылы бұрынғы Ақтөбе педагогикалық институтының ізімен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты құрылып, оған ректор болып келген Ғалекең классикалық және кәсіби жоғары оқу орындарының үлгісін ала отырып оқу орнын қайта құрды.Элитарлық білім берудің бір жолы – ХХІ ғасырда жоғары интеллектуалды білімді қазақ интеллигенциясы мен нақты мамандар қажет болатынын білгеннен шығар, республика көлемінде және облыста педагогикалық мамандармен қамтамасыз ету бағытында аянбай қызмет жасады.Мектепті білімді мамандармен қамтамасыз етсе арқылы елдің болашағы мен ұлттың болашағы жарқын боларына сенді.Осыған сәйкес елімізде білім беру реформасы өз жалғастығын тауып, онда әлемдік тәжірибенің озық үлгілеріне назар аударылды.Оның басты айғағы – Қазақстан Республикасының да басқа әлемдік үрдістерге тән даму жолына бағыт ала отырып, білім беру ісіне қатысты көптеген шараларды қолға алуы. Мәселен, Республика жоғары оқу орындарының  Әлем университеттері Ұлы хартиясына мүше болып қабылдануы. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен Тараз  қаласында өткен бас  қосуда ақтөбелікинститут осы Хартияны қолдау жөніндегі меморандумға қол қойды. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты 2009 жылдың қыркүйек айында Италияның Болонья университетінде өткен ХХІ халықаралық конференцияда Болон процесіне қосылды. Бұл беделді халықаралық білім бірлестігіне мүше болу екіжақты әріптестікті нығайтып, институтта несиемен оқыту жүйесін жетілдіруге, болашақ  ұстаздарға тәлім-тәрбие беру ісін жаңа сатыға көтеруге ықпал етті.

Ұрпақ алдындағы қарыз бен парыз болып отырған қазақ қоғамындағы өткір де өзекті болған мәселелердің бірі — ауылдың жағдайы еді. Ұлттың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек»деген мағыналы да маңызды сөзін басшылыққа алған Ғалекең  ауыл мектептерін жас мамандармен қамтамасыз ету және мамандарға жағдай жасау проблемаларын кешенді түрде шеше бастады.Ақылы негізде оқитын әлеуметтік жағынан аз қамтылған үздік студенттерге Ы.Алтынсарин менӘ.Молдағұловаатындағы  атаулы стипендиялар тағайындалды. Институтта әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан оқитын студенттер мен ата-анасы жоқ студенттерге үлкен әлеуметтік көмек көрсетілді. «Жердегі жетім-жесірдің маңдайынан сипасаң, аспандағы періштелер де қуанып, қол соғады» деген халық даналығымен ата-анасы жоқ студенттерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бюджеттен тыс қаражат көздерінен институт асханасында тегін тамақтандыру ұйымдастырылды, оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер жасалып, оқу  ақысынан толықтай босатылды.   Бюджеттен тыс қаражат көздерінен студенттерге стипендия тағайындалып, мемлекеттік тілді меңгерген студенттергеарнаулы стипендия берілді. Ата-анасыз студенттер мен магистранттар жатақханада тұру ақысынан толық босатылып, оларға қаржылай көмек пен киім-кешектер берілді.Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін мәңгі есте сақтау мақсатында педагогика факультетінде «Әлия оқуы» ұйымдастырылды.

Институттың студенттерінен құрылған «Жасыл ел», «Шебер» студенттер құрылыс отрядтары облыстағы жоғары оқу орындарының арасында бірінші орынды иеленіп келді. Ақтөбе өңірінің талай ақын-жазушыларының кітаптарының тұсаукесері, мерейтойлары институтқабырғасында атап өтіліп жататын.

Әсіресе Ілия Жақановпен, Мырзатай Жолдасбековпен,Сауытбек Әбдірахмановпен және т.б. ел таныған азаматтармен болған жүздесулер бәріміздің жадымызда сақталып қалыпты. Сонымен бірге Ғалымжан Жұмабайұлы өзі бас болып,республикалық«Арыс» қорымен бірлесіп, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында  «Қазына» атты жобаны жүзеге асырды.Осы жобаның негізінде «Нұрпейіс Байғанин.Естеліктер.Таңдамалы шығармалар», «Сарышолақ Боранбайұлы.Азаттық еді аңсаған», «Жөкей Шаңғытбайұлы.Дастандар» және т.б.әдеби мұралар халқымен қайта қауышты.Жобаны жүзеге асыруда профессор Жұма-Назар Асанов әрқашан оныңқасынан табыла білді.

Ғалымжан Жұмабайұлыөзінің білімі мен білігін қазақ ғылымының дамуына, оның ішінде экономика  ғылымының соны тақырыптарына бағыттап, түйінді мәселелерді байыпты  зерттеді. Ол кісінің монографиялары мен зерттеу еңбектерінде, мерзімді басылымдар мен ғылыми журналдарда жарық көрген мақалаларында айтқан ойлары  мен көзқарастары, ғылыми тұжырымдамалары шәкірттеріне ұғынықты болса, елге қазақ ғылымында дарынды ғалымның жарқ етіп шыққанын көрсеткендей еді.

Кісілік, азаматтық, ақылдылық пен мәдениетті қатар алып жүріп, арғы жағынан келе жатқан тектіліктің туын биік ұстап, әрқашан азаматтық қасиетін өзінің  қатар- құрбылары мен замандастарына,  қызметтестеріне үлгі етіп, біздің көз алдымызда ұстамды, көшелі адам екендігімен сақталып қалды. «Қызмет бабында біреуге жақпайсың, біреуге жағасың, біреу былай дейді, біреу олай дейді, дегенмен  жасандылық жапсырған жамау секілді, содан аулақ болу керек, ол кімге болса да жараспайды»деген тәмсілді берік ұстанды.

Қазір Ғалымжан Жұмабайұлы еске алғанда: «Төс айылдың батқанын,Иесі білмес, ат білер. Ер жігіттің қадірін, Ағайын білмес жат білер», — деген ата-баба сөзі ойға оралады.

Ғалекең кейбір сәттерде, жұмыстан кейін жалғыз қалып, гармонь тартып отыратын. Сазды әуен оның кабинетінің ішін бір мұңды үнге бөлеп тұратын.Мүмкін,  қанды қырғын соғыстан қайтпай қалған ағасы еске түсті ме, кім білсін… Сондайда ойы алысқа кетіп,басқа бір дүниемен сырласқандай болатын.  Институтты басқарған кезде кадр мәселесіне келгенде Ғалымжан Жұмабайұлы болашағы бар қазақ жастарын тани, көре біліп, оларға әрқашан қолдау көрсетіп отыратын. Осы күні облыс пен республика көлемінде жауапты қызметте және жоғары оқу орындарында жұмыс жасап жүргендер арасында оның тәрбиесін көргендер аз емес.

Ғалымжан Жұмабайұлының ерекше қасиеттерінің бірі — адамға күлімсірей қарауы еді. Ешқашанда қабағын түйіп немесе қатуланып, біреуге  жазықсыз ұрысу дегенді білмей өткен адамдардың бірі осы Ғалекең болды-ау деп ойлаймын. Қалың көпшіліктің алдында өзіне тән дауысымен күмбірлеп сөйлей жөнелгенде, оның бойынан иманы мен нұры қатар төгіліп тұрғандай болады. Елімізге танымал ақын Сәтжан Дәрібайдың:

Ішімді тырнап, жүрекке маза бермейді,

Өткінші қызық,сауықтарыңа көнбейді.

Жер-көктен менің іздеген жоғым, дариға-ай,

«Өмірде жоқ қой…» дегенге көңіл сенбейді, — деген өлең жолдары асыл бейнелерді еске  түсіріп тұрғандай болады.

Ғалымжан Жұмабайұлы мен Күлімхан Бәйкенқызының бейнесі өткен өмір мен  бүгінгі үндестіріп, абзал ұстаздардың  өмірі мен ғылыми шығармашылығы олардың ғұмыр жалғасындай көрінеді кейде.

Оларды еске алуға арналған «АЗАМАТ.ҒАЛЫМ.БАСШЫ» атты  іс-шараға қазіргі ректор Лаура Қарабасова өзі басшылық жасауда.

«Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директоры болған Раукен Отыншиннің басшылығымен «Талант. Тарлан. Тағдыр» атты деректі фильм түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылған-ды. Бұл дүние бүгінгі күні де жүрек қозғар жәдігерге айналды.

Ғалекең институтты басқарған сегіз жыл бойына абыр-сабыр болып жататын кабинет қазір мұражайға айналды.Бұл кабинетте кезінде талай пәтуалы байламдар жасалып, елдің үлкендері алақанын жайып бата берген еді. Ғалекең де көп уақытын осы кабинетте өткізді. Бір кездері тынымсыз шырылдап жататын телефонда бүгінде үнсіз қалған. Телефон тұтқасын көтеріп, «алло-о-о» дейтін жұмсақ дауыс та естілмейді.

Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның академик жазушы Ғ.Мүсірепов туралы жазған «Қаңтарулы қазанат» атты эссе-естелігінде: «… содан бері бұл кабинет жабық, майдан даласында мерт болған қаңтарулы қазанат сияқты» деген жолдар бар. Осы жолдарды оқығанда еске түседі ғой…

2012 жылы 23 шілдеде институтта Ғалекеңе барып жолықтым, бұл біздің соңғы кездесуіміз екендігін қайдан білейік, сол әңгіме-дүкен құрып отырған жарты сағатқа жуық уақыт, күліп шығарып салған бейнесі көзден кеткенмен, көңілден кетпей жүр… Ұмытқың келмейді…

Нұрдәулет АЛДАШЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты,доцент,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button