Мәдениет

Халықтың қаһарман қызы

Хиуаз Доспанова — 100

ІІ дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақтың үш қаһарман қызы ұрпақтардың мәңгілік мақтанышына айналды. Солардың бірі — Халық қаһарманы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына биыл 100 жыл толды.

Осыған орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Ақтөбеге «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме әкелді. Көрме Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне қойылды. Оның ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы»ҚБ облыстық филиалының төрайымы Нәзира Табылдинова, Әлия Молдағұлованың нағашысы Сапар Молдағұлов, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес, т.б. сөз алып, қазақ қыздарының батырлығы, соның өшпес айғағына айналған Хиуаздың ерлігі, ғұмыры төңірегінде ой толғасты. Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің әншісі Нұргүл Рамазанова «Әлия-Мәншүк-Хиуаз» әнін орындады. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры міндетін атқарушы Динара Бисембаева осы көрмені ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің ұжымына арнайылап алғыс айтып, сый-сияпат ұсынды.

Көрмеге Хиуаз Доспанованың майдандағы ерлік жолы, бейбіт өмірдегі қызметі мен жеке өмірінен көптеген суреттер, деректер қойылған. Хиуаздың орамалы, өзі қастарлеп сақтаған түрлі өңірбелгілері, дос-сыйлас жандармен жазысқан хаттары, басқа да жеке заттары бар.

Соғыстан денсаулығынан айырылып оралғанына қарамастан, қазақтың қайсар қызы Хиуаз бейбіт күнде де лауазымды қызметтер атқарды, қоғамдық өмірге араласты, отбасылы болып, бала тәрбиеледі, немерелер сүйді. Ол 2008 жылы өмірден өтті.

Көрмеде Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова туралы деректер де бар.

— Қазақтың үш қаһарман қызының есімін әрдайым бірге айту, бірге еске алу жақсы дәстүрге айналды. Бұл үш тұлға бірігіп, ұлт рухының асқақтығын паш ететін ерліктің, бірліктің символына айналды. Біз де сол дәстүрді бұзбай, көрмеден Әлиямен Мәншүкке де орын бердік, — деді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Ғалия Назарбекова.

Көрмеге, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры атанған атыраулық жауынгерлердің, олардың арасында, мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бас кейіпкерінің прототипі Қайырғали Смағұловтың, Т.Досымовтың кең таралған «Биіктік» әнінде аталатын Боран Нысанбаевтың және басқалардың суреттері  мен құжаттары, музейге Ұлы Отан соғысының жауынгерлері табыстаған әскери киімдер, түрлі құралдар, тылдан жіберілген киімдер, т.б. жәдігерлер қойылған.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button