Ғашықтар тасы мен келіншектау туралы аңызды естідіңіз бе?
Хромтау ауданының солтүстік-шығысында жатқан Көктау ауылы көпшілікке мыс пен мырыштың отаны ретінде жақсы таныс. Ор өзенінің жағасында орналасқан ауылдың сұлу табиғаты бір бөлек әңгіме.
Ауыл маңында жазық далада екі тас мүсін бар. Бұл екі тас мүсінді халық Сымтас немесе «Ғашықтар тасы» деп атайды. Осы тас мүсінге қатысты бір аңызды айтып бергім келеді: Ертеректе бір байдың көркіне ақылы сай қызы болыпты. Қыздың сұлулығын естіп, жан-жақтан сері жігіттер келеді. Алайда, қыз олардың біріне де мойын бұрмапты. Сөйтіп бір күні қыз жылқышы жігітті кездестіріпті. Қыз бен жігіт бір көргеннен бір-біріне ғашық боп қалады. Екеуінің кездесіп жүргенін біреулер қыздың әкесіне жеткізеді. «Жылқышы жігітке қызымды бермеймін» деген бай, қызын басқа жігітке атастырып қояды. Қыз қанша қарсылығын білдіргенімен, әкесі алған бетінен қайтпайды. Жастардың бақытын тілеген қыздың жеңгесі екеуіне ауылдан қашып кету туралы кеңес айтады. Сөйтіп уәделескен екеу таң ата қашпақшы болады. Таң бозарып атқанда жолға шығады. Қос ғашықтың қашып кеткені туралы хабар әкесіне жетеді. Ызаланған әке жігіттерін ертіп, екеуін іздеуге шығады. Қуғыншылар тез жеткенімен, жігіт қарсылық білдіріп, қызды әкесіне бермейді. Осы кезде қамшы сілтеген жігіттен қаймыққан әке ауылына бос қайтады. Қызын қайтара алмаған бай үйіне келе теріс қарап жатып қалады. Байдың тоқсандағы шешесі жағдайды айтпай-ақ түсініп, батар күннің соңғы сәулесіне қарап теріс бата беріпті. Ауыздан ауызға жеткен аңыз бойынша, сол сәтте қол ұстасқан қыз бен жігіт тасқа айналады. Содан халық бұл екі тасты «Сымтас», кейбіреулері «Ғашықтар тасы» деп атап кеткен. Бүгінде ауыл жастары бұл мүсінге Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнінде гүл шоқтарын қояды.
Ор өзенінің бойындағы Келіншектау туралы да мынадай аңыз бар: Осы маңда ертеректе өте ауқатты кісі өмір сүріпті. Ол бір күні ай десе, аузы бар сұлуға үйленіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Бір күні көрші-көлем жаңа түскен келіншектің қолынан шай ішкісі келеді. Соны сезген келіншек шелегін алып, Ор өзеніне бет алады. Еркелей ағып жатқан Ор өзенінің сылдыры мен мөлдірлігі тамсантпай қойсын ба? Ғажап суретті тамашалап тұрған келіншек шелегін суға сала бергенде, өзен түбінен үлкен жайын шыға келіп, келіншекті жеп қойған деседі. Сол сәттен бастап бұл жерді «Келіншектау» деп атап кеткен екен. Ал тағы бір нұсқасында атаман Дутовтың ақ гвардияшылары шабуылы кезінде Жағалбайлы Асан руының Көтебай ауылының қыз-келіншектері масқарадан құтылу үшін тау басынан төмен құлапты дейді.
Жансүгір ТӨЛЕБАЕВ,
Көктау ауылы,
Хромтау ауданы.