Байқау

«НҰР-АЙ» БИШІЛЕРІНІҢ ЖЕҢІСІ

 Ақтөбеде өткен «AQTOBE FEST STAR» XXI халықаралық ән-би байқауына Қарғалы ауданының атынан қатысқан «Нұр-ай»  халықтың би ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Жас бишілердің хореографиялық шеберліктерін дамыту және шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған  халықаралық байқауға 51 би ұжымы қатысты.

Жалпы мәдени-көпшілік іс-шаралардың көркемдік деңгейі жоғары болуына би өнерінің қосатын үлесі көп. Осы орайда «Нұр-ай» би ансамблі ауданымызда болатын іс-шараларға белсене қатысып, ашық алаңдарда өнер көрсетіп келеді.

Байқаудың мақсаты — балаларымызды өнерге баулу, қазақ өнерін әлемдік сахна төріне шығарып, ұлттық өнерімізді дәріптеу. Бойындағы талантымен тәнті еткен балалардың өнерін бағалау қазылар алқасына қиынға соқты. Бұл іс-шара біз үшін бағындырған тағы бір үлкен белес болды. Байқау тартысты өтті. Алдағы уақытта да талантты балалардың биік тұғырдан көрінуіне күш сала береміз, — дейді ансамбль жетекшісі Дария Ғайнадинқызы.

Сондай-ақ өнерлі бишілерді дайындаған жетекшілері ағайынды Дания, Дария Асқароваларға «Үздік жетекші» дипломдары табысталып, Дубай, Түркия елдеріне жолдама берілді.

Аз уақытта көрерменнің көзайымына айналған жас өнерпаздардың бұдан да биік белестерді бағындыратынына сеніміміз мол.

 

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,

Қарғалы ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button