СУРЕТТІ СӨЙЛЕТКЕН ШЕБЕРЛЕР
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы ұйымдастырған ІІІ Республикалық «Арт-Колонок» байқауына Қарғалы аудандық балалар және өнер мектебінің «Киім дизайны» және «Көркемсурет» бөлімінің оқушылары қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Биылғы байқау Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай ұйымдастырылған.
— Қылқаламмен ақ қағаз бетіне сурет салып, жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей әсем бейнелеу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Талантты, жан-жақты, ізденімпаз, өмірге құштар оқушылардың шығармашылығын шыңдау — біздің басты міндетіміз, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Байқау нәтижесінде Анель Ержанова (Үйлестіру бойынша) 2-орынды, Инабат Есентаева (Графика бойынша) 3-орынды иеленсе, Сабина Мұхаммеджанова лауреат атанды. Сондай-ақ өнерлі бүлдіршіндерді дайындаған жетекшілері Нұрила Жақсыберген мен Сания Абдрахманова да Алғыс хаттармен марапатталды.
Жұлдыз КЕНЖЕ.