Қамшы өріп, жүген жасаймын
«АҚТӨБЕНІҢ» ШЕБЕР ОҚЫРМАНЫ»
Мен бос уақытымда қамшы өріп, жіптен ноқта, жүген жасаймын. Бұл — қазақ халқының ертеден келе жатқан қолөнер түрлерінің бірі.
Ең алғаш бес жасымда әкемнен төрт өрімді жіпті өруді үйрендім. Бұдан соң алты өрімді жыланбауыр қамшыны көріп, оны да үйреніп алдым.
Әуелгі «көрсем, білсем, үйренсем» деген балалық әуестік есейе келе үлкен ізденіске ұласты. Кейін сегіз өрімнің жұмыр, төрт қырлы түрлерін игердім. Үйдегі жылқыға ноқта, жүген өріп, бұзаудың ноқтасын әр жасаған сайын түрлендіріп отырдым. Тайымның ноқтасының сағалдырығына жіптің тоғысқан жерін қызыл мақпалмен көмкеріп, тұмар жасадым. Жүгенді де түрлендіріп жасай бастадым. Жасаған жұмыстарыма қызығып, тапсырыс берушілер де көп болды.
«Әке көрген оқ жонар» деп, ұяда көргеніміз уақыт өте келе сүйікті ісімізге айналды. Қазір сексенге қадам басқан әкем әлі күнге дейін тері илеп, қайыстан құлақ бау дайындап, қамшы өреді, шідер жасайды. Ер-тоқым жөндеп, қыл терлік басады.
Қазір бұл іске ортаншы ұлым қызығып жүр. Оған да жүген өрудің қыр-сырын, ат әбзелдерінің түрлерін, оның не үшін қолданылатынын айтып, түсіндіріп отырамын.
Соңғы үш жылдан бері міндетті түрде күніне бір сағатымды осы іске арнайтын болдым. Жұмыстан кейін, ұялы телефон мен әлеуметтік желіден бір сәт қол үзіп, артық ойлардан арылып қаласың.
Қазақтың осындай ұлттық қолөнер түрлері өміршеңдігін жоғалтпай, келер ұрпақ санасында мəңгі жаңғырса дейміз…
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.