Рухани жаңғыру

Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы қаралды

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың төрағалығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.

Оған бейнебайланыс арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің өкілдері, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыста «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының облыста жүзеге асырылуы мен биылға  арналған іс-шаралар жоспары қаралды.

Жиында алдымен бейнебайланыс арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің басшысы Ұлықбек Тнәлиев өткен жылы Мемлекет басшысы бекіткен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының мақсат-міндеттері туралы баяндап берді.

Бұл жобаның мақсаты — мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Бұл жоба, негізінен, 3 бағыттан және 7 міндеттен тұрады. Жоба аясында 66 ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Бірінші бағыт — «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан құндылықтарды одан әрі дамыту және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Бұл бағыт бойынша «Ұлттық тәрбие», «Кемел болашақ», «Ұлағатты ұрпақ» сияқты жобаларды қолға алып отырмыз. 2025 жылға дейін рухани тәрбиеге қатысты жобаларға мектеп оқушыларын қатыстыру жоспарланып отыр. Екінші бағыт — «Ел рухы». Бұл бағыт 13 іс-шарадан тұрады. Оған мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Алдағы үш жылда бұл бағыт аясында елімізде мәдени нысандардағы инфрақұрылымды дамыту, 250 жаңа мәдениет ғимаратын салу, 1200 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталатын үшінші бағыт бойынша елімізде жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, еріктілердің санын арттыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету шаралары қолға алынады, — деді ол.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының жоба менеджері

Рүстем Қанапиянов аталған жобаның әр өңірде жүзеге асырылу деңгейі туралы институт өкілдері арнайы зерттеулер жүргізілгенін айтты. Зерттеулер нәтижесінде сауалнамаға қатысқан облыс тұрғындарының 22 пайызы «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасымен жақсы таныспын» деп жауап берсе, 31 пайызы жоба туралы естігенін жеткізген. Ал 46 пайызы аталған бағдарламаның қабылданып, жүзеге асырылып жатқанынан бейхабар екендігін айтқан.

Облыста зерттеуге қатысқан азаматтардың бағдарлама туралы білмейді дегеніне, әрине, күмәнмен қараймыз. Дегенмен бұл деректі дұрыс қабылдауымыз да керек. «Рухани жаңғыру» жобасының астарында үлкен идеология жатыр. Сондықтан алдағы уақытта осындай зерттеулер жүзеге асырылған жағдайда жақсы көрсеткішке қол жеткіземіз деп сенемін. Бүгінгі отырысқа осы бағдарламаны жүзеге асыруда жауапты тұлғалар қатысып отыр. Сол себепті бәріңізді нәтижелі жұмыс жасауға шақырамын, — деді облыс әкімнің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста атқарылған және алдағы жылдарға жоспарланған шаралар туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Жанар Мақсұтовалар айтып берді.

Ләззат Оразбаеваның айтуынша, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыста 165 іс-шара өткен. Оған 2 млрд 170 млн 803 мың теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде облыстан шыққан меценаттардың көмегімен барлығы 1 млрд 77 млн 700 мың теңгеге 480 жоба жүзеге асырылған.

Облыста «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының негізгі құрылымына сәйкес 3 бағыт, 11 көрсеткіш шеңберінде нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Ұлттық жоба аясында облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан бақыланатын көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, былтыр «Халықты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларымен және негізгі бағыттарымен қамту» көрсеткіші бойынша өңірде 367 832 адам қамтылған. Сондай-ақ облыста 12 000 жасқа жан-жақты қолдау көрсетілген. Биыл аталған бағдарлама аясында 1 миллиард 47 миллион 905 мың теңгеге 364 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл жыл басында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөнінде 2022-2024 жылдарға арналған 120 іс-шарадан тұратын жол картасы бекітілген. Қазіргі таңда жол картасы шеңберінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының үш бағыты бойынша өңірде бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Отырыста комиссия мүшелері баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Мәселен, комиссия мүшесі, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай өңірде ұлттық жоба аясында мектеп оқушыларына өлкетануға байланысты іс-шаралар көбірек өткізілсе деген ұсынысын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жауапты тұлғаларды ұлттық жобаны жүзеге асыруда белсенді түрде жұмыс жасауға шақырды.

Қазіргі таңдағы ең басты мәселе — халықтың санасында ұлттық рухты ояту, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Сондықтан әрбір тұрғын «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын білуі керек. Біз тұрғындарға бұл жоба аясында қандай шаруалар атқарылып жатқандығын жан-жақты жеткізіп, көрсетуіміз қажет. Көп жұмыс жасалып жатыр, бірақ соны халыққа жеткізуде, насихаттауда әлі де олқылықтар бар. Біз осы олқылықтарды жойып, белсенді түрде еңбек етуге тиіспіз, — деді ол.

 Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button