Білім

Балдырған

Мереке қарсаңында балалар аналарына сыйлық ұсынғысы келетіні мәлім. Ал кім не сыйлық ұсынар еді? Бұл ретте Ақтөбе қаласындағы № 32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушыларының көңіліндегі ойларға назар аударалық.

Менің сыйлығым

Ана.  Өмірдегі ең асыл жан сізсіз. Сіздің мейірімділігіңіз теңіздей шексіз. Сізге сыйлық сыйлау мен үшін үлкен бақыт. Сіз үнемі гүлдей құлпырып жүресіз. Дала аяз болса да, сіздің құшағыңыз жылы.

8 наурыз келе жатыр. «Не сыйласам екен» деген ой мазалайды. Сатып алсам ба екен? Жоқ. Бұл керемет сыйлық емес. Ал ендеше не сыйласам екен? Ең үлкен сыйлық — бағасы қымбат сыйлық емес, жүректен шыққан сыйлық. Мен қолөнер үйірмесіне қатысатын едім. Ендеше кесте тігіп немесе бисерден әдемі бұйым тоқып сыйлап қуантуым керек. Бұл ең құнды, бағалы сыйлық деп ойлаймын.

Аяна ЖЫЛҚАЙДАРОВА.

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні жақындап қалды. Анамның мейрамына орай анама не сыйлауға болады? Анам мейірімді ізгі жан. Не сыйласам да жарасар еді.

Мен базарда киім таңдап жүріп әшекей түйреуіш көргем. Анама жарасатын шығар. Ұнатуы керек, себебі анам ол әшекей түйреуішті көріп, алғысы келген. Енді мен ақша жинап, сол әшекей түйреуішті анама 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне сыйламақпын. Және гүл алуым керек, онсыз бола ма?!

Ернар СӘЛІМ.

***

Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылындағы С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушылары — «Балдырғанның» белсенді тілшілері.

Көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында осы мектептің 7-сынып оқушылары аналарының мамандықтары туралы әңгімелеуді мақұл көріпті.

Менің анамның мамандығы

Менің анамның мамандығы  — мұғалім. Ол музыка пәнінен сабақ береді. «Әнді сүйсең, менше сүй» деп Абай атамыз айтқандай, әнді сүйе білумен қатар, оны шын жүрекпен түсіне білу керек. Ән адамға көтеріңкі көңіл күй, сұлулық сыйлайды. Сондықтан мен осындай өнерге тәрбиелеп жүрген анамды мақтан етемін.

Алтынзер ДӘУЛЕТКЕРЕЕВА.

Менің анамның мамандығы — тігіншілік. Тігіншілік кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс, ұқыптылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Анам тігіншілікті кішкентай кезінен-ақ армандапты, сол арманына қол жеткізіпті. Фабрикада жұмыс істеп, балалар киімдерін аппликациялаған. Маған анамның мамандығы қатты ұнайды. Мен де анамның мамандығымен туыстас кәсіпті, дизайнерлікті армандаймын. Ал арманыңа қол жеткізу үшін көп оқып, тынымсыз ізденуі қажет екенін білемін.

Әсел СӘДІРҒАЛИЕВА.

Менің анам Гурьев медицина училищесін бітірген. Қазір біз білім алып жүрген мектептің медбикесі. Ол біздің денсаулығымызды жіті бақылап отырады. Әртүрлі аурулардан сақтандырып, қабырға газеттерін шығарады, оқушыларға сынақхат, мәнжазба жұмыстарын жазғызады. Сондай-ақ аурулардың алдын алу мақсатында дәрістер оқиды. Медбике мамандығы керемет. Мен анамның ақ халатты абзал жан болғанын мақтан тұтамын.

Жадыра ДОШАЕВА.

Менің анам мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегендей, анам балаларды өз тілінде сөйлеумен қатар, басқа тілде жазып, сөйлеуге үйретеді. Менің анамның таңдаған мамандығы маған өте ұнайды. Мен де анам сияқты өскенде ұстаз болсам деп армандаймын.

Ақзат ҚАЛЖАНОВА.

***

Әже — әрбір шаңырақтағы құрметті жан, әсіресе, немеренің қорғанышы, жанашыры. Ал М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатының 6-сынып оқушылары әжелері туралы не дейді екен?

Менің әжем

Менің әжем өте мейірімді, көрікті жан. Мен кішкентайымнан ата-әжемнің қолында өстім. Олар мені адалдыққа, білімге құштар болуға үйретті. Әжем сәл қатаңдау. Әжемнің үнемі біздің қасымызда болғанын қалаймын. Мұңайсам әжеме жеткізуге тырысамын.

Мен мектеп-интернатта оқимын. Сондықтан әжемнің «құлыншағым, ботақаным, айналайын» деген сөзі үнемі құлағыма келеді. Мейрамымен құттықтасам, жадырап, масайрап қалады. Әжемнің үлкейген сайын сәл нәрсеге ренжіп қалатынын байқап жүрмін. Сондықтан ренжітпей, қуантуға тырысамын. Сабақтан жақсы баға алсам, бірінші әжем естиді. Қуанады.

Әлия СИСЕНҒАЛИ.

Менің әжем ең тамаша адам. Оның жасы қазір 69-да. Ол Шалқар қаласында туып-өсіп, сонда жұмыс жасаған. Қазір зейнеткер. Әжем — әкемнің анасы, менің ақылшым.

Менің әжемнің қолынан көп нәрсе келеді. Оның сүйікті ісі — тоқыма тоқу. Ол жас кезінен жүн түтіп, ұршық иіріп, кеудеше, қолғап, т.б. бұйымдар тоқып үйренген. Сол өнерін маған да үйретті. Сонымен бірге іс тіккенді де жақсы көреді. Әжемнің шашы ұзын, бұрымын өзі жақсы қылып өріп алады. Әжемнің сүйікті тамағы — қазақша ет. Оның иісін бұрқыратып өзі асқанды жақсы көреді. Сүйікті сусыны — қымыз, шұбат, шай.

Менің әжем қазақ ауыз әдебиетінін көптеген ертегілер, аңыздар біледі. Кішкентай кезімде өзге әжелер сияқты маған да ертегі айтып ұйықтататын. Ол пайғамбар жасынан бері намаз оқиды. Бізге әрдайым ақыл-кеңесін айтып отырады. Мен әжемді өте жақсы көремін. Асыл әжеме ұзық ғұмыр тілеймін.

Раушан ҒАЛЫМЖАН.

Оқушының өлеңі

Өмір

Өмір деген — бір өзеннің арнасы,

Өмір деген — бір жолдардың жалғасы.

Өмір деген — мөлдір бұлақ, қанып іш,

Өмір деген — жалт еткен бір сағыныш.

Өмір деген — созылмайды мәңгілік,

Өмір деген — оралмайды жаңғырып.

Өмір деген — басыңдағы бақытың,

Өмір деген — жалғыз ғана жақұтың.

Сол өмірді бағалайық баршамыз,

Бағаламай өткен жандар қаншамыз.

Бақытханым АРТЫҚБАЕВА,

№ 30 қазақ орта мектебінің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Анама

Анамды жақсы көремін,

Үнемі сыйлап жүремін.

Аман болса анашым,

Мен жадырап күлемін.

Асыл анам ардақты,

Ашық әрі салмақты.

Рақмет сізге, анашым,

Өсіп келем жап-жақсы.

Нұржайнар АМАНБАЕВА,

Сарысай негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Күй

Уа, құдіретті қоңыр күй,

Тау мен тасты құлатқан,

Тас бауырды жылатқан,

Жас сәбиді уатқан,

Мұңдыларды қуантқан.

Кей кездері мені де

Қуантқан да жылатқан.

Жанбота ЖҮКЕН,

№ 32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button