Мәдениет

Ши тоқитын шебер

Ши тоқу — қазақтың ұлттық қолөнер саласындағы ерекше бір түрі. Бүгінде осы өнерді жалғастырып, оның жандануына үлес қосып жүргендердің бірі, Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің педагогі — Лэйла Тәженова. Жақында оның бірнеше оқушысы «Шабыт» республикалық өнер байқауынан жүлделі орындардан көрінді.

Лэйла Мырзалықызы 10 жылдан астам уақыттан бері ши тоқумен айналысып келеді. Қолөнерші алдымен шидің қаншалықты пайдалы екендігіне тоқталды.

— Бала күнімде сурет, портрет салғанды ерекше ұнататын едім. Кейіннен әжемнің ши, алаша тоқып, киіз басқанын көріп, үйрене бастадым. Ол кездері тоқылған шиі жоқ үй жоқтың қасы. Себебі қарапайым шидің үй тұрмысында атқаратын рөлі зор болатын. Тоқылған шиді киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, үйге төселген киіздің астына ызғар өтпеске қолданған, — дейді ол.

Ши тоқудың өзі — бір әлем. Қолөнершінің айтуынша, негізінен, шидің үш түрі болады. Олар: ақ ши, орама ши және шым ши. Мұндай ши түрлерінің әрқайсысы өз орнымен түрлі мақсатта пайдаланылады. Ақ шиді тек ақ жүнмен орап тоқиды. Тығыз тоқылған ши күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсер еткен. Ал орама ши ешқандай жүнсіз, шидің өзімен дайындалады. Бұл түрін қазақ халқы мал сойғанда еттің астына салуға, ыдыс жуғанда, құрт-ірімшікті кептіргенде пайдаланатын болған. Ал шым ши өрнектер арқылы түрлі түсті жүнмен оралып, әдемілікке, сәндікке тоқылады. Бұл да киіз үйдің керегесіне ілінеді немесе есіктен жел өтпес үшін қолданылған.

— Көпшілігі шиді қамыспен шатыстырып жатады. Ши тек күз мезгілінде піседі. Мен шиді ең алғаш Мұғалжар ауданындағы Родник ауылынан жинадым. Сондай-ақ ши өңіріміздің Шалқар, Байғанин аудандарында көп өседі. Піскен шиді алдымен жинап, кептіреміз, кейін тазартамыз. Мәселен, шым шиді тоқу үшін ұнаған бейненің немесе өрнектің сызбасын жасап, содан соң оған сәйкес жүнді бояймыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қойдың жүнін тазартып, оны бояп, ши тоқыған жұмыстарым бар. Қазіргі дамыған заманда дүкендерден түрлі түсті жүнді сатып алуға болады, — дейді қолөнерші.

Жақында ғана Лэйла Мырзалықызының оқушылары «Шабыт» республикалық өнер байқауының «Қолөнер және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша жүлделі орындар алды. Сондай-ақ қолөнершінің өзінің «Уақыт әуені» деп аталатын шиден тоқыған жұмысы да 1-орынға лайық деп танылды.

— Республикалық «Шабыт» өнер байқауына 10 оқушым қатысты. Сондай-ақ өзім де бақ сынадым. Себебі қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу болған жоқ. Оқушыларымның киіз басу, ши тоқу және сырмақ сыру жұмыстарын ұсындық.  

2009 жылдан бастап лицейдің қазақ бөліміндегі оқушыларына композиция пәнінен ши тоқу өнері оқу бағдарламасына енгізілді. Жалпы, балаларды 5 жастан бастап қабылдаймыз. Олар ши тоқу барысында қарапайым сурет салудан бастап, қазақтың ою-өрнектерімен кеңінен танысады. Ши таяқшаларына түрлі түсті жүндерді орай отырып тоқиды. Бүгінде ұлттық өнерге қызығушылық танытып, үйренгісі келетін жастардың қатары көп. Биылғы оқу тоқсанында балалардың сәтті шыққан жұмыстарын осы байқауға ұсындым.

Ши тоқу — өте күрделі жұмыс. Соған қарамастан, біздің балалар ерекше туындылар жасап шығарды. 60х90 көлеміндегі жұмыстарды 3-4 ай тоқиды. Бұл баланы ептілікке, әсемдікке, тиянақтылыққа, сондай-ақ шыдамдылыққа үйретеді, — дейді шебер.

Лэйла Тәженованың шәкірті Арай Арманқызы аталған байқаудың «Қолөнер және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша гран-при иегері атанды. 13 жастағы өнерлі қыздың қолынан шыққан «Сиқырлы тал» атты ерекше жұмысы көптің ішінен ең үздігі болып танылған. Ол бұл туындысына екі ай уақыт жұмсағанын айтады.

— Жалпы, 6 жасымнан бастап сурет салумен айналысамын. Төрт жылдан бері қалалық көркемсурет лицейінде білім алып жүрмін. Мұнда композиция, тоқу,  мүсін жасау, сурет салудың қыр-сырын жан-жақты меңгереміз. Бос уақытымды тиімді өткізіп, осы сүйікті ісіммен айналысамын. Әсіресе ши тоқу — ерекше қызықты жұмыс.

Болашағымды да осы саламен байланыстырамын. Архитектура немесе дизайнер мамандықтарының бірін таңдағым келеді, — дейді Арай.

Осындай ұмытылып бара жатқан дәстүрлі үрдістерді балалардың бойына сіңіріп, ұлттық санамызды жаңғырту — ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің міндеті. Лэйла Тәженова қазақтың әр шаңырағында ұлттық бұйымның бір бөлшегі болғаны дұрыс деп санайды.

— Қазақ халқында ши тоқу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру ісі — ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер. Қазақтың ұлттық өнерін халықаралық деңгейде танытуымыз керек.

Алдағы мақсатым — осы күнге дейін дайындаған жұмыстарымды жинақтап, қазақтың қолданбалы өнерінен көрме өткізу, — дейді ол.  

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button