Мәдениет

Ақтөбенің Жандосы

Оның әндері көпшілікті бірден баурап алады, халыққа жақын. Әндердің әуені бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мүмкін, сіз біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімін білмессіз, бірақ оның туындыларын тыңдағаныңыз анық.

Біз бұл жолы оқырмандарымызды жан досына арнаған әнін әнші Қуандық Рахымға айтқызып, көпшілікке «Көктемде үйленем» деп уәде берген, өмірден «бақыттың бағасын»сұрап жүрген, сүйгеніне қосыла алмай қалған ғашықтардың тілін «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» атты әнімен жеткізген әнші, сазгер ақтөбелік  Жандос Қаржаубаймен таныстырмақпыз.

«Мені жұрт қызылордалық деп ойлайды»

Жас та болса бірнеше хит әннің авторы болып үлгерген Жандос 1998 жылы

Темір ауданына қарасты Тасқопа ауылында дүниеге келген. Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің түлегі. Қазір Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 4-курсында оқып жүр.

— Неге екенін білмеймін, көбі мені қызылордалық деп ойлайды. Тек жақын достарым ғана Ақтөбенің перзенті екенімді біледі. Ақтөбенің топырағынан жаралып, нәр алып, өсіп-өніп келеміз. Мектептен кейін сол Ақтөбедегі өнердің қара шаңырағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжіне оқуға түстім. Алғаш рет әнді де сол колледж қабырғасында жүрген кезімде жаздым, — дейді Жандос.

Бүгінде Жандостың жазған әндерін елімізге белгілі Әбдіжаппар Әлқожа, Қуандық Рахым, Кеңес Әлімжан секілді әншілер орындап жүр. Әр әні өзіндік сырға толы, естігенде құлаққа жағымды. Бір қызығы, Жандос бірде-бір әнін тапсырыс бойынша жазбапты. Алдымен ән туады, кейін оны орындаушыға ұсынады.

— Музыкалық сауатым болғанымен, сазгерліктің биік шыңына жеттім деп айта алмаймын. Ән жазу маған әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген тағдырдың сыйы.  Әр шыққан әннің өз тарихы бар және әрқайсысы сол кездегі көңіл күйге байланысты. Махаббаттан баз кешіп жүрген кезде «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деп әндетіп кетесің, ал біреуге ғашық болып, үйленуге асық болып жүрген тұста «Көктемде үйленем» деген секілді әндер туады.  Сондықтан болар, әуендері бір-біріне ұқсамайды. Жүректен шыққан әрбір ән авторға ыстық. Бірақ мен үшін Қуандық Рахым орындап жүрген «Жан досыма» атты әннің орны бөлек. Нұрбек есімді жақын досыма арнап жазылған ән болатын, — дейді сазгер.

Жандос неге сөзінде тұрмады?

Жандостың орындауындағы «Ауылдың баласы», «Қуанамын», «Бақытың қаншадан?», «Сал-сері» секілді әндері көпшілікке жақсы таныс. Бірақ әншінің өнердегі «бағын жаққан»— «Көктемде үйленем» атты туындысы. Мұны әншінің өзі де мойындайды.

— «Көктемде үйленемнің» әнін емес,сөзін жаздым. Орындаған өзім. Бұл әнді  досым Нұртуған Жаңабай екеуміз ата-анамызды кішкене хабардар етіп қояйық деген ниетте бірігіп шығарған болатынбыз. Әні— Нұртуғандікі. Кейін жастар арасында тез тарап кетті. Әннің бейнебаяны Ақтөбе қаласында түсірілді. Құтты мекендегі ағаларымның қолдауымен жақсы туынды өмірге келді. Қазір ән айтқанның барлығы ән жаздыру үшін де, бейнебаян түсіру үшін де Алматыға кетеді. Біздің Ақтөбеде де сапалы дүниелер жасауға болатынын білсін, көрсін деген ниетпен әннің бейнебаянын туған қаламда түсірдім. Шүкір, мыңдаған қаралым жинады. Соған қарағанда көпшілік көңілінен шыққан тәрізді, — дейді Жандос.

Көпшілікке көктемде үйленетінін айтып сөз берген Жандос өткен жылы отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Бірақ өзі айтқандай көктемде емес. Жандос көпшілікке берген уәдесінде неге тұрмады?

— Мен үйленгеннен кейін қойылған ең көп сұрақтың бірі — осы. (күліп-ред.) «Ақтөбе» газетінінің оқырмандарына жауап бере кетейін. Бастапқыда әнмен байланысты болсын деп, тойымды көктемге қойдым. Бірақ үйдегілер мен қыздың жағы тойды жазға шегерді. «Көктемде үйленем» атты ән тумай тұрып, бала кезімде анама оның туған күнінде келін әкелем деп уәде бергенім бар. Сөйтіп, Алланың қалауымен 20 шілде күні, дәл анамның туған күнінде шаңыраққа келін түсірдім. Бастысы, уәдемді орындадым, үйлендім (күліп) — деді ол.

Жандостың қолына қондырған құсы Жұпар Садақбаева да өнерден алыс емес. Бүгінде Ақтөбенің аппақ келініне айналған Маңғыстау өңірінің аруы хит әндердің кавер нұсқасын орындап, халықтың жүрегінен өз орнын тапқан әнші. Бүгінде өзінің жеке орындауында да бірнеше әні бар.

Өнер адамы болғандықтан, болашағымызды да осы салада елестетеміз. Бұйырса, тыңдармандарымызға жақсы-жақсы жаңалықтарымыз бар. Амандық болса, келіншегім екеуміз бірге орындап шығатын ән дайындап жатырмыз. Менің қазіргі әндерімнің көбі лирикалық стильде. Қолдан келсе, стилімді өзгертіп көргім келеді. Бұның барлығы алдағы күндердің еншісінде, — дейді әнші.

Жандостың тойынан кейін әлеуметтік желілерде «Сентябрьде үйленем» деген ән лезде тарап кетті. Әуені сол «Көктемде үйленемнің» сазы, тек сөзі басқа.

— «Тағы бір жыл, ағайын, бойдақ болам сол қайғы, кешіріңдер, карантинде той жасауға болмайды» деп сөздері өзгертілген ән бойдақтардың құлағына жақса керек, жақсы таралды. Миллиондаған қаралым жинады. Бұл әннің сөзін өзгерткен — маңғыстаулық ақын Тілеген Әли. Ән Нұрбай Атамұрат бауырымның өтініші бойынша шықты. Ол бұған дейін әнді өзі айтып, әлеуметтік желілерге салған екен. Тыңдармандары сұраған соң «Жезде, осы әнді дуэт қылып шығарайық» деп өтініш білдірді. Әнге сұраныс барын көріп тұрған соң келісімімді беріп, бірге орындап шықтық, — дейді жас әнші.

Жандостың әзірге директоры да, продюсері де жоқ. Бірақ үлкен жоспарлары мен тұрақты тыңдармандары бар. Өнерге енді қанат қағып жатқан жас талант үшін ең қажеті де осылар емес пе?..

…Көпшіліктің жүрек түкпірінде жатқан ойын әнмен жеткізіп жүрген Ақтөбенің Жандосына өнер жолында сәттілік тіледік!

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button