Мәдениет

«Өмір — өзен»

Облыстық Өнер музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Орынғали Хайруллиннің 80 жылдық мерейтойы аясында «Өмір — өзен» атты шығармашылық көрмесі өтті.

Орынғали Хайруллин Орынбор облысының Ақбұлақ ауданында туып-өскенімен, өз өмірінің мағыналы кезеңдерін Ақтөбе қаласымен байланыстырады. 1965 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіргеннен кейін жолдамамен Ақтөбе қаласына келеді. 1965-1968 жылдары Байқоңырдың ракеталық бөлімінде әскери борышын өтеді. Г.Полуэктов, М.Лунев, Н.Герцог секілді суретшілермен бірге А.Пушкин атындағы қалалық саябақта көркемсурет шеберханасының ашылуын ұйымдастыруға зор үлес қосты. 1994 жылдан 2011 жылға дейін облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретші-реставратор болып жұмыс істеді.

Аталған көрмеде ұсынылған 34 туындысының көпшілігі қазіргі заманғы өзекті тақырыптарда өрбіген. Ал туған қаласы бейнеленген «Татарка», «Земснаряд», «Қазақ көшесіндегі үйшік» секілді туындылары ақтөбеліктердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Орынғали Хайруллин 1970 жылдан бастап қалалық, облыстық республикалық суретшілер көрмелерінің қатысушысы болды. Оның қолынан шыққан туындылар алыс-жақын шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып жүр.

Қазір туындылары облыстық Өнер музейінде, облыстық тарихи-өлкетану музейінде, сондай-ақ Ақтөбе қаласының жеке коллекцияларында сақтаулы.

Облыстық Өнер музейінің екінші қабатында орналасқан «Өмір — өзен» атты сурет көрмесі наурыздың 18-не дейін жалғасады.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button