Мәдениет

«Мәдениет — мәртебелі іс»                           

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің есептік концерті осылай аталды.

Шараның негізгі мақсаты — қалалық Мәдениет үйінің үлгілі және халықтық өнер ұжымдарының, үрмелі аспаптар оркестрі мен би ансамблдерінің өнерлерін жұртшылыққа таныту, атқарылған игі істерді қорытындылап, жаңа жылдағы жұмыс жоспарлары мен жұмыс бағыттарын айқындау.

Концерттің композициясы ұлттық мюзикл бағытында өтті. Мұнда би, хан, ханша, уәзір, жұлдызшы кейіпкерлері арқылы өнер патшалығындағы оқиға баяндалады. Өнер ұжымдары дәстүрлі ән, эстрада, хореография жанрлары бойынша өнерлерін ортаға салып, көрерменнің жүрегіне жол тапты.

Қалалық Мәдениет үйінің шығармашылық бөлімінің басшысы Бақтыгүл Біләлқызы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

— Мемлекет басшысы биыл  Қазақстанда ТМД-ның халық шығармашылығы және мәдени мұрасы жылы деп жариялағаны белгілі. Бүгінгі шарамызда мәдениеттің ұлттық құндылықтарын насихаттауға аса мән берілді.  

Былтыр «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі жанынан балалардың хор ұжымын аштық. Мұндағы мақсатымыз — елімізге белгілі композторлардың әндерін жинақтау, жастарды  патриоттық рухта тәрбиелеу. Екі ай бұрын ғана «Балауса» деп аталатын жастар театры құрылды. Ұжымға дәстүрлі әншілер қосылып жатыр. Сондай-ақ домбыра үйірмесіне балаларды қабылдап жатырмыз. Басқа да көптеген телевизиялық жобаларды қолға алдық. Мәдениетті өркендетуге үлес қосқан бірқатар азаматтарымыз марапатталды, — дейді бөлім басшысы.

Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, қалалық Мәдениет үйінің эстрадалық үрлемелі оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Сәкен Еркеғұлов биыл оркестрдің 40 жылдығы аталып өтілетінін айтты.

— Мен 1986 жылдан бастап осы ұжымда еңбек етіп келемін. Мұндай оркестр еліміздің Батыс өңірінде жоқ. Осы кезге дейін түрлі байқауларға қатысып, өңіріміздегі ірі мәдени шараларға қатысып келеміз. Қазір оркестрде 30 адам бар. Соңғы жылдары үрмелі аспаптар оркестріне студент жастарды да көптеп тартып жатырмыз. Алда биыл болатын ұжымның мерейтойлық шарасына дайындаламыз, — дейді Сәкен Еркеғұлов.

Кешке жиналған көрермен ерекше ықыласпен тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button