Экономика

Мал азығын молайту — өнімді көбейтудің негізгі көзі

Биылғы жылы жергілікті бюджеттен егіншілікті субсидиялауға 1,3 миллиард теңге бөлінді. Ол қаржы тұқым мен минералды тыңайтқыштар, пестицид құнын арзандатуға жұмсалмақшы.  2023 жылдың басында облыс әкімдігі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын ұсынатын болады.

Қазіргі уақытта бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, жасалуда. Бұл туралы 10 ақпан күні өткен «Өңірде мал азығы өндірісін дамытудың перспективалары» тақырыбындағы семинарда облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов мәлімдеді.

Тауар өндірушілермен жүздесу «Байорда» шаруа қожалығы аумағында өтті. Бұл —біздің өңіріміздегі бұршақ тұқымын өсіруге тың қадам бастаған жалғыз шаруашылық. Сондықтан да қожалық жетекшісі Ертай Кенжебеков амарант өсіргісі келетіндер арасында тәжірибесін кеңінен тарату үшін семинар-практикум ұйымдастыруды ұсынған.

— Соңғы жылдары ауа райының қолайсыздығы салдарынан мал азығын дайындау мәселелесі бірқатар проблема туындатты. Мемлекет басшысының өзі осы жайға ерекше назар аударып отыр, —  деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары.

Сапалы мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында биыл егіс алқаптарында осы бағыттағы дақылдар мөлшерін ұлғайту көзделуде.

Бұған мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілмекші. Фермерлер үшін сатып алатын техниканың 35 пайызына дейін инвестициялық субсидиялау шаралары қолданылмақшы (оның ішінде республикалық бюджеттен 25 және жергілікті бюджеттен 10 пайызға дейін).

— Мәртөк ауданы — астық өсіруші өңірлердің бірі. Жергілікті шаруашылықтар өңірде алғашқы қатарда жаңа мал азығын — амарант дақылын өсіре бастады, жоңышқа және судан шөбінен құрама және түйіршіктелген жем өңдеуді қолға алды. Бұл өнім қазіргі уақытта өзімізде және көрші облыстарда да сұранысқа ие.  

Сондықтан да өздеріңізге қолайлы жаңа істі игеру мүмкіндігін пайдаланыңыздар. Біз маңызды ақпараттарды сіздерге жеткізіп отырмыз, — деді Жақсығали Иманқұлов.

Ертай Кенжебеков құрғақшылыққа төзімді біржылдық дақылды өсіру технологиясы, арнаулы жабдықта өңдеу және тұтынушыларға өткізу мәселелері туралы нақты әңгімелеп берді. Ол семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, әріптестерін келісімшарт негізінде бірлесіп еңбек етуге шақырды.

— Мен сіздерге тұқым бөліп, өнімді өңдеуден өткізу үшін техника мен құрал-жабдықтарды жалға ұсына аламын, — деді ол.

Оның тәжірибесі көпшілік тарапынан қызығушылық тудырды. Алға ауданындағы «Рейімқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов амарантты жаппай егуге көшуге әлі ертерек деп есептейді.

— Бұл дақылдың тиімділігіне әлі де көз жеткізе түсейік, — деді ол. — Біз қазіргі уақытта еркек шөп өсіруге назар аударып отырмыз, ол құрғақшылық жылдары да тұрақты өнім беретінін байқадық.

Қобда ауданындағы «BS-Agro» шаруа қожалығының жетекшісі Берік Сариев жүгері-судан шөбі буданын ғылыми негіздемемен өсіріп отырғанын айтып, оның артықшылығы жөнінде дәлелдемелерін келтірді.

Семинар қорытындысында Жақсығали Иманқұлов аудан әкімі Алмас Салықбаевқа және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовке «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының мамандарымен бірлесе отырып ақпараттық-түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізуді, оның ішінде ауылдардағы өндірістік кооперативтерге берілетін жеңілдіктерге назар аударып, семинарға қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жан-жақты жауап қайтарып, осы тақырыпты алдағы тамыз айында осында жалғастыруды тапсырды.

— Біздің мүмкіндіктеріміз жеткілікті, соларды іске қоса білу керек. Алдағы көктемде көптеген шаруалардың судан шөбін, жүгері, басқа да мал азығын дақылын егуге кірісуі маңызды. Оң тәжірибелерді орнықтыра білу қажет. Біздің басты міндетіміз — мал басының өткен жылғы мөлшерін сақтап, одан әрі ұлғайту. Мал шаруашылығын тиімді дамытудың басты шарттарының бірі мал азығы қорын жасау екендігі есте тұрғаны жөн, — деді ол.

 Ләззат ЕГІБАЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button