Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру: Бағдарламаның мақсаты мен мазмұны өзгеруі керек

Бүгінгі сөз

Ұлттық интеллект пен қазақы болмыстың келешегі оның ұрпақ санасына қалай орнығуына байланысты. Рухани нәр мен ділдік тұрпат санаға сіңбесе, олқылықтардың үлкені сол болғаны. Кешегі кеңестік ойранның өзі аз жара салған жоқ. Одан кейінгі ес жинау жылдарындағы салғырттықтар ұлттық болмыстың әлсіреуіне әкелді.Бұл олқылықтың орнын толтыру — елдік мұрат. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық санажаһандану алдында дәрменсіздік танытып тұр. Мәдени ақпараттық экспансия жалғыз бізге емес, әлем халқына қолындағы байланыс құралы арқылы ақырын кіріп, асықпай «шабуыл» жасауда. Ділдік дертке соқтыратын бұл кесапаттың тигізер зияны ұшан-теңіз. Сол үшін де ұлттық болмысыңдағы бірізділікті, бабаңнан қан арқылыберіліп, келе жатқан мінез-құлықты аса қатты есеңгіретпеу бүгінгі  идеологияның басты міндеті болуы керек.

Елең-алаң шақта өзге мәдениеттің «жаһанданған құндылықтары» біздің болмысқа да біртіндеп жармасып, орнығып алды. «Сынықтан басқаның бәрі жұғатынына» сенетін қазақ сақтануды әлімсақтан айтсада, бұл мәдени-рухани экспансияларға табанды қарсылық көрсете алмай тұр. Бүгінде ел өз мәдениеті мен өзгенің тықпалап жапсырған қаңсығының арасында арпалысып келеді. Жымысқы жасалған импорттық идеология ұлттық болмысты байырғы қазығынан тайдырып, қалпына келуіне кедергі жасап бағады. Ұлттық рух білжола жеңілген де жоқ. Біразы байырғы ұлттық болмыс ұжданын оятып,ежелгі сүрлеудің өшпегенін ұқтырып, қайта жаңғырып, «рухани ренессанстық» көңіл күй кешу үстінде. «Көп» деп аталатын жұрттың бойындағы бейқамдық елді ойлағандардың еңбегін еш қылмағанымен, бір орында тұралатып тұр. Тарихи тізбекті ұлттық саналарда жаңғыртып, жауланған ұлттық болмыстың территорияларын қайтарып алу мақсаты бүгінгі әлеуметтің ең бірінші міндетіне айналуы керек.

2017 жылғы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақалалардың бағдарлама болып бүгінгі қоғамға келуінің өзі біз атаған дүниелерге қамқорлықтың керек екендігіне дәлел еді. Көп нәрсенің басы айтылып, назарға алынып, насихат жолы көрсетілсе де, аяғы сиырқұйымшақтанып барады. Көп дүние қағаз деңгейінде, есеп беру төңірегінде қалып кетіп жатыр. Осы бағдарламаныорындағанда бір-екі тарихи жерге он тарихшыны топтап жіберіп алып, суретін толтырып жинақ альбом шығарумен немесе форум ұйымдастырып, жалаулатумен айналыспауы тиіс еді. Біздің ойымызша, нақты идеологиялық импульсті анықтап алып, әлеуметті түгел қамтитын бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек болатын. Тек оны ұлттық сана дертіне дауа ететін амалдар аз болып тұр. Бүгінгі қоғамға жоғары заманауи дәрежедегі инфрақұрылымнан өзге, ділдік дәрігерлерінің рухани рецептері де ауадай қажет. Дұрыс тетіктерін тауып рухани жаңғыруды әлі де рухани рецепт ретінде пайдалануға болады.Ол үшін осы жайттарды емдеумен тікелей айналысуға тиіс деп саналып, бекітіліп, ашылған Рухани жаңғыру орталықтарының қызметін қайта қарап, жандыра түскен жөн. Мектепте немесе кітапханада өткізілген әр шараға осы бағдарламаның атын жапсыру — ұлтқа деген жанашырлықтың емес, «құтылсам болды» деген әрекеттің көрінісі.

Жаһандық руханият майданындағы, ақпараттық арпалыс заманындағы ұлттық кодты сақтайтын темірқазық — тіл мен діл, ұлттық тәрбие, мәдени мұра. Қарыштап дамып жатқан, әлемдік деңгейдегі заманауи технологиялық прогреске де ұлт болып ілес, жақсысын ал. Отандық ғалымдардың өндіріске қосатын үлесін дамыт, қолда.Оған ешқандай дау да, күмән да жоқ. Бірақ ұлттық құндылықтар құнсызданбауы шарт. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде «Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады» деген еді. Сондықтан осы кезге дейін жеткен жетістіктерімізді уыстан шығарып алмауымыз керек.

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button