Тарих

 «…Өзінен халық қамын бұрын жеді»

Бүгін мұсылман дінінің үлкен қайраткері, қасиетті Мекке, Мәдинаға үш рет қажылыққа барып, киелі орынға тәу ету барысында қазақ халқының ардақты ұлдары Құнанбай Өскенбайұлымен, қазақтан шыққан тұңғыш генерал Ғұбайдолла Жәңгірұлы Шыңғысханмен, тағы басқа ел азаматтарымен бірге сапарлас болған Досжан хазірет Қашақұлы туралы толығырақ әңгімелегенді жөн көріп отырмыз. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені аталған дін қайраткерінің есімі баспасөзде арагідік айтылғанымен, оның қазақ даласына Ислам дінін таратудағы ағартушылық істерін жұртшылық көп біле бермейді.

Ағымдағы баспасөз деректері бойынша Досжан Қашақұлы 1815 жылы дүниеге келіп, 1890 жылы қайтыс болған. 1831 жылы, яғни он алты жасында бірінші рет Меккеге қажылыққа барған. 1832 жылы Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атақпен Құран Кәрімді, мұқтасарды тауы­сып, жатқа оқитын болып елге оралған.

Досжан ишан туралы өзінің тұстаcы, ақын Кердері Әбубәкір Шоқанұлының дас­тандары мен өлең-жырларында көп айтылады. Хазіреттің атқарған істері мен өмір деректері туралы бүгінге жеткен мағлұ­маттардың ең құндысы да, нақты­рағы да осы Әбубәкір жырларында жиі кездеседі.

Досжан ишанның ағартушылық сала­дағы ең алғаш салдырған мешіті Ақтөбе өңіріне қарайтын Сам құмының етегіндегі Тасастау-Қайнар маңындағы Қарашың деген жерде екен. Әбубәкір Кердерінің жы­рында осы өңірде Досжан ишанның мешітінде сандаған шәкірт білім алды деп көрсетіледі.

Досжан хазірет әкесі Қашақ молдадан бастауыш білім алып, 14-15 жасында Орынбордың Қарғалысындағы медреседе оқуын жалғастырады. 1842 жылдың шамасында оқуын бітіріп, ишан дәрежесін иеленеді. Елде медресе ашып, бала оқытуға кіріскен кезде Досжанның жасы отыздарда болатын.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1850-1860 жылдары қажылыққа барған қазақтарды атаған кезде Досжанды «Халфе» деп көрсетеді. Софылықта бұлай деп ірі шейхтің өзі отырған жердегі не шеткері аймақтағы орынбасарын, көмекшісін айтады. Ендеше, Қарашыңның мешіті Бұхар мешіт-медреселері сияқты таза софылық үлгідегі қадыми орталық болғанға ұқсайды.

Әбубәкір Кердері Досжанның Тасас­тау-Қайнарда көп жыл, яғни 1868 жыл­ға дейін отырғанын тілге тиек етеді. Хазі­рет өмірінің осы кезеңіне қатысты бір мәліметті Мәшһүр Жүсіптің белгілі «Қазақ шежіресі» еңбегінен ұшыратамыз. Ол қазақтардың үлкен бір тобы 1858 жылы Меккеге қажылыққа барғанын айта келіп, «Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халпе бар дейді» деп жазады.

Кеңес заманына дейінгі кезеңдерде Батыс Қазақстанда ислам дінін таратуда өлшеусіз еңбек еткен тұлғалар көп болған. Солардың ішінде халық арасында үлкен құр­метке ие болған маңғыстаулық адай Бе­кет ата мен доңызтаулық табын Досжан ишан бар.

Досжан ишан Батыс Қазақстан аума­ғын­да ислам дінін таратуды жаңа, биік деңгейге көтерді. Ол — аймақ қазақтарының арасында қажылық сапарды ұйымдастыру, араб елінде, Меккеде қажыға барған қа­зақ­тардың түсетін тәкия үйін салдыру, «Қазақ шежіресін» құрастыру және ХІХ ғасырдың 80-жылдары отарлаушы үкімет­тен «қазақтар үшін бөлек мүфтилік» талап ету, т.б. аянбай еткен еңбегі арқылы тарихта қалған тұлға.

Досжан ишанның әкесі Қашақ Солтүс­тік Үстірт (Доңызтау) пен оған көршілес жатқан Сам құмы, Ембі шөлін қоныстанған шөмішті табын руынан шыққан, мұсыл­манша сауатты молда болған. Досжан жас кезінде әкесінен білім алып, ғылым-білім жолына ерте ден қояды. Сол кездегі Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында оқыған. Олдан атты пірден рұқсат алып, қол беріп, Досжан ишан атанған.

Досжан ишан оқуын бітіріп, елге келген соң ХІХ ғасырдың 50-жылдарын­да Доңызтаудағы Тасастау-Қайнар алқа­бында, өзінің бірінші мешітін салдырып, бала оқытып, шәкірт даярлайды. Ақын Кердері Әбубәкір бұл туралы:

«Рұқсат пірден алып, болды ишан,

Сон­дай бол ізгілікке жанды қисаң.

Мақсатқа әр пендені ұшыра тұр,

Сүйеніп бір Аллаға нәпсің тыйсаң.

Мұнан соң мешіт салды Қарашыңға,

Мың сегіз жүз елуінші жыл­дың

шамасында.

Тасастау-Қайнар деген бір терең сай,

Мағұлым Қарашыңның арасында», —

деп жырлайды.

Өмір бойы аттың жалы мен түйенің қо­мын­да жүрген қазақ байқампаз, ат сүрін­генше ақыл табатын сұңғыла болды. Көз ұшында көрінген жолаушының атқа оты­ры­сына, тымағы мен шапанына, ер-тұрманына, қамшылау мәнеріне қарап-ақ, оның қай өңірдің және қай рудың адамы екенін айтқызбай біліп отырған. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деп, аңқылдаған мінездің арқасында алыс-жақынның хабарын түгел естіп, «ұзын­құлақ» ақпарат желден озып кете берген. Сондай жөн сұрасудың бір түрі — төрт жақсыны сұрау. Төрт жақсының қатарында әрбір ру-тайпаның жүгінетін пірі, ел қорғайтын ері, етек-жеңі кең, қайырымды бай-мырзасы, тура сөзді биі айтылады екен. XIX ғасырда табын Досы би төрт жақсы туралы сөзді былай өрнектепті. «Бірінші жақсы — піріміз Асан қожа хазірет. Екінші жақсы — Ер Барақ. Үшінші жақсы — көңілі даладай кең Құдайсүгір мырза. Төртінші жақсы — халқы кімді қаласа, сол биі болады», — деген екен. Жұрт бірауыздан мақұлдап, Досы бидің өзін төрт жақсыға қосыпты деседі. Ал XIX ғасырдың аяғында ақын Кердері Әбубәкір «Досеке пірі болды Кіші жүздің, Раушан нұры болды түсіміздің» деп жазған.

Ресей патшалығы қазақ ұлтын бөл­шек­теп, шоқындыру саясатын жүргізе бастағанда, Досжан ишан бірлік пен ағартушылыққа шақыратын ислам дінін мейлінше кең таратуға тырысқан. Ресей патшасына, Орынбор губернаторына қайта-қайта хат жазып, қазақ үшін бөлек мүфтилік сұраған. Діни білімін тереңдету жолында, қажылық сапарда жүргенде өзге ұлттардың тұрмыс-тіршілігін, ғылым-білімін зерттеген. Көшпелі өмірдің заманы өткенін терең түсініп, ел арасында оқу-білімнің пайдасын, отырықшы және егінші өмірдің берекесін насихаттаған. Саудагер делдалдарға жем болмау үшін қазақ жас­тарын сауда-саттыққа жетік болуға ша­қырған. Он гектар жерге бау-бақша, егін салып, өнімін күзде Орынбор көпестеріне көтере сатып, керекті тауарларды тапсырыспен алдырып отырған. Мешіт жанындағы медреседе бір мезгілде 150 шәкірт оқыған. Кедей және жетім балаларды тегін оқытып, шәкірттердің тамағы мен керек-жарағын егіншілік пен сауда есебінен жауып, мешіт-медресе өзін-өзі жабдықтаған. Замана талабын терең түсіну, оқу-білім мен пайдалы кәсіпті меңгеру, әлемдік бәсекеге қабілетті болу деген талаптар қазір де күн тәртібінде тұр.

Тасастау-Қайнарда Досжан ишан біраз жыл бала оқытқан. Қайнардағы Досжан ишан салдыртқан мешіті, Доңызтауда орналасқан мешіт-медресесі бар үлкен діни тұрғын кешені әлі күнге дейін сақталған. Осы Доңызтаудан Ойыл өзенінің (Шилі саласы) жағасына Досжан ишан 1868 жылы қоныс аударған. Ойыл бетке қоныс аударуы 1868-1869 жылдары «Уақытша ереже» заңының енгізілуі мен Орал, Торғай облыстары қазақтарының, кейін Маңғыстау адайларының отарлаушы үкіметке қарсы толқу, көтерілістері себебінен болды. 1868-1869 жылдардағы «Уақытша ереже» бойынша шаруашылық, салық, дін, білім мәселелерінде қазақтардың құқықтары шектелді, бұл патша өкіметінің отарла­уын күшейткен заң болды. Жаңа «әкімшілік реформа» елге көп ауыртпалық міндеттеді. Сондықтан да қазақ халқы қарсылық көрсетіп, ол көтеріліске діни сауатты адамдар белсенді түрде қатысқан.

Ал көтерілістен кейін ишандар үкімет тарапынан қыспақ көріп қуғындалды. Оның үстіне ХІХ ғасырдың 70-жылдары Маңғыстау түбегі Орал мен Торғай облыстары қазақтарына қарағанда, отарлаушы үкіметке бағына қоймаған аймақ болды. Сондықтан да Досжан ишан секілді ықпалды, сауатты діни тұлғаның үкімет хұзырынан алыста (Доңызтауда, Солтүстік Үстіртте орналасқан) әрекет етуі отарлаушы патша өкіметін алаңдатпай қоймады. Патша өкіметі оны өздерінің үстемдігі орнаған Орал облысының жеріне көшірді, бұл Досжан ишанның істерін бақылауда ұстау үшін тиімді болды. Оқиға турасында Кердері Әбубәкір:

«Қазаққа штат деген хабар тиіп,

Жы­лын­да алпыс сегіз ауа болды,

Қоныстан бірне­шелер көшті үркіп,

Штаттың хабарынан білмей қорқып.

Падишаның әміріне қарсы болмай,

Досеке бермен көшті мейлі тартып», — деді.

«Халықты бүлдіруші» деген желеумен мәжбүрлі түрде 1868 жылы Ойыл бетке қоныс аударған Досжан ишан осы Ойыл өзенінің Шилі тармағында мешіт-мектеп салып, бала оқытып, имандылық таратқан. Шилідегі Досжан ишанның «Ишан ата» деп аталатын, ХІХ ғасырдың 70-жылдары тұрғызылған діни-тұрғын кешені — мешіт-медресе, шәкірттер құжыралары, қызметтік құрылыстар, бау-бақша, егін салған жері, үлкен ел болып отырған мекен болған. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылынан оңтүстікте 5 шақырым жерде орналасқан. Мешіттің құлап тұрған орны мен басқа да құрылыстары және қорым сақталған.

Бұл кезеңдерде Кіші жүздің тарихында көзге түсерлік көрнекті төрт көтеріліс өткен. 1783-1797 жылдар аралығындағы Сы­рым Датұлының көтерілісі, 1836-1838 жыл­дардағы Исатай-Махамбет көтерілісі, 1842-1858 жылдардағы Жанқожа Нұр­мұха­медұлы мен Есет Көтібарұлының қоз­ға­лысы және төртінші 1868-1870 жыл­дар­­да­ғы Орал, Торғай қазақтарының жаңа шық­қан Дала низамына көнбейміз деп жа­­са­ған көтерілісі. Бұл көтерілістің үшеуі Дос­­жан хазіреттің тұсында болған және олар болашақ діни тұлға, ел ағасының оң мен солын танып қалған шағында орын алған.

Түрікпенмен шекаралас жатқан аймақ­тан хазіреттің Ойыл өзенінің бір саласы Шиліге көшуіне осы тарихи оқиғалардың да әсері болған сияқты. Оның үстіне көзі ашық, оқыған хазірет сол кезде ірі сауда орталығы болғалы тұрған Қарақамысқа жақындауды жөн көрген тәрізді. Бұл оқиғаны Әбубәкір шайыр былай суреттейді:

«Досеке Ойылдың көшіп

 келді Шилісіне,

Асыл зат тәбәріктің милысына,

Келген соң мешіт салып, ғылым ашты,

Құдайым жолықтырды игі ісіне».

Ал 1868 жылдары Ресей Темір, Ақтөбе бекіністерін сала бастағанда Досжан ишан мешіт салу үшін Орынбор губернаторынан рұқсат алып, осы өңірге келіп Шилі бойын таңдап, мешіт салуға бағыттала бастайды. Бірман деген ұстаны тауып, онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керектігін шешкеннен кейін, құрылыстың негізгі жұмысына халық көмектеседі. Асарлатып тез арада бітіреді.

Досжан хазіреттің алдын көріп, тәлім-тәрбие алып, исламның нәрін жүрек­ке, нұрын жүзге құюға атсалысқан зия­лылар­дың бірсыпырасы мыналар: Жұма­ғали ахун, Сұлтан ахун, Өтәлі қажы, Қайып­қали ишан, Құтты қожа әзиз, Ыды­рыс мақсым, Әйімбет ишан, Жиенғали ахун, Мұстафа ишан, Әбдіғали ишан, Камал ахун, Ілияс ахун, Тұрғанбай ишан, Махтум ишан, Нұ­ролла ахун, Біркін халфе, Зәйіт имам, Сағитжан халфе, Хайрулла хазірет, Бекес қа­жы, Исмайыл ишан, Аңсатбай ахун және т.б.

Сөз ретіне қарай 1880-1943 жылдары Доңызтаудың Тасқабағында мешіт ұс­таған Жұмағали ахун мен Досжан ишан арасындағы қарым-қатынас жөнінде әңгі­мелей кетейік. Досжан ишан — Жұма­ғали ахунның қайынатасы. Бұл оқиға бы­лай өрбіген. Жұмағали ахун Әл-Азһар уни­верситетінде оқып жүрген кезде әкесі Оразалы ишан қайтыс болады. Оқуын жал­ғастыруға қаржысы болмаған Жұ­маға­ли жергілікті араб азаматымен келісім­шарт жа­сайды. Осы келісімшарт негізінде Жұмаға­ли оқуын бітіргеннен кейін араб азаматының медресесінде сабақ беруге тиіс болады.

1874 жылдардың орта шенінде Меккеге қажылық сапармен Досжан Қашақұлы келеді және медресені енді бітіргелі жатқан Жұмағалидың жағдайын естіп, онымен кездеседі. Келісімшарт жасасқан араб азаматымен де сөйлесіп, Жұмағалидың оқуына кеткен қаражатын өтеп береді. Осылайша, Досжан хазірет жас ғұлама жігітті елге алып қайтады. Досжан хазірет Шұбарқұдықта өзі салдырған мешітке Жұмағалиды имам етіп тағайындайды да, өзінің жалғыз қызы Үммагүлсімге үйлендіреді. Досжан хазіреттің Жұмағали мен Үммагүлсімнен тараған Жиенғали есімді жиені діни қайраткер болған.

— Досжан ишанның қажылық сапары 1870-1874 жылдар аралығы делініп жүр. Бұл сапарында патша ағзамның сенімді нөкері — кавалерия генералы Ғұбайдолла (Жәңгірханның ұлы) императордың жеке рұқсат етуімен және Құнанбай Өскенбайұлының тәуіп сапарымен бірге, яғни 1872 жылы 28 желтоқсаны мен 1873 жылдың 27 ақпаны аралығында Меккеге қажылық сапарда болып қайтады. Бұған Шәкәрім қажының «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» дейтін еңбегіндегі мына жолдар дәлел: «1872 жы­лы қажыға барғанда Меккеде қазақ қа­жылары түсе­тұғын бір тәкия үй салдырып, құдайы қы­лып еді. 1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім… Бұл тәкия осы күні кіші жүз Досжан қажының атына жазулы екен».

Бір деректерде хазіреттің екінші қа­жы­лық сапарында тәкия салуға берік бекініп барғаны айтылады. Ойын Құнан­баймен бөлісіп, жер, құрылыс материалын сатып алады, ресми қағаздарды рет­тейді. Қағаз реттеу барысында үлкен ке­дер­гілерге душар болады. Сол кездегі араб билеушілері: «Ау, көз көріп, құлақ есті­меген, алыстан келген қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар», — деген талап қояды. Талапты орындауға бір жыл мерзім береді.

Ресей мұсылмандарының орталығы Қазаннан құжат алынып келгеннен кейін де қазақ қажыларының мұсылман екен­дігіне күмәнмен қарағандар тыйылмады. Намысқа булыққан Құнанбай қажы мен Досжан хазірет қазақтардың нағыз мұсылман екендігін дәлелдеуге тырысып бағады. Бірнеше кітаптың таныстырылымын өткізеді. Одан қалды Құнан­бай қажы жұртшылыққа қарап: «Біздің тіріміздің билігі Арқар ұранды төрелерде, өліміздің билігі Алла ұранды қожаларда болған қазақ деген халықпыз», — деп, көпшілікті иландырған екен.

Ақырында қазақтар бұл жауапты іске Досжан хазіретті тағайындап, оның жан-жақты білімі бар екендігін, елдер ара­сындағы қарым-қатынасқа бейім, жауапты адам екендігін алға тартты. Өз кезегінде Досжан Қазан қаласының мұра­ғаттарынан қазақтарға қатысты тиісті құ­жатты тауып, халқымыздың мұсылман екендігін дәлел­деп, Меккеден қажылыққа келген қазақтар тоқтайтын үй салуға кіріспекші болады.

Досжан хазіреттің Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге Меккеде үй салдыр­ғандығын тарихи фактілер растайды. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде былай дейді: «Бір топ қазақ азаматтары 1858 жылы Меккеде қажылық парызын өтеді. Құнанбай 20 адамды құрайтын Орта жүз өкілдеріне көш бастап жүрсе, Кіші жүзден 100 адам қажылық жасады, олардың ішінде Нұрпейіс пен Досжан болатын».

Ал сол бір жылдары Досжан Қашақ­ұлымен бірге қажылық жасаған Өтеген Қожахметұлының естеліктерінде Досжан­ның өз жерлестерімен бірінші қажылық жасау кезінде және Меккеге жеткен уақытта көптеген қиыншылықты басынан өткізгені әңгімеленеді.

Сол дәуірде қажылық жасау бүгінгідей оңайға түскен жоқ. Оларға біресе түйеге мініп, біресе теңізден өтуге тура келді. Жолдың қиындығына байланысты қа­жылар орта жолда ауруға шалдығып, ел­ден жырақ жаназасы оқылып, жерленіп жатты. Әсіресе көшпелі қазақ үшін теңіз сапа­ры ауыр болды және осы себептен теңіз ауруына шалдықты.

Солардың бір парасы Меккеге келген қазақтардың қиналмауы үшін Досжанның Құнанбаймен ақылдасып, Мекке төңірегіне үй салуға бекінгені туралы болып ке­ле­ді. Зерттеуші Бекарыстан Мыр­забайұлы әртүрлі дереккөздерден алынған материалдарды жинақтап, Меккеден жер алып, тәкия үй салуға қаржы жұмсаған 7 тұлғаның: Ұлы жүз Қасымбек датқаның, Құнанбай Өскенбайұлының, ағайынды жаппас Аппаз бен Мырқының, Досжан хазірет Қашақұлының, тама Нұрпекенің, қырғыз Шәбденнің есімдерін атайды.

Осы мәселені талқылаған ең алғашқы басқосуда Құнанбай алғашқы болып сөз бас­тап: «Алланың ақ жолына арнап келген сапарымыз оң болсын. Бізден кейінгі келетін отандастарымызға тоқтайтын, тұратын орын белгілейік. Оған қаражат керек екені түсінікті», — деп, басындағы та­қия­сын шешіп ортаға қойып, қалтасынан алтын, күміс және басқа бағалы заттарын салады. Басқа азаматтар да осы үлгімен біраз қа­ражат жинайды. Бұл жұмыс­пен тия­нақ­ты айналысу Ислам дінінен то­лық хабары бар Досжан Қашақ­ұлы­на тапсырылады. Ол 2,5 жылдай осы шаруамен шұғылданып, құрылысты өз атына рәсімдеп, бітіріп, елге оралады. Сөйтіп, осы ұлы азаматтар Орта Азия халықтары үшін шамамен алпыс адам сыятын «Тәкия» деген жатын үй салдырып, көптің батасын алған.

Осылайша, кейбір деректерде, XIX ға­сырда қасиетті Меккеде қазақ қажылары тоқтайтын 4 үй салынды. Ал XX ғасыр басында мұндай үйлер санының он алты­ға жеткені айтылады. Бүгінде мұндай үй­лердің қазақтың киіз үйлеріне ұқсас пішін­де салынғаны белгілі болып отыр.

Досжан хазіреттің жасы ұлғайып, үшін­ші қажылық сапарынан оралып, Шилі бо­йына келген сәтін Әбубәкір Кердері былай суреттейді:

Қазаны сахауаттың беті қайнап,

Миуа тұр екен Дәрхат күндей жайнап.

Өзінің кең жайына келіп жатты,

Қаз ұшып, мамыр қонған,

бұлбұл сайрап.

Одан әрі хазіреттің алпыс екі түрлі тұ­қым еккен бағбандығы егжей-тегжейлі жыр­ланады. Хиуа хандығынан тұқым әке­ліп, жеті түрлі алма ағашын, жүзім шы­­­бық­тарын еккендігі сөз болады. Дос­жан хазіретке уезд бастығы мен губер­на­тор тарапынан арнайы бөлінген шабын­дық­тардан арша, қызыл ағаш, көкше терек, қарағай тоғайы бой түзеп, екі жағын орлатып қоршаған. Алма, жиде тәрізді же­міс ағаштары бір бөлек отырғызыл­ған. То­ғай, Әбубәкірдің айтуынша, 10 гектар­дай ау­мақты алып жатқан деген дерек бар. Осы шоқ-шоқ тоғайдың арасында қарағайдан, қайыңнан бұрама ағаш үй салдырған.

Досжан хазіреттің кезінде жеміс-жидек отырғызуға жер сұрап, Орынбор губер­наторының қабылдауын күтіп, үш күн жатып, қабылдауында болып, жер мәселесін шешіпті деген дерегін оның бұл бағытта жүргізген жоғарыдағы қам-қарекеттері нақтылай түседі.

«Досжан Ойыл жағында үлкен бақ егіп, онда неше түрлі мәуе өсіріпті» деп жазады жазушы Ғалым Ахметов. Бір орыс саяхатшысының айтуынша (Рыбаков болар), оның мәуелерін Орынбордың көпестері келіп, көтере сатып алады екен.

Бұл 1890 жылдардың оқиғасы. Өмірінің соңғы кездері қажылыққа үшінші рет барып келген кездері болса керек. Сол сапарында Меккеге осы өңірден Шөмекей түбектен, бүгінгі Кеңестудың қопасынан Айжарық молда да бірге барған екен. Оны сол кісінің ұрпағы, Ақтөбе қаласында тұратын Қарен ақсақалдың қолындағы құжат-естелік дәлелдейді.

Осы екі аралықта Досжан хазірет дін жолында үлкен бір іс бастайды, яғни қазаққа арнап өз алдына мүфтилік ашу шарасына белсене араласады. Тағы да Әбубәкір Кердерінің сөзімен айтқанда:

«Баршасы үшбулардың пірім деді,

Хазірет ақылы дана білімді еді.

Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,

Өзінен халық қамын бұрын жеді».

Мүфти сұрап деп отырғаны, нақтырақ айтқанда, қазақ даласында өз алдына діни басқарма болуын, әр ауылда мешіт, оны басқаратын өз молдасы болуын, онда көш­пелі жұрттың неке қиғызу, отбасына қа­тысты басқа да мәселелерді шешуін қала­ғаны, соны армандағаны байқалады.

Хазіреттің мектебінен талай Алаш зия­лылары білім алған. Солардың іші­нен атағы елге кең жайылған Халел Дос­мұ­хамедовті, Сағитжан Қаратаевты, Сейт­қали Құтқожинді, Сағындық және Ақ­қағаз Досжановтарды, Құдайберген Жұба­новты, Ғұмар Есенғұловты, Жиенғали Тілеп­бергеновті, т.б. айтуға болады.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық

қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі

төрағасының бірінші орынбасары,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор.

«Egemen Qazaqstan» газеті.

2 ақпан 2022 жыл.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button