Тарих

Жастықтың жаршысы еді жалындаған

Тағзым

Қасымызда қатар жүрген замандастың қадірі ол өмірден өткенде көбірек байқалатыны бар. Қалай десек те көзден кеткенімен, көңілде ұзақ уақытқа дейін өшпей тұратын тұлғалар болады. Сондай ерекше азаматтардың бірі Юнис Шәңгірбаев еді.

Біздер Кеңес Одағы дәуірінде жастарды тәрбиелеудің тағылымды мектебі болған комсомолдың жетекшілік аппаратында қатар қызмет атқардық. Юнис Ыбырашұлы жалғанның көшіне ілескелі ширек ғасырға таяды. Досқа адал, ісіне мығым азаматтың жарқын бейнесі күні кешегідей көз алдымызда.

Біздің жастық шағымыз комсомол жұмысында тоғысты. Ол Шалқарда, мен Темір ауданында жастар жетекшісі болатынбыз. Біздердің аудандардағы өз әріптестерімізбен қарым-қатынасымыз, ынтымақтастығымыз ерекше еді ол кезде. Облыстық комсомол жиындарында, басқа да іс-шараларда жиі кездесетінбіз. Сондайда жұмыстан босаған уақыттарымызда кеңінен әңгімелесіп, өзара балалық шағымыз, отбасыларымыз туралы айтатынбыз. Сондықтан да кейде бір-бірімізбен бала кезден бірге өскендей, мектепте бірге оқығандай әсерде жүретінбіз.

Юнистің Шалқар ауданындағы Қорғантұз орта мектебінің жоғарғы кластарында оқып жүргенде-ақ ескерімділігімен, елгезектігімен көзге түскенін қатарластары жиі айтатын. Сабақты үздік үлгеріп, үй тапсырмасын уақытында орындайтын, қоғамдық ұйымдар қызметіне белсене араласатын тындырымды жас болғанын да талай естігенбіз. Ол мектепте өтіп жатқан әртүрлі шараларды фотоаппарат объективіне іліктіріп, шағын хабарларды фотосуретімен қоса, аудандық «Коммунизм таңы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне жіберіп тұрады екен.

Юнис қолына аттестат алғаннан кейін өзі оқыған мектепте бір жылдай жұмыс істеп, содан кейін Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтының күндізгі бөліміне оқуға қабылданады. Инженер-экономист мамандығына ие жас маманға жолдама Ақтөбе темір-бетон бұйымдары зауытында жұмыс істеуге берілді. Алайда ауылдағы әке-шеше бағдарымен«Сарыбұлақ» кеңшарында еңбек жолын бастайды. Аз ғана уақыт өткен соң Шалқар аудандық комсомол комитетінің аппаратына ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне шақырылады.

Шапшаң қимылдап, ойын орнықты жеткізе білетін жігіт жаңа ортаға тез сіңісіп кетеді. Оның сауаттылығы, өзін-өзі ұстау мәдениеті, ұйымдастырушылық қабілеті аудан жастар ұйымының бірінші басшысы қызметінде айқын аңғарылды. Сол тұста Семей облысындағы Шұбартау ауданында орта мектеп бітіруші комсомол-жастардың қой шаруашылығына баруға шақырған Үндеуі бүкіл республиканы қамтыған еді. Бағалы бастаманы алғаш қолдаушылар легінде Шалқар ауданындағы мектеп түлектері де болды. Ауданның сегіз кеңшарында құрылған комсомол-жастар бригадаларының сәтті қадамдары Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті тарапынан жоғары бағаланып, аудандық комсомол комитетіне кезектен тыс «УАЗ-469» жеңіл автокөлігі сыйға берілді. Бұл, бір жағынан, ұйым жетекшісі Юнис Шәңгірбаевтың іскерлігіне берілген баға екені даусыз. Біздер Ақтөбе облысы мен қаладағы және аудандардағы комсомол комитеттерінің бірінші хатшылары отырыстарда Юнисті ықыласпен тыңдап, түйінді сөзіне тоқтайтынбыз.

1974 жылы аудандағы сегіз кеңшардың әрқайсысында бір-бірден қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы құрылып, жемісті жұмыс атқара бастады. Бұл бригадалардың ұзын саны аудан бойынша сексенінші жылдардың соңына қарай елуге жақындады. Жастар жыл сайын орта есеппен 85 мыңдай, жаз айларында төлімен қоса есептегенде 150 мың қойды бағып-күтіп, аянбай еңбек етті. Аудандағы ең маңызды да күрделі проблемалардың бірі саналған қой шаруашылығын дамыту үшін қардар болып отырған жұмысшы күші — шопандар даярлау ісі осылайша жүйелі түрде шешімін таба бастады. Ол кезде қой шаруашылығынан түсетін пайда мол болатын. Өзіндік құны арзан, сапасы жоғары ет пен жүн өндіру көлемі ұлғайтылған соң шаруашылықтардың жағдайы жақсара түсті.

Бригада жастарды ерен еңбекке үйретті, кездескен қиындықтарға төзе білуге шыңдады. Сонымен бірге жастар мал бағудың қыры мен сырын игерді, игілік атаулының адал еңбекпен, маңдай термен келетінін түсінді. Ал сондай ірі мақсаттың жүзеге асуы үшін Юнис Шәңгірбаев сынды жігерлі жігіттер көш басында жүруі керек-ті.

Біздің әріптесіміз Юнис Ыбырашұлы нақ сол деңгейден табылды. Біздер осы бағытта ылғи да тәжірибе алмасып тұрдық. Сонда жастар жетекшісінің қой ауылдарда жиі болатынын байқайтынбыз.

Ол шаруашылықтарда жиі болып, жастардың әлеуметтік-мәдени проблемаларын шешуге тікелей ықпал ететінін де білетінбіз. Жастар бригадасында екі жыл еңбек етіп, содан кейін жоғары білім алуға талаптанып, мамандық игеруге ұмтылған қыз-жігіттерге бағдар беретін.

Берігіректе аудандық комсомол комитетіне жетекшілік жасаған, Темір ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған Марат Мұңайтпасов, облыстық соттың мүшесі қызметін атқарған Шапағат Әлниязов, денсаулық сақтау саласының білікті маманы Шалғынбай Жандосов, журналистер Нұрмұханбет Дияров, Әлімбай Ізбаев, тағы да басқа ондаған қыз-жігіттер нақ сол Юнис ағаларының тәлім-тәрбиесін көрді, қамқорлығын сезінді.

Юнис Ыбырашұлы жастармен ғана емес, комсомол-жастар бригадаларының жетекшілерімен де тығыз байланыста жұмыс істеді. Оларды қолдады, орын алған проблемаларды шешуде бірлесіп еңбек ете білді. Соның нәтижесінде тәлімгерлердің мәртебесі көтерілді. Мәселен, «Айшуақ» кеңшарының аға шопаны Ысқақ Абдуллин осы шаруашылықтағы «Жас жігер» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасының жетекшісі болып тағайындалып, он үш жылдай үзбей осы тізгінді берік ұстады. Осы жылдар ішінде бригадада алпыстан астам жас тәрбиеленді, бірқатары отбасын құрды, енді бірқатары жоғары білім алып, жаңа мамандықтар игерді. Ысқақ Абдуллин сол жылдардағы жемісті еңбегі үшін «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері атанды. Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Юнис осындай ағалардың үлгілі іс-тәжірибелерін облыс көлемінде кеңінен таратуға бағыт ұстады. Оның бастамасымен ұйымдастырылған әртүрлі шаралар жемісін берді де. Біз Шалқар өңіріндегі сол кезде жастар тәлімгері болған Қожахмет Әбдіхалықов, Үбайдолла Сағынов, Сайын Қуанышкереев, Терек Рыспағамбетов, Нұрадин Жұбанов, Өтеген Бекетаев, Орынбасар Жұбаев, Байқат Елеукенов, Талас Жүгінісов секілді аға буын өкілдерінің аты-жөндерін әдейі сұрастырып білдік. Өйткені осы азаматтардың қай-қайсысымен де Юнис Ыбырашұлы қоян-қолтық жұмыс істеген екен.

Юнис Ыбырашұлының қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын ұйымдастырудағы, олардың қызметін үйлестірудегі шебер қимылы бүкіл республикаға жайылды. Соның нәтижесінде, яғни қой шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудегі басшылығы үшін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Төребаев Кеңес Одағының жоғары наградасы — Ленин орденімен марапатталды.

Юнис Ыбырашұлы комсомолдан кейін Шалқар аудандық кеңес атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарды. Бұл да бір жауапты лауазым болатын. Өйткені еңбек адамдары, әсіресе малшы-шопандар, көлік жүргізушілер атқарған жұмысына сай белгілі бір игіліктерге ие болғысы келеді. Сол уақыттарда жеңіл автокөлік, тіпті үш аяқты мотоцикл, кілем-төсеніш, басқа да тұрмыстық заттар алу оңайға соқпайтын. Ол үшін адамдар арнайы өтініш білдіріп, жергілікті билік органдарында кезекке тұратын. Сол сұранысы мол, әділдікті талап ететін шаруалардың басы-қасында жүріп, адамдардың тілегін орындау, істі үйлестіру әсте оңай болмаса керек.

Негізінде, Юнистің үлкенді құрметтеу, кішіні ізетіне алу қасиеті бала кезінен бойына сіңсе керек. Өйткені Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесі Ыбыраш ел құрметіне бөленген, сөзі өтімді азамат болған екен. Майданнан оралғаннан кейін колхоз басқармасы болған, одан кейін ұзақ жыл «Сарыбұлақ» кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Ең бастысы, ауылдың алдыңғы қатарлы, жұртшылықты соңынан ерте білген беделді тұлғасы болған. Сондай адамның тәрбие мектебінен өткен Юнис жолдасымыздың жақсы жолдан жаңылуға қақы да болмағандай.

Юнистің бір мезгілдерде өз мамандығына қарай бұрылғанын байқадық. Біраз уақыттеміржолдың Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясында бас есепші қызметін атқарды. Станция бойындағы ірі мекемелердің бірінен саналатын бұл ұжымда жұмысшылар саны қомақты еді. Кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштері сол уақытта жоғары болғанын білеміз. Бұл — мекеменің кірісі мен шығысын, алажағы мен бережағын шотқа қағып, есеп-қисабын мүлтіксіз атқарып отыратын бас бухгалтерге де қатысты екені анық. Ал Юнис болса, сондай жоғары талап үдесінен шыға білді.

Оның Ақтөбе теміржол бөлімшесі бастығының экономика жөніндегі орынбасары қызметіне шақырылуы да осындай іскерлігі мен мұқияттылығынан болса керек. Сол тұста аталған жол бөлімшесін басқарған Борис Есенамановтың жаңашыл әрі талапшыл адам болғанын замандастары жақсы біледі. Юнистің осындай ортада жұмыс істеуінің өзі оның ерекше қабілетін білдірсе керек. Бұдан кейін ол тағы бір жауапты жұмысқа тағайындалды. Теміржол бөлімшесінің қаржылық тексеру тобының басшысы қызметінде де әріптестер ықыласына бөленді, қайда жүрсе де жас мамандарға кәсіп құпияларын үйретуден жалыққан жоқ, қайырымдылық шараларынан тартынбай айналасына шуағын шашумен болды.

Өмір дегенің тақтайдай тегіс жол емес, кедір-бұдырлар кездесуі де заңдылық. Табиғатынан  көпшіл, бауырмал азамат сынақтарда сырбаз қалпын сақтай білді. Ақтөбе қаласына көшіп келіп, қоныстанған соң осызамандық жобада еңселі үй салып, елу жасын атап өтуге ниет қылған тұста ауыр сырқаттан айыға алмай, мәңгілік сапарына кете барды.

Ағайын-туыс, дос-құрбы, үлкен-кіші әріптес қатты қамыққанымен,Алланың пәрменіне еріксіз мойынысынды. Көңілге медет, дәтке қуат қыларымыз — соңында түйсігі мол саналы ұрпақ қалды. Жары Кәдір мұғалімдік кәсібін атқара жүріп, көрсе көз тоярдай қыздары мен ұлы Әбілмансұрды қатарынан кем қылмай өсірді. Бәрі де жоғары білімді, теңін тауып, анасына немерелер сүйгізді. Отағасының аманатына қылау тигізбеген Кәдірдің оған деген сүйіспеншілік  сезіміне дәлел — Алматы қаласындағы «Ләйлік» баспасынан 2009 жылы бастырып шығарған«Сағыныш» атты кітабы. Сөйткен адал жар таяуда ғана 70 жасын атап өткен соң бұл өмірмен қоштасып кете барды.

Журналистер Нұқы Қартбайұлы, Ұзақбай Қауыс, Шынболат Қарамергенов, Жанғабыл Қабақбаев, Сембай Қарин мерзімдік басылымдарда Юнис Ыбырашұлының азаматтық болмысы жайында тебіреніске толы мақалалар жариялады.

Ерлі-зайыпты Юнис пен Кәдірдің қонақжай пейілі бәрімізді тәнті ететін. Әріптесіміз атамекені Шалқарды жанындай сүйді, осы бір ғажайып өлкенің табиғаты, адамдары жайында тамсана айтумен болды.

Ең бастысы, ол өзінің жастық жігерін, білімі мен білігін туып-өскен Шалқар өңірінің өркендеуіне, көркеюіне арнады. Ақтөбе қаласында еңбек еткен тұсында да Шалқардың үлкен-кішісі оның алдына ағылып келіп жататын. Солардың қай-қайсысының да бетін қайтармай, көмек көрсеткенін, қолдау жасағанын естідік, бірсыпыра реттерде көзімізбен де көрдік.

Юнис отбасындағы төрт баланың үлкені еді. Әкесі Ыбыраш пен анасы Ақжібектің қолғанаты бола білген ол інісі Юсиптің, қарындастары Зүбайда, Шайзаданың жоғары білім алып, мамандық игеруіне, елге лайықты қызмет етуіне жол көрсетті.

Тірінің парызы — жалғанның көшіне ілескен адамды, оның ғибратты істері мен айналасына тигізген шапағатын ойға оралтып, аруағына дұға бағыштау. Біз де осы ниетпен қолға қалам алғанбыз. Ендігі айтарымыз  — қаржы-есеп саласының білгір маманы, теміржол саласына айтарлықтай еңбек сіңірген, бір кездері жастардың жалынды істерінің жаршысы болған Юнис Шәңгірбаевты мәңгі есте қалдыру шаралары қолға алынса дейміз.

 

Ахат МЫРЗАЛИН,

Ақтөбе қалалық ардагерлер

кеңесінің төрағасы,

Темір ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button