Экономика

Жаңа экономикалық саясат: әкімшілік кедергілерді азайту

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтқан болатын. Бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау қажет екенін айтқан Президент Жаңа экономикалық саясатты құрудың негізгі бағыттарын белгіледі.

Жаңа экономикалық саясаттың жетінші элементі – әкімшілік кедергілерді азайту.

«Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қарады. Бәрі де қылмыстық қудалау органдарындағы лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерімен және шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар. Оның 1 мыңнан астамы қанағаттандырылды. Кәсіпкерлер (негізінен) полиция қызметкерлеріне, экономикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне шағымданған», — дей келе, Президент Бас прокуратураға осындай заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне принципті түрде баға беруді тапсырды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазин бүгінде бизнес саласында әкімшілік кедергілер азайып келе жатқандығын айтады. — Бұл бағытта Кәсіпкерлер палатасы үлкен жұмыс атқарып келеді. Дегенмен ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер де бар. Былтыр өңірлік  кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне қатысты 159 өтініш түсті. Оның 150-і оң шешімін тапты, қалған арыз-шағымдар қаралып жатыр. 3,5 миллиард теңгеден астам сомаға 17 кәсіпкердің мүліктік құқығы қорғалды. Өтініштердің басым бөлігі лауазымды тұлғалардың әрекеті (әрекетсіздігі) бойынша – 22%, салық салу – 22%, жер қатынастары саласында – 12%, сотқа қатысу, шарттық міндеттемелерді орындамау, мемлекеттік сатып алу, әкімшілік кедергілер бойынша түсті, — дейді Есімхан Құрманғазин.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырыстарында 20 мәселе қаралып, 14-і оң шешімін тапқан. Аталған кеңестің кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін  лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсынысына сәйкес 4 тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— Мәселен, «BS-Exceed» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Мәртөк ауданындағы мониторингтік топтың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттеріне шағымданды. Нәтижесінде прокуратураның қадағалау актісі енгізіліп, аудан әкімдігі жасаған заңбұзушылық туралы актілердің күші жойылды. Соның арқасындакәсіпкердің 860 мың теңге көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалды.

Сондай-ақ мобильді топтардың прокуратура органдарымен бірлескен жұмысы аясында «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Ақтөбе өндірістік филиалының заңсыз әрекеттері салдарынан орын алған 351 кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қалпына келтірілді, — дейді ол.

Есімхан Құрманғазиннің айтуынша, Жаңа экономикалық саясаттың бір тетігі —

мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы диалог билік пен бизнес арасындағы консенсусты қамтамасыз ету.

— «Атамекен» ұжымыныңжұмысыосы бағытта жалғасып келеді. Президенттің: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатырмыз. Біздің кездесуіміз бизнестің үнін билік естиді, салалық және құрылымдық саясатта барлық конструктивті ұсыныстар ескеріледі дегенді білдіреді», — деген сөзін бизнес өкілдері зор ынтамен қабылдағанына сенемін, — дейді Есімхан Құрманғазин.

М.ТАБЫН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button