Тарих

Генералдың ғасыр-ғұмыры

Тағзым

Алматы. 1970 жылдардың аяғы. Мінбеге көтерілген Бүкілодақтық Мемлекеттік қауіпсіздік органдары жиынының құрметті қонағы, үкімет басшыларының бірі құттықтау сөзін: «Чекистер —Кеңестер билігінің түп қазығы» деп бастағаны әлі есімде. Салыстырмалы түрде айтылған осы көп мағыналы сөз, менің ойымша, үкімет, ел қамалын нығайту жолында күш-жігерін аямай қызмет еткен, сол қорғанның бір кірпіші болып қалана білген жандардың бірі — генерал-майор Балғабай Байжігітов ағамыздың атына сай болар дер едім…

Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Балғабай Байжігітов 1974 жылдың мамыр айында сол кездегі өте құдіретті мекемеге қызметке келгенімде —жоғары саналы, өте келбетті, жан-жақты,салмақты,сонымен қатар кейде тым қатал бола білетін жан екенін танытты. Қайжағынан болмасын,алғашқы кезден-ақ бізге жақсы үлгі бола білді.

Сол кезде жедел қызметте жүрген жоғары лауазымды не болмаса орташа деңгейдегі офицерлерде жеке автокөлік немесе саяжай деген болмаған. Өйткені, бастығымыз Бәкеңнің талабы бойынша: ел қорғау жолында жүрген қызметкер тәулік бойы қырағы және сергек болуы керек. Бұл талап барлығымыздың санамызға сіңген де. «Машина жөндеймін немесе саяжайда картоп қазамын» деп жүрсе, жауапты да күрделі жұмыстың маңызы жоғалады-мыс деп санайтын. Бұл қатыгездік емес, сол уақыттағы сана-сезімнің сипаттамасы, қоғам тәрбиесінің және әскери тәртіптің сұрауы мен нәтижесі деуге де болады.

Сонымен қатар қызмет барысындағы, оның ішінде жеке қауіпсіздік саласындағы талаптары ең биік тұрғыда еді. Жұмыс барысымен не болмаса сыртта, демалыста жүргенде де тиянақты, таза және кіршіксіз болуды талап ететін.

Ішкі тәртіпті сақтау турасында бір ғана өзімнің басымнан өткен кішкентай мысал… Әдеттегідей (мен ол кезде капитан шенінде бөлімше бастығымын) сенбі күні басқарма бойынша оперативтік кезекшілікке түскенмін. Келесі, жексенбі күні ертеңгі сегізде бастыққа құпия телефон арқылы үйіне баяндама беріп, кезекшілікті келесі офицерге тапсыруға рұқсат алғанмын. Демалыс күні бастық жұмысқа келе бермейтін, сондықтан тапсырыстан кейін жаз айы болған соң қысқа жең көйлек пен шалбар киіп алып, келесі кезекшінің келуін күтіп отырғанмын. Бір мезетте түпкі бөлмеде оперативтік телефон қоңырау қағып, оған жауап берген соң кейін шықсам,алдымда басқарма бастығы Балғабай аға тұр.

Сонда Бәкең кабинетінің кілтін алып жатып,наразылық білдіргендей «кезекші қайда?» деп,жауап күтпестен шығып кетті (мен алдында тұрғанмен, үстімде әскери форма болмағасын ол кісіге ешкім болмай тұрмын ғой). Қателігімді түсіне қойып, киімімді әскери формаға қайта ауыстырып, келесі кезекші екеуміз бастыққа кіруге мәжбүр болдық. Әдеттегідей орнынан түрып, рапорты қабылдағаннан кейін кейіген нышан білдіріп, қасымдағы офицерге — «захожу в управление, дежурного нет, Есмаханов «в майке» сидит» демесі бар ма. Мұндайда қайта жауап қайыру өртті онан әрі үдетумен тең, сондықтан «виноват» деумен құтылу мен үшін ең оңай шешім болды.

Бұл әңгіме кейін аңызға айналып, біздің жігіттер бас қосқанда жиі естеріне алып, бір күлісіп алатын…

Тағы бірде тіке қоңырау соғып, өзіне тез арада келуімді бұйырды. Бір бәленің болғанын сезе қойып, тездетіп кірсем, менен лауазымы жоғары бөлім бастығының орынбасары тікесінен тік тұрып баяндама беріп жатыр екен. Оны іле-шала доғарып, менен сұраққа нақтылау жауап беруімді талап етті. Маған дейінгі әңгімеден беймәлім болғасын, бұлтармастан қойған сұраққа нәтижелі жауап қайырдым. Сонда өте зілді: «Вот, где собака зарыта!» деп (афоризмдерді көп қолданатын,«міне, мәселе қайда жатыр!»дегені ғой) анна жігітті дереу кабинеттен шығарып жіберіп, маған: «Сен бала,анаған ерсең адам болмайсың» дегені…

Кейін қызмет тарапынан, қатардан кейін қалмай дегендей дәрежем де, шенім де өсіп жатты. Бастықтың қолдауымен (сол кезде ол облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат болатын) басқарма партия ұйымының хатшысы болып төрт жыл қатарынан сайландым. Әскери орган болғасын, әдеттегідей кейбір мәселелерді бастықпен кеңесіп шешетін жайттар болғаны белгілі. Сонда өз ойын айта отырып, арасында әзілдеп, «мен сенің карамағыңдағы қарапайым партия мүшесімін, маған қарамай өз мәселелеріңді өзің шеше сал» дейтіні де болатын. Дегенмен әдептілік сақтап, әр кезде ақыл-кеңес сұраудан жалықпайтынмын, онсыз болмайтын да.

Бәкең ағамыз қызметтен тыс кезде өте жұмсақ, биязы мінез және шырайлы көңіл білдіре алатын жан болған.Сол қасиеттері, әсіресе өз жанұясында, балалары және немерелерімен бірге өткізетін аз уақыттарында байқалған.

Бірде демалыс күні кішкентай ұлым Жәнібекпен серуендеп жүріп, көшеде жұмыс жаққа беттеп кележ атқан Бәкеңді анадайдан аңғарып, сәлемдесуге бұрылдым. Баламның басында менің көне әскери бөрігім болатын. (балалар сол кезде әскери киімді ұнататыны белгілі). Соған көңілі ауды ма, Бәкең, сәлемімді алып жатып, жылышыраймен: «Оу, мына жігіт кім?»дегені. Мен «ағаға сәлем бер» деп айтып үлгірмей, ұлым: «Здравия желаю, товарищ генерал!» деп салды (солай сәлемдесуді үйренген). Сонда Бәкең ағамыз көңілденіп, ұлымның қолын қысып тұрып, «үлкен жігіт бол, балам» деген. Алла баланың аузына салдыма, әйтеуір, көп ұзамай Бәкең генерал шеніне ие болды. Ал менің ұлым, үлкеннің дағдысы дарығанб олар, жақсы азамат болып өсті, қазір шетелде лауазымды қызметте.

Өмір жолымызда небір оқиғалар, қиыншылықтар басымызда нөтті, оларды шеше білдік, тіпті жеңе білдік деуге де болады. Осы өмірден алған тәжірибеміз, бойымыздағы жақсы қасиеттер сол Бәкең ағамыздьң тәрбиесінің жемісі деп санаймын.

Елімізге белгілі қарсы барлау қызметінің маманы генерал Юрий Андреевич Брязгаловқа дейін: «Байжігітовтің мектебінен өту— біздің қай-қайсысымызға да пайдалы» дегенін өз аузынан естігенмін. Мен де солай ойлаймын.

Балғабай Байжігітов негізінде бұрынғы Шымкент облысының Шәуілдір станциясында 1921 жылы туған екен. 1940-1941 жылдары педагогикалық курста оқыған. Одан кейін мектепте мұғалім болып, 1942 жылы Қызыл армия қатарына шақырылған. Теміржолдарды қорғау бөлімінде қызмет атқарды. 1944-1946 жылдары 16-шекара полкы застава бастығының орынбасары болды. Соғыстан кейін әскери-саяси училищені, Орта Азия университетінің заң факультетін бітіреді. 1958 жылдан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде жауапты қызметтер атқарды. 1965-1970 жылдары мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Атырау облыстық, 1971 жылдан Ақтөбе облыстық басқармасын басқарады.

Бірінші дәрежелі Отан соғысы, екі Қызыл жұлдыз ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагері генерал Балғабай Байжігітовтің есімі мен ізгілікті және даңқты өмір жолдарын баяндайтын деректер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы басқармасы жанында жаңадан ашылған мұражайда жинақталып, сол мұражайдың кіреберісіне мемориалдық тақтайша орнатылды.

Генералдың ғасыр-ғұмыры — біздің санамызда, жадымызда жаңғырып тұрғандай…

Асан ЕСМАХАНОВ,

отставкадағы полковник,

ұлттық қауіпсіздік қызметінің құрметті ардагері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button