Тарих

Тәуелсіздік және тарихи тұлғалар

Ескерткіш қою дәстүрі өте ерте заманнан бар. Кейіннен ескерткіштер ел тарихындағы естен кетпеуі тиіс оқиғаларды, әсіресе елеулі тұлғаларды, олардың өнегелі істерін насихаттайтын көрнекі құралға, яғни мемлекеттік идеологияның бір бөлшегіне айналды.

Мысалы, кеңестік заманда коммунистік идеологияны насихаттау мақсатымен ескерткіш қою дәстүрі кең тарады. Бір ғана біздің облыстың аумағында кеңес өкіметін орнату мен нығайту жолындағы күрескерлерге арналған 58 ескерткіш болды. Олардың 46-сы пролетариат көсемі Лениннің ескерткіші еді. Ал өз ұлтымыздың тарихи тұлғаларына келсек, кеңестік дәуірдегі, соның ішінде Ұлы Отан соғысының батырлары болмаса, арғы дәуірдегі тұлғаларға ескерткіш орнату туралы мүлде сөз қозғалған  жоқ, керісінше, даламызда тұрған батыр, билердің кесенелері мақсатты түрде құлатылды. Оның нақты мысалы — 1979 жылы халықтың өз еркімен жиған қаражатына Есет Көкіұлының құлап қалған ескі кесенесінің орнына салынған төртқұлақты тамның, арада бірнеше ай өткенде, жергілікті партия басшылығының нұсқауымен қиратылуы. Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетаев та көне кесенелерді жоюдың ойластырылғанын растайды. Ғалым бұл жөнінде: «…кесенелерді ылғалдандыру немесе едендерінің астына су жүгірту арқылы химиялық жолмен шөктіруді ойластырған. Бұл тәсіл 1973 жылға дейін қолданылған», — дейді.

Халқымыз тәуелсіздік алғаннан бастап-ақ өзінің бұрын айтуға тыйым салынған, бұрмаланған, «жұқартылған» тарихын түгендеуге көшті. 1992 жылы — Алға ауданында Есет батыр Көкіұлына, 1993 жылы Шалқар ауданында Көтібар Бәсенұлының ұлдары — Есет пен Дәрібай батырларға арналған кесенелер тұрғызылды. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» әзірленіп, оны Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес бекітті. Бұл құжатты әзірлеуге Манаш Қозыбаев бастаған білгір тарихшылар атсалысты. Сол тұста елімізде тарихи танымға айрықша назар аударылғанын мынадан да байқауға болады: 1997 жыл елімізде — Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 жыл — Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы, 1999 жыл Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып жарияланды.

Осы жылдарға орайластырылған шаралар аясында, яғни 2000 жылға дейін біздің облыстың аумағында: Мұғалжар ауданында — қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Көтібар батыр Бәсенұлының кесенесі, Ақтөбе маңындағы Бекқұл баба ауылында — Бекқұл би кесенесі, Алға ауданында — жыршы Кердері Әбубәкірдің кесенесі, Қобда ауданында Қазақай аһун мен Дербісәлі батыр Қиғылықұлының кесенелері тұрғызылған. Сонымен қатар Ақтөбеде, аудандар орталықтарында қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған монументтік өнер ескерткіштері тұрғызыла бастады. 2000 жылы облыс әкімдігі ғимаратының алдында Бұланты, Аңырақай шайқастарындағы қазақ әскерінің бас қолбасшысы, Кіші жүздің ханы Әбілқайырға арналып, биіктігі 12,3 метр болатын ескерткіш тұрғызылды. Бұдан кейін Ақтөбе қаласында Едіге би, Әйтеке би, Мөңке би, Тілеу батыр, Жалаңтөс батыр, табын Бөкенбай батыр, тама Есет батыр сияқты би-батырларымызға ескерткіштер қойылды.

Ал аудан орталықтары мен ауылдарға келсек, 1995 жылы Шалқардағы теміржол вокзалының алаңында патша үкіметінің қазақтарды шөл және шөлейт далаға ығыстыру саясатына қарсы күрескен би, болыс Мырзағұл Шыманұлына ескерткіш тұрғызылды. Қазіргі уақытта Қобданың кіреберіс екі жағына — Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлының ескерткіші, Қосестек ауылында — Сәрке батырдың ескерткіші, Бестамақ ауылында — Есет Көкіұлының ескерткіші, Қандыағаш қаласында Алпамыс батырдың ескерткіші, т.б. монументтік ескерткіштер тұрғызылды.

1993 жылы елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Тәуелсіздік жылдарында ХХ ғасырда тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қайраткерлерімізге арналған ескерткіштер бой көтерді. Бұл істі әсіресе Ырғыз ауданы ерте бастап кетті. 1992 жылы Құрылыс ауылында Баймен Алмановтың ескерткіш-мүсіні, 1993 жылы Ұзақбай Құлымбетовке арналған ескерткіш-мүсін орнатылды. Ал Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғимаратының алдында Құдайберген Жұбановтың ескерткіш-мүсіні, қалалық Мәдениет үйіне таяу ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш және Түйетөбеде 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-белгі қойылды.

Тәуелсіздік жылдарында облыстағы елді мекендерде халқымыздың ұлы өнерінің көшін жалғап, өткеннен бүгінге жеткізген ақын-жазушылар мен композиторларға арналған ескерткіштер де пайда болды. Мысалы, Ақтөбе қаласында ұлы ақын Абай Құнанбаевқа, Нұрпейіс Байғанинге, Ахмет Жұбановқа, Ғазиза Жұбановаға, Төлеген Айбергеновке, Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіштер орнатылды. Сонымен қатар Ақтөбеде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романына арналып ескерткіш қойылды. Бұл — еліміздегі әдеби шығармаға арнап қойылған алғашқы ескерткіш.

2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы өңіріміздегі көне ескерткіштерді зерттеуге, қайта қалпына келтіруге жол ашты. Осы бағдарлама аясында 2004-2006 жылдары Абат-Байтақ кесенесінде реставрация жұмыстары жүргізілді. Қобда ауданының Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр жерленген қорымда зерттеулер жүргізіліп, 2007 жылы батырдың кесенесі қайта көтерілді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Доңызтау өңіріндегі діни-тұрғын кешендерді, көне қорымдарды зерттеу жұмыстары жанданды.

Ұзақ жылдар бойғы зерттеулерден кейін 2015 жылы Әйтеке би ауданындағы Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымында Әбілқайыр ханға арналған мемориалды кешен ашылды.

«Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы іспетті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалды. Жоба аясындағы тізімге облысымыздан 58 ескерткіш енгізілген.  Осыған байланысты биыл Исатай Тайманұлы кесенесі кешенге айналдырылды, ал Досжан ишан мешітіне — консервациялау жұмыстары, «Хан моласы» қорымына түнек үй салу, қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта өзге де тарихи ескерткіштерді реставрациялау және консервациялау жұмыстары жоспарланып отыр.

Кеңестік идеологияның салдарынан нақты тарихи тұлғадан аңызға айналып, ұмыт бола жаздаған бабаларымыздың есімдерін, ерлік істерін ел жадында қайта тірілтіп, тарихымызды түгендеу жолында атқарылған істердің нәтижесінде бүгінде, міне, ата-бабаларымыздың ескерткіштері, көне кесенелері қаламыз бен даламызға ерекше мазмұн, айбын беріп тұр. Бұл жұмыстар алда да жалғаса береді. Ұлы дала елінің бүгінгі және ертеңгі ұрпағы даңқты бабаларымызға ескерткіш орнатып қана қоймай, ең бастысы — олардың өсиетіне адал болу екендігін есте ұстаса дейміз.

 А.ҚАЙДАРОВ, Б.ҚОШАН,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының қызметкерлері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button