Мәдениет

Жамбыл-жырдың толассыз бұлағы…

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ғасыр жырлаған ғажап ақын» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Шараны өткізуге облыстық білім басқармасы да қолдау көрсетті.

Кешке жергілікті қаламгерлер, жыршылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жыр сүйер қауым, жастар қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөз сөйледі.

— Сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың өмірі мен шығармашылығын, бай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау — біздің парызымыз. Оның үстіне биыл Жамбыл Жабаевтың мерейтойы тәуелсіздіктің 30 жылдық тойымен тұспа-тұс келіп отыр, — деп атап өтті ол.

Бұлбұл Елеусінова «Жамбыл жырлары» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттар табыстады.

Байқау жеңімпаздары арасында Ақтөбе қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектептің 6-сынып оқушысы Елдос Бақтығалиев, Ойыл ауданы Сапақкөл орта мектебінің 6-сынып оқушысы Алтынгүл Рысқали және Темір ауданы Сарыкөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Наргиза Беркінғалиева бар.

Кеште көрермендерге «Көроғлы» эпосының Жамбыл жырлаған нұсқасынан үзінділер, ақындар айтысы ұсынылды, ақынның әйгілі «Ленинградтық өренім!» поэмасы мен «Үндеу», «Бұлбұл», «Аттандыру», «Егіс жыры», т.б. өлеңдері оқылып, күй тартылып, ән де айтылды. Кешті ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулес жүргізіп отырды.

Кешке қатысушылар Шығармашылық академиясының фойесінде ұйымдастырылған «Ұлы даланың ұлы жырауы» атты кітап көрмесімен де танысты.

Нұрсұлтан ҚАЗИХАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button