Ауыл

Аманкөл ажарлана түсті

Биыл аудандағы Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс пен округке қарасты Шеңбертал елді мекені және Ырғыз ауылдық округінің Ақши ауылына көгілдір отын берілді. Қазіргі таңда Аманкөл ауылдық округіне қарасты Құтикөл елді мекеніне газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал аудан орталығынан бөлек, алғаш болып осы округке асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша Аманкөл ауылдық округі көркейіп, келбеті ажарлана түсті.

Округ әкімі Азамат Махаевтың айтуынша, бүгінде округ құрамындағы үш елді мекенде 2032 адам тұрады. Олар — Құтикөл, Аманкөл, Жарма ауылдары.

Биылғы жылы округ орталығы Құтикөл ауылына «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 172 млн 92 мың теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 2,2 шақырым болатын 4 көшеге асфальт төселіп жатыр. Мердігер ұйым — «Zhappas Company» ЖШС.

— Биыл ауданда алғаш рет біздің ауылымызда орталық көшелерге асфальт төселіп, жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы Құтикөлде 8 көше бар. Оның ішінде, міне, Барысбаев, Төрегелдин, Игібаев, Жаманшин көшелерінің жолдары жөнделіп жатыр. Қазір жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ биыл Құтикөл және Аманкөл елді мекендеріне жеткізуші және ауылішілік газ құбырын жүргізу үшін бюджеттен 940 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін бұл қаржының 240 миллион теңгесі жұмсалды. Қазір Құтикөл ауылы ішіндегі көшелерге жерасты газ құбырлары тартылып, енді трасса құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде, — дейді ол.

Жоспарға сәйкес жұмыстар жыл соңына дейін аяқталса, биыл құтикөлдіктерге көгілдір отын беріледі.

Сондай-ақ биылғы жылы округ орталығында «Елді мекендегі жарықтандыру» бағдарламасы бойынша 17 млн 920 мың теңгеге электр желілері жаңартылып, 15 бағана, 100 дана диодты жарықшам орнатылған. Жөндеу жұмыстарын «Нұрай» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Қазіргі таңда  7 261,0 мың теңгеге Жарма елді мекеніне көше шамдарын орнату жұмыстары үшін конкурс жарияланыпты.

Округ әкімінің айтуынша қазіргі таңда округке қарасты Жарма ауылында 60 орындық мектеп ғимараты салынып жатыр. Ауылдағы ескі мектеп 1970 жылдары салыныпты. Жаңа типтегі білім беру орнының құрылысын жүргізуші мердігер ұйым — «Ер-Қанат Сервис» ЖШС. Жобаның жалпы құны  — 451,8 млн теңге.

Биыл бюджеттен 215 млн теңге бөлініп, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсыру мерзімі — 2022 жыл.

Жалпы, қазір округіміз қысқа толық дайын. Округ бойынша Телжан Шонанұлы және Тел Жаманмұрынов атындағы орта мектептерге, әкімшілік ғимаратына, Аманкөл ауылдық клуб үйіне жоспарланған қатты отын жеткізілді. Ал округтегі «Айгөлек» және «Алақай» бөбекжай-бақшалары, Нарқызыл негізгі мектебі, Құтикөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Аманкөл ауылдық медициналық пункті, Құтикөл ауылдық клуб үйі, Құтикөл өрт сөндіру бекетінің ғимараттары электр энергиясымен жылытылады. Қазіргі уақытта мекемелердің барлығының жылу қазандықтары қалыпты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар ауылдарды қысқы мал азығымен, отынмен қамту жоспарға сәйкес толық орындалды. Соңғы жылдары елді мекендерде мал саны көбейіп келеді. Шаруа қожалықтары мемлекеттен несие алып, техника сатып алып, ірі қара, қой-ешкі санын көбейтіп жатыр. Айта кету керек, біздің округте тек ешкі бағып, осы шаруашылықты дамытып отырған «Асыл-Жол» қожалығы бар. Бұл шаруашылық былтыр және биыл пандемия кезінде аудан тұрғындарын ешкінің сүтімен қамтамасыз етті. Тіпті аудан орталығында стационарда ауырып жатқан науқастарға тегін ешкінің сүтін жеткізіп берді. Бұл да біздің шаруалардың халық игілігіне жұмыс жасап жатқандығын білдіреді, — дейді округ әкімі А.Махаев.

Ал «Асыл-Жол» шаруа қожалығының басшысы Ақкенже Отаралинаның айтуынша, қазіргі таңда шаруашылықта 350-ден астам ешкі бар. Бұған дейін оның санын 500-ге жеткізген. Дегенмен барлығын күтіп-бағу, шөппен қамтамасыз ету оңай емес.

Бүгінгі күні ауданда ешкі шаруашылығын дамытып отырған жалғыз қожалық бізде десек артық болмас. Жалпы, ешкі бағумен біздің айналысып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Ауылдағы басты табыс көзіміз де осы. Ешкінің етін, сүтін, жүнін сатамыз. Осылайша балаларымызды өсіріп, оқытып отырмыз. Егер алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау болса, малдың басын көбейтіп, шаруашылықты кеңейткіміз келеді. Асылтұқымды занин ешкісін алып, қысы-жазы сауып, халыққа өнімін сатқымыз келеді. Себебі қазіргі қыс айларында ауылда сүт өнімдері азаяды. Жалпы, қай кезде де ешкінің еті де, сүті де адамның денсаулығына пайдалы, жеңіл. Ал жүні, тіпт, өтімді, — дейді ол.

Қожалық басшысы бірнеше жылдан бері ешкінің сүтін қымыз бен шұбаттың технологиясы бойынша дайындап, сусын ретінде сатады. Ешкінің сүтінен дайындаған сусын көпшіліктің көңілінен шықса керек, алып кететіндер көп екен. Пандемия кезінде шаруашылық ауырған адамдарға ешкінің сүтін тегін үлестіріпті.

Пандемия кезінде ауданда қымыз, шұбатпен қатар ешкінің сүтін де алушылар көп болды. Себебі ешкінің сүті көп ауруға ем. Әсіресе дәрігерлер ауырған адамдарға тез айығып, күш-қуат жинауы үшін қымыз, ешкінің сүтін ішуге кеңес берді. Осылайша қиын кезеңде біраз адамның алғысын алдық. Шаруашылықтың жайы бүгінде жаман емес. Қысқа мал азығын дайындап, отынымызды жинап алдық. Міне, қыс түскелі бірнеше күннен бері малды қорада ұстап отырмыз. Ендігі мәселе — біздің қыстағымызға газ бен ауызсудың жүргізілуі. Қазіргі таңда ауылымызға су да, газ да тартылып жатыр. Алайда біздің қожалығымызға ауызсу, газ құбырын тартуда мәселе туындап тұр. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдеріне өтініш те айттық. Дегенмен әзірге шешімі табылмай тұр. Біздің басты тілегіміз сол, шаруашылықты дамытуға әкімдіктер тарапынан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді,  — дейді А.Отаралина.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button