Рухани жаңғыру

Тағылымы мол төрт кітап

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың «Қаламгер» әдеби қонақжайында Бәубек баба атындағы қоғамдық қордың төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Ақылбек қажы Дәдеұлының «Бәубек ұрпақтарына тарихи мұра», «Қырық парыздың баяны», «Аңызға айналмаған ақиқат» және «Әке жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Бабалардан жеткен із

Негізінде тұтас тарихымыз жекелеген тұлғалардан құралады. Тарихты жасайтын — адамдар. Осы тұрғыдан келетін болсақ, «Бәубек ұрпақтарына тарихи мұра» атты кітап — тағылымдық-танымдық мәні зор еңбек. Бұл жинақта Әлімнің Жаманағынан тарайтын Бәубек балалары — ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы тың деректер, сол кездегі ел тірлігіндегі елеулі оқиғалар берілген.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров бұл кітаптың танымдық қажеттілігін бағалай келіп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, атақты ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтің атында кабинет ашылғанын баяндапты. Осы кітапта өмірбаяны толық келтірілген ғалым 1947 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкер лауазымында болады. 1951 жылы оған «жалған ғылым» иесі және ұлтшыл деген жала жабылады, қудаланады. Соған қарамастан, ол 1954 жылы тайталаса жүріп кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.

Міне, аталған еңбекте тағдыры талайлы, бірақ өздерінің ерік-жігерімен, ұмтылысымен еліне қызмет еткен Мырзақұл Бабаев, Қияс Құрманбеков, Оразғали Досмұхамбетов, басқа да танымал тұлғалар туралы мәліметтер берілген.

Шалқар ауданының сонау Бозойға дейінгі Қошқарата, Қыздаршыққан деген белгілі мекендері кезінде талай ірі тұлғаларды өмірге әкелген. Тура билігімен талайды мойындатқан Тағыберген Жамашұлы сол жерде дүниеден өткен. Батырлығымен бірге палуандығы айналаға мәшһүр Өтеғұл батыр да осында ғұмыр кешкен.

Асан ишан Бұқарадағы мирараб медресесінде білім алған. Халықты сауаттандыруға, имандылыққа шақыруда көп еңбек сіңірген бұл адамның кесенесі Қошқарата тұзының қасында. Кендірлі сайының құлама тұсына жақын жердегі жазғы мешітінің орны әлі күнге дейін сақталған.

Қошқарата өңірінде өткеннің тарихынан сыр шертетін көптеген іргелі тамдар мен кесенелер бар. Соның барлығы да Қошық деген шебердің қолынан шыққан екен. Осындай қызғылықты деректер, мазмұнды мағлұматтар аталған кітапта молынан берілген.

Парасатты парыз

«Қырық парыздың баяны» жинағы — бір жағынан өмір өнегесі деп қарауға тұрарлық еңбек.

«Ата-баба ұстанған, бағзыдан келе жатқан дін — мен үшін жаныма жақын. Мектепте оқып жүргенде әкемнен Құран сүрелерін жазып алып, жатқа оқитынмын. Кейін Алматы жоғары партия мектебінде білім алғанымда араб тілін игеруге ден қойдым. Сондағы ойым — асыл дініміздің тереңіне қарай үңілу, құр айтумен емес, біліммен, ізденумен игеру еді. Абзалы, адам баласы алдында орындалуға тиісті парыз көп. Мен Ханафи мәзһабындағы 40 парызды шамам жеткенінше талдап, көпшілікке жеткізуге талпындым. Менің ойымша, осы 40 парызды білген адам қалғанын да жетілдіреді. Өйткені, қырықыншы парыз — білім іздеу деп аталады. Ал білім іздеген адам көп нәрсені табады», — деп ойын білдірді Ақылбек қажы бұл кітапты көпшілік назарына ұсынар алдындағы сөзінде.

Оның айтуынша, кейбір адамдар дін мен дәстүрді ажырата алмайды. Мәселен, дәстүрде қалыптасқан жайларды дін жолына әкеліп таңып жатады. Осыларды айыра білу үшін діни сауаттылық қажеттілігі туындайды.

Бас имам Серікжан Еншібай өз сөзінде автор ұстанымын мақұлдай келе, былай деп ойын білдірді: «Мен осы кітаптың жазыла бастаған кезінен жақсы таныспын. Өйткені Ақылбек ағамыз кейбір мәселелерде «шариғат талаптарына сай келе ме?» деп менен кеңес сұрап отырды. Бұл кісінің қазіргі уақытта дін саласында арнайы білімі бар, өзін ұдайы жетілдіріп, шыңдап отырады, халыққа пайдасы бар сөз айтқысы келеді. «Қырық парыздың баяны» — жұртшылыққа, әсіресе жастарға пайдалы еңбек деп білемін». 

«Аңызға айналмаған ақиқат»

Бұл кітап атауына ғибрат әңгімелер, құлшылыққа көмек деген қосымша түсініктер жалғаныпты.

Кітап аннотациясында «Қазан қаласындағы Ресей ислам институтының магистранты, қажы Ақылбек Дадиннің бұл — ислам тақырыбындағы екінші еңбегі. Әуелгі шыққан «Қырық парыздың баяны» атты кітабы оқырманға жақсы таныс, ол кітап мұсылман баласына ұғымды қарапайым тілде жазылғандықтан, көптеген бауырларымыздың таным-түсінігіне үлес қосқандығы аян» деп автор ұстанымына баға да берілген.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінде мамандар тарапынан мақұлданған, арнайы сараптама жасалған.

Бұл кітапта діннің танымы, таухид сенімі, яғни Алла тағаланың бар екендігі, оған нақты дәлел бола алатын пайғамбарлар, сахабалар, ғұлама-тақуа адамдар өмірінен ғибрат әңгімелер келтіріледі. Сонымен бірге, автор мұсылманшылығымызға қатысты кейбір жиі айтылатын сөздерге, түсініктерге, құлшылық амалдарға тоқталып, өте қарапайым тілмен ұғындырады.

Кітап беташарында «Асан ишан бабамның мешітінде білім алып, тақуалықпен өмір сүрген асыл жандар — әкем Дәде мен анам Талжанның рухына бағыштаймын» деп жазылуы да кітап авторының дін, имандылық тақырыбына кездейсоқ келмегендігін, рухани тазалық негізі жүрегінде кішкентайынан қаланғанын білдіреді.

Автордың пайымдауынша, қазіргі уақытта Қазақстан халқының басым көпшілігі Ханафи мәзһабын ұстанады, сондықтан да оның кім екендігі, ілімінің қаншалықты тереңдігі, адамгершілік-тақуалық қасиеттері жөніндегі тарихи әңгімелер арқылы ғибраттарға көбірек көңіл бөлінген.

Кітаптың бастапқы тарауы «Пайғамбарлар өмірінен ғибраттар» деп аталады. Мұнда пайғамбарлар туралы айтылады.

«Жалған өмірде қолдан келгенше жақсылық іс жасау — әрбір мұсылманның міндеті» деп басталатын әсерлі әңгіме оқырманын одан әрі тарта түседі. Өйткені келесі айналымдарда жамандыққа қарсы жақсылық істеудің мәні, жақсылықты міндетсінбей істеу туралы ойлар өрістейді. «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ» деген тағылым да жүрек жылытатыны айқын.

Бұл кітапта, сондай-ақ «Сахабалар өмірінен ғибраттар», «Ғұламалардан, тақуалардан өсиет» деген тарауларда да көптеген өнегелік әңгімелер айтылады.

Ал «Ислам және қазақ әдебиеті» бөлімінде Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Ахмет Яссауи, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Шал ақын Құлекеұлы, Қабан жырау, Шортанбай Қанайұлы, Абай Құнанбаевтың дінімізді ардақтаған, имандылыққа үндеген ғибратты сөздері келтіріледі.

Әке жолымен

Баланың бағдаршысы — әке. Қай бала да әке тағылымымен жетіледі. Осы тұрғыдан келсек, «Әке жолы» кітабының орны бөлек.

Бұл — асқар тау, тұлғасы биік әкенің қадірін білген ұлдың сағынышы, перзенттік толғанысы, балалық борышын сезінуі іспетті дүние.
Қай уақытта да бір қауым елдің бетке ұстайтын, сөзін айтатын, ісін ілгерілететін азаматтары болады. Бұл кітаптың кейіпкері — Дәде Жұмағұлов Аяққұм өңіріне танымал азамат. Ол 1912 жылы дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы. Ел аузында «оқымаған академик» деп аталып кепткен.

1933-1937 жылдары Шалқар аудандық және Елтай ауылдық кеңестерінде жауапты қызметтер атқарған.

1937 жылы Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов Мәскеуден Алматыға іссапардан келе жатып, ол мінген пойыз Шалқар стансасында қырық минут аялдайды. Белгілі мемлекет қайраткері, елге сыйлы азаматқа ел тұрғындары тай сойып, қонақасы беріп үлгереді. Арада аз уақыт өткенде Ұзақбай Құлымбетов «халық жауы» деп ұсталып, Шалқарда онымен кездесуге қатысқандар да тергеуге алынады. Сол қатарда Дәде Жұмағұлов та қуғын-сүргін қармағына ілініп кете барады. «Кеңестік құрылысқа қарсы шыққаны үшін» деген айыппен сегіз жыл бойы Қиыр Шығыста — Сахалин, Куриль, Магадан аралдарында жазасын өтейді.

Елге оралғаннан кейін мектептің шаруашылық жұмыстары меңгерушісі болады. Ал 1946 жылы ауданның отыз ұжымшары үшін Аяққұм мал жайылымы өңірі штабы ашылғанда, соның басшыларының бірі болып тағайындалады. Еңбегі еленіп, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысуға арнайы шақырылады, марапатқа ие болады.

Зейнет демалысына шыққанынша қызыл отау меңгерушісі, кеңшар директорының орынбасары, ферма басқарушысы болған оның қажырлы еңбегі, елге қамқор, көпке ақылшы болған асыл қасиеттері туралы аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге дейін айтылады.

Ақсақалдың көзін көрген, қадірін білетін замандастарының ой-пікірлерін осы арада келтіре кетсек, артықтығы бола қоймас. Еңбек ардагері Орынбасар Оразов: «Ол кісінің әділдігі мен адалдығы, тұйыққа тіреліп қалғанда қиындықтан жол тауып шыға білетіндігі, ақыл-кеңес сұрағанда дұрыс сөзін айтатындығы ерекше еді. Көп жылдар бойы Аяққұм мал жайылымы бөлімшесінде штаб бастығы болып тұрғанында талай қиын түйіндерді дау-дамайға ұрындырмай шешіп жүрді. Сөз тапқыш еді» деп жазыпты өзінің естелігінде.

Шынында да, Дәде Жұмағұловтың беделінің биік болғандығының бір дәлелі — сол кездерде аудан басқарған Кеңес Нокин, Төлеу Алдияров, Іскендір Нұркин, тағы басқалары ол кісінің пікірімен санасып отырған, кейде әңгімелесу үшін арнайы іздеп келген.

…Түйіндеп айтар болсақ, «Әке жолы» кітабы кейінгі ұрпақ, жас буын үшін де тағылым сабағы іспетті.

* * *

«Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Серікжан Еншібай, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының  кандидаты Түрікпенбай Айжарықов, доғарыстағы полиция полковнигі Ғалым Дәулеталин, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, ардагер ұстаздар, білім беру ісінің үздіктері Құлбек Сүйеубаев, Құдаш Бекбергенов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин және басқалары тұсаукесері өткізілген төрт кітаптың қалың жұртшылыққа, жалпы оқырманға берер тағылымы мол екенін атап көрсетті.

Руханият әлемі қай кезде де имандылық іс-қимылдарымен, ізгілікті де инабатты көркем мінезбен биіктей түспекші.

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы, экология саласы бойынша техника ғылымдарының кандидаты, «WestFireSеrvice» ЖШС директоры Ақылбек қажы Дәдеұлының осы бағыттағы өнегелі өріске шақырған тарихи еңбектері көптің қажетіне жарайтындығы күмәнсіз.  

                                                                                                                                                                Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button