Мәдениет

Есте қалған кеш

Сенбі күні ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы Бижан Қалмағамбетовтің 60 жылдық мерейтойына арналған «Есте қалсын» атты шығармашылық кеші өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өткен кешке облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған қаламгерлер мен бірақатар мекеме басшылары, ақынның оқырмандары қатысты.

Кешті белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Шарада Бұлбұл Елеусінова мерейтой иесіне облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің арнайы құттықтауын жеткізді.

— Сіз саналы ғұмырыңыздың көп жылдарын қазақ әдебиеті саласының дамуына арнап, шығармашылық ортада қайталанбас туындыларыңызбен оқырман қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз.

Ақындықпен қатар, белгілі бард ақын Табылды Досымовтың шығармаларын дәріптеуде зор еңбек сіңіріп, оқырман қауымның көкжиегін кеңейттіңіз. Қоғам өміріне етене араласып, әрдайым азаматтық және қаламгерлік ұстанымыңызды батыл танытып келесіз. Алдағы уақытта да ақындық арыныңыз, қаламгерлік қарымыңызбен халқыңызға рухани құндылықтар сыйлай беріңіз. Сізге мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, — деген облыс әкімінің орынбасары ақынға сый-құрмет көрсетті.

Ақынды қала әкімі Асхат Шахаровтың атынан орынбасары Айбек Көпенов құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет бастаған қаламгерлер тобы сахнаға шығып сөз сөйлде, мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Қарағанды облысы әкімінің құттықтауын белгілі айтыскер ақын Қуаныш Мақсұтов алып келіпті.

Шара барысында Бижан Қалмағанбетовтің «Қарлығаштың ұясы» атты кітабының тұсауы кесілді.

— Бірде досымның Атыраудағы зәулім үйінің ішінен қарлығаштың ұясына көзім түсті. Үй салып жатқанда қарлығаш ұя салған екен. Киелі құстың ұясын бұзбай, сол күйі сақтап қалыпты. Мен таңғалдым. Содан кейін «Қарлығаштың ұясы» атты өлеңім дүниеге келді. Кітаптың атын да солай атадым, — деді мерейтойы иесі.

Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әндер айтылып, өлең оқылды. Мерейтой иесін құттықтап келген қонақтар қатары көп болды. Ақынды  облыстық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және туған жері Атырау облысы, Қызылқоға ауданы әкімінің атынан келген өкілдер құттықтап, лебіздерін білдірді. Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова мен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қойлыбаев та өздерінің жылы лебіздерін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button