Мәдениет

Ақынмен кездесу өтті

Ақтөбедегі қалалық Мәдениет үйінде ақын Гүлсамал Аймаханованың «Гүл ақынның сан қыры» атты кездесу кеші өтті.

Кешті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар тарапынан мәдени шараларды ұйымдастыру секторының меңгерушісі Гүлжайна Бисенғалиева журналистерге:

Гүлсамалдың жырларымен оқырмандар өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасынан бері таныс. Ал оның тәуелсіздіктің елең-алаңындағы Ақтөбедегі күрескер азаматтармен бірге, елді мекендерге тарихи атауларын қайтарып беру, көше аттарын қазақыландыру, Байғанин жеріндегі жарылыстардың зардабын, ақиқатын зерттеп, жария ету секілді, басқа да көптеген ұлт мүддесі жолындағы істерге белсене араласқан қайраткерлігі, журналистігі, бірнеше ән жазған сазгерлік  қыры да бар. Биыл ақын 60 жасқа толады. Осы тұста біз оны оқырмандарға ақындығымен қоса, басқа да қырларынан, жақынырақ таныстыруды көздедік, — деді.

Кеште ақынның жырлары, әндері, сонымен қатар оның өлеңіне жазылған басқа да әндер орындалды, оқырмандар тарапынан Гүлсамал Аймахановаға көптеген сұрақтар қойылып, естеліктер де айтылды.

Ақынның «Әлия», «Кеш мені», «Еңлікгүл», т.б. жырларын Адиля және Аруна Қожамжаровалар, Ақторғын Ноғаева, Бақытгүл Біләлқызы және басқа да оқырмандар тебіреніспен жеткізді. Ал ақ жаулықты аналардың «Асылым», ардагерлерден құралған «Атамекен» ансамбльдері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Жұлдыз Нұрқасымова, республикалық байқаулардың лауреаты Лаура Тауасарова, «Сұңқар» вокальды тобы, «Геолог» және Кеңес Нокин атындағы ауылдың Мәдениет үйлерінің өнер ұжымдары әсем әннің бірінен соң бірін төгілтті.

Ән мен жырдан соң жүрекжарды лебіздерге кезек берілді. Ақынды Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button