Пікір

Екпеге қарсы үгіттің жетегінде кетпеу керек

Әйгерім МЕҢДІХАН,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенті

—Қауіпті індеттің бетін қайтару, бұрынғы алаңсыз өмірге қайта оралу үшін біздің елімізде тиісті шаралардың бәрі жасалып жатыр. Әсіресе денсаулық саласы қызметкерлерінің жанкешті еңбегіне айрықша алғыс айтуымыз керек.

Екпе алу індет жұқтыру қаупін сейілтеді. Біз осыны түсінуге тиіспіз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, індетке байланысты ахуалды түзеу үшін жаппай екпе салудың маңыздылығын атап көрсетті. Болашақ дәрігер ретінде мен, әрине, аурудың алдын алуға септігі тиетін екпе салдыруды құптаймын.Тек жаппай вакцина алу арқылы ғана біз өзімізді және отбасымызды індеттен сақтап, қазіргі қалыптасып отырған жағдайға нүкте қоя аламыз. Жаппай вакциналау ұжымдық иммунитетті қалыптастырады, ал ұжымдық иммунитет қауіпті вирустың одан әрі таралуына жол бермейді. Вакцина алған адам індетті жұқтырған күнде де, ауру жеңіл өтеді, соңы қайғылы жағдайға ұласатын күрт асқынулар болмайды. Пандемия жағдайында жаппай вакциналау қоғамның әлеуметтік әлсіз бөлігін қорғауға, сонымен қатар вирустың мутацияланған жаңа, қауіптірек түрлерінің пайда болуының алдын алуға септігін тигізеді.
Жаппай екпе салуға қарсы пікір айтушылар қазір халықтың бір бөлігін әрі-сәрі күйге түсіріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге де ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы: «Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс» — деп, орынды атап өтті. Бүгінгі күні түрлі жалған ақпарат таратушылар мен екпеге қарсы үгіттеушілердің кесірінен індет әлі де ауыздықталмай отыр. Тек медицинаға сену және бір-бірімізді қолдау арқылы ғана бұл қауіпті індетті жеңіп шыға аламыз. Сондықтан екпеге қарсы үгіттің жетегінде кетпеу керек.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button