Экономика

Дамуымыздың деректері

Статистика

Облысымыздың 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындылары

Облысымыз барыс жылын байыпты табыстармен шығарып салғаны белгілі.

Әйтсе де көңілдерде нақты қай саланы қандай дәрежеде қорытындылағанымыз туралы сауалдар тұратыны және белгілі.

Міне, осыған орай облыстық статистика департаменті облысымыздың 2010 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығындағы дамуының алдан ала қорытындыларын дайындаған болатын. Сол деректерге көз жүгіртейік.

Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын анықтайтын деректер: өнеркәсіп өндірісі, негізгі капиталға салынған инвестиция, құрылыс жұмыстары көлемі, тұрғын үйді  іске енгізу, жолаушылар мен жүк тасымалдаулар, бөлшек сауданың көлемі, халықтың орташа жан басына шаққандағы табысы және жалақы өсімі.

Өнеркәсіптегі өсімдер

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыстың өнеркәсіп өндірісінде оның алдындағы жылдың оң серпіні сақталды.

Өнеркәсіп өндірісі көлемі қолданыстағы бағалармен 951,1 миллиард теңге құрады. 2009 жылмен салыстырғанда өндіріс индексі 111,7 пайыз болды.

Енді өсіммен қамтамасыз еткен салаларды талдайық:

кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу — 8,1 пайыз;

өңдеу өнеркәсібі — 51,6 пайыз;

электрмен қамтамасыз ету, газ, бу беру және ауаны баптау — 19,5 пайыз.

Өнеркәсіп өндірісінің 58 негізгі түрлерінен 40 түр бойынша өнеркәсіп өндірісі өсті: мұнай, мыс рудалары мен концентраттары, хром рудалары мен концентраттары, ет, шұжық өнімдері, күнбағыс майы, нан, макарон өнімдері, дизель отыны, хром ангидриді, хром еріткіші, хром қышқылы, натрий бихроматы, ферроқорытпа, электр энергиясы, жылу энергиясы, т.б.

Жалпы өнеркәсіп бойынша көрсеткіштердің қалыптасуына ықпал жасаған сала — кен өндіру өнеркәсібі. Себебі облыстың өндіріс көлеміндегі оның үлесі облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен екісін құрап отыр.

2010 жылы аталған сала кәсіпорындары 735,1 миллиард теңгеге өнім өндірді. 7980,4 мың тонна мұнай (2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда — 102,3 пайыз), 3297,3 мың тонна мыс рудасы (156,2 пайыз), 5091,8 мың тонна хром рудасы (108,8 пайыз) өндірілді.

Өңдеу өнеркәсібінде 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда 168,1 миллиард теңгеге өнім өндірілді.

Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты жұмыс жүргізіп тұрған сала — металлургиялық өнеркәсіп (нақты көлем индексі 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 110,2 пайыз). Аталған қызмет түрі өндірілген өнімнің барлық көлемінің жартысынан көбін алып отыр.

2009 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда химия өнеркәсібі өнімінің өндіріс өсімі — 31,8 пайыз, тамақ өнімдерін өндіру — 9,8 пайыз, машина жасау — 30,8 пайыз.

Электрмен қамтамасыз ету, газ, бу және аумен баптау саласында 39,1 миллиард теңгеге өнім өндірілді.

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда сағатына 2622,4 миллион квт немесе 2009 жылғы қаңтар-желтоқсандағы деңгеймен салыстырғанда 118,9 пайыз электр қуаты өндірілді. Жіберілген жылу энергиясы 6222,6 мың Гкал (106,2 пайыз).

Мал басы көбейді

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда 84,4 миллиард теңге құрады. 2009 жылмен салыстырғанда 4,3 пайыз төмендеді. 2010 жылғы жазғы кезеңде орын алған қолайсыз климат жағдайы өсімдік шаруашылығы көлемдерінің азаюына әкеліп соқты (16,4 пайыз).

Барлық санат шаруашылықтарында 64,4 мың тонна астық (бастапқы кірістелген салмақта) жиналды немесе 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 16,3 пайыз болды. Картоп — 102 мың тонна (107,5 пайыз), көкөніс — 80 мың тонна (114,8 пайыз).

Мал шаруашылығындағы өндіріс өсімі 5,4 пайызға жетті.

Барлық санаттардағы шаруашылықтарда өнімнің негізгі түрлерінің өндірісі төмендегі мәліметтерді сипаттады:

  • тірілей салмағы 108,6 мың тонна немесе оның алдындағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,2 пайыз мал мен құстың барлық түрлері өткізілді;
  • жалпы сүт сауымы 317,0 мың тонна құрады (102,4 пайыз);
  • алынған тауық жұмыртқалары 184,2 миллион дана (125,8 пайыз).

2011 жылғы 1 қаңтарға 2010 жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда шаруашылықтың барлық санаттарында мүйізді ірі қара мал саны — 2,3 пайызға, қой — 4,0 пайызға, ешкі — 5,4 пайызға, жылқы — 3,7 пайызға, шошқа — 12,2 пайызға, құс — 4,8 пайызға өсті.

Инвестиция

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда 364,4 миллиард теңге болды немесе 112 пайыз құрады, ал республика бойынша өңір үлесі 7,6 пайызды құрайды.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіпте игерілген (жалпы инвестиция көлемінің 70 пайыздан астамы).

2010 жылғы қорытындыларға жүгінсек, экономикалық қызмет түрлері бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өсті.

2010 жылғы қорытындыларды сараласақ, экономикалық қызметтің көптеген түрлері бойынша инвестиция көлемі өскені белгіленді. Бұл өсімдер төмендегіше тармақталады: мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамтамасыз ету — 3,1 есе, ауыл шаруашылығы — 2 есе, өңдеу өнеркәсібі — 2,8 есе, тамақтану қызметі — 2,8 есе, денсаулық сақтау саласы — 1,6 есе.

Бюджеттік қаржы есебінен 53,1 миллиард теңге игерілді, бұл 2009 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 0,5 пайызға кем. 27,7 миллиард теңге шетел инвестициялары игерілді немесе 2009 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 39,4 пайызға кем болды.

Инвестицияның басым бөлігін құрап отырған, бұрынғысынша, шаруашылық субъектілерінің жеке қаржылары. Оған салынған инвестициялар көлемі 34,9 пайызға өсті.

Құрылыс

Құрылыста жоғары қарқын сақталуда. Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 126,5 миллиард теңге құрады, бұл 2009 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 1,4 есе көп.

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда тұрғын үй құрылысына 19,3 миллиард теңге инвестиция бағытталды, бұл 2009 жылға қарағанда 24,5 пайызға көп.

Жалпы аумағы 404,2 мың шаршы метр үш мыңнан астам пәтерлер салынды, бұл 2009 жылғы деңгейден 5,7 пайыз жоғары.

Халықтың және жеке несиеге алынған қаржылар есебінен жалпы аумағы 251,8 мың шаршы метр (2009 жылға қарағанда 46,5 пайызға жоғары) тұрғын үй салынды. Салынған тұрғын үйдің жалпы көлеміндегі олардың үлесі 63,3 пайыз құрап отыр.

Тасымал

Облыстың автомобиль көлігімен 41,0 млн. тонна жүк тасымалданды, бұл 2009 жылға қарағанда 17,1 пайызға жоғары. Жүк айналымы 14,4 пайызға өсті.

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда жалпы қолданыстағы көлікпен 163,5 миллион адам тасымалданды, бұл 2009 жылға қарағанда 2,3 пайызға өсті.

Ал жолушылар айналымы 16,8 пайызға көбейді.

Байланыс қызметі

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда байланыс қызметтері көрсеткен электр байланысы қызметінің көлемі 7504,1 миллион теңгені құрады, оның ішінде халыққа 4171,7 миллион теңгеге қызмет көрсетілді, бұл 2009 жылға қарағанда салыстырмалы бағалармен 4,1 пайызға және 7,3 пайызға көп.

Сауда. Баға

2010 жылғы қаңтар-желтоқсанда бөлшек сауда айналымы 2009 жылғы қаңтар-желтоқсан деңгейінен 19,6 пайыз жоғары болды және 185,4 миллиард теңге құрады.

Бөлшек сауда айналымының басым бөлігін құрап отырған сауда жасайтын кәсіпорындар үлесі 50,8 пайыз, базарлар мен жеке кәсіпкерлер үлесі 49,2 пайыз болды.

2010 жылғы желтоқсанда облыстың тұтынушылық рыногында инфляция деңгейі 2009 жылғы желтоқсанға қарағанда 7,4 пайыз құрады (республикада — 7,8 пайыз).

Азық-түлік тағамдары өсіміне басым ықпал жасап отырған — тұтыну бағаларының индексі.

  • Азық-түлік тауарларына бағалар 8,9 пайызға өсті;
  • Азық-түлік емес тауарлар 4,7 пайызға қымбаттады;
  • Ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер өсімі 8,1 пайыз құрады.

Азық-түлік тағамдары рыногындағы баға қымбаттауы төмендегідей мөлшерде сипатталады: жармақтарға — 21,2 пайыз, көкөністерге — 21,1 пайыз, май мен тоңмайға — 19,1 пайыз, ет және ет өнімдеріне — 9,8 пайыз, сүт өнімдеріне — 11,6 пайыз, қантқа — 14,5 пайыз, жұмыртқаға — 5,2 пайыз, кондитер өнімдеріне — 6,8 пайыз, балық және теңіз өнімдеріне — 6,3 пайыз, алкогольді ішімдіктерге — 4,4 пайыз, темекі өнімдеріне — 22,2 пайыз.

2010 жылғы желтоқсанда ең төменгі азық-түлік жинағының құны 7431 теңгені құрады немесе өткен айға 102,3 пайыз.

Азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы киім (4,6 пайыз) мен аяқ киімнің (4,5 пайыз) маусымдық жаңаруына, жуғыш заттарға (4,8 пайыз), жеке гигиена тауарларына (4,3 пайыз), баспа өнімдеріне (6,8 пайыз), дәрі-дәрмектерге (8,9 пайыз) бензинге ((6,3 пайыз) баға қымбаттауына байланысты болып отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер 14,7 пайызға қымбаттады, оның ішінде ыстық су 20,4 пайызға, салқын су 16,9 пайызға, электр қуаты 10 пайызға, жылу қуаты 20 пайызға өсті.

Қаржы. Жалақы

2010 жылы қарашада орташа жан басына шаққандағы атаулы қаржы табыстары 36 009 теңгені құрады, бұл 2009 жылғы қарашаға қарағанда 12,1 пайызға жоғары, аталған кезеңде нақты қаржы табыстары 4,2 пайызға өсті.

2010 жылғы қарашада жұмысшыларға есептелген атаулы жалақы 70 180 теңге құрады. 2009 жылға өсім 18,6 пайыз болды. Нақты жалақы индексі 110,3 пайыз құрады.

2010 жылғы қарашада 2009 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда экономикалық қызметтің барлық түрлерінде өсім белгіленіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда төмендегі қызмет түрлерінде қарқынды өсім белгіленді: жылжымайтын мүлікпен операциялар (59,6 пайыз), мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамту (27,4 пайыз), денсаулық сақтау (26,6 пайыз), білім (19,5 пайыз).

Өнеркәсіп саласы қызметкерлерінде жалақы 22,4 пайызға, құрылыста 17,4 пайызға, көлік және қоймалауда 19 пайызға өсті.

Ең жоғары жалақы төмендегі қызмет түрлерінде белгіленіп отыр:

  • Кен өндіру өнеркәсібінде — 111 390 теңге;
  • Қаржы және сақтандыру қызметі — 105 559 теңге;
  • Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 104 651 теңге;
  • Көлік және қоймалау — 99 395 теңге;
  • Өнер, көңіл көтеру және демалыс — 79 225 теңге;
  • Ақпарат және байланыс — 73 936 теңге;
  • Мемлекеттік басқару — 71 968 теңге;
  • Құрылыс — 68 504 теңге;
  • Басқа қызмет түрлерін ұсыну — 65 851 теңге.

Ең төменгі жалақы мөлшері төмендегі қызмет түрлерінде:

  • Білім — 45 840 теңге;
  • Денсаулық сақтау — 53 722 теңге.

Сөйтіп, әртүрлі қызмет түрлеріндегі жалақы деңгейі арасында елеулі айырмашылық сақталып отыр.

Ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінде — 37 пайыз (облыс бойынша орташа көрсеткіштен).

2010 жылғы ІІІ тоқсанда жұмыссыздар саны 20,4 мың адамды құрады, жұмыссыздық деңгейі 2009 жылғы ІІІ тоқсандағы 5,9 пайызға қарсы — 5,1 пайыз.

Жұмыссыздар ретінде жұмыспен қамту органдарында тіркелген тұлғалар саны 2010 жылғы желтоқсанның аяғына 1,3 мың адамды құрады немесе экономикалық белсенді халқы санына 0,3 пайыз (2009 жылы — 0,5).

Демография

Демографиялық жағдай ағымдағы жылы оң бетбұрыстар сақтап отыр.

2010 жылғы 1 желтоқсанға облыстағы халық саны ағымдағы деректер бойынша 776,6 мың адам құрады, оның ішінде қала халқы — 477,4 мың (61,5 пайыз), ауыл бойынша — 299,2 мың адамды құрап отыр (38,5 пайыз).

Жыл басынан салыстырғанда ол 13,1 мың адамға немесе 1,72 пайызға өсті. Бұл дүниеге келгендер мен біздің облысқа қоныс аударғандардың өсуіне байланысты болып отыр.

Халықтың табиғи өсімі 2010 жылғы қаңтар-қарашада 2009 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 345 адамға өсіп, 10 271 адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14, 59 промиллеге қарсы 14,66 промилле құрады.

Азаматтық хал актілерін жазу органдары жаңа өмірге келген 15 871 сәбиді тіркеді немесе облыстың 1000 тұрғынына шаққанда — 20,4 сәби (2009 жылы — 20,2). Қайтыс болғандар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 91 адамға өсті және 5600 адам. 1000 адамға шаққанда өлім-жітім деңгейі — 8,42-ден 8,10 промиллеге төмендеді.

2010 жылғы қаңтар-қарашада облыс бойынша некелердің жалпы саны — 6698, ажырасулар — 1723 (2009 жылғы қаңтар-қарашада осыған тиісті 6344 және 1619).

2010 жылы қаңтар-қарашада республикадан тыс жерлерден облысқа 729 адам келген, ал кеткендер саны — 699. 2009 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда тиісінше 61,3 пайыз және 26,7 пайыз төмендеді.

Республиканың басқа облыстарынан 2010 жылғы қаңтар-қарашада Ақтөбе облысына 7928 адам келді, ал кеткендер саны — 5101 адам, облысаралық миграция сальдосы 2827 адам құрады, 2009 жылғы қаңтар-қарашада сальдо 3779 адамды құрады (2009 жылғы қаңтар-қарашада келгендер саны — 1286, кеткендер саны — 5065 адам).

Облыс шегінде 7897 адам мекен-жайын өзгерткен немесе 2009 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 11,5 пайыз жоғары.

Этносы бойынша миграциялық ағымдар құрылымына келгендердің ішінде басым бөлігін құрап отырғандар — қазақтар — 94,4 пайыз, орыстар — 2,6 пайыз, украиндар — 1,1 пайыз. Кеткендердің жалпы санынан орыстар үлесі — 5,7 пайыз, украиндар — 2,1 пайыз, қазақтар — 89,2 пайыз.

Облыстық статистика департаментінің материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button