Пікір

Кәсіпкерлерге үлкен қолдау

Еламан ІЗБАСТИН,

«Хромтау Строй Мастер» ЖШС жетекшісі

Президент Жолдауы халыққа жалпы бағдар беріп, нақты міндеттерді жүзеге асыруға бағытталады. Сол себепті жыл сайын Жолдауды асыға күтетініміз де рас. Бұл жолы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты

Жолдауынан көкейге көп нәрсені түйіп, әрбір салаға қатысты тың бастамалардан хабардар болдық. Бұл орайда өзім еңбек ететін кәсіпкерлік саласына қатысты жағымды жаңалықтарды естіп, риза болдым.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді», — деді. Одан әрі Мемлекет басшысы бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екендігін ашық айтып, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға  дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл жаңалық — кәсіпкерлер үшін үлкен қуаныш. Өйткені аталған бағдарламаның шапағатын Хромтау өңірі кәсіпкерлері ерекше сезініп отыр.

Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсететін түрлі ұйымдар жұмыс жасайды. Соның бірі — «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Өзім жетекшілік ететін «Хромтау Строй Мастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс саласына негізделген. Бұл орайда біз «Атамекен» палатасының аудандық филиалымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз. Палата мамандарының кеңесі арқылы түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға бел буамыз. Әсіресе «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы кәсіпкерлердің ісін алға жылжытып, кәсібін кеңейту үшін тиімді жоба екеніне көз жеткіздік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button