Спорт

Нәтижесіз пенальти, есептелмеген гол

Премьер-Лига

18-19 қыркүйек күндері 21-турдың кездесулері өтті. Қатарынан үшінші рет жеңіске жеткен «Астана» қайтадан бірінші орынға көтерілді.

Өз алаңында «Ақжайықты» қабылдаған «Жетісу» ойын барысында екі рет алға шыққанымен, қонақтар екі рет қарымта гол соғып, кездесу тең есеппен аяқталды.

«Каспий» Ақтау қаласында өткен кездесуде «Атырауды» ұтып, бірінші айналымдағы жеңілістің есесін қайырды.

Түркістан қаласында өткен кездесуде «Тұраннан» жеңіліп жатқан «Ордабасы» 90+4 минутта соққан гол арқылы тең есепке қол жеткізді.

Тараз қаласында өткен «Тараз» бен «Тобыл» командаларының кездесуінде гол соғылған жоқ. Бір ұпай ғана еншілеген қостанайлықтар турнир кестесінде көшбасшылықтан екінші орынға түсіп қалды.

Алматыда «Қызылжар СК» командасын қабылдаған «Қайрат» бір гол соғып, әзер жеңіске жетті.

«Қайсар» Қызылордада «Шахтермен» тең ойнап жатып, кездесудің 90+7 минутында гол соққызып алып, еш ұпайсыз қалды.

Осы кезге дейін чемпионат барысында 147 кездесу өткізіліп, 379 гол соғылды. Әр кездесуде соғылған голдың орта есебі — 2,58.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Астана» командасымен кездесті.

Биыл қалайда қайтадан чемпиондық тәж киюді мақсат тұтып отырған, оның үстіне жеңістен жеңіске жетіп келе жатқан елордалықтардан чемпионаттың соңғы ойындары өткізіліп жатқан қазіргідей сын сағатта үш ұпай олжалап қайту мүмікн еместей еді.

Солай болды да. Тіпті бұған пессимист жанкүйерлер кездесу басталар-басталмастан-ақ қол қойып үлгерді. Өйткені «Астана» ойынды біздің қақпамызға өте шапшаң гол соғудан бастады.

Тіпті мұндай голды ешкім күтпеген де болатын. 4-минутта біздің жігіттер ойын тәртібін бұзып, қақпамыздың оң қанатынан айып добы белгіленді. Сол жерге келген Марин Томасов көлденеңдете жойқын соққы жасады да, қақпаның алдында жүрген астаналық Фатос Бечирай өкшесін тоса қойып, доптың бағытын кілт өзгертті де жіберді. Доп көз ілеспес жылдамдықпен лып етіп қақпаға енді де кетті — 1:0.

Обалына не керек, ақтөбеліктердің бұған бола еңсесі түсіп кеткен жоқ. Қайтақатты шамданып, лезде шабуылдарды үдетіп жіберді. Шамамен 7-8-ші минуттарда біздің жігіттер қарсыластар қақпасына жүдемелете екі рет шүйіліп, әттең, допты нысанаға жеткізе алмады.

Дегенмен аңдыған алмай қоймайтыны мәлім. Сондай шабуылдардың бірінде елордалық футболшы Энео Битри қақпаға қарай зулап келе жатқан ақтөбелік Виталий Балашовты айып алаңында шалып құлатты. Бас төреші еш кідірместен он бір метрлік айып добын белгіледі. Бірақ «Ақтөбе» есепті теңестіре алмады. Пенальти орындауға келген Максим Федин соққыны соншама сенімсіз орындап, әлсіреп жеткен допты астаналық қақпашы Александр Заруцкий қақшып түсті.

Бұл сәтсіздік біздің басқа да футболшыларымызға кері әсер етті ме, «Астананың» бұдан кейінгі кезекті шабуылдарының біріне жерлестеріміз төтеп бере алмай қалды. Сол қанаттан әріптесі Макс Эбонг тастаған допты қағып түскен Марин Томасов абдырап қалған ақтөбеліктерді көктей өтіп, қақпаға тура соққы жасады, қорғаушылар да, қақпашы да қапы қалды — 2:0.

«Ақтөбе» қайтадан атқа мінді. Арада бес минут шамасы өткенде жерлестеріміз қарымта гол соғып үлгерді. Ақтөбеліктер тұтқиылдан қарымта шабуыл жасады да, біздің футболшымыз Олег Чернышов орта тұсқа жақын маңайдан еңірете тепкен доп қарсыластар қақпасының дәл алдына әуелей жетті. Тап осы жерден табыла кеткен Дмитрий Коркишко бұл допты әуелі баспен соққанымен, астаналық қақпашы әбжіл қимылмен кері қайтарып үлгерді, сол сәтте еш абыржымаған Дмитрий енді оң аяғымен екінші соққы жасады, доп жібек торды бүлк еткізді — 2:1.

Расын айту керек, бірінші таймда жерлестеріміздің есепті теңестіріп кетерлік мүмкіндіктері болды. Өкінішке қарай, біздің ойыншыларымызға дәлдік жетіспеді. Мысалы, 38-минутта Темірлан Ерланов бұрыштамадан келген допты еш бөгетсіз баспен соққанымен, доп қақпадан қиыс кетті. Жалпы Темірлан осындай екі мүмкіндікті пайдалана алмай қалды.

Кездесудің екінші таймы «Астананың» жойқын шабуылдарымен басталды. Тіпті алғашқы голдың авторы Фатос Бечирай қорғаушылардан сытылып кетіп, «Ақтөбе» қақпашысымен бетпе-бет шыға келді, бірақ Жасұр Нарзиқұлов астаналық футболшының допты төбесінен асыра салмақ ойын оқып қойып, дереу кері серпіп үлгерді. Жасұр дәл осы әрекеттің алдында да Тигран Барсегянның тура соққысын дарытпаған.

Қақпашының сенімді қимылы қуат берді ме, енді ақтөбеліктер де қарымта шабуылдар ұйымдастыра бастады. Сондай сәттердің бірінде, 52-минутта Виталий Балашов қарсыластар қақпасына гол соғып та үлгерді. Әттең, осы соққы кезінде қарсыластар алаңында офсайдта жүрген Игорь Зенковичтің кесірінен, төреші голды есепке алмады. Айта кеткен мақұл, осы кездесудегі гол авторы Дмитрий Коркишко да, соққан голы есепке алынбаған Виталий Балашов та біздің команда құрамына енді ғана алынғандар еді.

Кездесу ымырасыз текетіреспен өткенімен екінші таймда қақпаларға гол соғылмады. Екінші таймның бастапқы кезінде «Астана» билікті қолға алуға тырысқанымен бірте-бірте ойын өрнегі теңесті. Ал кездесудің соңына таман ақтөбеліктердің шабуылдары өткірлене түскені сондай, елордалық футболшылар қайткенде қақпаға гол кіргізіп алмаудың қамын көбірек ойлауға мәжбүр болды.

Сонымен Нұр-Сұлтаннан футболшыларымыз ұпайсыз оралды. Бірақ, алдағы күндерді кім білсін, ал тап осы кездесуде жерлестеріміз кәдімгідей қалыптасып қалған команда ретінде көрінді. Ойын уақытының 52 пайызында доп біздің футболшылардың аяғында жүрді, жерлестеріміз сондай-ақ қарсыластар қақпасына қарай бағыттаған 9 соққының төртеуін тура қақпаға қарата тепті. Ендеше жеңісті күндер алыс болмас деп сенеміз. Күллі кездесу бойына «Астана Арена» стадионын жаңғырықтырып, шын жанашырлардың қандай болатындығын тағы да бір дәлелдеген ақтөбелік жанкүйерлер де үміт жібін үзе қоймас. Оның үстіне олар бұл кездесуге әртүрлі себептермен командамыздың төрт негізгі ойыншысы қатыса алмай қалғандығын да өз көздерімен көрді.

«Астана»-«Ақтөбе» — 2:1

Гол авторлары:Фатос Бечирай, 4-минут (1:0); Марин Томасов, 15-минут (2:0); Дмитрий Коркишко, 19-минут (2:1).

12-минутта пенальти орындаған Максим Федин («Ақтөбе») қақпашыдан айласын асыра алмады.

Ескерту қағазын алғандар: Исламбек Қуат, 57-минут («Астана») — Никита Лактионов, 57-минут; Йоахим Адукор, 60-минут; Темірлан Ерланов, 60-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Артурас Жулпа, Темірлан Ерланов, Рустам Темірхан, Йоахим Адукор, Рамазан Оразов, Олег Чернышов (Дмитрий Шомко, 74-минут), Максим Федин (Ардақ Сәулет, 67-минут), Дмитрий Коркишко (Никита Лактионов, 46-минут), Виталий Балашов (Дидар Жалмұқан, 81-минут), Игорь Зенькович (Эрвейн Мукам, 67-минут).

Бас бапкер — Владимир Муханов.

18 қыркүйек 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена»стадионы. 2500 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 28 мамырда өз алаңымызда «Астанадан» 0:2 есебімен ұтылғанбыз.

*   *   *

Біздіңмергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылайқорғаушы — 3;

БоянДубайич, шабуылшы — 3;

ДидарЖалмұқан, жартылайқорғаушы — 2;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Дмитрий Коркишко, шабуылшы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 21 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 9 рет ұтылды.  Ұпай саны — 24. Доп айырмашылығы — 27:32.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайсар»-«Шахтер» — 1:2

Гол авторлары: Дэвид Мавутор, 72-минут (0:1); Арман Кеңесов, 76-минут (1:1); Айдос Тәттібаев, 90+7 минут (1:2).

19 қыркүйек 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғани Мұратбаев атындағы стадион. 1500 адам.

«Жетісу»-«Ақжайық» — 2:2

Гол авторлары: Айбар Жақсылықов, 57-минут (1:0); Евгений Козлов, 65-минут (1:1); Рауль Джалилов, 74-минут (2:1); Еркін Тапалов, 80-минут (2:2).

18 қыркүйек 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. 300 адам.

«Тұран»-«Ордабасы» — 1:1

Гол авторлары: Стефан Живкович, 35-минут, пенальти (1:0), Мухаммадчон Рахимов, 90+4 минут (1:1).

66-минутта Стефан Живкович пенальтиді іске асыра алмады.

18 қыркүйек 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы, 1200 адам.

«Тараз»-«Тобыл» — 0:0

Кездесу біткен соң запастағы қақпашы Джурахон Бабахановқа «қызыл қағаз» көрсетілді.

19 қыркүйек, Тараз қаласы. Орталық стадион. 2000 адам.

«Каспий»-«Атырау» — 2:1

Гол авторлары:Ненад Гаврич, 58-минут (1:0); Жиан Мартинс, 66-минут (1:1); Аслан Дарабаев, 70-минут, пенальти (2:1).

18 қыркүйек 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. 700 адам.

«Қайрат»-«Қызылжар» — 1:0

Гол авторы: Артур Шушеначев, 77-минут (1:0).

19 қыркүйек 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. 900 адам.

*   *   *

21-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 47 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 46 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 40 ұпай;
  4. «Қызылжар СК» — 32 ұпай;
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 31 ұпай;
  6. «Ақжайық» (Орал) — 29 ұпай;
  7. «Каспий» (Ақтау) — 27 ұпай;
  8. «Атырау» (Атырау) — 26 ұпай;
  9. «Тараз» (Тараз) — 25 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 25 ұпай;

11.«Ақтөбе» (Ақтөбе) — 24 ұпай;

  1. «Тұран» (Түркістан) — 20 ұпай;
  2. «Қайсар» (Қызылорда) — 15 ұпай.
  3. «Жетісу» (Талдықорған) — 12 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

22-тур кездесулері 26-27 қыркүйек, жексенбі-дүйсенбі күндері өтеді.

26 қыркүйек, жексенбі:

«АҚТӨБЕ» — «ЖЕТІСУ»

«Шахтер» — «Қайрат»

«Қызылжар СК» — «Тұран»

27 қыркүйек, дүйсенбі:

«Астана» — «Тараз»

«Атырау» — «Тобыл»

«Ордабасы» — «Каспий»

«Ақжайық» — «Қайсар»

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button