Білім

Балдырған

Біз де астанаға бардық

Былтырғы жаздағы «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасының қорытындысы бойынша № 34 Ақтөбе қазақ орта мектебінен 4 оқушы ноутбук иеленіп, 8 оқушы Астана қаласына жолдама алған болатынбыз.

Сәті түсіп, біз осылайша арман болған Астана қаласына бардық. Қарсы алған адамдар бізді «Абай» қонақүйіне жайғастырды.

Астанаға табанымыз тигеннен-ақ саяхатты бастап кеттік. Елордамыздың әсемдігіне көз тоймайды. Әсіресе, кешкі қала көріністері өте әдемі екен.

Бас қаладағы Н.Назарбаев атындағы университетке, «Нұр Астана» мешіті мен Хан шатырына бардық. Ішінде түрлі су жәндіктері бар мұхитбағын аралап, қызықтадық. 5D форматты бес минуттық кинозалдың қызығын тамашаладық. Барлығымыздың да жүзімізден қуанышқа бөленгендеріміз анық көрініп тұрған шығар-ақ. Мектептегі достарымызға Астана сапарының қызықтарын айтуға асықтық.

Ел ағаларының жасөспірімдер мен жастар үшін жасайтын игілікті істері көбейе бергей!

Әсемгүл НҰРЖАНОВА,

№ 34 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Шуақты адам

Әр адам өзінің алғашқы мұғалімін үнемі құрметпен есте тұтады. Ғалым, жазушы, ақын, суретші, музыкант, кім болса да, алғашқы ұстазын ешқашан ұмытпайды.

Шәкірттері бар жақсы сөзін, шынайы көңілін білдіріп, алғашқы өлеңдерін, шығармаларын алғашқы ұстаздарына арнайды. Себебі, сол адам ең алғаш мектепте сені қарсы алып, қолыңнан жетектеп, алғашқы рет партаға отырғызды. Ең алғаш сенің алдыңнан өміріңдегі ең қиын, ең жұмбақ білім дүниесінің есігін айқара ашты. Міне, сен сол кірген есігіңнің баспалдағымен биікке қарай өрлеп өсіп келесің. Сені өмірге өрлетіп, жетелеп келе жатқан — ұстазың!

Ұстаз — мейірімді, мейірбан. Ол — нұрын төккен шуақты адам. Әрқашан жол сілтеп, жөн айтады.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Әрқашан ұстаз еңбегін түсініп, бағалай білейік, құрметтей білейік.

Аружан АХМЕТОВА,

6-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Азиада

Азиада алауы

Мәңгі есте қалады.

Қазағымның жалауы

Биіктесін жоғары.

Ақерке ЖҰМАҒАЗИЕВА,

Құмсай орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Отан

Отан біздің еліміз,

Қорғайтұғын жеріміз.

Отанға біз сенеміз,

Таудан биік көреміз.

Гүлнұр ӘБСАТОВА,

1-сынып оқушысы.

Еңбекту ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Астанам

Әсем қалам Астанам,

Әп-әдемі жас қалам.

Өркендей бер, өсе бер,

Алға қарай бас қадам.

Бәйтерегім саялы,

Алақандай аялы.

Қанша қонақ келсе де,

Кең құшағын жаяды.

Сансыз әсем ғимарат,

Көздің жауын алады.

Болашақта Астана

Жұмақ қала болады.

Ақжан МҰХАНБЕТОВА,

Сарысай негізгі мектебінің оқушысы.

Шалқар ауданы.

Менің ауылым

Жаңа мектепке кіреміз

Біздің ауыл 1954 жылы құрылған. Сол жылдары тың жерлерді игеруге біздің елімізге көптеген адамдар келген. Олар өздерінің келген жерлерінің атауларын жұмыс істеген жерлеріне беріп отырған. Сөйтіп, біздің ауылда «Щербаков» кеңшары пайда болған. Ауылымызға келген сол адамдар тың жерді игеру үшін аянбай қызмет етіп, көпшілігі отбасын құрып, осында қалып қойған.

Біздің ауыл жыл сайын көркейіп келеді. Ауыл кеңшар болған алғашқы жылдары салынған мектебіміздің орнына енді екі қабатты, жаңа үлгідегі әсем мектеп салынуда. Бұл мектепте алғашқы тың игерушілердің немере-шөберелері оқитын болады. Біз мектептің құрылысы аяқталып, ішіне кіргенше асығып жүрміз.

Сосынғы тағы бір жаңалық, ауылымызда «Аққайың» деген балабақша ашылды. Таңертең кішкентай бүлдіршіндер томпаңдап кетіп бара жатқанын көргенде мен қатты қуанамын.

Ал менің армандарым көп. Соның бірі жаңадан салынған мектепте оқушыларға би үйреткім келеді.

Диляра АХТИЯРОВА,

3-сынып оқушысы.

Талдысай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button