Саясат

Ел тілегі

Коалицияға бірігуге шақырады…

Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловты қабылдады. Қ.Тұрғанқұлов Президентке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өкілеттігін ұзартуға арналған референдум өткізу жөніндегі Бастамашыл топтың қызмет нәтижелері туралы хабарлады.

— Бүгінге дейін 5 миллион 16 мың қол жиналды — бұл барлық қазақстандық электораттың 55,2 пайызы. Жалпыұлттық қол жинауды өткізу кезінде Орталық сайлау комиссиясына бірде-бір арыз бен шағым келіп түскен жоқ, — деді Қ.Тұрғанқұлов.

Жер-жерде референдумды өткізуді қолдаған жиындар өткізіліп жатыр.

Кеше Таразда жалпыұлттық коалиция құруды және референдум өткізуді қолдаған қоғамдық жиын өтті. Облыстың саяси және қоғамдық ұйымдарының, зиялы  қауымның,  этномәдени бірлестіктердің  өкілдері  демократиялық күштердің  «Қазақстан-2020»   жалпыұлттық коалициясын құру  туралы  «Нұр Отан» партиясының бастамасына қолдау  білдірді.

«Ел Президентінің өкілеттігін ұзарту жөніндегі жалпыхалықтық референдум идеясын қолдауға жаңа серпін беру үшін халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға бар күш-жігерді жұмсаудың маңызы зор»,  — дейді «Әділет» партиясының  филиалы төрағасының  орынбасары Дарико  Диханбаева.

«Мен  ешқандай  партияға мүше емеспін. Бірақ  референдум  өткізу  идеясын      қолдаймын, себебі Нұрсұлтан Назарбаев    барша  қазақстандықтар үшін   тұрақтылықтың,    гүлдену мен  бақуаттылықтың    кепілі», —  деді Қазақстанның Жазушылар одағының   облыстық филиалы  директоры,  «Жамбыл» журналының  редакторы Несіпбек Дәутаев. Оның пікірінше,  патриотизмді және   өз  елінің  тағдыры  үшін азаматтық  жауапкершілікті жай сөз деп  санамайтындардың барлығы коалицияға бірігулері керек.

Сондай-ақ кеше Павлодар облысының зиялы қауымы да өзара форум өткізіп, демократиялық күштердің «Қазақстан-2020» жалпыұлттық коалициясына қосылды. «Еліміздің барлық жаңа тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланысты.  Ел дамуының стратегиялық бағдарламаларының жүзеге асырылуын біз  мемлекет  дамуының  кепілі — Президент  Нұрсұлтан Назарбаевпен  байланыстырамыз», — деді облыстық мәслихат депутаты,  әдебиет және өнер мұражайының директоры Роза Игібаева.

Форумға қатысушылар   барлық саяси  партияларға,   үкіметтік емес және  жастар бірлестіктеріне,   кәсіподақ және  ардагерлер ұйымдарына үндеу тастап, оларды демократиялық күштердің «Қазақстан-2020» жалпыұлттық коалициясына қосылуға  және Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі  референдумды қолдауға  шақырды.

Қазақпарат сайтының материалдары бойынша дайындалды.

***

Ө.Масабаев,

Мұғалжар ауданының тұрғыны:

«Атажұртымыздың абыройы үшін… »

— Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу елге оралған қандастар арасында үлкен қолдауға ие болып отыр. Мұның себебі түсінікті де. Көшіп келген ағайындар еліміздің Тұңғыш Президентін шынайы жалпыұлттық Көшбасшы ретінде бағалайды. Соған орай мемлекетіміздің бүгінгі қол жеткізген айтулы табыстарын Елбасының қайраткерлік ерен еңбегінің нәтижесі деп санайды.

Президентіміздің еліміздің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін дамыту жөнінде жүзеге асырып жатқан іс-шараларын, сарабдал саясатын мен де қолдаймын. Елбасының бүкіл әлем алдындағы абырой-беделін ерекше мақтан етемін.

Тәуелсіздік жарияланып, ел тізгінін қолға алған алғашқы сәттен бастап Президенттің ең алдымен кіріскен игі шараларының бірі — әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарымызды атажұртқа жинау болды. Бұл ретте, сонау 1992 жылы Алматы қаласында Елбасының тікелей қолдауымен әлем қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өткенін айта кеткен жөн. Құрылтайда Елбасы қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуінің бағыт-бағдарын нақты анықтап, бұл жөнінде алда тұрған маңызды міндеттерді айқын белгілеп берген еді. Сондай-ақ оралмандардың алыс-жақын шетелдерден атажұртқа келетін көшінің тоқтамауына да ықпал жасап отырды.

Егемен Қазақстан мемлекетінің іргесін қалаудағы және оның дүние жүзі аренасына көтерілуіндегі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегіне ерекше баға бере отырып, президенттік өкілеттігін ұзартуын қолдаймын.

Ә.Оспанова,

«Нұр Отан» ХДП Шалқар аудандық филиалы

«Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы,

№4 орта мектеп директоры:

Сенеміз!..

— Тарих қойнауына енген 2010 жылдың соңғы күндері әдемі қарбаласқа толы болды. Шығысқазақстандықтар ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту бойынша референдум өткізу туралы бастама біздің аймақта да қызу қолдауға ие болды. Халық Елбасшыға, көшбасшы партия — «Нұр Отанға» үлкен сенім артады, тәуелсіздік жылдарындағы жеңісті істерді Нұрсұлтан Әбішұлы есімімен, шын мәніндегі халықтық партия — «Нұр Отан» ХДП-мен байланыстырады. Халықтың сеніміне ие болып, нақты жетістіктерге жетіп келе жатқан «Нұр Отанның» қатары отаншыл жастармен, байыпты еңбеккерлермен толығуда.

…Жақында Шалқар қаласындағы №8 жалпы білім беретін мектеп түлегі, қазір Ақтөбе мемлекеттік институтының 1-курс студенті Әйгерім Әбдікәрімова маған жолығып, «Нұр Отанға» мүшелікке өткісі келетінін, әрі ондай жастардың өзі оқитын оқу орнында көп екендігін қуана жеткізді. Шалқардағы мекеме жұмысшыларымен кездесулер барысында да нұротандықтар қатарының әлі де көбейе беретінін сезіндік. Мұның барлығы да — Президентке, жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың дұрыстығына деген халық ықыласы, халық сенімінің көрінісі.

Ш.Омаров,

Хромтау аудандық мәслихаттың депутаты:

Елбасы мұраты — ел мұраты

— Биыл еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде тұғырын өз тіктегеніне, ата-бабаларымыздың арманы болған азаттығымызға қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызға, етек-жеңімізді жинап, әлемнің озық елдерімен терезесі тең мемлекет құрып жатқанымызға 20 жыл толады. Бұл тарихи өлшеммен қарағанда онша көп уақыт емес, бірақ осы мерзімде ғасырға бергісіз асулардан өткеніміз де айқын.

Елбасы бұл жылды «Тәуелсіздікке — 20 жыл» ұранымен өткізуді ұсынды: «Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына лайықты қадам басуы үшін бізге әлі көп нәрсе істеу қажет», — деді. Елбасымыз әр азамат өз ісін жауапкершілікпен атқарып, өзіне, өз отбасына ғана емес, ортақ Отанымыздың өркендеуіне пайдамды тигіземін деген ниетпен еңбек ететін болса,  тәуелсіздік тұғыры да бекем болатынын үнемі айтып келеді. Біздің міндетіміз — Елбасының осы сенімін  ақтау. Еліміздің келешектегі өркендеуі мен гүлденуі әрбір азаматтың өз жұмыс орнында адал, жауапкершілікпен еңбек етуіне байланысты. Ал еліміздің өркениет көшіне ілесуі ел халқының  бақуатты өмір сүруінің кепілі болмақ.

Сол ұлы көштегі  Қазақстанның керуенін ұлтымыздың біртуар перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы өзі бастап келе жатыр. Біз Президентке сенеміз, сондықтан, қазіргі көшті Елбасының өзі бастап жүргені дұрыс деп есептейміз.

М.Құрманғалиқызы,

«Күміс Алқа» иегері, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Халықтың тілегі түзу

— Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқару өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға байланысты референдум өткізуді Батыр ана ретінде мен де қолдаймын. «Мың қосшыдан бір басшы артық» дегендей, елдің қамын ойлайтын басшымыз бар.  Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен тәуелсіз еліміздің болашағы үшін қыруар іс тындырылып жатқанын күнде көріп отырмыз. Астананы, Алматыны айтпай-ақ қояйын, Ақтөбеміздің өзі жылдан-жылға гүлденіп келе жатыр. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс жетеді. Халықтың жағдайы жақсы. Еліміз тыныш. Біздің облыста түрлі ұлттар тұрады, бір-бірімен тату, алауыздық жоқ. Осы өміріміздің қадіріне жеткен әрбір адам  Елбасының халқы үшін тындырған істерінің  бағасын біледі, оған шүбәсіз сенеді. Сондықтан әр қазақстандық референдумды қолдайды деп ойлаймын.

А.БАЛҚАСЫНОВ,

облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистерінің

қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз қолдаймыз!

— Бейбітшілік, халықтар достастығы, ұлттар татулығы — біле-білгенге баға жетпес байлық. Мен Ауғанстан жеріндегі соғысты өз көзіммен көрдім. Ол жерде ештеңеден бейхабар бейбіт халық аяусыз қырылды. Бейбіт тірліктің қадірін соғыста болған адам ғана түсінер…

Қазір біздің бірлестікте 1035 жауынгер-интернационалист бар. Құрамымыз жақын облыстардан көшіп келушілер қатарынан толығып келеді. Елімізде бірінші болып біздің облыстың жауынгер-интернационалистерінің отбасылары коммуналдық төлемнен толықтай босатылды. Бұл бізге жергілікті әкімдік тарапынан жасалған үлкен жеңілдік. Өз атымнан және қоғам мүшелері атынан облыс әкіміне тағы да рақметімді айтамын.

Азамат ретінде елімде болып жатқан әрбір саяси оқиғаға алаңдаймын. Жақында Парламент депутаттары Президентіміздің ел басқару мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс  жасады. Елбасымыздың әлемдік саясат сахнасында бейбітшілік пен келісімді тұрақты сақтап, оны насихаттауы біздің, әр жауынгер-интернационалистің  көңілінен шығады. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде болып жатқан оң өзгерістің бәрі де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан, біз, жауынгер-интернационалистер, қазіргі Президентіміздің ел басқару мерзімін ұзарту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймыз.

Гүлнәр СИДАШЕВА, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

Ел тілегі орта жолда қалмаса…

— Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылдың ішінде Елбасымыз экономиканы өркендетіп, халықтың әл-ауқатын көтеріп қана қоймай, республикамыздағы ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты қалыптастырды. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, сондай-ақ 40-тан аса конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның ынтымақ-бірлігі бүгінде бүкіл әлемге үлгі болып отыр.

Елбасымыз халықтың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау шараларын жүзеге асыру мәселелерін әрдайым назарда ұстайды. Бүгінде елімізде медициналық мекемелер заманауи құралдармен жабдықталып, жаңа ғимараттарға көшіріліп жатыр, медициналық мамандықтарға квота көбейіп, медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. Елбасы тапсырмасымен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы шаралардың бәрі медициналық қызмет сапасын көтеруге игі әсерін тигізіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту — халықтың тілегі. Халық тілегі орта жолда қалмайды деген сенімдеміз.

Ұлбия СӘРСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, бастауыш сынып мұғалімі, Қобда ауданы:

Даусыз сенімге ие болған тұлға

— Жазушы Әбіш Кекілбаев өзінің «Елбасы» атты мақаласында: «Нұрсұлтан Назарбаевқа ел басшысы ретінде әлденеше рет ел талқысынан өтуге тура келді. Бәрінде де халықтың даусыз сеніміне ие болды. Бәрінде де халық оған мынау не әрі емес, не бері емес, әрі-сәрі кезеңде басталған істі орта жолда тастап кетпейді деп сенді» — деген еді. Елбасы өкілеттігін ұзарту — әрдайым көпшіліктің кө­кейінде, жұртшылықтың жүре­гін­де жүрген ниет, ел тілегі.

Еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделін біз ең алдымен Елбасы есімімен байланыстырамыз. Өткен жылы ғана еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық жасап, оны тамаша табыспен аяқтады. Ал биыл Қазақстанға Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету абыройы бұйырып отыр.

Ең қиын кездерде ең ауыр жауапкершілікті мойнына ала білген Елбасымыз — елдегі бірлік пен ынтымақтастықтың ұйытқысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту арқылы алдағы күнге деген үмі­тіміз орнығып, сеніміміз беки түседі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button