Әдебиет

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

— Жап есікті! Тездетіп жиналыңдар! Қаштық! — деп, кенеттен естілген

Гүлсімнің жан дауысы алаңсыз ұйқыда жатқан біздің тұла бойымызды

шымырлатып жіберді. Бәріміз таң атпай тұра қаштық. Бетімізді сумен шаюға үлгермедік. Айнала нұрға бөленіп, ерекше сұлуланып, жер-ана ұйқысынан енді оянған көрікті бойжеткендей құлпырып, жас нәрестедей жаңарып, жан

дүниеме сөзбен айтып жеткізе алмайтын тылсым сезім сыйлап таң атып келеді. Табиғат-ананың саф ауасын рахаттана жұтып, дүниеге енді келген адамдай

айналама таңырқай қарап, тамсанып, қиялыма ерік беріп мен келемін. Дұрысы, біз келе жатырмыз. Он бес орындық темір тұлпармен қара жолды қақ жарып, меңіреу тыныштықты бұзып жүйткіп келеміз. Жүргізуші жылдамдықты үдетіп қояды, үдеткен сайын қиялым да шарқ ұрып құстай ұшады. Құстай ұшып келе жатқанымды қайтейін, жанымдағылар ұшпақ түгілі қасқырдан қашқан қояндай үрпиісіп қалыпты. Көлік ішіндегілердің түрлері өрт сөндіргендей үрейлі. Лезде ойымды жиып алдым. Көліктегілердің барлығы да әріптестерім, театр артистері. Түндегі оқиғаны есіме алдым.

Езуіме күлкі келді. Сырттан қараған адамға шынымен күлкілі едік.

Оқиғаның мән-жайы былай болды:

Мұқыр

Ақтөбенің өрімдей жастары мен өнерді сүйем деген талантты өнерпаздарынан құралған «Екі езу» сатира театры ат басын Атырау облысының Мұқыр елді мекеніне тіреген болатын. Қазақстанның қай қаласын қалай мақтасаң да артық емес-ау, сірә?! Олай дейтінім, гастрольдік іс сапармен неше түрлі қалаларды көріп жүргендіктен, туған жерімнің кеңдігіне, халқымның дарқандығына талай рет мақтанышпен көзім жеткен.

Сондай керемет те көркем қалалардың бірі Атырауға жолымыз түскеніне іштей қуандық. Сәті түссе, аузым толып айта жүретін аяулы азаматтың бірі, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовпен жүздесу ойымда еді.

Алқапты Атыраудың қай жеріне барсақ та, қонақжай қазағым қашанда құшақ жайып қарсы алады. Жомарт халқым тағы да жомарттығын көрсетіп барынша сыйлап жатыр. Осындайда төбем көкке жетіп, ерекше күй кешемін.

Өнерімізді халық бағалап, қолдап жатса, біз бақытты емей, кім бақытты?! Жоспардағы кешкі концертіміз ойдағыдай өтті. Көңіліміз тоқ. Қалыптасқан дәстүр бойынша іс сапарға келушілердің саны көп

болғандықтан ауыл әкімі бізді екіге бөліп жайғастырды. Мәдениет үйі директорының шаңырағына театрдың белді артистері, бас администратор, режиссер және мен келіп түссек, келесі үйге Гүлекең бастаған көлік жүргізуші, билет тексеруші, сахна машинисі секілді театр қызметкерлері барды. Гүлекең деп отырғаным, актриса Гүлсім Қаратаева.

Әкімнің үйі 

Біздің топта домбырамен ән салатын көнекөз Хайдар Өтеғалиев әншіміз бар. Директордың жайған кең дастарқанынан дәм татып, қою шайды тартып отырмыз. Хайдекең домбырасының құлағын бұрап отыр. Домбыраның құлағын бұраған сайын назарымыз әдемі әуенге бұрылып, ерекше бетбұрыс күтудеміз. Біздің ойымызды оқып қойғандай:

— Ағай, бір ән салып беріңізші, — деп, үй иесінің әйелі қолқа салды. Өнерді түсінетін, халық алдында жүрген азаматтың келіншегі болғандықтан ба екен, ән десе ерекше көңілі ауатынын байқап отырмын. Осы сөзді күтіп отырғандай Хайдекең де:

— Жарайды, айналайын, — деп, домбырасын шертіп-шертіп жіберді.

— Хайдеке, Мұхиттің әндерінен шырқап жібермейсіз бе? — деді театр артисі Бекбол.

— Орындағанда түбін түсіремін, — деп, Хайдекең әнді бастап жіберді.

Шайдың қызуы ма, әлде басқаның қызуы ма білмеймін, Хайдекең тоқтар емес. Көмекейінің тығыны ашылып кеткен. Даланың кеңдігіндей паң дауысымен үйдегілердің барлығын баурап алды. Бәріміз Хайдекеңнің аузына қарап қалдық.

— Бір ағашта екі алма, мен де алмайын, сен де алма, — дегенде, дастарқан басында отырғандардың арқасы қозып кетті. Ән дегенде жан бар ма?! Хайдекеңе риза болып отырмыз. Бірақ, неге екені қайдам, Хайдекең осы әннің соңғы шумағын былай қайырды:

— Екі ағашта бір алма, мен де алмайын, сен де алма, — деді. Хайдекеңнің  әрбір сөзін міз бақпай аңдып отыратын Берік әннің ортасынан бір-ақ кесті.

— Хайдеке, екі ағашта қалайша бір алма болады? Мүмкін жарты алмадан болатын шығар, — деді. Әнді ұйып тыңдап отырғандар ду күлді. Үйдің иесі ерекше толқып отырса керек. Маған қарап:

— Нұреке, біздің Атыраудың тумасы, ақын Табылдыны танитын боларсың? — деді сұраулы жүзбен.

— Әрине, әрине. Табылды Досымовты танымайтын қазақ бар ма? Оның әндері де, өлеңдері де, өзі де менің жансерігім, қуанғанда қуанышым, мұңайғанда жұбанышым. Ондай азаматтарды танымау, әнін тыңдамау ұят қой! — дедім, құлағыма жылы есім естілгенге қуанып. Менің жауабыма риза болған үй иесі:

— Бәрекелді, Нұреке! Өз өңіріңнің азаматтарын өзіңдей сыйлап жатса, бұдан асқан құрмет бар ма? — деді, арқамнан қағып.                                                    Кеш әсерлі, әдемі өтіп жатты. Түнеріп түн де келді. Уақыт түнгі екіні таяп қалды. Күндізгі шаршағанымыз енді біліне бастады. Төсек салынды. Барлығымыз ұйқының қалың құшағына кіріп кеттік.

Мәтөн

Ал Гүлекең бастаған театрдың екінші жартысы бұл кезде не істеп жатыр

екен?

Оларда үй иесінің дайындаған дәмді тағамдарынан тойып жеп, тынығуға кіріскен. Бұл топта ылғи үндемейтіндер. Гүлсім сыртқа шығып келіп, күлімсіреген күйі сүйінші сұрағандай:

— Ертең күн ашық болады, аспанда жұлдыздар жымыңдап тұр. Жолымыз да болатын шығар. Гастрольге шыққанымызға бір апта болыпты, — деді. Арасында мәдени жорыққа бірінші рет шыққан қыз-жігіттер бар. Ерекше бірнәрсе күткен олардың қабақтары түсіңкі. Ұзақ жол мен үздіксіз дайындыққа, шала ұйқыға үйренбегендер ғой. Кеудемізді ауылға деген сағыныш кернеген біз үшін  қаланың шаң-тозаңын жұтқаннан, ауылдың май шаңдағы артық екенін олар қайдан білсін? Қонақтарға төсек салынды. Бастары жастыққа тиген бойда бәрі шырт ұйқыға кетті. Гүлсім аппақ жастықты құшақтап түс көріп жатқан секілді, түсініксіз бірнәрселер айтып жатыр. Көлік жүргізуші Жомарт шаршағаны сонша, қорылға көшті. Тек үйдің

адамдары сыртта қыбырлап бірдеңе істеп жүр. Сәлден соң олар да тынышталды. Ауылға тыныштық орнады. Арасында шәуілдеген иттердің дауысы естіледі. Бірақ бұл тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Үйдің тыныштығын мына айқай бұзды:

— Әй, кім бар үйде? Тірі жан бар ма? Шығыңдар бері!

Бейтаныс ер адамның даусын келесі бөлмеде жатқан жасы сексенді алқымдаған әже ғана таныды. Түсім бе, өңім бе дегендей көзін біраз ашып жатты да, жан-жағына қарап атып тұрды.

— Мәтөн, мынау Мәтөннің даусы ғой, — деді ана жүрек бір қуанышты сезгендей. Мәтөн — осы үйдің тұңғышы, шаңырақ иесі. Екі иығына екі кісі мінердей, еңгезердей қара жігіт. Бір өзі бір бұқаны оңай көтерердей күші бар. Түрмеге шатылып кеткеніне бақандай он жыл болыпты. Содан оралған беті екен. Сол Мәтөн төргі бөлмеге төніп келеді. Өзі түрмеден бостандыққа шыққасын араққа сылқиып тойып алыпты. Орнында қисаңдап әзер тұр. Жан-жағына алақтап қарап қояды. Ақырғанда үйдің қабырғалары дірілдегендей болады. Көп адамды көріп таңырқап:

— Мынау кімдер? Менің үйімде неғып жатыр? — деп, енді тұрып келе жатқан келіншегіне айқайлады. Мәтөннің келгеніне не қуанарын, не қуанбасын білмей аңтарылып қалған келіншегі қонақтардан ұялып:

— Мәтөн, тыныш, айқайлама! Сені ертең кешке келеді деп еді ғой. Аман келдің бе? Бұлар театрдың әртістері, Ақтөбе қаласынан келді.

— Еее, артистер дейсің бе? Дұрыс, дұрыс. Менің түрмеде артист көрмегеніме көп болды. Қане, тұрыңдар! — деп, шетте жатқан бір қонақтың көрпесін күректей қолдарымен жұлып алып, келесі бөлмеге лақтырып жіберді. Бұл сахна машинисі  Аманай еді. Екі қолын бұтына қысып, аузынан суы ағып, рахаттанып ұйықтап жатқан жерінен шошып оянды.

Гүлсім де айқай-шудан басын көтерді. Барлық қонақтар «бірдеңе болды ма?» дегендей ұйқыларынан амалсыз тұрып жатыр.

— Қатын, вечер жасаймыз. Дастарқанды жай. Бүгін біздің үйде той! — деп,

Мәтөн бұйрық берді. Оның айтқанын тыңдамауға болмайды екен. Өзі сондай мінезі қатаң, түрі адам сескенетіндей қорқынышты-ақ. Жұмыр жұдырығы жалпиып кетіпті. Төбеңді оятын шоқпар сияқты.

Әзірге Мәтөннің үйінде түнгі мерекелік дастарқан жайыла бергенше, мен өзім жатқан келесі үйге орала тұрайын…

Айран

Біз сол директордың үйінде қаз-қатар тізіліп жатырмыз. Хайдар ағайдың түнде ұйқысырап, айран іздейтін әдеті бар. Әсіресе жаңа ай туғанда төсегіне жатпайды. Гастрольде жүргенде түнеп жатқан үйінің сарайына дейін кезіп кетеді. Сол әдетінше түн ортасында төсегінен тұрып, төргі бөлмеден енді шыға бергенде, босағада жатқан мысықты аяғымен басып кетпесі бар ма? Жаны ышқынған мысық баж ете қалды. Шошып кеткен Хайдекең шалқасынан құлады. Құлап бара жатып есіктің жапқышына жабысты.

Салдыр-гүлдір дыбыстан үйдің иелері, сонан соң біздер ояндық. Жарықты

жағып қалғанда, басына жапқыш орап, ортада шоқиып Хайдекең отыр.

— Ойбай, көтек, — деп, үйдің иелері қорқып кетті. Бәріміз де аң-таңбыз. Сол

кезде Хайдекең еш саспастан:

— Айналайын, үйде айран бар ма? Шөлдеп отырмын, — деп, қойып қалды. Хайдекең осылай айран сұрап отыра берсін…

Түнгі концерт

Мәтөннің түрмеден оралу дастарақаны дайын болыпты.

Түннің қақ ортасы. Дастарқанның басында театр қызметкерлері қалғып-мүлгіп отыр. Төрдің шетіне кішкене шағын сахна әзірленіпті.

Шамасы, Мәтөн концерт көргісі келіп тұр. Күректей қолдарымен тарс-тарс

еткізіп, қайта-қайта шапалақ ұрады. Екі езуі екі құлағында.

— Ал, менің құрметті қонақтарым, қош келіпсіздер! — деп бастады ол алғы сөзін. Мәтөннің бір сұмдықты бастағалы тұрғанын сезген келіншегі:

— Ту, Мәтөн, саған қанша рет айттым? Бұлар артистер емес, нағыз артистер директордың үйінде жатыр. Келіншегінің сөзіне құлақ асып жатқан Мәтөн жоқ. Бұрынғысынан бетер қаһарына мініп алды.

— Қане, кім ән айтады?

Үнсіздік. Қонақтарынан мұндай күтпеген ол ашуға көшті. Қолына дастарқан

үстіндегі пышақты алып, бар күшімен столдың үстіне қадады. Сол-ақ екен, дастарқан басында әннің әуені естілді.

— Түн жамылып ке-ле-міз, айсыз ашық аспа-а-ан, — деп, Гүлсім бастап еді,

қалғандары ыңылдап қосыла жөнелді. Мәтөн арыстанша ақырып, жұдырығын түйген сайын жаңа бір ән айтылады. Сүйтіп, әннің қызығына түсіп отырғанда,

Мәтөннің бұған дейін ішкені бар, қалғып кетті. Қонақтар орындарынан

тұрып, аяқтарының ұшымен ақырындап сыртқа шықты да, келесі көшедегі директордың үйіне қарай жүгірді. Келе сала жалма-жан есік-терезені қақты.

Бұл кезде біздер манағы Хайдекеңнің оқиғасынан кейін көзіміз енді ілініп

бара жатқан еді. Тарсылдаған дауыстан қайта ояндық.

— Тұрыңдар, тез кетейік, түрмеден бір адам босап келіпті. Өзі сондай

қорқынышты. Әрең құтылдық, — деп, Гүлсім жылармандай болып тұр.

— Мәтөн ба? — деді Мәдениет үйінің директоры Гүлсім айтқан адамды бірден танып. Дауысы дірілдеп, екі көзі бақырайып шарасынан шығайын деп тұр.

— Ол болса қайтеді? — деп, Хайдекең сасатын түрі жоқ.

— Ойбай, Мәтөн осында келсе бәрімізді қырады. Аман тұрғандарыңда

барлығың жиналып, тезірек қашып кетіңдер! — деп, дырдай директор үрейі ұшып, біздің заттарды жинаса бастады. Содан не керек, түн ортасында ұйқылы-ояу көлігімізге отырдық. Әбден әбігерге түстік. Мәдениет үйінің директоры мен әйелі бізді қақпадан шығарып салып, келесі көшеге түскенше артымыздан сыпырғышпен басқан іздерімізді сыпырып өшіріп жатты. Ауыл Мәтөннан қатты қорқады екен. Негізі, мұндай батырлар әрбір ауылда болады.

Міне, әңгімемнің басында айтқан, қасқырдан қашқан қояндай үрпиісіп ауылдан қашып келе жатқан басты себебіміз осы еді…

Миялы

Бұл кезде күн бозарып, таң да атты. Мұқыр көрінбей артта қалды. Жаудан

қашқандай жүректеріміз орнына келді. Ендігі бағытымыз — Қызылқоға ауданы Миялы селосы. Көлігіміз жүйткіп келеді. Күн шайдай ашық. Біздің көрген қорлығымыздан хабары жоқ ол жымыңдап күліп қояды. Алыстан мұнай бұрғылап жатқан мұнаралар байқалады. Тап осы сәтте биікте ұшып жүрген бір топ қарлығаш төмен қарай құлдилай жөнелді. Бұл ауа райының жақсы белгісі емес. Айтқандай, ашық аспанымызға лезде қара бұлт үйіріле бастады.

Ал Миялы селосына жол әлі ұзақ. Біраз уақыттан соң көлігіміздің төбесі

тырсылдай бастады. Жаңбыр сіркіреп тұр. Сағыздың саз балшығы бір жабысса құтылу қиын. Жаңбыр үдегенше Қызылқоға ауданының жылтыр құмына жету керек. Өкінішке орай, жете алмадық. Нөсер жауын басталып та кетті. Саз балшық иленіп, көліктің дөңгелегін айналдырмай тастады. Жолдың қақ ортасында тұрып қалдық. Енді жаңбырдың басылып, жердің дегдігенін күтуіміз керек. Таңертең оразамызды ашпай шыққасын ба, қарнымыз ашып барады. Артистер тіске басатын бірдеңе іздеп жатыр.

— Шіркін, майлы қуырдақ болса ғой, — деді, Бекбол қарнын сипап. Ол

шөлге шыдаса да, аштыққа төзе алмайды.

— Қазаннан жаңа піскен ыстық бауырсаққа май жағып жесе ше? — деп,

Құралбек бәріміздің тәбетімізді ашты. Барлығымыз осылай армандап жатып ұйықтап кетіппіз. Бір кезде гүрілдеген трактордың даусынан оянып кеттік. Жаңбыр басылыпты. Жер кепкен. Кеш түсіп қалыпты. Жүргізуші көлікті гүр еткізіп, Миялыға тартты. Алыстан ауылдың жарығы жылтыңдай бастады. Ұзаққа бармай жатып, көлігіміз екі-үш рет іркілді де, моторы өшті.

Жанармайы таусылып қалыпты. Қырсық қылғанда, жол бойы қасқырлар жайлы талай-талай әңгiменiң басын қайырып тастадық.

Түз тағысының адамдарға шапқаны туралы қорқынышты оқиғаларды жарыса әңгiмелеп келген едік. Енді ауылға жанармайға баратын жүректі адам ортамыздан табылмай тұр. Бәрі Мұқырдағы Мәтөннен қорқып қалған сияқты.

Бара жатқан ауылға дейiн он шақырымдай бар. Жаяу баруға тура келдi. Кiм барады?! Айдала. Төңiректе жан жоқ. Әр жерде ойдым-ойдым су жатыр. Жаңбырдан кейін күн де салқын. Ең қорқыныштысы, ана қырдың астында тiсi ақсиған қасқыр бiздi тосып тұрғандай елестейді. Құтырынған қасқырдың бейнесi көз алдымыздан кетер емес. Қиялдағы қасқыр шындыққа айналып барады. Жаяу барып жанармай әкелуге ешкiмнiң батылы бармай тұр. Үнсiз қалдық. Бiр сағаттай уақыт өткен соң ортамыздан бiр артисiмiз «мен барамын» деп қол көтердi. «Арамыздан бiр батыл шықты-ау», — деп қуандық.

Сол жерде бәрiмiз жабылып жүрiп, оны көлiктегi заттармен қаруландырдық.

Аяғына сахналық етiк, екi қолын қасқыр тiстегенде тiсi батпасын деп,

үстiмiздегi киiм-кешекпен орадық. Бiр қолына күрек, бiр қолына лом, белiне

пышақ байлап, қалтасын темiр-терсекпен толтырып, көлiктен түсiрдiк.

Әбiгермен жүрiп атқа мiнген кiсiнiң келiп қалғанын байқамаппыз. Ол:

— Сендер ауылға концерт қоюға келе жатырсыңдар ма? Әлде жұртты

қорқытпақсыңдар ма? – дейдi күлiп. Сөйтсек, «қасқыр тосып тұр» деген

қыр астында ауылдың қой, сиырлары жайылып жүр. Бiз көрмеппiз.

«Қорыққанға қос көрiнедi» деген осы екен ғой деп, бәрiмiз мәз болдық.

Сонымен, ауылдан жанармай әкеліп Миялы селосына түнде жеттік. Концерт ертең кешке болады…

Тексеріс

Миялы мәдениет үйі. Сахнада кешкілік болатын концерттің дайындығы жүріп жатыр. Бір кезде театрдың ұйымдастырушысы әрі артисі Құралбек ентігіп жүгіріп келді. Өз түкірігіне өзі шашалып сөйлей алмай тұр. Өңі бозарып кеткен. Біреу алқымынан қысып жіберген сияқты.

— Нұрлыбек аға, сізді сыртта біреу шақырып тұр, — деді.

— Кім? — деймін мен, Құралбектің кескінінен қорқып.

— Бір адам, — дейді ол, одан бетер мені үрейлендіріп.

— Немене, соншама қорқып, ол не мас па?

Құралбектің  ауылдық жерде ішімдік ішетіндердің қолына түсіп қалып әзер құтылған күндері болды. Оның үстіне кешегі Мәтөн бар. «Мас адамнан

қорқып тұр ма?» деп ішімнен ойлап қоямын.

— Жоқ, мас емес.

— Енді кім?

— Финполиция.

— Ол не дейді сонда?

—Театрдың директоры қайда? Шақырып кел, — деді маған. Құралбек

театрдың қаражатын жеп қойған адамдай көзі аларып тұр.

— Қандай шаруамен келіп тұр екен, сұрап кел, — деп, қайта жібердім.

Кейде басшылардың концертке шақыру билеті керек болған кезде, осындай көрсететін қырлары бар. Солардың біреуі шығар деп шамаладым.

Бірақ Құралбек көп айналмады. Қайтып келді.

— Сізді шақырып жатыр. Келмесеңіз концертті болдырмаймын, — дейді.

Әне, енді олар сүйтеді. Амал жоқ, сыртқа шықтым. Мәдениет үйінің қақ алдында мемлекеттік номер таққан «УАЗ» машинасы желге қарап тұр. Көліктің қасына жақындап едім, ішінде көзіне қара көзілдірік, ақ көйлек қызыл галстук таққан біреу шіреніп отыр.

— Отыр машинаға, — деді  қатқыл дауыспен.

«Ее, не бүлдіріп қойдық екен?» деген ой келді.

— Амансыз ба? Неге шақырдыңыз? — дедім.

— Шақырмасам келмейсің бе?

— Түсінбедім?

— Қазір түсінесің. Сатылып жатқан билеттердің сериясы дұрыс емес! —

Деді, дауысын одан бетер көтеріп.

— Оны кім айтты? – деп, шап ете қалдым.

— Сен жігіт көп сөйлейді екенсің! Кешке концерт болмайды, қазір акт жасаймыз, —деп, ақырып жіберді. Атынан ат үркетін лауазымды адам келіп тұрғасын мұндайда түк айта алмай, кінәлі адам секілді үнсіз қалады екенсің. Егер салғыласып тұрып алсам, шынымен, кесірі тиер деген оймен тыныш отырдым. Оның үстіне барлық билет өтіп тұр.

— Енді не істеуім керек? — дедім, сыпайы түрде.

— Жиырма мың теңге айыппұл төлейсің, — деді көзін көшеден алмай.

Қуанып кеттім. Жалма-жан төс қалтамнан әмиянымды алып, қып-қызыл бес

мыңдықтарды шығарып шытырлатып алдыңғы орындыққа қойдым. Сол кезде ғана әлгі адам маған бұрылып қарады.

— Мені танып тұрсың ба?

— Жоқ, бірақ біреуге қатты ұқсайсыз.

— Кімге?

— Жан алғыш Әзірейілге, — дедім қалжыңдап. Ол күліп жіберді де, көзілдірігін шешті. Сөйтсем, сазгер-ақын Табылды Досымов екен. Алданғанымды білдім. Жайсаң адам еді. Жарқылдап күлгені әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Екеуміз машинада біраз әңгімелестік. Көңілімнің түкпірінде шер боп қатқан талай мұз жібіді. Ренішім мен күйінішім, сүйінішім мен қайғымды айттым. Атырауға келгелі ойымда жүрген кездесу еді. Шын көңіліммен қуанып қалдым.

2000 жылы Табылды ағамыздың үйінде дастарқаннан дәм татып, өзі басқарып отырған Индер ауданында концерт берген едік. Содан бері бақандай он жыл уақыт өтіпті. Уақытқа кімнің шамасы   жетер  дейсің?! Алып ақындар да, заңғар жазушылар да, бәрі де уақыттың дегеніне бағынып келді емес пе?! Сол кездесуде Тәкең мені күзге таман гастрольдік сапармен ауданға келуімді өтінген еді. Қу күйбең тірлік желкелеп жүргенде өне бойымды шымырлатып қайғылы хабар келді. Тауым шағылып, өзенім тартылғандай күй кештім. Өкінішке орай, жоспарлаған сапарымыз болмады. Қазақтың тұңғыш бард, сазгер-ақыны Табылды Досымов сол жылы сұрықсыз күздің суық қазанында барлығымыздың жүрегімізге ыстық сағыныш қалдырып өмірден өткен еді. Табылды ақынның өзі айтқандай:

— Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа, қарғам,

Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары.

Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,

Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі, — деп, жырлаған ағам шынымен де оянбай қалды…

ЭКСТРАСЕНС

Біздің ауылға сонау Америка штатынан арнайы шақыртумен экстрасенс келді. Бала-шаға мәз. Олар Алматыдан артист келгендей қуанып жүр. Аты — мистер Мостан. Бүкіл әлемді шарлап психологиялық зерттеу жүргізеді. Мостанның қабылдауынан кейін талай адамның санасы өзгеріп қатарға қосылды. Жұқарған жүйкелері қалыңдап тоңмойынға айналады. Гипноз десе болады. Әсіресе ол Африка мемлекетінде тұрмыстары нашар, аш-жалаңаш жүрген халықтың санасын мүлдем өзгертті. Қазір олар аш болса да өздерін тоқ санайды. Ал біздің ауылға келу себебі тіптен бөлек әңгіме.

Ауылдың  барлық  тұрғындары Мәдениет үйіне жиналды. Ауыл әкімі Талтаңбай Салпаңбаев сөз бастады:

— Құрметті тұрғындар! Ауылға өзеннің арғы бетінен құтты қонақ келді.

— Басеке, өзен емес, мұхит, — деді орынбасары құлағына сыбырлап.

— Кешіріңіздер, сонау көк мұхитты асып өтіп бізге әйгілі экстрасенс мистер Мостан келіп отыр.

— Министр мыстан дей ме? — деді, құлағы нашар еститін Қауғабай шал. Әкім шошып кетті.

— Мистер Мостан, — деп, үш рет қайталады.

— Бізге ақша үйлестіре ме? — деп Қауғабайдың кемпірі Өрікгүл алақанын ысқылап қояды.

Әкім:

— Мистер Мостанның келу себебі соңғы кездері халық пен полицияның ара-қатынасы суып, алшақтап кетті.

— Сонда полициямен құшақтасып жылынып жүреміз бе? — деп, көпбалалы ана Тойдық төтесінен қойып қалды.

— Енді бізге жетпегені осы еді, — деді әйелдердің атаманы Безеугүл безілдеп.

Сөзді мистер Мостан алды. Қазақ тілінде еркін сөйлейді.

— Жолдастар, Америкада полиция халыққа қызмет етіп, күндіз-түні олардың тыныштығын күзетеді. Ал сендерде мүлдем өзгеше екен. Сіздер полиция көрсеңіздер, көшеден қабаған ит көргендей қашасыздар. Қорқасыздар. Неге? Мүлдем дұрыс емес.

Залдан бір әйел айқайлады:

— Ойбай-ау, мынау не деп тұр? Қашып құтылмасаң ұстап алып, ұрып-соғып қамап тастамай ма?

Мистер Мостан:

— Жоқ, сіз түсінбедіңіз. Полиция ол сіз ойлағандай дөрекі, бұзақы немесе мәдениетсіз емес.

Тап осы сәтте Шұнақбайдың ерке баласы «Полиция бөжей» деп бақырып жіберді. Оған Безеугүлдің екі ұлы қосылып жылады. «Полиция көрсем төбе шашым тік тұрады», «Олар адам аямайды», «Жазықсыз жанға жала жабады» деген қаңқу сөздер клубтың ішінде гуілдеп кетті.

— Тыныштық сақтаңыздар! Сіздердің саналарыңыз өте уланған екен. Біз бүгіннен бастап өзгеруіміз керек, — деп, дауыстады мистер Мостан.

— Мистер Мыстан, а, кешіріңіз, мистер Мостан дұрыс айтады, — деді ауыл әкімі беті жыбырлап.

— Қалай өзгереміз? — деп, осы ауылдың бас айқайшысы Арызбек орнынан өре түрегелді.

Мистер Мостан:

— Ешқандай қиындығы жоқ. Қанекей, бәріміз көзімізді жұмып, қолдарымызды көкірек тұсына қоямыз. Сосын — полиция — халықтың қызметшісі, біздің қорғанымыз!» — деп ішімізден үш жүз отыз алты рет қайталаймыз. Құқық қорғау органдарынан қорқып қалған халық экстрасенстің айтқанын мүлт етпей орындап жатыр. Әкім де екі көзін тарс жұмып теңселіп тұр. Психологиялық емдеу әдісі басталып кетті. Ауыл тұрғындары кәдімгідей сенімге берілді. Мәдениет үйінде тыныштық орнады. Анадай жерде аудандық полиция бөлімінің басшысы Қамшыбек Сабағанов тұр еді. Безеугүл теңселіп барып мойнынан құшақтап алды. Мұны көріп арақтан ауызы құрғамайтын күйеуі Тәмпіш айқай көтерді. Әкімнің көмекшісі «Сеанстың шырқын бұздың» деп сыртқа сүйреп шығарды. Сол-ақ екен, клубтың алдын күзетіп тұрған ауылдың учаскелік полициясы Ұрғанбай Тепкілегенов Тәмпіштің жағасына жабысты. Қол-аяғын қайырып, дубинкамен қақ маңдайға бір қойды. Екі бүктеп көлігіне салып, ауданға зытты. Байғұсты он бес күнге темір торға қамады. Өкінішті. Өйткені полиция қызметкері мистер Мостанның экстрасенсына қатыспай сыртқа шығып кеткен еді…

АДАСҚАН ТАЙЛАҚ 

Ауылдың таңғы тыныштығын әйелін ақырға тығып төмпештеп сабап жатқан Тазбай бұзды. Былтыр көктемде қайыған түйесі бошалап кетіпті. Үйінде екі қара інгені бар. Жыл сайын алма-кезек боталайды. Бұл үйдің шұбаты үзілмейді. Түйесінен айырылып қалған Тазбай ашуын қыздай қосылған Тәрбиядан алды. Сабамай қайтеді, ауылда түйе шөгеру машақат қой. Былтыр Сабанбайдың бурасына қызметі үшін 5 сом беріп әрең дегенде қайытып еді. Таяқ жеп саққа аунаған әйелі ақырдан әрең тұрды. Шөптің қалдықтары денесіне тікендей қадалып тұр. Бір апта бұрын көгерген көзі жазылып қалған еді. Тағы жаңа дақ түсті. Еріндері буаз сиырдың сарпайы құсап дордиып ісіп кетіпті.

— Енді тағы қол көтеретін болсаң, төркініме тайып тұрамын, — деді өксіп. Бірақ кетпейді. Ауылда байларынан үй біріншілеп таяқ жейтін қатындар көп. «Ажырасып кетіпті» дегенді естімедік. Ашуланып жүріп-ақ алты бала туып тастайды. Тәрбия қайратты. Бір өзі қауға шелекпен құдықтан су тартып екі астауды толтырады. Күшін күйеуіне көрсетпейді. Шаруаға жұмсайды.

— Жан керек болса түйені тауып әкел, — деді, Тазбай «салидол» сіңген майлы жұдырығын түйіп. Ашуланып қораның жанында қыстай үйілген қарабураға қадалып тұрған айырды жұлып алды. Тәрбия шошып кетті. Алды-артына қарамай іңгенше қайқаңдап тайды. Ол әрі кетсе ауылдың шетін бір айналып келеді. Бошалаған түйе алысқа қашады. Ақыры Тазбай бір күн жүрсе үш күн тұратын тракторымен өзі іздеп жолға шықты. Екі тәулік дегенде Тұмалыкөлден тапты. Жетпіс шақырым жер. Қара інген талтайып ботасын емізіп тұр. Әйтеуір, биыл шұбатсыз қалмайтын болды. Сексенге келген шешесі Миізгүл осы ақ ішкеннің арқасында күш-қуаты тасып, той-садақадан қалмайды. Ауылға сыйлы әже. Көршінің қойы төлдеп, қозысын алмай қалса, осы кісіге келеді. Қозыны теліп береді. Яғни, қайта туғызады.

Әсіресе, тоқтылар туғанын білмей тұра қашады. Қашаған қойды әжей жерге жатқызып, аяқтарын байлап, аузын сыммен керіп тастайды. Көзіне тұз бүркеді. Бір-екі күннен кейін бауырмал бола қалады. Тіпті, керек десең, жетім қалған қозыны екінші қойға егіз қылып теліп береді. Ал шалы Қайрақбай еркек төлді тарттырады. Ірі малды пішеді.

Айтпақшы, сол далада туған бота қызық болып өсті. Жүріс-тұрысы біртүрлі. Тайлақ болғанда тіпті қатырды. Өріске айдасаң ауылдың түйелеріне қосылмайды. Көгалда шыбындап жүрген жылқылармен жайылады. Қанша рет айдап түйелерге апарып қосты. Қайтып барады. Содан Тазбай ауылдың мал дәрігері Қамшыбектен барып ақыл сұрайды.

— Қамеке, тайлағым түйеге қосылмайды. Жылқылармен жайылады.

— Ымм, адамдар сияқты малдар да кейде өзінің кім екенін білмейді ғой, — деді ол күліп.

— Рас айтамын ойын емес, — деп, Тазбай ағынан жарылды.

— Шамасы, тайлақ өзін жылқымын деп жүр-ау.

— Қалай?

— Солай.

— Ау,тайлақ жайылғанда табанына қарамай ма?

— Түйенің мойны ұзын аяғын көрмейді, — деді Қамшыбек.

— Енді не істеу керекпін?

— Үйіңде үлкен айна бар ма?

— Шифоньердікі болмаса, басқа жоқ.

— Сол жарайды, айнаны тайлақтың алдына әкеліп өзін көрсет, — деді мал дәрігері. Тазбай тайлақты ұстап алып, қораға байлап қойды. Жатын бөлмесіне кірсе, шифоньердің алдында Тәрбия көгерген көздеріне қаздың майын жағып отыр екен. Кеше ол Тазбайдың мал соятын пышағын көршісіне беріп жіберіпті. Сол үшін бір-екі «удар» алған еді. Күйеуі айнаны жұлып алды.

— Аманшылық па? — деді әйелі.

— Жүр,қораға…

— Қорада не бар? Енді айнаға қарауға да болмай ма? — деді қорқып. Өйткені күйеуінің ақырға алып ұратынын біледі.

— Тайлақты айнаға көрсетеміз?

— Неге?

— Жаңа мал дәрігер айтты, ол өзінің түйе екенін білмейді екен ғой, — деді. Тәрбия аң-таң болды.

Екеуі қораға барды. Шифоньердің айнасын тайлақтың алдына ұстап еді. Тайлақ сұлбасын көріп үркіп кетті. Өтірік-расын қайдам, осыдан кейін жылқы малына жоламайтын болыпты дейді.

ТҮГЕЛБАЙДЫҢ   ТҮКІРІГІ

Ырғызда нағашым тұрады. Шешемнің жан дегендегі жалғыз інісі ғой. Әкімшілікте қызмет істейді.Түнде үйге телефон соғып, Ақтөбеде тұратын біреудің түкірігін сұрапты. Түк түсінсем бұйырмасын… Шешем де шошып отыр. «Жалғыз інім ақылынан алжасып кеткен бе?» деп түнімен дөңбекшіп шықты.

Таң алдында біреу есік қағып тұр. Аштым. Нағашым Алпысбай екен.

— Ассалаумағалейкүм! Қош келдіңіз, үйге кіріңіз.

— Тыссс… Уағалейкүмассалам, ақ жиен. Үйге кіретіндей уақытым жоқ. Көлігің жүріп тұр ма? — деді, аузын қолымен басып.

Кешегі телефон арқылы айтқан әңгімесі де біртүрлі еді. Күдіктене бастадым. Сау адам түкірік сұрамайды ғой.

— Нағашы, тым асығыс екенсіз. Ең болмаса жалғыз апаңызбен амандаспайсыз ба? — дедім күліп. Үйде кәрі жездесі де бар, менің әкемді айтамын.

— Ойбай, асығыспын. Кейін, — деген нағашым мені қолымнан сүйреп сыртқа шығарды.

— Ешкімге айтпаймын деп, уәде берші? — деді нағашым қиылып.

— Аманшылық па?

— Уәде бересің бе?

— Жарайды. Бірақ ауыз жабатын бірдеңе бола ма? — дедім қалжыңдап.

Түріне қарасам, әбіржіп кеткен. Таң атқанша түнгі клубта жүрген бойжеткен сияқты. Тегін жүрмегені көзінен-ақ көрініп тұр. Бұрын үйге жарқылдап келетін.

— Үйәтілген семіз қой, — деді нағашым, құлағыма сыбырлап. Келістім.

Бүгін жексенбі. Үйдегілер әлі төсектен тұра қоймаған еді. Ақырын ауланың қақпасын ашып, нағашым екеуміз зытып отырдық.

Машинада келе жатып, бірдеңе бүлдіріп алды ма екен деп ойлап қоямын. Аудандағы майлы шелпек бір мекеменің бастығы еді. Біреуден пара аламын деп басы пәлеге қалған шығар деген ой шақшадай басымды мазалап жатыр. Бір көшеден өткен соң, нағашым тіл қатты:

— Сені танымайтын адам жоқ. Атың жер жарады, — деп бастады әнгімесін нағашым.

— Еее, — дедім ішімнен, айтқаным келді. «Сот пен прокуратурада танысың бар ма?»  деп сұрайын деп тұр ғой, мынауың…

— Ақтөбеде Түгелбай деген емшіні танисың ба? — деді сыбырлап. Селк ете қалдым. Жаңағы ойларым жан-жаққа қашып кетті.

— Немене, бір жерің ауырып қалды ма? — деп, көліктің тежегішін бастым.

— Байғұс нағашым жаман ауруға тап болған ғой. Бәсе, үйге кірмеуі жаман еді. Жалғыз апасының көңілін түсіргісі келмеген екен. Менің нағашым азамат қой, — деп қатты аядым. Көзімнен домалап жерге бір тамшы жас ағып түсті.

— Ауру емеспін. Денім сау, — деді ол. Қуанып кеттім. Жаман ойларымды дереу шашыратып жібердім. Көліктің жылдамдығын қайта үдеттім.

— Денің сау болса, емші не керек? — дедім жұлып алғандай.

— Ойбай, біздің ауданға жаңа әкім келді. Ол қолынан іс келмейтін жалқауларды тырқыратып қуып жатыр.

— Сіз жұмысқа жақсы едіңіз ғой, — дедім көңілін жұбатып.

— Жақсысы жақсымын ғой. Дегенмен бір амалын жасауым керек. Сақтықта қорлық жоқ.

— Ол қандай амал?

— Ақтөбеде Түгелбай деген емші бар екен, сол кісінің түкірігі себеп болады дейді. Әкім ауысқалы қызметтегі ірілі-уақты бастықтардың бәрі соны іздеп кетті.

— Қалайша?

— Түгелбайға түкіртіп алсаң, жұмыс орның сақталады екен, — деді нағашым жымиып.

Түгелбай туралы естігенім бар еді. Таныстарыма телефон шалып, мекенжайын әрең тауып алдым. Сүйтсек, мұнда кезек күткендер көп екен. Соңы болып біз тіркелдік. Алдымызда жүзден аса адам бар. Мені көріп, кейбіреулер танып та жатыр.

— Мынау әлгі артист бала ғой, театрдың директоры, — деді көзілдірік киген бір көлемді апай. Түрі таныс. Көп кеңсенің бірінен көрдім осы кісіні…

— Бұл бейшара да Түгелбайға түкіртейін деп келген шығар? Жақында мәдениет саласында ауыс-түйіс болып еді ғой, — деп кезекте тұрғандар шулап кетті.

— Жұлдыз болсаң жұлдыз шығарсың. Бірақ кезексіз аяқ баспайсың, — деп, бір дәу қара кісі жұдырығын түйді. Кескінін шырамытып тұрмын. Ееее, енді таныдым. Облыста он бес жыл бойы бір үлкен мекемені басқарып отырған кісі. Маған қарап бедірейіп тұр.

— Кешіріңіздер, мен кірмеймін. Мына қасымдағы нағашым қаралады, — дедім.

Сол-ақ екен емшінің бөлмесінен бір адам аһылап-үһілеп шықты. Оның да жүзі таныс. Бірақ беті түкірік-түкірік. Әкімиятта істейтін адам, әйтеуір.

Түгелбай емші дем салғанда бірінші басшының бетіне, қалғандарының артына түкіреді екен. Жан-жағыма анықтап көз жүгіртіп едім, мұнда кезек күтіп тұрғандардың арасында қарапайым адам жоқ. Өңкей мекеме басшылары мен ауданнан келген шенеуніктер. Біреулері жұмыс орнынан қысқарып қалмауы үшін, қайта-қайта түкіртіп жатыр. Алыс ауданнан келген бір қызметкердің бетіне түкірігі таусылған Түкең қақырып жіберіпті. Бірақ ол қызметкер мәз. Орынтағы сақталса болды.

— Бұлардың бәріне бірдеңе болған, — дейді Түгелбайдың үйіндегі жеңгей танауын көтеріп. Өзі қарға аунаған түлкідей құлпырып кетіпті. Байының табысы екі еселенген сияқты. Келушілердің саны әлі де азаяр емес. Үйдің кіреберісінде «Зейнеткер басшылар кезексіз қабылданады» деген жазу іліп қойыпты.

Бір кезде менің нағашымның кезегі де жетті-ау… Есікке қарай ұмтыла бергені сол еді, іштен емшінің көмекші қызы шығып:

— Кешіріңіздер, ағайдың түкірігі таусылып қалды. Бүгін қабылдамайды, — деді. Кезекте тұрғандар улап-шулап жылап қоя берді.

— Құдай-ай, зейнетке шығуыма бір жыл қалып еді. Жаңа әкім орнымнан қозғамаса екен деп келіп едім. Енді қайттім? — деп бір әйел дауыс етті. Лауазымды мекемеден келген бес қатын жер тепкілеп жылап жатыр. Бір ауданның әкімі осы арада түнеп жатып, табақтай бетіне бес күн бойы түкіртіпті.

— Түгелбайдың түкірігін құртқан осы, — деп, барлығы жабыла кетті. Беті табақтай әкім тұра қашты. Қарсы алдымнан бір мектептің директоры шыға келді. Оның да бетінің сау жері жоқ. Аямай түкіртіпті. Қуанышында шек жоқ. Түгелбайдың түкірігіне сенімі мол. Ал менің нағашым болса, түкіріктің таусылып қалғанын естіп, үйдің бұрышында еңкілдеп жылап отыр.

— Жыламаңыз, жүріңіз. Түгелбайдың түкірігі жиналғасын өзім ыдысқа түкіртіп, Ырғызға беріп жіберемін, — деп, әзер көндірдім.

Нағашым ауылына кетті. Бір аптадан соң, уәдем бойынша түкірікті жеткізіп бердім. Аудан әкімі қорытынды жиналыста менің нағашымның жұмысына жақсы баға беріп, өз орнында қалдырыпты. Ол қуанғаннан маған семіз қойын сойып, беріп жіберіпті.

Бірақ… Шынымды айтсам, ол түкірік Түгелбайдікі емес, менің түкірігім еді. Сонда мен де тегін адам болмадым-ау…

КҮЛКІМ КЕЛЕ БЕРЕДІ

Өткенде бір жиналысқа барып тарқылдап күліп шықтым. Содан бері екі езуім жиылмайтын болды. Шешем: «Сені жын қаққан ба?» — деп шошып жүр. Кеңсенің алдынан өңірге қандай әкім келсе де соңынан бір елі қалмайтын қутыңдаған «крутой» қу шалды көріп жаман күлдім.

— Есің дұрыс па, неге күлесің? — деді.

— «Күлсең үлкенге күл» жасын береді демей ме?

— Біз әлі қартаймадық, «шал-жігітпіз» деп, жақтырмай қалды. Аузымды қолыммен баса қойдым. Жан-жағыма қарасам күліп қоямын. Енді не істеймін?

Көшеде келе жатып өзін-өзі партия қатарына ұсынып жүрген құрдасымды кезіктіріп, жата қалып жер тепкілеп күлдім. Мұны көріп жанымда тұрған бір әйел қатты күлді. Ішегі түйіліп қалды. Күйеуі үстімнен арыз түсірді.

Қолында билігі бар екен. Ертеңіне сол үшін отырыс болды. Тақырыбы: «Қазаққа күлкі керек пе?»

Бір сәнқой келіншек былай деді:

— Көп күлген адамның бетіне әжім түседі. Ерте қартаяды. Мен қарсымын.

— Қазақ ұлтына күлкі керек емес, соның қырсығынан шетелге мазақ болдық. Күлкіні түп-тамырымен құртсақ, экономикамыз қарқындап дамиды, — деп жасы келген біреу қолын көтерді.

— «Күлкісі қашқандар!» партиясы құрылсын, — дейді сары шашты бойдақ келіншек.

— «Ел боламын десең, күлкіңді ти» демекші, бұл дертті жоятын жойқын вакцина ойлап табу керек, — деді көп оқыған кісі.

Бұрын басшылықта қызмет жасаған ерні дүрдиген, мұрны қолағаштай, түрі қазаққа ұқсамайтын әйел «ыржалақтай беретін адамдарды» қоғамнан алшақтату керек, — деп ұсыныс айтты.

Ал мен ішімді ұстап одан сайын тырқылдап, сақылдап, селкілдеп,

қалшылдап күлдім.

— Күмірә болғыр, аузыңды жапшы, — деген жуан дауыс шықты. Төбемнен бөшкедей полиция төніп тұр. Күлкімді тия алмай аузымды басып сыртқа қаштым. Жүгіріп келе жатып былтыр жөнделген  көшенің шұңқырына аяғым түсіп кетіп, шалынып шалқамнан құладым. Аспанға қарап ұзақ қарқылдап жаттым. Базарға бардым. Көтеріліп кеткен бағаларды көріп үзіліссіз, шек-сілем қатқанша сықылықтадым.

— Есіңіз дұрыс па? — деп сатушы әйел зекіріп тастады. Базардан шығып үйге қайтуға аялдамаға барсам, қоғамдық көлік жүргізушілері «айлық аз, жағдайымыз жоқ» деген желеумен ереуілге шығыпты. Автобустар тоқтап қалған соң, жолаушылар таксиге таласып жатыр екен. Оны көргенде ішімнен ащы қарқыл күлкі өзегімді жарып шықты.

Қатты қарқылдан жер сүзе құлап, көзімнен жас парлады. Оғаш қылығыма қуыстанып жатырмын, езуім еркіме бағынар емес. Дөңкиіп ауға түскен майшабақтай тулаймын. Мүмкін біреулер қосыла күлер деген есек дәме, алаңғасар әдетіммен айналама қысық көзбен қарап қоямын. Бәрінің күлгісі келеді. Бірақ күле алмай тұр. Ал мен күле-күле ішім ауырып үйге жеттім. Теледидарды қосып қалсам, пошымы көпке таныс бір өтірікші экранда әңгімені бөсіп отыр. Кілемге аунап ыңқылдап күлдім. Ішегім түйіліп қалар деген оймен басқа арнаға аудардым.

Бір шұбар тілді жүргізуші «Қазақстанда күн сайын жемқорлар көбейіп келе жатыр. Біз қанша күрессек те азаймайды. Бұл дертпен бесіктегі бала мен ошақ басындағы қатын-қалаш түгел күресу керек. Әйтпесе «Жемқорстан» еліне айналып кету қаупі бар», — деді. Бұл жолы жер тырнап еңкілдеп жылап күлдім. Даусымды естіп қасыма әйелім келді.

— Мағрипа, күле беретін ауруға тап болдым, — дедім.

— Бейшара, неменеңе жетісіп күлесің? Алдымен өзіңе неге қарамайсың?

Бақандай жиырма жыл мемлекеттік мекеме басқардың, — деді де, маған қарап тоқтамастан тарқылдады.

— Сол күлкілі ме?

— Пәтер жалдап жүрген Даулыбайдың баласы бір жыл директор болғанда астына мерседес мінді. Екінші жылы екі қабатты зәулім үй салып алды. Сенде түк жоқ, — деп, кетік тістері сақ-сақ етіп мазақтап күлді. Мен ыржалақтадым. Ол қылжалақтады. Үйдің іші неше түрлі күлкілерге толып кетті. Бір-бірімізге қарап кеше дейін езу жимадық.

Құдай күлкіден айырмасын!

ВАТСАПТАҒЫ ҚҰДАЛЫҚ

Жазда жақын ағамның қызы тұрмысқа шықты. Салт-дәстүр бойынша қыз алған жақ «ынтымақ шайға» шақырды. Бас құда — мен. Қасымда жеті адам бар. Уақытында жетіп бардық. Қыз берген жақ шамалы шіреніп кешігу керек екен ғой. Ол ойға келмепті. Құдалар алдымыздан шығып жақсы қарсы алды. Төрге құс жастыққа жантайып жайғастық. Үй иелері өте байсалды болып шықты. Дастарқан басында үнсіздік. Асаба алдырмапты. Қонақтар ұялы телефондарын шұқып әуре болып отыр. Бас көтеруге мұршалары келмейді. Бір әйел есі кетіп, «соткамен» ойынды қыздырып жатыр. Құдалықпен мүлдем ісі жоқ.

— Ал,қош келдіңіздер! — деді құда қызара бөртіп. Ешкім көңіл аудармады. Екі жақ телефоннан көз алмайды. Қасыма бірге еріп келген жеңгем айтты:

— Давайте, осы отырысқа ватсаптан группа ашайық, — деп, төбеден түскендей қойып қалды.

Жан адам қарсы болмады. «Тәкібайдың үйіндегі құдалық» группасы ашылды.

Құдағи:

— Дастарқанға ет келе жатыр, — деп, жазып жіберді. Бәрі үндемей қолдарын жуып келді.

Құда:

— Басты Нұрекеңе тартамыз.

Мен:

— Рақмет, — дедім.

Алдыма қойдың басын әкелді. Алғаш рет ұстап тұрмын. Екі құлағын кесіп екі балаға ұстаттым. Оң көзін ойып құдамның ағасына бердім. Ол:

— Нұреке, ұстап отырғаның соқыр қойдың басы ма? — деп, жазып жіберіпті. Үңіліп қарасам пышақпен көзін алғанда қарашығы ағымен қоса ұяшығының ішінде қалып кетіпті. Группадағылар күліп тұрған «смайликтер» жіберіп жатыр.

Ватсап арқылы танысып алдық. Бір қонақ жайына қарап отырмай чатқа қорқынышты видео жіберіпті.

Қасымда отырған жеңгем баж ете қалды. Қолындағы бір кесе сорпа көрпеге төгіліп қалды. Енді бір қонақ шамасы бизнес жасайды-ау, «жіліктеп сиыр еті сатылады» деп жазып жатыр. Артық әңгіме жоқ. Тілектер де ватсапқа жазылады. Тек стақандар түйістіріледі. Бұл бір үлкен жаңалық болды. Төрде бойдақ құдаша отыр. Оған қарама-қарсы жездем жайғасыпты. Арасында көзін сүзіп қояды. Алаңғасар нағашы апам түк сезбейді. Бір кезде жездемнен: «Құдаша, ертең қолың бос па?» — деген хабарлама келді. Түйенің жарты етіндей апамның қабағы түйіліп, жұдырығын түйді. Жездем сасып қалды. Құдашаға жекеге жазамын деп құдалықтың көпшілік тобына салып жіберіпті. Енді оған обал болды. Нағашы апам аямайды.

Құда бала:

— Ресейде халық көтеріліп жатыр — деді.

Ешкім үндемеді.

Көрші келіншек ортаға адам шошитын заң тармақтарымен бөлісті. Ватсапта отырғандар қонақтықты ұмытып кетті. Заңды талқылап шулай жөнелді.

«Ау, тоқтаңдар, біз Тәкібайдың үйінде құдалықта отырмыз», — деп біздің қатын жазбағанда, бұлар бірден осы үйден әкімшіліктің алдына барғалы жатыр еді.

Ең қызығы, қыз алған жақтан келіп отырған сары шашты бойдақ келіншек лүпілдетіп жүректер  жіберді.

Күйеуімен келген әйелдер ернін шығарды. Әлгі келіншекті ватсапта бұғаттап тастады.

Телефон шұқумен «вечер» аяқталды.

Құдағи:

— Бата, — деп жазды.

Құда:

— Кім береді?

Ватсаптағылар:

— Жасы үлкені берсін.

— Бәрі жас сияқты.

— Шашы ағарғандар бар ма?

— Жоқ, бояп алыпты.

— Ой, зачем бата.

— Қазақ ұлтының салт-дәстүрі, ұят емес пе?

— Біз қазақпыз!

— Дұрыс.

Осылай хабарламалар бірінен-соң бірі келіп жатыр.

Ортамызда көпті көрген кісі отыр. Самайына ақ түсіпті. Ол ватсапқа мүлдем кірген жоқ. Сол адамнан бата сұрадық. Құданың досы екен. Дастарқан үстіне көзін бір сүзді де:

— Бірінші бердің ет,

Мұратыңа жет.

Екінші бердің шәй,

Көңілің болсын жай.

Үшінші бердің балық,

Аман болсын халық.

Төртінші бердің арақ,

Үйіңнен үзілмесін қонақ.

Бесінші бердің… деп, әлгі кісі дастарқанға қарап сәл ойланып тұрып қалды.

Сол кезде жеңгем:

— Колбаса, — деді.

— Бесінші бердің колбаса,

Бұл отырмақ далбаса.

Әумин! — деді. Қонақтар ду күлді.

Құдалық керемет өтті.

 

 

ТАЗ АШУЫН КІМНЕН АЛАДЫ?

Біздің үйдің кенжесі бала болып доп қумайды. Асық ойнамайды. Көшедегі бомба түскендей быт-шыт болып жатқан асфальттың шұрқ тесігін қызық көреді. Соған үйір болып алды. Күн ұзаққа дала кезіп жүреміз. Шұқырларды санайды. Құрт жеген тіске салынған «пломба» тәріздес жамау-жамау жолдарға таңдана қарап тұрып:

— Әке, мына ойық ою секілді, ал мынау қасқырдың апаны сияқты.

— Ұқсайды, — деймін.

— Шұқырлар қалай пайда болады?

— Балам, оның жауабы ұзақ, — деп қысқа қайырдым.

Жолдың әр тесігіне зер салады. Бір үңірейген ойықты жағы жабылмайтын көрші әйелдің аузына ұқсатты. Сүйтіп, көшенің ойылған шұңқырларын қызықтап келе жатсақ, бір әйел электр тірегін таяқпен ұрып жатыр.

— Оңбаған, сендерді көрсем жыным қозады. Беттерің былшиып ұялмай қалай тұрсыңдар? Анау көшенің жолдарын қарашы, көлік түгілі жаяу адам жүріп өте алмайды. Мемлекеттің қаржысына қақалып қалғырлар, ұялмайсыңдар ма? Бетсіздер…

— Кешіріңіз, кімге айтып жатырсыз? — дедім.

— Мына кісіге, — деді, «столбаны» көрсетіп.

— Бұл адам емес қой.

— Білем, осы ауданның әкімі ғой.

— Мен әкім көріп тұрған жоқпын.

— Соқырсыз ба?

— Жоқ, мынау электр тіреуі — деп, жеңістік бермедім.

— Сіз түсінбей тұрсыз, мен осы бөренелерді әкім-қараға ұқсатамын да күнде шыбықпен сабаймын. Әйтпесе ашуым басылмайды, — деді әлгі келіншек тұтығып. Анадай жерде тағы біреу бетон тасты теуіп тұр.

— Бұл не жатыс? Халық сендерге сеніп жүр. Әйелден басқа кімге күштерің жетеді? Өй, қарабет — деп қояды. Кім екені айтпаса да түсінікті болды. Бір бөренеге бала-шаға түкіріп жатыр.

Ойланып қалдым. Қазір кімде ашу жоқ? Бәрі «нервный» ғой. Содан үйге келдім де, аулада өсіп тұрған кәрі ағашты сөктім.

— Отыз жыл болды шашымды ағарттың. Бір өзгеріс жоқ. Не көктемейсің, не көгертпейсің, беріп жатқан жемісің тағы жоқ. Осы тұрған жеріңде арамен түбіңнен кесіп тастайын ба? Сені базардан сатып алып отырғызғанда сатушы «алмаға қарық боласыңдар» дегені қайда? Қашанғы күтемін. Алма түгілі айналаңа түсер көлеңкең болмай тұр, — деп, айқайға бастым. Өзім еккен ағашты ұруға дәтім бармады. Тек ұрыстым. Айтарымды айттым. Ішім жартылай босап қалды. Содан үйге кіріп шифоньерде ілулі тұрған әйелімің бес жүз мыңға алған «шубасын» ілгішке іліп қойдым да, әйдә төмпештедім.

— Бейшара, өзіміз нанға жарымай отырғанда үстіңе кигенің мынау. Саған бекерге үйленіппін. Одан да Майлыбайдың өзі артымнан қалмай жүрген тәмпіш қызын алғанда әлдеқашан жақсы өмір сүретін едім, — деп, жұдырықпен соққылай бастадым. Айтпаған сөзім қалмады.

Біреу иығымнан түртеді. Тек біздің қатын болмасыншы… Қайдағы, осының бәрін естіп-көріп тұрыпты. Үстімдегі киімді шешіп бердім. Ол менің жидемді іліп қойып ұрса жақсы ғой. Өзімді тірілей байлап тастап екі сағат сазайымды берді. Қатын спортсмен еді. Қазір таяқ жеп диванда жатырмын…

Басқа жаңалықтар

Back to top button