Тарих

Болмысы бөлек суреткер

Көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының дүниеден озғанына да жыл толды.

Қазақ әдебиетін жаңа бір деңгейге көтерген «Тар кезең» атты романын аяқтағаннан кейін өзінің сүйікті жанры  әңгімеге оралған қаламгердің негізгі кейіпкерлері өзі туып-өскен өңірдің қарапайым адамдары еді. «Ақтөбе» газетіне жаңа туындысы жарияланған сайын хабарласып: «Осы біздің Ақтөбенің адамдары газет оқығыш-ей. Бәрі звондап жатыр…» деп мәз болатын.

Қандай биікке көтерілсе де, қарапайымдылығынан айнымаған ғазиз ағамыздың рухына тағзым ете отырып, төменде ол кісі туралы жазылған естеліктерді жариялап отырмыз.

Біраз жылдар бойында ағалық-інілік жарасымды сыйластықта жүріп, әріптес, пікірлес болған жазушы Қажығали Мұханбетқалиев туралы естелік жазуды әуелі неден бастасам екен деп ойландым. Оның қаламгерлік ерекшелігін, қазақ прозасындағы айрықша орнын айтудан бастаған ләзім бе екен, әлде…

Ия, осы «әлде» деген ой мені еріксіз тосылдыра түсті де, ең дұрысы өзім танып- білген, құрмет тұтқан оның адамдық  болмысынан бастағаным ләзім болар дедім…

Қажекеңді әдебиеттегі, оның ішінде қазақ прозасындағы болмысы бөлек суреткер тұлғасында кейінірек шығармаларын дендеп оқи бастаған кезден танысам, жеке басымен жүздесіп, танысуым, ойлап отырсам, осыдан тұп-тура елу екі жыл, жарты ғасыр бұрын болыпты.

Алматы. Қазақ университетінің журналистика факультетінің екінші курсының студентімін. Оқудан сәл қолым босаса, газет-журналдар редакциясын жағалап, қаламақы табудың тірлігін жасайтын аздаған пысықтығым да жоқ емес. Стипендияға қосымша табыстан кім қашсын! Әрі жарияланған мақалаң көбірек болса, кейбір практикалық сабақтардан «зачетті» оп-оңай ала қоясың дегендей жеңілдігі тағы бар. Студенттік осындай пендешілігім ұстап, ұзынсонар сөзі көп лекциялардың бірінен зып беріп, университеттің бас ғимаратына таяу жерде, Совет және Панфилов көшелерінің қиылысындағы баспалар мен партиялық газет-журналдар редакциялары орналасқан үш қабатты ғимараттағы облыстық «Жетісу» газетіне бара қалмасым бар ма! Сол ғимараттың сыртқы үлкен есігінен ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, қасында мөлдей қара шашын сәндеп кейін қайырған, жіңішкелеу етіп қойған мұрты бар, қараторы әдеміше жігіт шыға келді. Өлеңдерін газет-журналдардан оқып жүрген атыраулық Меңдекеш ағаны сырттай ғана білемін, мені танымаса да,  кішілік әдебімен «Ассалаумағалейкүм!» деп қастарынан өте беріп едім, мұртты жігіт: «Әй, сен Мәдисің бе?» деп кілт кідіріп қалды. Атымды атағасын мен де жалт бұрылдым. «Өй, айналайын, нағашым, мен Қажығали ағаңмын ғой, — деп қолымды алып, аржайы күліп, арқамнан қақты.

— Мәке, мына жігіт біздің ауылдың, Байғаниннің баласы! Мәди Айымбетов деген болашақ журналист, очерк, мақалалары газет беттерінен түспейтін мықтының өзі! Меңдекеш Сатыбалдиев ағаңды танисың ғой, ә!?». Ашық маңдайы кереқарыс, жып-жылы жанарынан мейірім шуағы төгілген аққұба өңді ақын ағам да маған жылыұшырай көз тастады. Таныс, бейтаныс екі ағамның ортасында мәз болып мен тұрмын. Айтуларынша, ағаларым  «Қайнар», «Қазақстан» баспаларында редактор болып қызмет істейді екен. Меңдекеш ағамның да, Қажекеңнің де таяуда көшіп келіп алматылық болып жатқан жағдайлары бар екен. Қажекең Ақтөбедегі кеңдеу үйін астанадағы шағын ауданның біріндегі бір бөлмелікке ауыстырыпты. Не айтатыны бар, маған мекенжайын айтып, үйге кел, күтеміз деп бәйек болып жатты. Аяқ астынан мәртебем әжептәуір өсіп, сол күнгі редакцияға жасаған жорығымның сәтті болатындығына сеніп, мәз болған күйі мен кеттім, олар да кетті.  Қажекеңді аға ретінде танып бауырласуымның алғашқы осы бір мезеті  жадымда сақталып қалыпты.

Анасы жағынан біздің әулет оған нағашы болып келетіндігін тілге тиек етіп, әзілдесуге келгенде алдына жан салмайтын  Қажекеңнің мінезіне де кейінірек бой үйретіп алдым. Жиен аға, деп әзілді-шынды сөзбен қажайтын менің де өткірлеу қылықтарыма оның да еті үйренді дегендей, көп жылдар бойы Алматы мен Астана төрінде аралас-құраластық, әріптестік өміріміз қатарлас қанаттасып, кезегімен өтіп жатқан-ды. Былтырғы жаздың ауыр тауқыметті күндерінің бірінде ол келмес сапардың кемесімен мәңгілік дариясының тұңғиығына кете барды…

Ол жалпы табиғатынан сараңдау жазатын қаламгер еді. Мұның себебін әрқилы түсіндіруге болады. Қажекеңнің белгілі бір өлшемдерге сыймайтын өз тірліктері болатын, соның бірі балық аулауға деген асқан құмарлығы еді. Бірде кәнігі балықшы серіктерімен Іле жағалап кетсе, енді бірде тау өзендерінің қара балықтарын іздеп Алатаудың қойнау-қойнауын кезіп, биікке өрлеп, табанынан тозатын. Тастаяқта шар қуалайтын шексіз құмарлығын былай қойғанда, картаға ұзағынан беріле сарсылып, алтын уақытына жасайтын қиянаты тағы бар. Сирек-сирек ұтылса да, шахматтан табандап отырып есесін жібермейтіні де маған аян. Оның үстіне әдеби газет-журналдағы қызметіне де үлгермесе болмайды. Мұның бәрі, жасыратыны жоқ, сол кезеңдегі мен білетін жазушы қауымның көпшілігіне тән болатын. Кейінгі он жылдай уақытта ғана шығармашылық тірлігіне араласуға  мойны біржола босағаны  болмаса, Қажекеңде кәсіби қаламгерге тән нағыз алаңсыз еркіндік болған емес. Әйтсе де оның өміршең, тамаша прозалық туындылары — тырнақалдысы «Жұлдызды түндерінен» бастап өзге де көптеген әңгіме, хикаяттары осы кездері жазылды, оқырман жүрегіне жол тауып, өзінің әділ де жоғары бағасын алып үлгерді.

Қажекеңмен  бірнеше рет елге сапарлас болудың да жақсы сәттерін бастан кешіргенмін. Оның адамдық болмысын тани түсуімнің тағы бір ойлы да әдемі көріністері жол үстінде келе жатып өмір, жазу-сызу  тіршілігі мен әдебиет төңірегіндегі кейбір жайттарды әрі-беріден қозғайтын әңгімелесулеріміз еді.

— Шығармашылық  процестегі менің ұстанымым мынау, Толстойша айтқанда, жазбасқа болмайтындай жағдайда ғана жазуға отырамын, — дейді Қажекем осы сәттердегі бір әңгімесінің аралығында.

— Сенің неге жазбай жүрсің деген сұрағыңа беретін жауабым осы деп, және бір тұжырып қояды.

Мен одан әрі сөйлете түсу ниетімен әдейі:

— Неге мен жаңа шығармаға кірісіп жазуым үшін соншама жазбасқа болмайтындай жағдайды күтіп, шыдам мен жігерімді тежеуім керек, — деймін тағы да сөз таласын өзімше өршіте түскім келіп.

Менің бұл «түсінбестігіме» дағдылы қызбалау мінезіне басып қайтаратын оның жауабы да дап-дайын:

— Сен мынаны түсін, жазушының жазбасқа болмайтындай жағдайды күтуі үсті-үстіне төпелеп жаза бермей, қаламды суытып жаңа шығарманы сағынып бастауы дегенді білдіреді!

— Дұрыс, солай-ақ болсын, келісемін. Ал сол ұлы шалың өзінің «Арылу» романын неге солай, сондай жағдайға түсіп жазбаған?  Сөйтіп бірден отыра қалып жазбай, романға он бір жыл өмірін арнап,  қайта-қайта оралып бірнеше мәрте жазған? Демек жаңа шығарма жазуға кірісу үшін жазбасқа жағдайыңның болмағанын  күту де шығармашылық жұмыстың басты кредосы болуға тиіс емес, — деп өз айтқанымнан қайтпауға «тырыссам да», Қажекеңнің бұл ұстанымын қаламгер әріптес ретінде әбден түсінетініме ешбір шүбә болмаса керек, әрине. Жазу өнерінің тәтті азабын басынан аз кешірмеген Қажекеңнің осындай амал-тәсілі өзінің талай жемісті сәттілігін бергеніне куәміз.

Алғашқы  тарауларын жазып тастап, жиырма жылдан кейін ғана ұсынған романын, қазақ халқының XYIII ғасырдағы тағдырлы бір кезеңінің тынысын кең ауқымда, шебер бейнелеген көлемді шығармасын жазушы Мұханбетқалиев тарихи қисынның жігін бұзбай, реалистік шымырлығын шыңдау үшін, бәлкім, қайта-қайта оралып, арагідік қаламын суытып жазған тәрізді. Бұдан шығарманың көркемдік бітімі, бас кейіпкері Сырым Датов сынды бірегей тұлғаның образы жетіле түспесе, кеміген жоқ. Сүбелі еңбек мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланды, сыйлық беріліп, қазақ әдебиетінің үздік жетістігі деп танылды.

«Тар кезең» романының Астанада өткен алғашқы таныстырылымында мен бұл дүниесін жазушы асықпай зерделеп, сан мәрте қаламын суытып, танымдық толғаммен жазғандығы жөнінде өзімнің жеке көзқарастағы пікірімді білдірдім.  Және аталған роман өзінің бас кейіпкері  Сырым тарихи тұлға болғандықтан, келесі бір томының жазылуына сұранып тұр деген пікірімді де бүкпедім. Әрине, менің ізгі көңілмен ғана айтқан  сондағы бұл пікірім роман шығарма ретінде аяқталған жоқ деген пікірді білдірмесе керек. Шығарма бас-аяғы тұтас, тарихи кезеңнің бейнесін ашқан бірегей туынды. Әйтсе де тарихы көлемді шығарманың диологияға, трилогияға, тетраологияға айналу заңдылығының мысалы қай әдебиеттің де тарихында баршылық. Арыға бармай-ақ, өзіміздің классиктер М.Әуезов, С. Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, С.Жүнісов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, және т.б. жазушылардың тарихи монументальды шығармаларын алсақ та жеткілікті. Сол себептен мұндай келелі ойдың Қажекеңде де болуы әбден мүмкін меніңше. Болашақта жазушы шығармашылығының ерекшелігін, шығармашылық лабораториясын түбегейлеп зерттеуге ықылас білдіретіндер табылса, осындай жайттарға да олардың баса көңіл аударары сөзсіз  деп ойлаймын.

Осы романнан соң жазушы қаламын көп таң асырмай сүйікті жанры, ең қиын жанр — әңгіме жазуды жалғастырып, өзінің бұрынғы стихиясына сәтті көшіп еді. Дүйдек-дүйдектіп бірнешеуін жазып, «Ақтөбе», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттеріне жариялады. «Кесек кемпір», «Біздің ауылдың қожанасырлары», «Шегебай», «Қарадөң қалай елден қашты?», «Ағайынды қаз қоңыр, әйгілі карташы және кө-ө-п «көк қағаз»… Бүгінгі ауыл өмірін, бүгінгі тіршілікті алақанға салып көрсеткендей соншалықты шеберлікпен жазылған осынау мөлтек дүниелердегі әрқилы кейіпкерлер образдарын  сүйсіне де, ойлана да қабылдайсың.  Осы орайда кезінде қазақ прозасының корифейі, ұлы суреткер Әбіш  Кекілбаевтың: «Қажығали Мұханбетқалиевті қазақ әңгімесінің айтулы шебері деуге әбден болады. Оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алған прозашы адам құлқындағы құбылмалылықтан басталатын дәуірлік трагедиялар мен әлеуметтік драмалар жұлынын дөп басады» деп берген бағасы ойға оралды.

Маусым айының соңғы күндерінің бірінде, түске таманғы мезгілде Қажекең маған ауруханадан телефон шалды. Хал-жағдай сұрастық. Енді бірер күнде шығатынын, әжептәуір сауығып қалғанын айтып болысымен «Кешегі нөмірінде «Ана тілі» газеті жариялаған «Біздің ауылдың қожанасырлары» деген әңгімемді оқыдың ба», — деп сұрады. Оқимын ғой, Алматыдан шығатын қазақ газеттері бізге екі-үш күн кешігіп келетінін, ал тіпті болмаса интернеттегі сайтынан тауып алып оқитынымды айттым. «Сөйтші, оқығасын, пікіріңді айтуды ұмытпа!» – Осыны айтып сәл мүдіріп қалды да: — Мәдижан, нағашеке, бір-бірімізді оқып жүрейікші осы!..» — деді. Үнінен аздаған жабырқаулық сезілгендей болды.

— Қажеке, айтпасаң да, оқитын едім ғой! Мен осы кезге дейін қаламыңнан туған шығармаларыңды дерліктей оқыдым десем, артық айтпаспын. Оқимын міндетті түрде, пікірімді де айтамын!.. Кездескенше!

Екеуміздің сол әңгімеміз осымен тәмамдалды. Әңгімені сол күні-ақ оқып шықтым да, кездесуді күтпей-ақ, пікірімді телефон арқылы айттым.

— Әңгімеңнің соңына дейін езуімді жимадым, Қажеке! Кіршігі жоқ қазақи тірліктің бар болмысын, характерін зілсіз де әдемі юмормен керемет жеткізіпсің! Құттықтаймын! Бірақ мыналарыңның қылықтары Қожекеңдікіндей емес, ешкімге де келіп-кетер зияны жоқ, аңқау да аңғал қырттардың әрекеті ғой. Маған салсаңыз, тақырыбындағы «қожанасырлары» дегенді «қырттары» деп өзгерткен болар едім…

Телефоннан оның мәз бола, «аха-ха-халап» рахаттана күлгенін естіп тұрдым (өзі кейде әлденеге риза болғанда осылай күлетін еді).

— Олардың бәрі елдің, біздің ауылдың адамдары ғой, өзіме жақындығы да бар кейбіреуінің! Ұят болар деп жұмсартқанымды өзің де сезген боларсың, — деп күлкісін тыйды.

Бұл Қажекемнің соңғы күлкісі екен-ау!..

Нағыз таланты кемел жазушының шығармашылық өмірдегі мінезі оның адами болмысымен айқындалатыны рас болса, Қажығали Мұханбетқалиевке қатысты да осыны айтуға әбден болады.  Туған елінің бір тал жусанын да, «қожанасырларын» да жүрегіне сыйғызып, көркем де нәрлі тілімен жырлап өткен қаламгерді қалың оқырманы қазақ прозасының кемел, сырбаз да сыршыл суреткері деп танитыны хақ.

Мәди АЙЫМБЕТОВ

Нұр-Сұлтан қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button