Тарих

Естен кетпес бейне

Қажығали Мұханбетқалиұлымен сонау 1968 жылдан бастап дос болған едік.

Қазақ Ұлттық университетін бітірген соң Қажығали Ақтөбеге келіп, сол кездегі «Коммунизм жолы» газетінде, облыстық телеарнада, мен облыстық комсомол комитетінде қызметте болдық. Ол кезде аптасына алты күн жұмыс істейміз, жұмыстан соң сағат кешкі бесте Пушкин паркіндегі фонтанның қасында кездесіп, демалып, серуендейтін едік.

Кейін Қажығали Сұлуханға үйленді де, Алматыға көшіп кетті. Алматыда қызметте болды. Мен де 1971 жылы Алматыға Қазақстан комсомолы орталық комитетіне жұмысқа шақырылдым. Сөйтіп, Алматыда қайта қауыштық. Кейін мен Ақтөбеге облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып қайта оралдым, облыстық партия комитетінде, одан соң облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып қызмет жасағанымда, Алматыға іссапармен жиі барып тұрдым. Қажығали мен Сұлуханмен араластығымыз осылайша тағы жалғасты. Ол кезде балалары бар. Қажығалидың жазушылыққа біржола бет бұрған кезі еді. Көптеген шығармалар жазды. «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың сен,

махаббат?», «Сынық терезе», «Жалғыз жиен», т.б. кітаптары баспадан шықты.

Кейін Қажығали үлкен жұмысты қолға алды. Батыр, би Сырым Датұлы туралы роман жазуға үлкен, жан-жақты дайындықпен кірісті. Сырым батырдың өмірі, көтерілісі жайлы маңызды архивтік деректерді жинады, ел аузындағы әңгімелерді тыңдады. Архивтерде жұмыс жасады. Тарихшылар мен әдебиетшілердің бұрын жазылған зерттеулерін таразылады, Ұзақ еңбектенді. «Сырым — сегіз қырлы тұлға, қай жағынан жазып, көрсету керек?» — деп толғанды, ойланды. Уақыт өтіп жатты.

Жеңгесі Қарылға Баймағамбетова көпті көрген, жақсы ортамен араласқан, Байғанин аудандық партия комитетінің хатшысы болған, қызмет істеген адам ғой, бірде Арыстанғали ағай бар — бәріміз біздің үйде шай ішіп отырғанымызда, маған: «Еркін, досыңа айтсайшы, Сырым батыр туралы романын жазып бітірсін, уақыт өтіп жатыр ғой», — деді. Мен сұрауға уәде беріп, Қажығалиға телефон шалдым. Бірақ шығармашылық жұмыста адамға шабыт керектігін, оның ақыл айтуға, біреудің тапсырмасына, жетелеуіне көнбейтінін білемін ғой. Сырым батыр туралы романның жарыққа шығар күнін мен де асыға күттім.  Ақыры «Тар кезең» романы 2012 жылы «Мерекенің баспалар үйінен» әсем дизайнмен басылып шықты. 2014 жылы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезең» тарихи романы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Тарихи романды жазудың өз ерекшеліктері бар, оның жауапкершілігі аса зор. Қажығали бұл шығармаға, ондағы әр оқиғаға, әр кейіпкерге зор мән беріп қарады, керемет ұқыптылықпен жазды. Сондықтан оны тарихтың бетіне тура қарай алатын адал жазушы деп білемін.

Адамдарды қан ғана емес, жақсы істер де туыстырады ғой. Қажығалидың романды бастап жазып, ізденіп жүрген кезі. Бірде маған телефон соқты. Жаз күні еді. «Ақтөбеде Жіңішке деген өзен бар ма?» — деп сұрады. «Бар, ферроқорытпа зауытының жанынан ағады. Қар, жауын суы көп болғанда мықты тасып, арнасынан асып, жағасында отырған үйлерді алып кетеді, өзі Елекке барып құяды», — дедім. «Онда жақсы, дұрыс болды. Сен маған Жіңішке өзенін белгілетіп, Ақтөбенің картасын жасатып, беріп жібер», — деп тапсырды. Содан мамандарға айтып, Жіңішке өзені көрсетілген Ақтөбенің картасын бір дана ғып жасатып, Қажығалиға жібердім. Тапсырмасын орындадым, бірақ неге керек екенін сұрамадым. Арада уақыт өтті. Қажығали романын жазып бітірді. Маған оқуға берді. Оқыдым. Картаның, Жіңішке өзенінің неге керек болғанын сонда түсіндім.

Ол романда былай баяндалады: «Байбақты Сырым биге… батыр Сырымға — келешектен күтер ендігі бар жақсылықтары мен барша үміттерін тегіс артқан қалың ел, ел бастаған ел ағаларының сауын айтуымен, биылғы қыркүйектің жиырма біріне, сәрсенбінің сәтіне белгіленген күллі  Кіші жүз халқының бас қосар ұлы жиынына қатысу үшін бұл күндері  Елекке құяр бір сала — Жіңішке дейтін бір өзенді бетке алып, осылай қарай жан-жақтан ағылып келе жатқан болатын.

Жиын өткізерге бұл жер тіпті де бекерден-бекер таңдалған жоқ-ты… Кіші жүздегі үш ата баласының қай-қайсысының да қонысына бірдей шамалас қашықтықта екені өз алдына, оған қоса бұл жер «Қызыл тастан үй салдырып, Асанқайғы бабаның он жыл тұтас отырып, кеңес құрған жері екен!» делінетін Ақтөбенің, сондықтан да иісі қазақ баласы «қасиетті» деп ардақ тұтатын бір оқшау төбенің батыс жағындағы шағын өзеннің сол жақ беті еді…  Жиынға қатыспақшы ел сол жерді бетке алып, шығысы Ырғыз бен Шалқардан; түстіктегі Ұлы Борсық пен Кіші Борсықтан; Сам мен Асмантай, Матайдан, одан бері Жем, Сағыз, Ойылдан; батыстағы тұтас Жайық беттен; Қара Қобда, Сары Қобда, Қиыл бойларынан; терістіктегі  Ор мен Електің төменгі ағысынан билері, батырлары, байлары бастаған ел жамырап келе жатты…

… Жіңішкенің сол жақ бетіндегі кең жазық пен Құрашасай аралығына көп ақшаңқан үйлер тігілді.

Осы жерде 1785 жылы 21 қыркүйекте, бұдан 235 жыл бұрын — Кіші Жүз қазақтарының — Сырым батырдың ұсынысымен қабылданып, арнайы «Халық кеңесі» деген атау алған — Ұлы жиыны өтті».

Міне, осы мысалдан Қажығалидың тарихи романды қандай жауапкершілікпен жазғанын көруге болады. Осы тарихи оқиға болған жерге белгі қоюды мәселе етіп көтеріп, Қажығали 5 жыл айналысты. Ақыры 2020 жылдың ақпан айында «Халық кеңесі» ескерткіш-белгісінің құрылысы аяқталды. Наурызда ашылады деп жоспарланып, Қажығали ашылуына келетін болған… Бірақ карантиннің басталуына байланысты ол жиын кейінге қалдырылды… Қажығали көп жылғы ойының іске асқанын көре алмады, тек фотосуретін ғана көріп кетті.

«Арғымақ атқа алтын ер жарасар,

Азаматқа жақсы іс жарасар», — деген жазушы-прозаик Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы орыс тіліне аударылды. Төрт томдық  таңдамалы шығармалар жинағы шығарылды.

Артына жақсы із, жақсы іс, жақсы сөз қалдыру — жақсы адамның қасиеті. Жазушы Қажығали — артында ізі болар ұл-қыз, жақсы іс, рухани мұра, өзі туралы жақсы сөз, жақсы баға қалдырған — жақсы адам, жақсы мұсылман.

Қажығали жылқы малын танитын еді. Жылқы туралы деректер жинап, ізденіп, жылқы өсіру, оның пайдалы жақтары туралы үлкен проблемалық мақала жазды. Облыс көлеміндегі үлкен іс-шаралар, тойларда өтетін ат шабыстарға бірге барып, көретінбіз. Сонда бәйгеге қосылған жүйріктердің арасынан 2-3 жүйрікті көрсетіп,  осылар жеңеді деп жорамал айтатын. Айтқаны келетін.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 3 жылдығына арнап жинақ шығарамын, «Ұлы даланың жеті қырында» жылқыны қолға үйреткен қазақтар делінеді. Жылқы туралы, Қазақстанда жылқы өсірудің қазіргі жайы және өзекті мәселелері туралы мақала жазып бер» — деп, мамырда телефон соқтым. «Қолым тимейді, індеттің кезі ғой, үйде отырғанымды пайдаланып, әңгімелер циклін жазып жатырмын. Ол әңгімелерім «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланады, оқы», — деді.

Оймақтай оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алатын әңгіме жанрының шебері, жазушы Қажығалидың «Кесек кемпір» деген әңгімесі газетке шықты. Оқыдым. Мықты жазылған, көркем, түсінікті, әсерлі екен.

Кесек кемпірдің үстем бейнесі көз алдыңа келе қалады. Бүкіл ауылды өзіне қаратқан, тұрғындарға айтқанын орындатқан, тәртіп орнатқан, әдеп-ғұрып, салт- дәстүрді сақтатқан Тұрғали ағайдың әжесінің шешіміне Кемерши ауылының ер-азаматы да, әйелі де, жасы да, кәрісі де тоқтаған, құрметтеген.

Міне, осы бейнені шығарған. Аппақ жаулығын басына орап, қолындағы таяғымен жерді нұқып-нұқып, алдынан кесе өтпей, тоқтап, күтіп, сәлемдескендерге басын изеп, жүріп келе жатқан Кесек кемпір бейнесін көз алдыңа келтіресің.

Қажығалиға телефон соғып, әңгімеден алған әсерімді, оның маңызы, көркемдігі, Кесек кемпір бейнесі туралы ой-пікірлерімді айтып, мақтадым. Ол: «Иә, телефон соғып жатқандар бар, жақсы екен дейді», — деді. Әңгімеміз осымен аяқталған болатын. Бірақ ертеңіне Қажығалидың өзі телефон соқты. «Кесек кемпір» туралы пікір айтқандар «жақсы екен» дейді, бірақ содан аспайды, сен сияқты талдай отырып, бағалаған ешкім болмады, кешегі сенің айтқан сөздеріңді қайта еске түсіріп, телефон соғып отырмын. Сенен артық түсінген адам жоқ, жұрт жақсы пікірге сараң ғой», — деді.

«Кесек кемпір» облыстық «Ақтөбе» газетіне «Жем-Сағыз» газетіне де жарияланды. Жерлестері Қажығалидың соңғы әңгімелерінің денін «Ақтөбе» газетінен оқыды.

Қажығалидың соңғы  жарық көрген дүниесі — «Білетінің — бір, білмейтінің — мың да бір ….» деген (Абайға қайта үңілсек), Абайдың 175 жылдығына арналған мақаласы болды. Бұл мақаланы жазып, бітіріп, үстелінің үстіне қалдырған екен. Сұлухан алып, «Егемен Қазақстан» газетіне берді. Мақала газеттің 2020 жылғы 10 тамыздағы нөміріне шықты. Күрделі жазылған. Алла, өмір, Абай туралы толғаныс. Сөйтіп, Қажекең Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шығармасын да жазып үлгеріп кетті.

«Кісінің туып-өскен жері қымбат» — деген ақын М.Дулатов. Сол айтқандай, Қажығали Мұханбетқалиұлы өзінің туған жеріне, Ақтөбеге жиі келіп, келмеген кездерінде аудан, облыстағы жаңалықтарды сұрап, хабарласып отыратын.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қажығали Кемерши ауылында Ермұханбет мешітін салды. Екеуміз кеңесіп, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету жолдарын шешкен едік.

Кескін-келбеті жағынан Қажығали ортадан жоғары бойлы, толық емес, бұйра қара шашын кең маңдайын аша, бір жағына қайырған, жарасымды әсем мұрты бар, қазақтың бір сұлу жігіті еді. Тілге шешен, дауысы ашық, сөйлеген сөзі анық азамат болатын. Киімді бойына шақтап, ұқыпты, сәнді киетін. Мұның өзі жастарға үлгі ғой! Қай жаста да, қимылы ширақ болды. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға, адамдардың, билік басындағылардың әртүрлі қадамдарына бейжай қарамайтын, белсенді жеке ұстанымы бар және өз көзқарасын батыл, дәлелді түрде айтып та, жазып та тастайтын жан еді. Бильярдты жақсы ойнайтын. Бірде телефон арқылы хабарласқанымызда, өзінің Қазақстан Жазушылар одағы өткізген бильярд жарысында жеңімпаз болғанын да айтқаны бар.

Соңғы бір сөйлескенімізде, «Денсаулығым жақсы, мынадан (коронавирустан) аманмын», — деп еді… Аяулы досымды «жоқ» деуге әлі де қимаймын…

 Еркін ҚҰРМАНБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button