Тарих

Сағыныш екен сол бір кез…

Адам баласы өмір жолында талай жандармен жолығысады. Жол адамдарды жақындастырады, кімнің кім екенін білдіреді, сыннан өткізеді.

Сондай сәттердің ішінде жастықтың жалынды кезеңі — студенттік шақтың орны ерекше екен. Барға да, жоққа да қарамайтын, бірге туған бауырдай болып кететін сол тұста біз республикамыздың көптеген облыстарынан Гурьев қаласында бас қостық. Кілең еңбекте шыңдалған, өмірдің алғашқы сынынан өткен дерлік жастар танысып жатырмыз: Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент…

Гурьев педагогикалық институтының тарих факультеті — партиялық факультет деп саналатын. Негізінде, осы факультетке құжат тапсырғандардың ішкі ойында болашақта партия қызметкері болсам, лауазымды қызметтер атқарсам деген ізгі тілек жататыны жасырын емес-ті. Сондықтан да болуы керек, оған талаптанушылар да аз болмайтын.

Сөйтіп, жан-жақтан бас қосқан талапкерлер бірнеше сынақтан өтіп, 1978 жылдың күзінде аталған факультеттің дайындық курсына қабылдандық. Кураторымыз аты-жөндерімізді атап, таныстырып жатыр. Руслан Ізбақыш деген жігіттің аты-жөні маған ерекшелеу көрінді де, оған зер салып қарай бастадым. Жылы жүзді, адамды өзіне тартып тұратындығы бірден байқалды. Көп ұзамай жатақхананың бір бөлмесінен орын алдық.

Қызылорда облысының Қазалы өңірінде дүниеге келген оны көпшілік сыртынан Сыр бойының жігіті деп атап кетті. Сол уақыттарда Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» атты әні сыршыл студенттер арасында кеңінен танымал еді. Осы үндестік біздің арамызда жолдасымыздың беделін арттыра түскендей де болды.

Таныса келе білгеніміз, Руслан Оңдасынұлы 1977 жылы Әйтеке би кентіндегі Қаныш Сәтбаев атындағы №216 орта мектепті бітірген соң «Бозкөл» кеңшарында еңбек етіп, шыңдалудан өткен. Енді тарихшы мұғалім болғысы келетін талабы бар екен.

Біз де өз өмірбаянымызды қысқаша айтып бердік. Мен де мектеп бітірген соң  ауылда бір жыл жас шопандар бригадасында еңбек еткенімді жеткіздім.

Русланның өзіне тән әзіл-қалжыңы да бар екен. «Елге жету үшін пойызбен үнемі Ақтөбенің үстімен өтеміз, сенімен жақсы қарым-қатынаста болуым керек екен» деп бір жымиып қойды. Айтқан әңгімесі де өзіне жарасымды.

Студенттік алғашқы кезеңдегі бір оқиғаны қызықты етіп баяндап жүретін. Ол Қызылордаға қарай пойызға мініп, Қандыағаш станциясынан билетіне белгі соқтыруы керек екен. Бүгінгідей емес, станцияларда әңгіме орысша айтылады. Бұл кезекшіге барып, «компостировать!» деп айтуы керек. Алайда кассаға жете бере әлгі сөзді ұмытып қалады да, не айтарын білмей әбігерге түседі. Сөйтіп, біраз кідіріп қалады.

Кейін осы жайды еске алып, талай рет маған айтып жүрді, «Ақтөбенің үстінен өтіп кету оңай болмай тұр» деп. Студенттік кезде қолайлы уақытты пайдаланып, Байғанин ауданының Ноғайты станциясындағы біздің үйімізге жиі келіп тұратынбыз. Сондайда ол еркін бір демалып, еркелеп отырып анамның қою шайын рахаттанып ішетін. Менің кластастарыммен жақын араласып, көпшілігімен бұрыннан танитындай дәрежеде араласып та кеткен.

Бұл оның мінезіндегі ерекшелік еді.

Бойына біткен бір қасиеті —  адам баласын жатырқамайтын, кісі баласына жұғысқыш, тіл табысып жүре беретін…

Оның күнделігіндегі жастық шағымыздың жарқын күндерін суреттейтін сәттерді оқып, көп жайларды қазірде есіме түсіріп отырмын. Онда ол мен туралы былай дейді:

«Біз подкурстан бастап бірге жүрдік. Неге екенін білмеймін, әуелден-ақ арамыз жақын болды. Бір қарағанда екеуміздің табиғатымыз екі бөлек, мен — алдыр-салдыр, ол болса — тұйық. Көп күле бермейді.

Мереке қарсаңында оның ауылы Ноғайтыға тайып тұрамыз. Оның кластастары да мені әбден танып алған. Анасы да, әпкелері де мені жақсы таниды, бірге бармай қалсам, сұрастырып отыратын көрінеді.

Негізі ол ауылдан шыққандар институтта көп, ағайынды Жаулиндер бар, музфакта Асқар деген жігіт, физикада ма екен Сырымбай деген жігіттер болды.

Екеуміз көрші облысқа ұшып барып, болашақ жарымен үйленуі қарсаңында бірге болдық. Қалыңдығы біздің Қызылорда өңірінің белгілі азаматының қызы еді…».

1983 жылы институтты ойдағыдай бітіріп, жолдамамен жан-жаққа тарадық. Бір жағы қуаныш, бір жағы қимастық.

Дегенмен қолымыздағы дипломымыздың жемісін көру үшін қызметке кірісіп кеттік те, ендігі бүкіл шаруамыз сол тірлік аумағында өрбіді.

Жылдар жылжып өте берді.

2018 жылдың 5 мамырында институт бітіргеніміздің 35 жылдығы өтеді деген сүйінші хабар жеткенде ғана, «Апырым-ау, осынша уақыт қалайша тез зымырап өте шыққан?!» деп таңғала қарағанымыз да шындық.

Бірен-саран ғана жолдастарымызбен, онда да анда-санда кездесіп тұрғанымызбен, көптеген студенттік достарымыздың хабарын сырттан біліп келген екенбіз. Солардың бірі Руслан Ізбақыш еді…

Ол 1983 жылы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін өзі туып-өскен өңірдегі №146 «Ажар» сегізжылдық мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастады, осы мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, одан кейін директорлыққа тағайындалды. Мектеп директоры болған жылдарында ұжымды ортақ іске — жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беруге жұмылдыра білді, оның іскерлік қабілетінің нәтижесінде білім ордасында оқу-тәрбие жұмыстары жоғары деңгейде жүрді.

Руслан Оңдасынұлының негізгі мамандығы тарих пәні мұғалімі болғанымен, әдебиетке құштар еді, баспасөзбен берік байланысып, мақалаларын ұсынып отыратын. «Шағын жинақты негізгі мектептегі тарих сабағын ұйымдастыру» тақырыбындағы әдістемелік мақаласы «Білім кілті-Ключ знания» журналында жарияланып, көпшілік оқырманның ықыласына ие болды.

Ұлағаты мол ұстаз баспасөзбен берік байланысып, жүйелі жазылып тұрған мақалалары нәтижесінде Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.

Оның бойындағы ерекше бір шығармашылық қуат жас кезінен байқалатын. Әзілге, тапқырлыққа құралған тың идеяларға көкірегі толы болатын.

Әлі есімде, бір тұста студент кезімізде екеуара өзгеше бір формада хат жазысуды бастадық. Екеуміз — екі облыстың өкілдеріміз. Хатымыздың мазмұны іскерлік, өзара ынтымақтастық сарынында құралған. Мәселен, мен Ақтөбе облысының жағдайын айта келіп, Қызылорданың өкілінен, яғни досымнан бірнеше вагон күріш пен балық жіберуді сұраймын. Оның есесінен көршілерімізге семіз мал етін, астық бере алатынымды мәлімдеймін.

Шіркін, балалық қиялымызда шек жоқ қой, екеуміз осылайша жоғары деңгейдегі көп шаруаларды «шешіп» тастайтын едік. Басқа да күрделі мәселелер біздің назарымыздан тыс қалмайтын.

Руслан досымыз ұстаздықты таңдамағанда, бәлкім, жазушы болып кетер ме еді… Тіпті өзіміз қиялдайтындай лауазымды басшы болып жатса да, оған артықтық етпес еді…

Біз ол арамыздан кеткеннен бергі бір жыл ішінде досымызбен оның жазбалары арқылы сырласамыз, оның жансыз бейнесі бізбен әңгімелескендей болады.

Студенттік кезде екеуміздің гитара аспабында шебер ойнап, «Анаға хат», «Тұмарым», «Есіңе ал» әндерін шырқайтынымызға бүгінде біреу сеніп, біреу сенбес…

«Өмір бір орнында тұрмайды. Достармен хабарласпасаң, бәрінен кенже қалып, бар-жоғың белгісіз боп жүре беруің де  мүмкін. Адам орта жастан ауа жастық шағын аңсап, бірге өскен достарын сағына бастайды екен. Бұл сезім әркімде әртүрлі болатын  да шығар.  Біреулер кіндік қаны тамған туған жерін аңсаса, біреулер кішкентайынан құм кешіп, бірге ойнап өскен бала күнгі достарын, біреулер жастық дәуреннің  ұмытылмас бақытты сәттерін сағынып, қатар-құрбы, замандастарын іздеуі әбден мүмкін», — депті бір жазбасында.

Иә, шынында да солай.

Өмір бір қалыпты бола бермейді ғой. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында жолдасымыз  сырқатқа шалдықты. Басына бірнеше рет ота жасалып, үміт пен күдік алмасқан сәттер болды. Соның өзінде ол жақсылықтан күдер үзбеді. Оның алдында осындай қиындықтарды бастан өткерген, өз тағдырыма байланысты ауыр болжамдарды Алланың қолдауымен, мәскеулік білікті дәрігерлердің көмегімен жеңіп шыққан мен де досыма демеу сөздерімді айтып жүрдім…

2020 жылдың желтоқсан айының соңғы күнінде ол алпыс жасқа толатын еді. Біздер досымыздың осы бір мерейлі шағын бірге атап өтеміз, қуанышын бөлісеміз деп ойлаған едік… Бірақ ондай жақсы күн бізге бұйырмады.

Адам ғұмыры әдетте ұрпағымен өрістейді. Ол Гурьев педагогикалық институтын өзінен бір жыл кейін бітірген зайыбы Әсия Бергенова екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, немерелерін көріп кетті.

Енді біз досымыздың ұрпағының қуаныштарын бөліскіміз келеді. Оларды біз студенттік кездегі досымыздың көзі, өмір жалғасы деп білеміз. Жолдасымызды іздеген, сағынған сәттерімізде олардың жүзінен, күлкісінен, қас-қабағынан әкелерінің дидарын көрсек дейміз. Лайым, солай болғай да!

Руслан бәрін де сағынып жүретін: өзі айтқандай, кіндік қаны тамған жерін де, бала күнгі достарын да, жастық дәуренді бірге өткізген студенттік шақтарды да…

Әсіресе кейінгі жылдардағы кездесулерімізге асыға, ерекше бір сезіммен, аңсап жететін. Әрбір курстасымызға жылы жүрегімен аялай қарап, көз қуанышын сездіріп отыратын.

Сондай бір жақсы жүздесулерден кейін ол өзінің күнделігіне: «Өмір болса әлі талай кездесерміз, ең бастысы, амандық болғай. Өзіңдегі сезімді өзгелерден талап ету бекершілік болар, бірақ мен сендерді әр кез сағынып, баяғы жап-жас күйлеріңде ылғи түсімде көріп жүремін…» деп жүректегі жазуларын түсіріпті.

Жақында ғана Руслан досымыздың ғұмыр жолындағы көрген-білгені, дос-жолдастары, ізгілікті ойлары қамтылған артына қалдырған жазбалары «Мен сендерді сағынамын…» деген атпен баспадан жарық көрді.

Сол сағыныш енді бізге ауды…

Аяулы достың асыл бейнесі күн сайын дерлік көз алдымызда. Айналасына мейіріммен қарап, ылғи да жақсылық тілеп тұратын Руслан Ізбақыштың дара тұлғасы оның достарының, әріптестерінің және алдынан тәлім алған, құрмет тұтатын көптеген шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады.

Р.САҒЫЗБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button