Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік шежіресі: 2000 жыл

Әбілқайыр хан ескерткіші және Олимпиада алтыны

Қазіргі қолданыста жүрген күнтізбе бойынша екінші мыңжылдықтың соңғы жылы және ел тәуелсіздігінің тоғызыншы жылы болып табылатын 2000 жыл бірқалыпты, тыныш өтті. Бұл жыл көне шаһар Түркістанның 1500 жылдық мерейтойымен және қазақ спортшыларының Сиднейдегі табыстарымен ел есінде қалды. Ақтөбедегі облыстық әкімдік үйі алдындағы бұрынғы Ленин ескерткішінің орнына Әбілқайыр ханның ескерткіші орнатылды. 9 санын киелі санайтын үлкендер жағы тоғызыншы жылдың бүкіл өмірі басқыншыларға қарсы арпалыспен өткен Әбілқайыр ескерткішімен айшықталуын жақсылыққа жорысқан еді…

Киелі, күмбезді Түркістан

Киелі қаланың 1500 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық 1998 жылдан басталды. Түркістан қаласының мерейтойына әзірлік және оны өткізу жөніндегі комиссияға сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. Қаланың мерейтойы ЮНЕСКО күнтізбесінде енген оқиғалар қатарында кең көлемде атап өтілді, оның аясындағы шараларға өз еліміз ғана емес, бүкіл түркі мемлекеттерінен, көршілес елдерден саясаткерлер, ғалымдар, өнер адамдары қатысты.

Ақтөбеліктер де бұл тойға өз үлестерін қосты. Мысалы, Түркістанның 1500 жылдығына арналған «Түркістан және Ұлы даланың музыкасы» атты халықаралық фестивальде Қазанғап мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізуші күйші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Бақыт Басығараев ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Облыстық «Ақтөбе» газеті бұл жетістік жөнінде: «…фестивальға Өзбекстан мен Түрікменстаннан басқа түркі тілдес елдердің бәрінен өнерпаздар қатысқанын ескерсек, бұл — он екі перне, қос ішектің құдіретін түсінетін күйшінің тамаша жетістігі.

Мұнда ежелгі даланың ішекті аспаптары ғана емес, сондай-ақ башқұрттардың қурайы, қазақтардың сыбызғысы, сақаның хомуз-ворганы да «сөз алды». Фестиваль түркітілдес халықтардың дәстүрлі мәдениетінің рухани қуатын танытты. Осындай додалы жарыста қазақтың күй өнерінің шоқтығын биіктеткен күйші Б.Басығараев өзінің өлмес мұраның жоқтаушысы ғана емес, тамаша орындаушысы да екенін тағы бір дәлелдеді», — деп жазды.

Айта кетейік, қазіргі күні ғалымдар Түркістан қаласының тарихы 1500 жылдың емес, кемінде 3000 жылдың айналасын қамтиды деген пікір ұстанып отыр. Бұған дәлел — қаланың тап іргесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құрылыстар орындары мен көне жәдігерлер. Биылғы сәуір айында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен археологтардың қатысуымен «Түркістанға — 3000 жыл» атты дөңгелек үстел өткен еді. Осы жиында ҚР ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев Түркістанның 1500 жылдығын атап өткен кездегі мәліметтер кеңестік ғылымнан алынғанын, ал қазір кеңестік ғылымға сүйенудің қажеті жоқ екенін нықтап айтқан болатын. Расында, кеңестік тарих ғылымы қазақ халқының тарихына көп қиянат жасағаны белгілі. Сондықтан қазақ жеріндегі көне қалалардың, соның ішінде Түркістанның да жасы нақты дәлелдер арқылы анықталып, ақиқаты айтылады деп үміттенеміз.

«Армысыз, алдияр!»

2000 жылдың желтоқсан айында Ақтөбенің басты алаңы саналатын облыстық әкімдік алдындағы алаңға Әбілқайыр хан ескерткіші орнатылды. Жергілікті қазақ газеттерінің бұл хабарды жариялағанда, «Армысыз, алдияр!», «Иә, аруақ!» деген тақырып, айдарларды қолдануының өзі халыққа өлгені тіріліп, өшкені жанғандай әсер еткен еді.

Атқа мінген Әбілқайыр хан ескерткіші қоладан құйылған. Салмағы — 11 тонна 200 килограмм. Биіктігі — 6,5 метр. Авторы — Ескен Сіргебаев. Ескерткіште Әбілқайыр ханның бас қолбасшы ретінде қазақ әскерін Аңырақай шайқасына бастап шығарғалы тұрған сәті бейнеленген.

Ескерткіштің ашылу салтанаты 11 желтоқсанда өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының сол кездегі төрағасы  Оралбай Әбдікәрімов, облыс басшылығы, қалың жұртшылық қатысты. Сол кездегі облыс әкімі Аслан Мусин өзінің сөйлеген сөзінде: «Ақтөбеде Әбілқайыр ханға ескерткіш ашылуы тарихи заңдылық болып табылады. Ол сатқындықпен өлтірілген өзінің соңғы күніне дейін Хан ордасын Ақтөбе өңірінде ұстады. Оның мүрдесі осы жерде жатыр», — деді.

Қазақстан — 22-орында

2000 жылдың 15 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында Австралияның Сидней қаласында ХХVІІ жазғы Олимпиада ойындары өтті. Оған аттанған Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Ақтөбеден 4 спортшы болды: боксшы Ермахан Ыбырайымов, дзюдошылар Гүлнәр Көшербаева мен Асхат Шахаров және еркін күрес балуаны Әділ Ибрагимов.

Жамбыл бокс мектебінің түлегі, Атланта Олимпиадасында қола жүлде алған Ермахан Ыбырайымовты Ақтөбе қаласының сол кездегі басшылығы 2000 жылдың маусым айында біздің облысқа шақырған болатын. Ондағы мақсат — Ермахан облыс спортшыларына көшбасшы болса, басқалар соған қарап бой түзесе, жаттығуға тер төккен, талаптанған әрбір спортшының Олимпиада жүлдесінен үміт ете алатынын түсінсе деген ниет еді.

Ермахан Ыбрайымов үшін Ақтөбе құтты мекен болды. Сиднейде ол 70 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Олимпиада жеңімпазы атанды.

Ермаханның алтынынан бөлек, бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасы тағы да 2 алтын, сондай-ақ 4 күміс жеңіп алды. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов (бокс) пен Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) алтын алса, Болат Жұмаділов (бокс), Мұхтархан Ділдабеков (бокс), Ислам Байрамуков (еркін күрес) және Александар Винокуров (велоспорт) күміс алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 22-орынды иеленді. Жас мемлекет үшін бұл үлкен жетістік еді.

Ермахан Сиднейден оралған соң, өзінің алтынын Ақтөбеге арнайтынын айтқан еді. Алайда сарапшылар оның алтын жүлдесін Ақтөбе өңірінің спорттық жетістіктерінің қатарына қоспайды, өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, оның Жамбыл бокс мектебінің түлегі екені — баршаға белгілі жайт. Өкінішке қарай, сырттан шақырылған бірер спортшыны айтпағанда, тәуелсіздік жылдарында біздің облысымыздан бірде-бір Олимпиада жүлдегері шыққан жоқ…

Алғашқы балуан

2000 жылы ақтөбелік балуандардың арасынан алғаш рет әлем чемпионы шықты. Ол — самбошы Асхат Шахаров еді. Асхат Шахаров осы жылы Киевте өткен самбодан әлем чемпионатында 74 кг салмақ дәрежесінде топ жарды.

Оның алдында, яғни қыркүйек айында Асхат дзюдодан (самбо мен дзюдо ұқсас спорт болғандықтан, бұл екеуін қатар алып жүретіндер көп) Сидней Олимпиадасына қатысып, 1/8 жарыс кезеңінде украиналық балуаннан жеңіліс тапқан болатын. Ал арада аз уақыттан кейін сол Украинаның астанасында әлем чемпионы атағын жеңіп алу бақыты бұйырыпты. Бұл — Асхаттың самбодан ересектер арасында алғаш рет әлем чемпионы атануы еді. Бұдан соң Асхат 2004, 2005 жылдары да самбодан әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сондай-ақ ол —осы спорт түрінен 1998, 2002 жылдардағы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері және дзюдодан 2001 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Спортшының жаттықтырушылары — Асылбек Құлмағамбетов (самбо) және Ізбасар Жұмаш (дзюдо).

Өткен жылдың 16 наурызынан бері Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының әкімі қызметін атқарып келеді.

Жаңа ипподромның ашылуы

 Осы жылы Ақтөбе қаласы аумағындағы Орск-Хромтау тасжолы қиылысында жаңа ипподром салынды. Қазақтың ұлттық спорты көп жағдайда атпен байланысты екені белгілі. Ипподром құрылысы ұлттық спортты дамыту мақсатымен қолға алынған болатын. Оның ашылу салтанаты 7 қазанда өтіп, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық мерекесімен орайластырылды. Осының аясында ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін, үздік ұжымдарды марапаттау, асылтұқымды мал көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, құнан және жорға жарыстар, тоқ бәйге мен аламан бәйге өтті. Жүлдеге бір «Волга» автомашинасы, 5 «Жигули», мотоциклдер, теледидарлар, т.б. тұрмыстық техника түрлері қойылды.

2000 жылдан бері мұнда көптеген үлкен жарыстар өтіп, бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген спортшылар сан рет осы ипподромда бас қосты. Мысалы, 2016 жылы мұнда ат спортынан жастар арасындағы ҚР чемпионаты өтті.

Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button