Жаңалықтар

Әрбір кәсіпкерге қолдау бар

«Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа кәсіптерін ашқандар да, бұрынғы кәсіптерін кеңейткендер де баршылық.

Биыл Әйтеке би ауданында аталған бағдарлама бойынша 7 жоба жүзеге асырылмақ.

— Ел экономикасының негізгі тірегі болып отырған шағын және орта бизнес саласын қолдауға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр.Бағдарлама аясында кәсіпкерлер өндіріс, құрылыс, білім, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы өз бизнес-жобаларын табысты жүзеге асыруда.

Бүгінгі күні Әйтеке би ауданында осы бағдарлама арқылы инфрақұрылым жүргізуге үш кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Атап айтсақ, олар: аудандағы «Салтанат» кемпингіне су құбырын жүргізу, «Жаса» шаруа қожалығына жарық өткізу және «Гроза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне су және жарық жүргізу үшін инфрақұрылым тарту жұмыстары.

Сондай-ақ мемлекеттік грант бойынша 2 жоба қолдау тауып отыр. Ауданымыздағы жеке кәсіпкер Гүлдәурен Бозшина 2,5 миллион теңге грантқа ие болып, жылыжай кешенін ашса, Базаркүл Нұржановаға жүн түту үшін құрал-жабдықтар сатып алуға 4,1 миллион теңге мемлекеттік грант берілді, — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алтынгүл Доданова.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде аудан бойынша 11 жоба ұсынылған. Бүгінде оның 9-ы қаржыландырылып, Аграрлық несие корпорациясы  арқылы қолдау тапқан.

Сонымен қатар мемлекеттік грант бойынша жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін 3 кәсіпкер өз бизнес жобаларын ұсынып, қатысуға ниет білдірген. Грантқа құжаттарды қабылдау жұмыстары шілде айында басталмақ.

— Ауылдық округ әкімдері өз кәсібін бастаймын деген ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудандық кәсіпкерлік бөліміне хабарласуға да болады. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша  толық ақпарат түсіндіріліп, әрбір кәсіпкерге қолдау көрсетіледі, — дейді А.Доданова.

Бағдарлама нәтижесі

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі — Әйтеке би ауданындағы жеке кәсіпкер Базаркүл Нұржанова. Ол былтыр күзде «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы арқылы 4 миллион теңге несиеге ие болып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.  Бірнеше жылдан бері тігін тігу ісімен айналысатын кәсіпкер бұл жолы жүн түтуді қолға алды.

Ол үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы несие рәсімдеп, қаражатына жүн түтетін және жуатын, жастық тазартатын аппараттар, тігін машинасы, үтік, басқа да кәсібіне қажетті құралдарды сатып алды.

— Өз кәсібімнің қыр-сырын меңгердім десем де болады. Адам баласы ерінбесе, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізсе, ырысы артып, берекесі молаяры сөзсіз.  Мен осы кәсіппен айналысып келемін. Халыққа осындай қызмет түрі керек екеніне көзім жетті. Себебі аудан тұрғындары жүнді қалаға апарып әуре болмайды.  Жарамсыз болып қалған мақтаны немесе қой жүнін тастағаннан гөрі оны қайта өңдеп, пайдаға асырған халыққа өте тиімді. Тұтынушыларымыздың алғысын алып, ризашылығына бөленіп жатамыз.

Қазір күн енді ысып, шаруаның қыза түсетін шағы. Көпшілік қыстан шыққаннан кейін қалың көрпелерін қайта өңдей бастайды. Қой жүнін халықтан сатып аламыз. Кейде түйе жүнін де өңдеуге алып келетіндер бар. Оны тазартып, жуып, түтеміз. Қиындығы да жоқ емес. Жүн түткесін шаң-тозаң болады. Шыдамдылықты талап етеді, — дейді кәсіпкер.

Мемлекеттік бағдарлама туралы құлағдар болып, бірнеше рет арнайы курс оқыған Базаркүл Нұржанова 6 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады.

— Бұрын бухгалтер, кассир болып қызмет еттім. Жұмыстан қысқарып, 2012 жылы жаныма жақын тігін тігу ісімен айналысып жүрдім. Кейін кәсіп ашуды ойластырып, мемлекет тарапынан берілетін тиімді мүмкіндіктерді пайдаландым. Жеңілдетілген несие қарапайым кәсіп бастаймын деген немесе кеңейтемін деген адамдар үшін өте қолайлы мүмкіндік. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы, басқа да түрлі курстарды оқып, сертификат алдым. Осы кезге дейін қыз жасауын тігумен айналысып келдім. Қазір де тапсырыс болса, көрпелер, ұлттық киімдер тігіп тұрамыз. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейткім келеді, — дейді ол.

Бүгінде кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыз қыз-келіншектерге тігіншілікті үйретеді.

2 миллион теңге несиені 6 пайыз жеңілдікпен алып, кәсіп бастағандардың бірі — Әйгерім Төребекова. Бастапқыда бөдене шаруашылығымен айналасуды бастап, алған қаражатына кәсіпке қажетті құралдарын сатып алды. Соңғы үш жылдан бері аудан орталығынан көкөністер мен жемістер сататын дүкен ашты.

— Бүгінде сауда ғимаратын жалға алып, кәсібімді жүргізіп отырмын. Барлық көкөністер мен жеміс-жидектерді Ақтөбе қаласынан өз жүк көлігімізбен алдырамыз. Тұрмысқа қажетті барлық көкөніс түрлерін халыққа қолжетімді бағада ұсынамыз. Алдағы уақытта сауда орнымның жанынан тағы бір бөлмені ашқалы отырмыз. Ол жерден түрлі көкөністерден салат түрлерін дайындап, сатқым келеді. Алдағы уақытта жаз мезгілі келе жатыр. Қарбыз, қауын сату маусымы басталады. Өзімнің жеке ісіммен айналысқаныма қуаныштымын, — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлердің қай-қайсысы да «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасының тиімді екенін айтады. Себебі алты пайыздық үстемеақы қазіргі нарық заманында кәсіпкер шаруасының түзеліп кетуіне септігін тигізуде. Ісі алға басқан кәсіп иелері енді оны кеңейтуді көздейді. Осылайша бағдарлама өз нәтижесін беруде.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button