Мәдениет

Жәдігер жерде қалмасын десеңіз…

Биыл карантиндік шектеулерге байланысты 18 мамыр — Халықаралық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түні — 2021» шараларының дені онлайн форматында ұйымдастырылды.

Мерекеге арналған дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясына орай ұйымдастырылған брифинг барысында музейдің қорларды ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов, бас қор сақтаушы Базаргүл Тұрлыбаева акция жөнінде көп ақпарат берді.

—  «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясының мақсаты —  Ақтөбе өңірінің ежелгі тарихы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын ұлттық қолөнер бұйымдары, зергерлік бұйымдар, қыл қалам туындылары, тұрмыстық бұйымдар  және  өзге  ұлт өкілдерінің ұлттық, тұрмыстық  заттарын, сирек  кітаптарды, өткен тарихи кезеңдердің дамуын айғақтайтын деректерді, ескі қолжазбаларды, құжаттарды, суреттерді, Ұлы Отан соғысына, тылдағы еңбекке байланысты материалдарды және бүгінгі жаңалықты ертеңгі тарих ретінде  жинақтау, — дейді Нұрболат Ғаббасов.

Базаргүл Тұрлыбаеваның айтуынша, «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы жыл бойы жүргізіле беретін болады. Осы акция аясында музейге тапсырылған заттар қорға қабылданып, тіркеуге алына береді.

Акция қолға алынғалы бері ересектерден бастап мектеп оқушыларына дейін қолына түскен музейлік маңызы бар заттарды, құжаттарды тапсырды. Соның нәтижесінде музей қорына 8 мыңнан астам жәдігер қабылданды. Оның ішінде құнды дүниелер көп, мәселе, күміс білезіктер, ұлттық нақышта жасалған төсеніштер, киімдер, тұрмыстық заттар бар. Музейге тапсырылған заттар ешқашан жоғалып кетпейді, ол құжатталып, нөмірленіп, акт жасалып, қорда сақталады. Осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Облыс тұрғындарын музей қорын — рухани қазынаны толтыруға атсалысуға шақырамыз, — дейді Б.Тұрлыбаева.

Брифинг барысында қорларды ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімі есепке алу секторының меңгерушісі Айгүл Кадылчина музей жұмысының ерекшеліктері туралы айтты.

Шараға қатысқан қала тұрғыны Оралбай Елубайұлы музей қорына әкесінің өз қолымен тіккен саптама етігін тапсырды.

— Мен Байғанин ауданы Оймауыт ауылының перзентімін. Әкем 97 жасқа келгенде өмірден өтті. Ол — қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп жылқы баққан адам. Мына саптама етікті мал терісінен — таза былғарыдан өзі тіккен. Тігісі мықты, бірде-бір темір шеге жоқ, ағаш шегемен бекітілген. Менің жасым 73-ке қарады, бүгінге дейін әкемнің етігін сақтап келдім. Осы құнды дүние жоғалып кетпесе екен, кейінгі ұрпақ ат үстінде жүрген ата-бабасының қандай киім кигенін білсін деген ниетпен музей қорына тапсырып отырмын, — деді ол.

Қаламыздағы №55 орта мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Берік Сатмағанбетов музей қорына осы мектептің технология пәні мұғалімі Мәлік Жұртқановтың (эскиз авторы — ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Ахмет Құбай) батыр Сапура Мәтенқызына арнап жасаған пилон-стеланың көшірмесін тапсырды.

Сондай-ақ «Музей түні — 2021» мерекелік шаралар аясында аудандық музейлерге арналған «Музейдегі қор ісі мәселелері мен шешімдері» ғылыми-әдістемелік онлайн семинар ұйымдастырылды.

«Ақтөбе өңірінің жыршы, жыраулары»  тақырыбында өткен онлайн кездесуде жыршы Демеу Жолымбетов жыр айтып, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай Ақтөбе өңірінің эпостық жырлары, фольклорлық мұрасы туралы айтты. Қолөнер шебері Ерқосай Әбіловтің қатысуымен қамшы тоқудан шеберлік сағаты да онлайн форматта өткізілді.

— Сонымен бірге мерекелік шаралар аясында «Сіз  білесіз бе?» атты табиғат әлеміне саяхат онлайн-викторинасы өткізіліп, «Қазағымның әндері-ай» тақырыбында караокемен әндер шырқалды,  «Алтын адам», «Руханият», «Өлке табиғаты» залдары бойынша онлайн-экскурсиялары жүргізілді, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпанов.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button