АуылЭкономика

Ауылды дамыту — маңызды міндет

Ауыл — Қазақ елінің жүрегі. Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше.

Бүгінгі күні облыс аумағында 315 ауыл орналасқан. Ауыл халқы 253 мың адамды немесе өңір халқының 28%-ын құрайды.

Ауылдардың дамуына жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты облысымыздағы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту — басты міндетіміз.

Ауылдардағы инфрақұрылым дамуы

Қазіргі таңда орталықтандырылған ауызсумен жалпы ауыл халық санының 88,8%-ы (224,9 мың адам) немесе 191 ауылдық елді мекен қамтылған.

Сонымен бірге көгілдір газ игілігін жалпы ауыл халқы санының 91,8%-ы (232,5 мың адам) немесе 118 ауылдық елді мекен көріп отыр.

315 ауылдың 227 ауылы немесе 72,1%-ы интернет желісін (кең жолақты интернет — 57 ауыл, сымсыз — 116 ауыл, спутниктік байланыс және радиорелелік — 54 ауыл) пайдаланады.

Бүгінде халық саны және даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендер денсаулық сақтау және білім беру нысандарымен толық қамтылды.

Облыстың ауылдық елді мекендерінде 281 жалпы білім беретін мектеп және 320 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасауда.

Ауылдарда 279 медициналық мекеме қызмет көрсетеді, оның ішінде 8 аурухана, 7 емхана, 68 дәрігерлік амбулатория, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт және 186 медициналық пункт бар.

Жалпы, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділігі жоғары деңгейде.

Әрине, мәселесіз ауыл жоқ. Облыстың кейбір ауылдарында шешімі ұзақ жылдарға созылған су, газ және жол жайы тұрғындар үшін бас ауруына айналған. Одан бөлек, спорт алаңы, балаларға арналған ойын алаңы деген сияқты заман ағымына сай орындар да қажет.

Мұның барлығы уақытқа қатысты шешілетін дүние. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар көмегімен «Ауыл — ел бесігі» жобасы арқылы ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілуде.

Мемлекеттік бағдарламалар көмегі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол өңірлерде әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

«Ауыл — ел бесігі» жобасының басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып табылады.

Біздің облысымызда «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы аясында 2019 жылы халық саны 29,5 мың адам болатын.

Үш перспективалы ауылда (Шұбарқұдық, Мәртөк, Бадамша) жалпы құны 1,2 миллиард теңгеге жол құрылысы және әлеуметтік нысандарды жөңдеу бойынша 7 жоба жүзеге асырылды.

2020 жылы халық саны 78 мың адам болатын 13 перспективалы ауылдарда (13 тіректі — Маржанбұлақ, Комсомол, Қарауылкелді, Ырғыз, Бадамша, Мәртөк, Шұбарқұдық, Кеңқияқ, Ойыл,Ақжар, Көктау, Бозой және Шұбарши) 4,2 миллиард теңгеге (республикалық бюджеттен — 3,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен — 0,2 миллиард теңге) 31 жоба жүзеге асырылды.

Мәселен, Ақжар, Қарауылкелді, Шұбарқұдық, Кеңқияқ, Көктау, Ойыл және Шұбарши ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынды.

Биыл халық саны 68 мың адам болатын 19 перспективалы ауылда (15 тірек, 4  серіктес) 3,8 миллиард теңгеге (республикалық бюджеттен — 3,4 миллиард теңге, облыстық бюджеттен — 0,4 миллиард теңге) 39 жоба іске асыру жоспарлануда, оның ішінде әлеуметтік нысандар — 13 жоба, автомобиль жолдары — 22 жоба, инженерлік инфрақұрылым және қайта салу бойынша — 4 жоба.

Осы жоба аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдар қарқынды дамып келеді. Бұл арнайы жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пандемия салдарынан туындаған төтенше жағдай режимінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, отандық бизнеске қолдау көрсету және жұмыс орындарын ашу мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуы басталған болатын.

Былтырғы жылы облыс ауылдық елді мекендерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауылдардың өзінде (білім беру және денсаулық сақтау нысандар құрылысы, күрделі жөңдеу, қайта жаңарту, жарықтандыру) 2940 жұмыс орны құрумен 11,6 миллиард теңгеге 126 жоба жүзеге асырылды.

Биылғы жылы ауылдардың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 6,9 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша 23 жоба жүзеге асырылады.

Мемлекет тарапынан уақытында қабылданған шаралар облыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берді және өңірдің одан әрі дамуына оң әсерін тигізді.

Сонымен бірге былтырғы жылы облыс ауылдары инфрақұрылымын дамыту мақсатында басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында («Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту») аясында 16,4 миллиард теңгеге 67 жоба жүзеге асырылды.

Бұдан басқа білікті мамандарды ауылға тарту мақсатында 2020 жылы «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға әлеуметтік саланың және агроөнеркәсіптік кешеннің 829 маманы тартылды, олардың 69,6%-ы көтерме жәрдемақы алды (577 адам), 30,4%-ы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер алды (252 адам).

Аталған шараларға 1 187,7 миллион теңге бөлінді (көтерме жәрдемақы — 234,5 миллион теңге, бюджеттік несиелер — 953,2 миллион теңге).

Биылғы жылы аталған бағдарлама аумағында 759 маманға 1 032,1 миллион теңге  қарастырылған, оның ішінде 182 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер (797,6 миллион теңге), 577 маманға көтерме жәрдемақы (234,5 миллион теңге) болып жіктеледі.

Ауылда кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында («Бизнестің жол картасы» және «Еңбек») 738 жаңа жұмыс орнын құрумен 3,0 миллиард теңгеге 1179 жоба жүзеге асырылды.

Бұдан басқа соңғы 2 жыл ішінде облыс ауылдарына кәсіпкерлік саласының өкілдері 1,3 миллиард теңгеден астам қаражатқа 400-ге жуық жоба бойынша көмек көрсетті.

Мысалы, Алға ауданында «Нектар» ӨК Тамды ауылының дәрігерлік амбулаториясы ғимаратын 31 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізді.

Байғанин ауданы ауылдарында балалар ойын алаңшығы, «Workout» спорт алаңдары және хоккей корты сияқты жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен бірге былтырғы жылдан бастап облыстың барлық 135 ауылдық округінде бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. 2020 жылы округтердің дербес бюджетіне жалпы 1,1 миллиард теңгедей салықтық түсімдер түсті. Аталған қаражатты жергілікті ауылдық округ әкімдері ауыл көшелерін жарықтандыру, абаттандыру мен көгалдандыру және елді мекен санитариясын қамтамасыз ету сияқты шараларға жұмсалуда.

Еліміздегі төтенше жағдай мен шектеулі шараларға қарамастан, жүйелі жұмыстың нәтижесінде былтырғы жылы облыс ауылдарында 200-ден астам бюджеттік жоба жүзеге асырылды. Мемлекет және облыс әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының сезінетіндігіне сенім мол.

Облыс ауылдарын дамыту жұмыстары бұдан әрі жалғасатын болады.

Гүлқасима СҮЙІНТАЕВА,
облыстық экономика және
бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button