Мәдениет

«Бәкірдің ғасырлық мерейтойына әзірлікті бүгіннен бастасақ…»

Шығармашылық ғұмыры өткен ғасырдың 60-80 жылдарына дөп келген, яғни Хрущев кезіндегі жылымықтан басталған қазақ композиторлары, олардың туындыларына сөз жазған ақындар маған ұлттық ән өнерінде ерекше миссия арқалаған буын секілді көрінеді.

Жарты ғасыр уақыт бойы түрлі шырғалаңды — 1916-ның зарын, Қазан төңкерісін, ақтар мен қызылдар арпалысын, екі бірдей аштықты, ұжымдастыру, кәмпеске, т.б. сұрқия науқандардан тұратын қуғын-сүргінді, 37-нің зұлматын, дүниежүзілік соғысты, соғыстан кейінгі жылдардың қасіретін бастан өткеріп, халық әбден қажыған, есеңгіреген шақта, қазақ әнінің көгінде Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыгелді Сейілов, Сейдолла Бәйтереков, Ілия Жақанов сынды алыптардың бірінен соң бірі пайда болуы тегіннен-тегін емес секілді. Бұл, бәлкім, 37-де Алаш арыстары болып тапталған, атылған, соғыс жылдарында Төлеген, Нұркен, Әлия мен Мәншүк болып қыршын кеткен Рухтың қайткенде де жоғалмасқа, мәңгі өлмеске серт етіп, өз күлінен дүр етіп қайта тірілетін феникс құсындай, өз ұясына ән болып қайта оралғанындай тылсым бір құбылыс па?..

Ақбұлақтың жағасында туып-өскен ақын Бәкір Тәжібаев та — сол ерекше миссия арқалаған буынның өкілі. Ең көрнекті өкілдерінің бірі. Бәкірдің «Ақбұлағы», Ескендір Хасанғалиевтің оның сөзіне жазған «Күн дидарлы Қазақстан», «Ауылым — әнім», «Алматының алмасы», «Бозторғайым» әндері Қазақстанның өз ішіндегі ғана емес, атажұрттан тыс жүрген қазақтардың арасында да кең тарады. Ал Сейдолла Бәйтерековтің оның мәтініне жазған «Әлия» әнімен Роза Рымбаева 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» фестивалінің жеңімпазы атанды.

Бүгін Бәкір Тәжібаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай біз ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгірді әңгімеге тартқан едік.

— Сізді Бәкір Тәжібаев шығармашылығының жанашыры, іздеушісі ретінде білеміз. Жалпы, оның  шығармашылығымен таныстығыңыз қалай басталды?

— Бәкір Тәжібаевтың көзін көрген жоқпыз, алайда шығармаларын бала кезден жаттап өстік. Оның жырлары мен әндерінің жаныма жақындығы соншалық, «Бәкірді бір көрсем» деп ылғи армандаушы едім. Бірақ біз есейеміз дегенше, Бәкір ақын дүниеден өтті. Бала күннен жаныңа жақын тұтқан, арманың болған тұлға бәрібір ұмытылмайды ғой. Ол туралы газетте жарияланған мақалалар мен хабарларға, ел адамдары айтқан естеліктерге үнемі елеңдеп жүретін болдым. Бала күннен таныс ән-жырларынан бөлек, барлық шығармашылығымен түгел танысып шығайын деп ниеттендім. Сөйте жүріп, көпшіліктің оны тек ақын, композитор ретінде танитынын, ал драмалық шығармаларының қалтарыста, көлеңкеде қалып бара жатқанын түсіндім. Бұл кезде Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында әдебиетші болып қызмет ететінмін. Бәкірге ағалық қамқорлық көрсетіп, оны Алматыға арнайы алдырған да Тахауи Ахтанов емес пе еді? Ендеше сол ұлы тұлғаның есімін иеленген театрдың репертуарында Бәкірдің шығармалары болуы керек қой? Осындай оймен, 2006 жылы Бәкір ағаның үйіне хабарласып, ақынның жары Сапаргүл апайдан ескі машинкаға басылған 8 пьесаны арнайы қолхат жазып, алып келдім. Солардың арасынан «Ана жүрегі» пьесасын сахнаға шығардық. Театрдың жылдық жоспары алдын ала бекітіледі ғой, ал пьеса сол жоспарға енбегендіктен, қаржы мәселесі туындады. Демеушілер іздеуге тура келді. Ақыры ол мәселе өнер жанашырларының арқасында оң шешімін тауып, қойылымды қою режиссер Дәметкен Құсайыноваға тапсырылды. Спектакль көрермендердің көңілінен шықты. Ана рөлінде актриса Шалқия Бақытжанова ойнады, оның сомдаған бейнесін көрермен өте жылы қабылдады. Осы қойылымнан соң «Ақтөбе» газетіне «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген көлемді мақала да жарияладым. Ондағы ойым — актерлерді жігерлендіру еді.

— Бәкір Тәжібаевтың басқа да драмалық шығармалары, олардың ерекшелігі туралы айтсаңыз?

— Бәкірдің «Ән жолдары», «Ақбала — Боздақ», «Ақтау әні» («Жалынмен жағаласқандар») , «Сал Сары мен Қыз Қосан», «Біздің ән», «Зәуреш» («Әке»), «Қилы-қилы тағдырлар» сынды пьесалары бар. Қай пьесасын алсаңыз да өлеңмен өріліп, әнмен астасып жатады. Яғни автордың тек сөз иесі — қаламгер ғана емес, саз иесі — композитор, әнші екені де бірден аңғарылады.

Сондай-ақ ақынның әнге жазған өлеңдерінен де драмаға тән сипаттар байқалады. Ол әндерді тыңдағанда, бейне бір кино көріп отырғандай сезімде боласыз. «Әлия» әнінің өзі — тарихымыздың сан тарауынан сыр шертетін дүние ғой: батыр қыздың соғысқа дейінгі тағдыры; соғыстағы ерлігі; одан соң осы әнмен қазақ әншісінің «Алтын Орфейде» бас жүлдені иеленуі…

Бәкірдің шығармашылығы қаншалықты зерттелген?

— Жақында Алматыдағы ұлттық кітапханадан Бәкір Тәжібаев шығармаларының тізімін және олардың қайда, қашан жарияланғаны туралы мәліметтерді алдым. Бәкірдің шығармашылығы туралы зерттеулер әлі аз. Зерттеуші Ерқосованың «Бәкір Тәжібаев өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері» деген еңбегін көрдім. Бәкір туралы жазушы Мәди Айымбетовтің  «Әуенге әлдиленген ақын», ақын Ертай Ашықбаевтың «Ақбұлақ-аға» атты жақсы мақалалары бар. Сонымен бірге мерзімді баспасөзде ақынның жары Сапаргүл Абызбаеваның Бәкірдің адами болмысы, өмірлік ұстанымдары туралы естелігі жарияланып жүр.

Кей тұстарда ақын өлеңдерін «Бәкір Тәжібай әл-Ақбұлақи» деген атпен де жариялаған екен. Бұл оның туған жеріне деген зор құрметі деп білемін.

Жақында байғаниндік Базарбай Көркембаев ағамыздың үйінен Бәкір Тәжібаевтың 50 жылдығына орай берген концертінің аудионұсқасын алдым. Кешті Сәбит Баймолдин жүргізген екен. Бұл да өте құнды жәдігер.

— Бәкір ағамыз әнге қосқан әйгілі Ақбұлақтың қазіргі күйі қандай?

— Бәкір Тәжібаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында сол кездегі аудан әкімі Мамырғали Аққағазов ақынның жерлестерімен ақылдаса келіп, Ақбұлақтың басына ескерткіш-тақта орнату жөнінде шешім қабылдаған еді. Қойылған ескерткіш-тақтада ақынның бейнесі бар. Бұрын Ақбұлаққа барған адам Бөкенбай батыр ескерткішіне жету үшін сайға жиналған бұлақ суынан өте алмай, қиналатын еді. Сол жылы ол мәселе де шешіліп, жаяу жүргіншілерге арналған шағын көпір салынды. Жақында Жарқамыс ауылының әкімі Асылхан Жұбаналин ескерткіш-тақтаның жанына жас көшеттер егілгенін және қаржы бөлінсе, бұрынғы қоршауды әлі де кеңіту керектігін айтты. Әзірге Ақбұлаққа қамқорлық тек ауыл көлемінде ғана болып тұр.

Енді бес жылдан соң Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы келеді. Оны кең көлемде атап өту үшін қазірден бастап көп шаруа қолға алынуы керек. Бәкір Тәжібаевтың есімі, оның әндері мен жырлары барша қазаққа әйгілі. Ендеше, 100 жылдық мерейтойы да бар қазаққа ортақ болмақ. Міне, сол кезде жан-жақтан келген қонақтың алдында Бәкір туып-өскен өлкенің мерейін арттыру қамын қазірден бастап ойлаған жөн.

— Мысалы делік?

— Біріншіден, қазір менің қолымда жоғарыда айтқан Сапаргүл апайдан алған драмалық шығармаларының жинағы бар. Соны жарыққа шығару керек. Екіншіден, Ақтөбенің Батыс-2 ауданындағы «Жұбановтар әлеміне» қарсы орналасқан Шығармашылық академиясына Бәкір Тәжібаевтың есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Үшіншіден, сол академияның алдына Бәкір ақынның еңселі ескерткішін қою керек. Мысалы, Әлия ескерткішінің жанындағы ұзынша орындықта жыр жазып отырған Бәкір ақынды елестетсек… Яғни ақынның еңбегіне, өзінің өнердегі қолтаңбасына лайық, мазмұнды ескерткіш болса…

БӘКІР АҒА

Әні мен сөзін жазған: Орал-Қосай Байсеңгір

Өнерде өрге сүйреп, бақ-талабым,

Шырқасам «Ақбұлақты» шаттанамын.

Тербеткен ән-күйімен кең даланы,

«Жем-Сағыз перзенті» деп мақтанамын.

 

Қайырмасы:

Бәкір аға, ақын аға,

Өшпейді мәнгілікке атың, аға.

Бәкір аға, ақын аға,

Сән берген сенің әнің сахнаға!

 

«Әдемі-ау» ,«Іңкәрім-ай», «Асыл арман»,

«Сағындым сені»  дейтін ғашық адам.

Даламның  «Бозторғайы», тілеуші едің,

«Тұрса, — деп, —туған жердің тасы да аман».

 

Қайырмасы

 

   «Туған жер», « Ауылым» деп, атты таңың,

   «Әлия» бейбіт елдің  жақты  шамын.

   Бұл күнде ұлы өзенге айналғандай,

   Талайдың шөлін басқан «Ақбұлағың».

  

Қайырмасы

 

— «Ана жүрегі» қойылымын экранға шығару туралы бастама көтерген екенсіз?

— Иә, «Ана жүрегі» қойылымын экранға шығару туралы ойымды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова қолдады. Сөйтіп, Ақтөбе телеарнасы мен Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері  телевизиялық түсірілімді бастап кетті. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония да биылғы мерейтойға арналған «Күн дидарлы Қазақстан» атты ән кешін облыстық телеарна ұжымымен бірлесе өткізуді жоспарлап отыр. Облыстық халық шығармашылығы орталығы Бәкір Тәжібаев шығармашылығына арнап ашық аспан астында концерт өткізеді.

— «Бәкір аға» атты әніңіз қалай туды?

Бұл — ақынға деген жүрекжарды лебізім, оған әнмен «орнатқан» ескерткішім. Қазақ радиосы бұл әнді тыңдарманға Нұргүл Тілегенованың орындауында ұсынып жүр. Ал Өнер орталығында өтетін ән кешінде Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Нұртас Омаров орындайды.

— Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әні көп әншінің репертуарында бар. Сіз кімдердің орындауында тыңдағанды ұнатасыз?

— Ең алдымен, «Ақбұлақты» автордың өз орындауында тыңдау зор ғанибет! Бақытымызға қарай, Бәкір орындаған «Ақбұлақ» әні күйтабақта сақталып қалған. Жалпы, бұл әнді білмейтін, сүймейтін өнерпаз жоқ шығар?! Қара домбырасымен сахнаға сән берген Мақпал Жүнісова оны өзіндік мәнерімен асқақтата айтады. Ал заманауи эстрада жанрында Нұрболат Абдуллин мүлде басқа қырынан танытты. Бақытбек Зейнелов жетекшілік ететін «Достық сазы» фольклорлық ансамблімен әннің ұлттық нақышын бұзбай алғаш орындаған — Гүлмарс Аманбаева. «Мен қазақпын» мега жобасының жүлдегері Динара Шынарбаеваның репертуарынан ойып орын алған әннің бірі — осы «Ақбұлақ». «Ақбұлақ» әлі талай ұрпақтың шөлін қандырары анық.

P.S Өткен жылы Байғанин ауданында «Жыр арқауы — Жем-Сағыз» деген атпен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің күндері өтті. Шара барысында осы екі газеттің басын қосып отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС «жарты Жазушылар Одағы» атанған Байғанин топырағынан шыққан дарындар мұрасын зерттеуге, насихаттауға үлес қосып жүрген бір топ азаматты арнайы сыйлықтармен марапаттады. Солардың қатарында Орал-Қосай Бәйсеңгір көрнекті ақын, композитор Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлыққа ие болды.

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button