Басты жаңалықтарТарихТәуелсіздік — 30

Жарық пен жылуға шүкірлік…

Тәуелсіздік шежіресі: 1996 жыл

1996 жылдың желтоқсанында қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 5 жыл толды. Бұл жылы тәуелсіздіктің алғашқы тойы салтанатпен атап өтілді. Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік монументі» ашылды.

Алғашқы жылдары жас мемлекетті әлемге танытуға, ел ішіне тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға көп күш жұмсалды. Бес жыл ішінде Қазақстанды әлемнің 117 мемлекеті таныды, 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 26 ел Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Ал экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай жақсара қоймады. Керісінше, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі экономикалық дағдарыс жылдан-жылға тереңдей түсті. Бұрынғы одақтас республикалар арасында түрлі салалардағы ондаған жылдар бойы қалыптасқан байланыстардың үзілуінің ауыртпалығы, зардабы, шығыны шаш етектен болды. 

Энергетикалық тәуелділіктен құтылу

1995 жылы Ақтөбе облысында өнеркәсіп қарқыны төмендеді. Бұл жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1994 жылмен салыстырғанда 96,5 пайызды құрады. Ал ол кезде осының өзі де республикалық орташа көрсеткіштен жоғары еді және аймақтар арасындағы екінші нәтиже болды. 1996 жылдың қаңтар айында облыс аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша рейтингілік кестеде бірінші орынға көтерілді. Алайда ақпан айының ортасынан бастап, наурыз, сәуір айларында көрсеткіштер күрт құлдырады. Сәуірде жоғарыда аталған рейтингілік кестеде Ақтөбе облысы 19-орыннан бір-ақ шықты. Бұл құлдыраудың себебі — онсыз да әупірімдеп жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың электр қуатынсыз қалуы еді.

Одақ тараған тұста біздің облыс республика ішіндегі электр қуаты көздерін пайдалана алмайтын өңірлердің бірі болды. Тіпті облыстың өз ішінде де электр қуатын өндіретін мүмкіндіктер, қор болғанымен, кеңестік билік аймақтың энергетикалық жағынан тәуелсіз болуына мүдделілік танытпаған. Аймақ айына 400 МВт электр қуатын тұтынса, соның төрттен үш бөлігі, яғни 300 МВт энергия Ресей Федерациясынан алынатын еді. 1995-1996 жылдары тұтынылған электр қуаты үшін Ресейге төленетін қарыз көбейіп, ол жақтан электр берудің тоқтатылатыны немесе барынша шектелетіні туралы ескертулер жиілеген. Дегенмен бұл ескертулерге аса мән берілмеген де секілді. Өйткені Ресейдің де көптеген өңірлері Қазақстанның көміріне тәуелді еді, біздің тараптан көмір берілмесе, қыста жылусыз қалатын еді. Ал Қазақстаннан жөнелтіліп жатқан вагон-вагон көмірге олар да уақтылы ақы төлемей, қарызға батты. Осындай жағдайда алғашқы жылдары екі жақ та халықты жарықсыз, жылусыз қалдыруға батпай, жай ғана ескертулермен шектеліп, бұл ескертулер үйреншікті жайтқа айналып кетсе керек…

Бірақ 1996 жылы ақпан айының ортасында біздің облысқа Ресей Федерациясынан электр энергиясын беру тоқтатылды. Еліміздің үлкен бір аймағы тұтастай қараңғы түнекте қалды. Ресейдің «Біртұтас энергия жүйесі» АҚ-мен келіссөздер жүргізіліп, бұрынғы 300 МВт энергияның орнына енді тек 35 МВт қана электр қуаты алынатын болды. Осы тұста өз облысымызда 100 МВт энергия беріп тұрған газ турбина стансасы да уақытша істен шықты. Оны қайта қосу үшін шетелдік мамандар шақырылған.

Сөйтіп, облысқа Ресейден берілетін 35 МВт қуат пен жылу-электр орталығында өндірілетін 60 МВт қуатты ғана қанағат тұтуға тура келді. Оның өзі тек ең маңызды деген нысандар үшін пайдаланылды: наубайханалар, емханалар мен ауруханалар, кәріз-сорғы стансалары, т.б.

Ал кәсіпорындардың көпшілігі жұмысын уақытша тоқтатты. Сол кездегі өңір басшысы Аслан Мусин 1,6 мың адам қатысып, энергетикалық дағдарыс жағдайында өндірісті тұрақтандыру мәселесі талқыланған облыстық кеңестегі баяндамасында: «Оның үстіне алаңдататын бір жағдай — кәсіпорындар басшылары осыған байланысты алаңдаушылық байқатпайды. Олардың көпшілігі өндірістерін жауып, адамдарын демалысқа жіберді. Осымен олардың ісі бітті», — дейді. Жиында облыс әкімі: «Энергетикалық дағдарыстың осы үш айы ішінде кәсіпорындар басшыларының ешқайсысының облыс әкімшілігіне келіп, энергетикалық шаруашылықты рационализациялау, энергия сақтау және осы негізде 1996 жылға болжамды орындау, бюджетке тиісті қаржыны түсіру жөнінде ұсыныс айтпауы ойландырады. Олар өз кәсіпорындары мен еңбек ұжымдарының тағдыры үшін қарапайым дабыл да көтерген жоқ», — деп қынжылады.

Облыс басшысы кәсіпорын басшыларына реніш білдірсе, ал осы жағдайда сабырлылық пен төзімділік танытқан қарапайым халыққа алғысын жеткізген.

Расында, ақпан айының ортасынан бастап, мамырға дейінгі аралықта облыста 3,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілмей қалды. Өз кезегінде бұл еңбекақы, зейнетақы төлеуді кешеуілдетті. Бірде аш, бірде тоқ жүрген халық жылудың, бір мезгіл болса да жарықтың барына шүкірлік етіп күн кешті…

Энергетикалық дағдарыс жағдайында көрші елден берілетін қуат көзіне тәуелділіктен құтылудың жолдары іздестірілді. 1996 жылы сәуірде Үкіметтің Жаңажолда қуаты 150 МВт болатын газ турбиналық электр стансасын салу туралы қаулысы шықты. Бұған жылдар бойы мұнай өндіру кезінде тектен-текке жағылып келген газды пайдалану көзделді. Электр стансасының құрылысын жүргізуге германиялық «АВВ» компаниясымен келісім жасалды.

Ал ел еңсесін тіктеген тұста, 2006 жылы Солтүстік Қазақстан — Ақтөбе өңіраралық желісінің құрылысы қолға алынды. Бұл желі 2008 жылдың аяғында іске қосылды. Ақтөбе өңірі енді жетіспейтін электр қуатын Ресейден емес, өз еліміздің солтүстігінен алатын болды.

Алғашқы жазғы Олимпиада

1996 жылы тәуелсіз еліміз алғаш рет жазғы Олимпиадада өз спортшыларын дүбірлі додаға қосты.

АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиадаға Қазақстаннан 96 спортшы қатысты. Жарыстарда олар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола, барлығы 11 медаль алды. Жазғы Олимпиаданың алғашқы алтынын грек-рим күресінен 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Юрий Мельниченко алды.

Әсіресе, ұлттық бокс құрамасы 4 жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте Куба мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орынға көтерілді. Бокстан 81 кг салмақ дәрежесінде Василий Жиров — алтын, 51 кг салмақ дәрежесінде Болат Жұмаділов — күміс, 63,5 кг салмақ дәрежесінде Болат Ниязымбетов және 71 кг салмақ дәрежесінде Ермахан Ыбрайымов қола жүлде алды.

Сондай-ақ еркін күрестен Мәулен Мамыров қола жүлдеге ие болды. Яғни Атлантадан төрт бірдей қазақ баласы жүлдемен оралды.

Қазақстандықтардың сүйікті спортшысы, ауыр атлет Анатолий Храпатый күміс жүлде алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 24-орынды иеленді.

Тәуелсіз Қазақстанның спортшылары бүгінге дейін 6 жазғы Олимпиадаға қатысып, 64 жүлде алды. Оның 15-і — алтын медаль.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй…»

1996 жылы облыс жұртшылығы Ақтөбе топырағының даңқты перзенті, қазақтың көрнекті композиторы, өнер зерттеушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақ КСР Ғылым Академиясының негізін салушылардың бірі — Ахмет Жұбановтың 90 жылдық мерейтойын лайықты атап өтті.

Осы мерейтойға арналған басты шаралардың бірі — «Студент көктемі — 96» фестивалі болды. Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Аслан Мусин жоғары оқу орындарының үздік студенттеріне, республикалық және халықаралық олимпиадаларда орын алған ақтөбелік оқушыларға арнайы стипендиялар табыстады. Олардың арасында Әлия Жаңабаева, Жеңісбек Баубеков, Аманжол Айтжанов, Сергей Преснеченко, т.б. жастар болды. Фестиваль аясында Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының студенттері арасында өнер, білім, спорт сайыстары ұйымдастырылып, сол қиын шақтың өзінде айрықша шуақты мереке болып өтті.

Айта кету керек, мерейтой аясындағы бұл бастама кейіннен Ахмет Жұбанов ісін жалғастыру мақсатын ту еткен «Жұбанов көктемі» республикалық жастар форумы, «Жұбанов көктемі» атты халықаралық өнер фестивалі сынды ауқымды, айтулы шараларға айналды.

Негізгі мерейтойлық шаралар шілде айында өтті. 5 шілдеде облыстық драма театрында Ахмет Жұбановтың туғанына 90 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Жиында М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Болат Қарақұлов «Ахмет Жұбанов — Қазақстан кәсіби музыка мәдениетінің негізін салушы» тақырыбында баяндама жасады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры Дүйсен Қасейінов Ахмет Жұбановқа ескерткіш қою туралы ұсыныс айтты. Араға жылдар салып, бұл ұсыныс та жүзеге асты. Бұрынғы филармония ғимараты, қазіргі қалалық Мәдениет үйі алдындағы алаңда Ахмет Жұбановтың ескерткіші тұр.

Той одан әрі Жұбановтың туған ауылы Орқашта жалғасты: жиырмадан астам киіз үй, қалың жұрт, ән-күй, атжарысы, спорттық сайыстар, жәрмеңке… Жұрт тойдан: «Ахаңның қиын заманда бастап кеткен ісін тәуелсіздік дәуірінде абыроймен жалғастыруға жазсын!» деген игі тілекпен тарасыпты.

Ал мәдениет ошақтарында, оқу орындарында Ахмет Жұбановтың 90 жылдық мерейтойына арналған шаралар жыл соңына дейін жалғасты. Облыстық басылымдардың осы жылғы нөмірлерінен Ахаңның көзін көрген жандардың жарыса жазған естеліктері жиі ұшырасады. Мысалы, Ақтөбе педагогикалық колледжі музейінің жетекшісі Р.Қазиев 1966 жылғы кездесу жөнінде: «Жұртшылық Ахаңды құрақ ұша қарсы алып, қошемет көрсетіп жатты. Ахаң сөз алған кезде былай деді: «Мен де сіздердей  Жұрын орыс-қазақ мектебінде оқыдым. Алғашқы ұстаздардың бірі — Анастасия Николаевна Мартыновадан ағам Құдайберген екеуміз орыс тілін үйрендік»… Сонымен бірге Құсайын Әжіғалиев, Жиенғали Тілепбергенов, Аюдолла Беркінов секілді ұстаздарын тебірене еске алумен болды. Мен өз басым: «ұстаздың ісін ұмытпау — ұлылықтың белгісі» деген тұжырымға келдім», — деп жазыпты…

Ақтөбеге ұялы телефон келді

1996 жылы маусымда Батыс өңірде бірінші болып Ақтөбеде ұялы байланыс іске қосылды. Бұл жөнінде журналист Төлеміс Меңдіғали «Ақтөбе» газетіне: «Күнде өзіміз теледидар арқылы көретін шетел тұрғындарының далада, көшеде болсын, қонақта, машинада келе жатып та қалаған жерімен телефон арқылы байланысу сәті біздің қаламызға да келіп жетті. Бұл — әсіресе іскер адамдардың, бизнесмендердің, мемлекеттік басқару органдары қызметкерлерінің істі оперативті шешудегі ең сенімді құралы», — деп жазыпты. («Ақтөбе», 1996 жыл, 18 маусым).

Ал «Қазақтелеком» компаниясының мамандары ұялы байланыс үшін «Motorola» фирмасының аппараттарын пайдалануға кеңес беріпті.

Ақтөбеге дейін елімізде ұялы байланыс Алматы, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қалаларына жеткізілген.

 Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button