Жаңалықтар

Nur Otan: Шалқарда жол картасы сәтті жүзеге асуда

Nur Otan партиясының Шалқар аудандық филиалында кезекті ХХХII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Іс-шараға партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жанболат Жидеханов, партия ардагерлері, партияның аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, депутаттар қатысты.

Шара барысында партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі жол картасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.Аудандық мәслихаттағы фракция жетекшісі Жанкелді Былқайырдың айтуынша, бүгінде  Жол картасындағы индикаторлар жүзеге аса бастаған.

Мәселен, Жол картасында 98 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалдамалы коммуналдық тұрғын үй құрылысын салу көзделген болса, Шалқар қаласының Ө.Сейітов көшесі бойындағы ауданы 667,8 шаршы метр болатын екі қабатты жалдамалы қоммуналдық тұрғын үйдің құрылысы жақында аяқталады. Құжаттың «Кәсіпкерлерді қолдаймыз және лайықты жалақысы бар жаңа жұмыс орындарын құрамыз» бағыты да орындалып, жыл басынан бері 10 адамға кәсібін ашуға қайтарымсыз 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар берілген. Ал білім сапасын жақсарту бағыты бойынша Бегімбет ауылындағы Б.Сүлейменов атындағы жалпы орта білім беретін мектепті жөндеу жұмыстарына 174,9 миллион теңге қаражат бөлініп, конкурс қорытындысы бойынша «Алихан – Ойл» ЖШС жеңімпаз атанған. «Әділ-Жан-Би» шаруа қожалығы ет өңдейтін шағын  цех құрылысын аяқтап, құрал-жабдықтарын сатып алуда.

Сондай-ақ конференция барысында Nur Otan партиясы Шалқар аудандық филиалының Саяси кеңесінің жаңа құрамына аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық пікір көшбасшыларынан іріктелген партия мүшелері ұсынылды. Сапалық құрамы бойынша әйелдердің кемінде 30%-дан және 35 жасқа дейінгі жастардың 20%-дан кем болмауы қамтамасыз етілді.

Конференция соңында партияның Ақтөбе облыстық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясына 13 делегат қатысатын  болды.

Айта кету керек, 15 мамырға дейін партияның барлық филиалдарындаесеп беру-сайлау конференциялары өтеді.

Ақерке МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button