Спорт

Босаңсуға болмайды екен

Премьер-Лига

18-19 сәуір күндері 6-турдың кездесулері өтті. Бұл турдың ойындары чемпионаттың шын қарқын ала бастағанын көрсетті.

Бұл турда өз алаңында екі команда ғана жеңіске жетті. «Астана» Нұр-Сұлтанда «Қызылжар СК» командасын жеңсе (3:1); «Тараз» өз алаңында «Ақжайықтан» басым түсті (1:0).

Бұл есептер ешкімді таңғалдыра қоймаса, Алматыда «Қайрат» пен «Тобылдың» тең ойнауы (2:2) біраз әңгімеге өзек болды. Өйткені қостанайлықтардың қақпасына 81-минутта алматылық Нұралы Әліптің пенальти соға алмауы жеңіске тіпті жақын келген «Қайраттың» мықты өкініші болды. Ал 90 минутқа тіркелген қосымша уақытта алматылық қақпашы Стас Покатиловтың жекпе-жек шыға келген «Тобыл» футболшысының жолын кесуі қостанайлықтарға да бармақ тістетті.

Тағы бір өкінішті сәтті Түркістанда «Тұран» бастан кешті. Олар «Каспиймен» кездесу барысында жеңіп жатып, 84-минутта өз қақпасына гол жіберіп алды (2:2).

Осылайша «Тұран» да, Қызылордада «Қайсармен» тең ойнаған «Атырау» да (1:1) әлі бірде-бір жеңіске ие бола алмай келеді.

Талдықорғанда «Ордабасы» командасына үш ұпай сыйлаған «Жетісу» (0:4) маусым басталғалы осымен төртінші рет ұтылды.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды алғаш рет өз алаңымызда өткізді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей тапсырмасымен жайнап шыға келген жасыл алаң мен жасанған жабдықтарды көру, әттең, сақтық шараларына қатысты шектеулерге байланысты еліміздегі ең белсенді ақтөбелік жанкүйерлерге тағы да бұйырмады. Осының әсері ме, әлде бес тур бойы сырт алаңда ойнап, шамадан тыс күш жұмсаған футболшыларымыздың шаршамасқа амалы қалмады ма, әйтеуір, «Ақтөбе» бұл жолы мағыналы ойын өткізе алмады. Жерлестеріміз, сірә, спортта (бұл ретте футболда) ешуақытта босаңсуға болмайтынын естен шығарып алған тәрізді. Оны бас бапкер Алексей Бага да ашық айтты. «Әрине, алғашқы кездесуді, мейлі, жанкүйерлерсіз болса да, осыншама дәрменсіз өткізуге болмайтыны мәлім. Ойынның мазмұны жөнінен де, эмоциялық шалымдылық тұрғысынан да, біз текетіресте көп сәтті уыстан шығарып алдық. Қарсыластардың шабуыл жасауына көп мүмкіндік бердік. Өзіміз де аз қателескен жоқпыз», — дей келіп, спортта жағымды табыстар пен ұнамсыз жайлар әлбетте қатар жүретінін, дегенмен басты жауапкершілік өз мойнында екенін, ал келесі ойындарда команда нәтижелік көрсеткіш жөнінен де, ойын мазмұны турасында да жанкүйерлер алдында ақталуға тырысатынын айтты.

Расында да, ылғи турнир кестесінің алдыңғы орындарында жүретін «Тобыл» мен «Ордабасыға» есе жібермеген, екі рет жеңіске жеткен, жалпы өткен бес турда да еш ұтылмаған жерлестеріміздің «Шахтерден» бұлайша ірі есеппен жеңілуі (0:3) әр турды есепке алып отырған жанкүйерлерге қоса футболдың майын ішкен бірқатар білгір спорт мамандарын да аң-таң қалдырған оқиға болды.

Біз де аң-таң бола отырып, бұл ойынның есебін әлдебір кездейсоқтыққа балап, жерлестерімізге жеңісті қадамдар ғана тілейміз.

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 0:3

Гол авторлары: Арсен Хубулов, 5-минут (0:1); Арсен Хубулов, 23-минут (0:2); Айдос Тәттібаев, 74-минут (0:3).

Ескерту қағазын алғандар: Тонго Думбия, 35,-минут); Боян Дубайич, 73-минут («Ақтөбе») — Арсен Хубулов, 76-минут; Геворг Наджарян, 90+2 минут («Шахтер»).

19 сәуір 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы, капитан), Рустам Темірхан, Михал Йерабек, Лаша Тотадзе, Армен Манучарян, Тонго Думбия, Юрий Перцух (Олег Чернышов, 78-минут), Дидар Жалмұқан (Рифат Нурмугамет, 78-минут), Еркебұлан Нұрғалиев, Максим Федин (Эрвейн Мукам, 63-минут), Игорь Сергеев (Боян Дубайич, 63-минут).

Бас бапкер Алексей Бага.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Игорь Сергеев, шабуылшы — 2 доп;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 1 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 6 кездесу өткізіп, 2 рет жеңді, 3 рет тең түсті, 1 рет ұтылды.  Ұпай саны — 9. Доп айырмашылығы — 11:11.

*   *   *

«Жетісу» – «Ордабасы» – 0:4

Гол авторлары: Александр Симчевич, 27-минут (0:1);  Эльхан Астанов, 57-минут (0:2); Жоао Пауло, 60-минут (0:3); Мирзад Механович, пенальти, 90+4 минут (0:4).

19 сәуір 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Астана»-«Қызылжар СК» — 3:1

Гол авторлары: Абзал Бейсебеков, 4-минут (1:0); Әлібек Қасым, 40-минут (1:1); Марин Томасов, 65-минут (2:1);  Макс Эбонг, 66-минут (3:1).

18 сәуір 2021 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана-Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Тараз»-«Ақжайық» — 1:0

Гол авторы: Педро Эуженио, 48-минут (1:0).

18 сәуір 2021 қаласы. Тараз қаласы, Орталық стадион. 2500 адам.

«Қайрат»«Тобыл» 2:2

Гол авторлары: Азат Нұрғалиев, 3-минут (1:0); Хосе Канте, 20-минут (1:1); Хосе Канте, 68-минут (2:1); Неманья Николич, 70-минут (2:2).

82-минутта пенальти орындаған Нұралы Әліп («Қайрат») қақпашыдан айласын асыра алмады.

80-минутта екінші рет ескерту алған Камо Оганесян («Қайрат») жасыл алаңнан қуылды.

19 сәуір 2021 жыл.  Алматы қаласы, Орталық стадион. Көрерменсіз өткізілді.

«Тұран»-«Каспий» — 2:2

Гол авторлары: Арман Нүсіп, 31-минут (0:1); Стэнли Нкоби, 60-минут (1:1); Стэнли Нкоби, 67-минут (2:1);  Давид Караев, 84-минут (2:2).

19 сәуір 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан-Арена» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Қайсар»-«Атырау» — 1:1

Гол авторлары: Каролис Лаукжемис, 4-минут (1:0); Дмитрий Гузь, 83-минут (1:1).

18 сәуір 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. Көрерменсіз өткізілді.

*   *   *

6-турдан соң алғашқы бестікте 14-10 ұпайдан жинаған бес команда келеді: «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 14; «Тараз» (Тараз) — 14; «Қайрат» (Алматы) — 12; «Тобыл» (Қостанай) — 12; «Ордабасы» (Шымкент) — 10 ұпай.

Одан соңғы бестікте, яғни 6-10 орындарда 9-5 ұпайдан жинаған командалар келе жатыр: «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 9; «Қызылжар СК» (Петропавл) — 7; «Каспий» (Ақтау) — 6; «Ақжайық» (Орал) — 6; «Қайсар» (Қызылорда) — 5 ұпай.

Төмендегі командалар соңғы төрт орынға — 11-14 орындарға жайғасты: «Шахтер» (Қарағанды) — 3; «Тұран» (Түркістан) — 3; «Атырау» (Атырау) — 2; «Жетісу (Талдықорған) — 1 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан үш ұпай шегерілгенін (уақытша деуге болады) еске саламыз. Сондай-ақ «Ордабасы» мен «Қызылжар СК» командалары әзірге 5 кездесуден өткізді.

*   *   *

6-тур кездесулері:

23 сәуір, жұма:

«Шахтер» — «Астана»

«Атырау» — «Қайрат»

«Тобыл» — «Тұран»

«Каспий» — «Тараз»

24 сәуір, сенбі

«Қызылжар СК» — «Жетісу»

«АҚЖАЙЫҚ» — «АҚТӨБЕ»

«Ордабасы» — «Қайсар»

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button