Экономика

Биыл Ақтөбеге 801 миллиард теңгенің инвестициясы тартылмақ

Сәрсенбі күні «Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы бойынша қабылданатын шаралар» тақырыбында брифинг өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұл бойынша облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов түсінік берді.

Аталған басқарманың негізгі қызметі өңірдің өнеркәсібін дамыту, инвестициялар тарту және жобаларды іске асыру екенін айтқан ол:

— Облыстың жалпы өңірлік өнімінің негізгі үлесін, яғни 40 пайызын өнеркәсіп құрайды. Біздегі өнеркәсіп, негізінен, мұнай-газ, тау-кен және өңдеуші өнеркәсіптен тұрады. Осы бойынша биылғы жағдайды айтатын болсақ, I тоқсанда өнеркәсіптің нақты көлем индексі 107,3 пайызды құрады. Барлығында да өндіру жағынан өсім бар. Бірақ рельстер өндірісінде өнім түрлерінің төмендеуі байқалады. Айталық, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндіріс көлемі 30,9 пайызға кеміген. Бұған пандемияға байланысты сұраныстың азаюы, сондай-ақ Әзірбайжан, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстанға жеткізу бойынша шарттар мен жобаларды іске асыру уақытының ауысуы басты себеп болып отыр. Қазіргі уақытта жеткізудің нақты мерзімдерін анықтау бойынша келіссөздер жүргізілуде.  

Саладағы мәселелерге тоқталсақ, мұнай және газ өндіруде бұрынғыдай қарқын жоқ, көрсеткіштер төмендеген. Өйткені ұңғымаларда су мөлшері артып жатыр. Хром кені және концентраттар өндірісінде де осы жағдай. Геологиялық жағдайдың нашарлауы және шахталардағы су көлемінің жоғары болуы осыған әкеліп соқтырып отыр. Қордың сарқылуы салдарынан мыс, мыс-мырыш кенін өндіруде және құлдилау бар, — деді.

Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы өңірге 647 миллиард теңгенің  инвестициясы тартылған. Ал биылғы үш айда бұл бойынша қаражат көлемі 114,6 миллиард теңгені құрайды. Жалпы, жыл соңына дейін облысқа 801 миллиард теңгенің инвестициясын құю жоспарланып отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button