Денсаулық

«БАД» ішкеннің бабы тәуір бола ма?

Халық арасында «БАД» аталып кеткен биологиялық белсенді қоспалар туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірі пайдасынан зияны көп десе, екіншісі денсаулықты нығайтып, көп аурудың алдын алатынына сенеді. Үшінші топ олардың адамға еш әсері жоқ деп есептейді.

Сонда «БАД» дегеніміз не? Оны адамдар неге ішеді? Пайдасы немесе зияны қандай? Осындай сұрақтарды алға тартып біз М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі департамент жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақмарал Баспақоваға хабарласқан едік.

Ақмарал Мұхамеджанқызының айтуынша, әлем бойынша фарминдустрия мен желілік маркетингтің қарқынды дамуы біздің елімізде де «БАД»-тың кеңінен таралуына әсер етіп отыр.

Біздің ел соңғы 20-25 жылда «БАД»-ты белсенді тұтынып жүр. Біреу қызығып ішеді, енді бірі танысының айтқанына еріп ішеді. Тіпті, халық арасында белең алғаны соншалықты, адамдар қазір кездесе қалса, «Сен қазір не ішіп жүрсің, жасарып, күшті боп кетіпсің ғой», «не ішіп арықтап жатырсың?» деп сұрап жатады.

— Макро және микроэлементтер мен витаминдерден тұратын биологиялық белсенді қоспалар өсімдіктерден, жануарлардан және минералдардан өндіріледі. Сыртынан қарағанда мұндай қоспалар дәрілік препараттарға қатты ұқсас келеді. Бірақ «БАД» — дәрі емес! Олардың басты айырмашылығы — белсенді қоспаларының көптігі. Қазақстан Республикасының «Дәрiлiк заттар туралы» заңының 1-бабының 6-тармағында: «Биологиялық белсендi қоспалар — фармакологиялық белсендiлiкке ие болатын және аурулардың алдын алу және емдеу үшiн қолданылатын (витаминдер, витамин тәрiздiлер, макро және микроэлементтер, аминқышқылдары, майлы қышқылдар, антиоксиданттар және тағы басқа) табиғи немесе олармен бiрдей биологиялық белсендi заттардың концентраттары», — деп түсінік берілген. Биологиялық белсенді қоспаларға немқұрайды қарап, қалай болса, солай ішуге болмайды. Егер өзіңізді әлсіз сезініп, шашыңыз ерекше түсіп, тырнағыңыз сына беретін болса, одан да басқа белгілер байқалса, онда медициналық тексеруден өтіп, анализ тапсырғаныңыз жөн. Не ішсеңіз де, дәрігермен кеңескен абзал. Кейбіреулер таныстарының «басымның ауырғаны қойды», «үстімдегі жара кетіп қалды» деген сөздеріне сеніп, соны алып ішеді. Бес саусақтың бірдей еместігіндей, бір адамның ағзасы екіншісіне ұқсамайды. Осыны ескеру керек, — деп, ескертуден бастады ә дегеннен әңгімесін Ақмарал Баспақова.

Профессордың айтуынша, ағзаға қажетті макронутриенттер, микроэлементтер мен витаминдер азық-түлік арқылы жеткілікті мөлшерде жетпесе, дәрігердің кеңесімен үйлесімділікпен тағайындалған биологиялық белсенді қоспалар көмекке келе алады.

«Сонда азық-түлік сапасыз болып кетті ме, әлде біз дұрыс тамақтанбай қалдық па?» — дейміз.

— Биологиялық белсенді қоспалардың пайдасы мен зиянын айтпас бұрын оның адам ағзасына қалай әсер ететінін біліп алған жөн. Соңғы 20-30 жылдықта семіздік, жүректің ишемиялық ауруы, аллергия, қатерлі ісік, қант диабеті секілді созылмалы аурулар неге байланысты көбейіп жатыр деп ойлайсыз? Басты себептердің бірі: тамақтану құрылымы бұзылған. Яғни дұрыс тамақтанбайтын болдық. Қазіргі адамдардың рационы ағзаға қажетті минералдар, витаминдер мен аминқышқылдарын жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете алмайды. Айталық, күнделікті тұтынатын ас мәзірінде 600-дей нутриент болуы керек.Оны кім орындап жүр дейсіз? Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізсек, соңғы екі-үш жылдықта салауатты тамақтану саласының батыс аймағында — Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе қалаларында жүргізілген сауалнама нәтижесінде халықтың ас мәзірінде жеміс- жидектер мен көкөністердің аздығын байқауға болады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір адамның күнделікті рационында жеміс-жидек пен көкөністің мөлшері 400 грамнан төмен болмауы керек. Әрі ол әртүрлі болуы тиіс: айталық, бір банан, бір алма, бір алмұрт, қызылша, сәбіз, салат жапырақтары, екі құрма, тағы басқалар. Осының бәрі 400 грамм болуы керек. Тіпті жарты келі деп алғанда да біз бұлай жасамайтынымыз анық. Гарвард университетінің ғалымдары «Салауатты тәрелке» ұстанымын ұсынды. Бұл тәрелке қағидасына сүйенсек, таңғы, түскі, кешкі ас мәзірінде тәрелкенің жартысы міндетті түрде көкөністер болуы тиіс, әрі бес мезгіл жеміс-жидек жеу қажет, — дейді Ақмарал Мұхамеджанқызы.

Ғалымның айтуынша, біз етті, сүтті, көкөністі, балықты аз тұтынады екенбіз. Ас мәзірінде негізінен артық салмақ жинауға «көмектесетін», қарын тойғызар макарон мен картоп көп кездеседі. Қазіргі заман адамының күш жұмсауы да бұрынғы бабаларымыздай емес, екі есеге қысқарыпты.

— Қазір тағамдық қоспаларды ішем деген адамға сан түрі бар. Ел арасында желілік маркетинг арқылы да кеңінен таралуда. Дәріхана сөресі екібастан толып тұр. Алайда «БАД-ты» тұтынудың жөні осы екен деп, сатып алып, іше беруге болмайды. Кейбір белсенді қоспалардың құрамында антибиотик, гармондар, ауыр металл, тұздар болуы мүмкін. Тұтынушылардың кейбірі шөптен жасалған белсенді қоспаларды еш алаңсыз пайдалана береді. Әсіресе, созылмалы ауруы бар адамдар абай болғаны жөн. Мысалы,құрамында  өт айдайтын шөп болса, ондай «БАД» өттегі тасты орнынан қозғап жіберуі әбден мүмкін ғой. Ал құрамында кәріс женьшені бар биологиялық белсенді қоспаны қан қысымы жоғары адамдарға тіпті тұтынуға болмайды. «БАД» түгілі, кейде үйлесімді тамақтанбай қалғанда да, ауырып қалып жатамыз ғой. Сондықтан да бәрін елеп-екшеп, дәрігермен кеңесіп барып, тұтынған абзал, — дейді Ақмарал Мұхамеджанқызы.

Мамандар ББҚ-ны сатып алар алдында, оның Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінде тіркелгенін тексеруге кеңес береді.

Биологиялық белсенді қоспаларды ішу немесе ішпеу —  әркімнің өз таңдауы. Ал сіз «БАД» ішіп жүрсіз бе?

 Сауалнама

СІЗ «БАД» ІШІП ЖҮРСІЗ БЕ?

Кәмшат Қопаева, журналист:

«Тәні саудың — жаны сау». Ауырмаудың жолын іздеу үшін, үйлесімді, жеткілікті мөлшерде тамақтануымыз керек. Сол үшін де мен қазіргі заманның әр адамы биологиялық белсенді қоспаларды күнделікті тұтыну керек деп есептеймін. Себебі ең әуелі экологиялық жағдайымыз нашар, екіншіден, күнбе-күн жейтін тағамымыз табиғи емес немесе жартылай дайын өнімдер. Тіпті, ет, сүт, айран секілді табиғи азық-түлікті жеген күннің өзінде ағзаға қажетті минералдар мен витаминдердің бір күндік нормасын қамтамасыз ете алмасы анық. Сондай-ақ жасөспірім інілеріме де балаларға арналған биологиялық белсенді қоспалар ішуге кеңес бердім. Олар да ішіп жүр. Өсіп келе жатқан ағзаға бүкіл элемент пен барлық витамин қажет қой.

Руслан Қапашев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Негізі, «БАД» ішкенді қаламаймын. Меніңше, адам аз әрі үйлесімді тамақтануы қажет. Әрі ағзасын «тыңдап», не қажет екенін сезінсе болды. Сосын кәдімгі қара суды көбірек ішкен абзал. Адам неғұрлым табиғи тамақтанса, ауру да соғұрлым қашық жүреді. Сондықтан етті сүрлеп, қайнатып, сүзбе салып, сорпа ішіп, сиыр сауғызып, ағарған ішкенге не жетсін?! Сиыр ұстамағанмен, сүтті де, етті де сатып алып, жеп отырмыз. Менің құрдастарым желілік маркетингтің жарнамасына еріп, тамаққа қосымша бірдеңелерді ішіп жүр. Әзірге сондай қоспаларға қажеттілік туып тұрған жоқ. Бала кезде далада жалаңаяқ көп жүріп едім, содан ба, әйтеуір иммунитетке әзірге шағым айта алмаймын. Ал қазіргі балалар, тіпті өз балаларым да жалаң аяқ демей-ақ қояйын, жалпы, далада аз ойнайды.

Гүлмира Бимағанбетова, көпбалалы ана:

Бес баланың анасымын. Бала ауырғанда, ананың қалай бәйек болатынын білесіз ғой. 2013 жылғы қызым көп ауырды. Мазасыздана берді. Бірге толмаған сәби қозғалып, еңбектенуге талпынуы керек сияқты еді, бұл жата беретін. Егілмеген, ішпеген дәрісі қалмады тіпті. Витаминдердің де біразын алдық, нәтижесіз болды. Экология нашар, тамақ құнарсыз. Содан да болар, балалар қанша ішіп-жесе де шырайы шықпайды. Педиатрлар баланың иммунитетін көтеру керектігін айтты. Қызымның желке тұсындағы шашы ағарып бара жатыр, сосын борды ерекше ұнатып жейді. Сол үшін де қазір танымал бір желілік компанияның кальцийін алып беріп жүрмін. Сосын «Омега-3» деп аталатын балық майының да көп көмегі бар екен, соны да ішіп жүр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button