Білім

Несие алдың ба, студент?

«Өздеріңізге белгілі болғандай, мемлекет оқу ақысын төлеу үшін қаржысыз қалған студенттерге қолдау білдірді. Мемлекет студенттер үшін барлығы 11 мың грант және 40 мың несиені қосымша бөліп отыр».

Елбасы Жолдауы жолдарынан.

Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Елбасымыздың қолдауымен  студенттердің білім алуына жағдай жасалуда. Осы бағытта мемлекет басшысы тиісті орындарға арнайы тапсырма жүктеді. Оның алғашқысы студенттерге қосымша білім беру гранттарын тағайындау болса, екіншісі-ұзақ мерзімді несие беру. Елбасымыздың алғашқы тапсырмасы бойынша еліміздің 120 жоғары оқу орнында үшінші курстан жоғары оқитын үздік 7500 студенттің оқу ақысын мемлекет төлейді. Және грантқа ие болған студенттер 11 500 теңге шәкіртақы алады. Бұл бастама бірінші наурыздан бастап жүзеге асты. Ал екінші тапсырма бойынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Альянс банкке 15 миллиард теңгені аударғаны белгілі. 24 наурыздан бастап студенттерге несие беру жұмыстары басталып кетті. Бұл тапсырма біздің облысымызда қалай жүруде? Осы мақсатта Альянс банк және жоғары оқу орындарының басшыларымен хабарласқанбыз.

Банк қояр талап

Жеңілдетілген  несие сұранысқа ие жаратылыстану, медицина және техникалық мамандықтар бойынша  ақылы негізде оқып жатқан студенттерге беріледі. Несиенің қайтарым мерзімі 15 жыл және жылдық үстемесі 9 пайыздан аспайды. Алайда осы несиені алуға құлшыныс танытқандардың қатары аз. Мәселен, республика бойынша 1530 студент қана несие алуға ниет білдірген. Несие алатын студенттердің өтініші  жыл аяғына дейін қабылданады. Ал облыста төрт жоғары оқу орнының, яғни М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті және С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен «Дүние» университетінің аталған мамандық бойынша білім алып жатқан студенттері несиеге қол жеткізе алады. «Альянс банк» АҚ-ның облыстағы филиалы осы білім ордаларымен арнайы келісімге қол қойған. Банк қазірде Қазақ-Орыс халықаралық университетімен де келісім жасауда.

24 наурыздан бастап банк несие алғысы келетін студенттердің өтініштерін қабылдай бастады. Республика бойынша 113 жоғары білім беретін оқу орнында несие беру бөлімдерінің арнайы өкілдері жұмыс істейді. Ал біздің облыста бұл қадам қарқынды жүргізілуде. Банкпен келісімге келген оқу орындарында несие беру жөніндегі менеджерлер  іске кірісті. Қазір олар студенттерге түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, несие алуға тілек білдірген студенттердің өтініштерін қабылдап жатыр. Бүгінде  несие алуға 50 студент ниет білдірді. Оқу орындарымен келісім жасаған уақытта студенттерге арнайы түсіндіру жұмыстары жүреді. Қазірде де бұл жұмыстар жалғасын табуда. Жалпы, 450 мың теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Алынған қаржы тек қана оқу ақысына жұмсалады. Сондай-ақ, несие кез келген студентке берілмейді. Алдымен студенттің  әлеуметтік жағдайы және міндетті түрде оқу үлгерімі басты назарда болады. Несие әр семестрге бөлініп беріледі. Дегенмен әзірге жастардың құлшынысы қарқынды емес. Сондықтан студенттерге айтарымыз,  мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектен бас тартпауларын сұраймыз, – деді «Альянс банк» АҚ-ның облыстық  филиалының жеке тұлғаларға несие операцияларын жүргізу басқармасының бастығы Артур Тілемісов.

Несие алуға үміткер студенттерге қойылатын арнайы талаптар бар. Яғни несие жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ата-аналары мүгедек немесе ата-анасы зейнеткерлік жасына жеткен және  көп балалы отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Сонымен қатар оқу үлгерімі жақсы болуы тиіс.

Несие алған студенттер оқу орнын тәмәмдаған соң, алты айдан кейін ғана қайтарым қарызын төлейді. Бұл – жастарға жасалған үлкен жеңілдік. Сондай-ақ, қосымша жеңілдіктер бар. Олар бір жылға дейін шұғыл әскери қызметке шақырылған жағдайда, білім алудың толық курсын бітірген соң, одан әрі оқуын жалғастырған уақытта немесе жүктілігіне және босануына байланысты қарызды қайтару кезінде арнайы  жеңілдіктер қарастырылған. Ол үшін банк өкілдерімен арайы келісім жасалуы тиіс, – деді Артур Тілемісов.

Үкімет тарапынан бөлінген 15 миллиард теңге 40 мың студентке жетпек. Осы бағыттағы жұмыстар қазір еліміздің барлық аймағында жүріп жатыр.

Балалар асығар емес

Жоғары оқу орнында ақылы негізде білім алатын студенттерге грант бөлінгені белгілі. Яғни бұл мақсатқа  мемлекет тарапынан 3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазірде облыстағы барлық жоғары білім беру мекемелерінде грантқа ие болған студенттер оқу ақысынан босатылды. Алайда арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенмен, әзірге облыстағы оқу орындарында несиеге құлшыныс білдіргендер қатары аз.

Елбасымыз дағдарыс кезінде қаржы тауып, студенттерге жағдай жасап отыр.  Яғни Мемлекет басшысының жеңілдетілген несие беру туралы ұсынысы қиын кезеңде студенттерге демеу болары сөзсіз. Осы мақсатта біздің оқу орны  Альянс банкпен арнайы келісімге келді. Қазіргі күні банк өкілдері оқу орнында  студенттердің өтініштерін қабылдап жатыр. Алайда әзірге несие алуға тілек білдірген жастар аз. Қазір түсіндіру жұмыстары жүруде, студенттердің өтініш тапсыруларына кеш емес.  Жалпы, техникалық мамандықта 74 студент оқиды.

Сондай-ақ, дағдарысқа байланысты студенттердің әлеуметтік жағдайын ескеріп, оқу ақысын жыл аяғына дейін бөліп төлеуге рұқсат етілді. Және университет тарапынан екі студентке  10-100 пайызға дейін оқу ақысын төлеуде жеңілдік жасалады. Яғни бұл студенттің отбасы жағдайына байланысты болмақ.

Мемлекет тарапынан берілген грантқа 58 студент ие болды. Сонымен қатар жастардың білім алуына облыс әкімі үлкен қолдау көрсетуде. Биыл облыс әкімінің гранты мен шәкіртақысын 16 студент иеленсе, бір жас ғалымға шәкіртақы берілді.  Ал дағдарысқа байланысты оқу ақысын төлей алмай, оқудан шығып қалып жатқан студенттер жоқ, – деді С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ректоры Халел Құсайынов.

Ал М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина және емдеу факультеті деканының орынбасары Талғар Әбілов:

Қаулы шыққан уақыттан бастап Альянс банктің өкілдері университетте өтініштерді қабылдауды бастады. Қазір несие алуға ниет білдірген 24 бала құжаттарын жинап жатса, 8 студенттің өтініші банкке жіберілді. Банк бір апта ішінде шешімін шығарады. Несие алғысы келетіндердің  көпшілігінің  әлеуметтік жағдайы сәйкес келгенмен, оқу үлгерімі белгіленген талапқа сай болмай шығады. Өйткені қарыз алу үшін де студенттерге қойылатын арнайы талап бар. Яғни несие алу үшін студенттің «қанағаттанарлық» бағасы біреуден аспауы тиіс. Банк  қарызды әр семестрге береді. Өйткені келесі оқу кезеңінде студенттің  үлгерімі төмендеп кетуі  мүмкін, сондықтан банк барлығын қадағалап отырады.

Батыс өңірдегі медицина мамандарын дайындайтын  жалғыз оқу орны болғандықтан, университетке жастар жан-жақтан келеді. Олар несие алмас бұрын ата-аналарымен кеңеседі. Сондықтан әзір қарыз алуға асыққандар көп емес. Жалпы, бір жылдық оқу ақысының мөлшері – 282 мың 200 теңге. Бір жылда бұны  төртке бөліп төлейді. Бұрын оқу ақысын кешіктірсе, үстеме қосылатын. Дағдарысқа байланысты бұны алып тастады,-деді.

Аталған оқу орны жыл сайын  3 жетім балаға 50-100 пайызға дейін оқу ақысына жеңілдік жасайды. Биыл 11 студент облыс әкімінің грантын иеленсе, 5 студент және бір жас ғалым шәкіртақыға ие болған. Талғар Әбілов әзірге оқу ақысынан қиындық көріп, университеттен шығып қалған студенттің жоқ екенін айтты.

Студент не дейді?

Мөлдір АЙЫМБЕТОВА, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті жалпы медицина факультетінің  екінші курс студенті:

– Әкем дағдарысқа байланысты жұмыстан босаса, анам үйде жұмыссыз. Осыдан кейін менің  оқу ақымды  төлеу оларға қиын соқты. Сондықтан жеңілдетілген несие алуға бел будым. Әрине, несие алмас бұрын олардың қоятын талаптары бар екен. Яғни оқу үлгерімің, әлеуметтік жағдайың ескеріледі. Әр оқу кезеңінде банкпен келісімге қол қоясың. Егер оқу үлгерімің нашарлап кетсе, несие беру тоқтатылады. Сондықтан бұл бір жағынан студенттердің оқуға деген ынтасын күшейтеді. Енді несиеден айрылып қалмау үшін бар күшімді салып оқуға тырысамын.

Жалпы, мемлекетіміздің бұл бастамасы студенттер үшін өте тиімді. Осындай қиын кезеңде қаншама студенттер оқу ақысынан қиналып жүр. Сондықтан студенттер осы сәтті тиімді пайдаланғаны жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәлеметсіздерме! Мен студенттерге несие беріледі дегенді оқыдым.Оқуыма байланысты алайын деп едім.Қазір 1курс оқып жатырмын.Алуға бола ма?және қалай, қандай құжаттар керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button