Сармат заманынан жеткен жәдігерлер
Тасқопадан қабірі табылған сармат көсемін мамандар бұдан 2,5 мың жылдай уақыт бұрын өмір сүрген деп болжайды.
Оның қабірін археологтар 2019 жылы Темір ауданындағы көне Тасқопа қорымының (оба деп те атайды) І қорғанын қазған кезде тапқан болатын. Қазба жұмыстары «Ақтөбе облысындағы ерте көшпелілердің элиталық ескерткіштерін археологиялық зерттеу» ғылыми-зерттеу жобасының аясында жүргізілді.
Қорғанның биіктігі 3 метр болса, көсемнің қабірі 5,7 метр тереңдіктен табылған. Қорған бұрын бұзылған, сондықтан мүрде жерленген қалпында сақталмай, тек кейбір сүйектері ғана қалған болып шықты. Дегенмен археологтардың еңбегі еш кеткен жоқ: қабірден оның киімін әсемдеген ұсақ алтын жапсырмалар, қорамсақ пен ондағы жебелердің қалдығы, белдік әшекейі болған алтын жапсырмалар, темір қылыш, сүйектен жасалған қамшының сабы және матасы сақталмаса да, безендірген алтын жібі мен моншақтарының қалдықтары сақталған шағын қалта-сөмке табылды. Қабірдің көне жәдігерлер сақталған бөлігін топырағымен тұтастай, яғни монолит әдісімен алып шыққан археологтардың кәсіби біліктілігіне орай олардың көптеген әріптестерінен, басқа да мамандардан жылы лебіздер есіттік.
2020 жылы жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарына алматылық және ақтөбелік мамандармен қоса, көрші елден бұрын Шығыс Қазақстандағы зерттеу жұмыстарына қатысқан маман, Ресей ҒА-ның материалдық мәдениет институтының реставраторы Николай Курганов та тартылды. Қалпына келтіру жұмыстарын толықтай аяқтау қолөнерші Ерқосай Әбілов пен зергер Болат Атыраубаев жетекшілік еткен жергілікті шеберлерге тапсырылған. Олардың жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізген жұмысының нәтижесінде сармат көсемінің жерлеу кезіндегі киімімен отырған бейнесі, қабіріне қоса салынған бұйымдар көне заманғы жарқыраған қалпына қайта келтіріліп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залына қойылды.
Көсем тұлғасы кең далада тастың үстінде алысқа қарап отырған қалпында ұсынылды. Оң алақаны ұшы жерге тірелген қылышының үстінде тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, қабірде оның даттанған қылышы да сақталып қалған. Мұндағы қылыш — соның қалпына келтірілген көшірмесі. Ал сол қолында — қамшысы. Сол жағында жебелер салынған қорамсағы да бар.
Көсемнің баскиіміндегі алтын жапсырмалар «хайуанаттар стилінің» өзгеше бір формасында болып келеді: мұнда арқардың тұтас денесі жоқ та, тұмсығы алға шығыңқы дөңгелекше пішіндегі өрнекке ұқсатылған жапсырмадан басы мен мүйізін ғана көреміз. Ал үстіндегі киіміндегі алтындардан аң бейнесі байқалмайды, бұлар — кішірек дөңгелекше пішіндегі, сондай-ақ өрнектелген жапсырмалар. Көсемнің етігінің жиектері, белбеуі де алтын жапсырмалармен әсемделген.
Белдіктегі әсем өрнек түріндегі жапсырмалардың жалпы саны — 19, ұзындығы 130 см шамасында деп болжанған. Сондай-ақ ұзындығы 220 см болатын екінші белдік те табылған. Онда да сәндік жапсырмалар бар.
Темірден жасалған жебе ұштарымен бірге сақталған қорамсақтың өлшемдерін, пішінінің қандай болғанын мамандар декор элементтері арқылы болжады. Олардың айтуы бойынша, қорамсақтың қаптамасы былғарыдан жасалған. Оның бетіндегі алтын жапсырмалар қалыңдығы 4 мм болатын жіппен тігілген. Қаптаманың ұзындығы — 71 см, ені төменгі бөлігінде — 14 см, жоғарғы бөлігінде 33 см болған деп болжанған.
Қабірден табылған қорамсақтың оң жағынан қамшының сабы шыққан. Оның материалы — сүйек. Мамандардың айтуынша, қамшының өзі былғарыдан болса керек. Қорамсақтың төменгі жағында алтын жіптер мен моншақтардың қалдықтары да болған. Қазақ жеріндегі ежелгі қорымдардан табылған стелаларда белбеуге ілінген кішкентай сөмкелері бар жауынгерлер бейнесі кездеседі. Сондықтан мамандар бұл алтын жіп пен моншақтарды сондай сөмкенің қалдығы деген ұйғарымға келді. Қалта-сөмке де 20х15 см өлшеммен қалпына келтірілді.
Көсемнің киімдеріндегі, қорамсақ-белдіктердегі алтын жапсырмалар — табылған бұйымдардың қазіргі шеберлердің қолынан шыққан көшірмелері. Олардың қалпына келтірілген түпнұсқалары да осы көрмеге бөлек-бөлек қойылды.
Белгілі шебер, зергер Болат Атыраубаев үлкен қорғаннан табылған тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру жұмысына бірінші рет қатысқанын, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарағанын айтты:
— Бұл жерде өз қиялыңа ерік бере алмайсың, тек қана мамандардың айтқанына, солардың кеңесіне сүйенесің. Сонымен бірге сол заманды жақсырақ білу үшін бұрынғы зерттеулерге, әдебиетке көбірек жүгіндік. Расын айтқанда, бұл жұмыстардың кезінде кітап біздің ең жақын, ажырамас серігімізге айналды, — дейді ол.
Көрмеге сармат көсемінің қабірінен шыққан бұйымдардан бөлек, Тасқопадағы қорғандардан табылған, яғни көнеден қалған басқа да көптеген жәдігерлер қойылған. Мысалы, түрлі пішін, түрлі көлемдегі қыш құмыралардың өзі оннан асады. Қола айналар, дөңгелек қола бойтұмар, жіңішке қола білезік те тұр. Шағын сүйек қасықтың тұсына сәл артығырақ аялдадық. Сармат заманынан қалған, ол да сүйектен жасалған басқа бір әдемі қасықты осы музейден бұрын көргенбіз. Ол Сынтас қорғанынан табылған жәдігер болса, ал Сынтас қорғаны да — сармат заманының ескерткіші. (Сарматтардың сүйек жарату өнері беріге дейін сақталып, қазақтардың да сүйекті күнделікті тұрмыста түрлі бұйымдар жасауға, жиһаздарды әшекейлеуге пайдаланып келгені белгілі.)
Көрмеге қойылған түрлі түсті моншақтар да қазіргі жұрт қолданып жүрген кәдімгі көзмоншақтарға ұқсайды. Үш бөлінген сынық күйінде жетсе де, көне ақинақ та бүгінгі ұрпаққа жәдігер боп жетіпті…
Тасқопадан табылған сармат көсемінің нақты қай кезде өмір сүргені жөнінде мамандар бастапқыда қазіргі жыл санауымызға дейінгі V-IV ғасырлар шамасы деген болжам айтса, кейіннен қазіргі жыл санауымызға дейінгі IV-ІІІ ғасырлар деген де пікір айтылды. Әрине, нақты пікір алда айтылатын болар. Зерттеулердің қалпына келтіру жұмыстарымен шектелмей, әрі қарай жалғаса беретіні түсінікті.
Қазба жұмыстарының Ә.Марғұлан атындағы археология институты ғалымдарының жетекшілігімен жүргізілгенін бұрын да айтқан едік. Осы институттың бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаевтың пікірінше, Тасқопадан қабірі табылған көсем «Есік қорғанынан табылған Алтын адаммен бір дәуірде өмір сүрген, тіпті замандас та болуы мүмкін». Сондай-ақ ол Ұлы даланың батысы мен солтүстігін жайлаған сармат тайпаларының оңтүстік пен шығыстағы сақ тайпаларымен туыстығын және тұрақты қарым-қатынаста болғанын да атап өтті.
«Сарматтардың тікелей ұрпақтары кімдер?» дегенге ресми тарих бұрын қазақтарды қоспай келген еді. Дегенмен мамандар сарматтар қазіргі қазақ жерін уақытша ғана мекендеп, сосын біржола көшіп кеткен деген пікірді қостамайды.
— Сармат тайпаларынан қалған ескерткіштер Кавказдан, басқа да аймақтардан табылды. Алайда біздің жеріміз де сармат тайпаларының бір бөлігінің тұрақты мекені болған. Олар бұл жерден бірі қалмай, үдере көшіп кетті деуге болмайды. Қазақтың қанында да сарматтардың қаны бар, — деді археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан бойынша өкілі Арман Бисембаев.
Мысалы, Кавказдағы осетиндер сарматтардың тікелей ұрпағы саналады. Дегенмен тарих оларды сарматтар құрамындағы бір ғана тайпа — аландардың ұрпағы ретінде атайды. Сарматтардың ирантілдес болғаны туралы пікірге де күмәнмен қараушылар көп. Жалпы, өз жазба тарихымыздың сақталмауы, ал ресми тарихтың, негізінен, Еуропа халықтары мен семит тілдес халықтардың ыңғайымен жазылуы, соған байланысты көне көшпелілер тарихына қатысты даулы мәселелердің көптігі белгілі. Әрине, бұл — ғалымдардың, зерттеушілердің арасында шешілетін мәселе.
Индира ӨТЕМІС.