Денсаулық

Медицина саласы: даму да бар, шағым да бар

Кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа жиыны өтті. Онда 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2021 жылға арналған міндеттер талқыланды. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыс әкімінің орынбасарлары, медицина мекемелерінің басшылары қатысты.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев бүгінде облыс тұрғындарына 42 аурухана және 438 амбулаторлық-емханалық ұйым медициналық жәрдем көрсетіп отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, былтыр халық саны 1,4%-ға немесе 11914 адамға артқан. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ана мен неонатальді өлім деңгейі екі индикаторға жеткен жоқ. ​Ал былтыр пандемия кезінде облыс әкімдігі және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен өңірде 20 стационар ашылып, 3233 кереует қойылған. Медициналық құрал-жабдықтарға республикалық және жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп, санитарлық көлік, 21 өкпені жасанды желдету аппараты, 5 УДЗ аппараты, 200 перфузор, компьютерлік томограф, рентген-диагностикалық кешен, 309 функционалды медициналық кереует, «КамАЗ» жанындағы жылжымалы медициналық кешен сатып алынған.

Коронавирус инфекциясымен күресуге 4430 медицина қызметкері тартылып, оларға 3,5 млрд теңге көлемінде көтермеақы төленген.

Қазіргі таңда өңірде коронавирус инфекциясына қарсы Ресейдің «Спутник V» екпесімен ​ егу науқаны жалғасуда. Бұған дейін бірінші компонентпен мың медицина қызметкері егілсе, 22 ақпаннан бері екінші компонентпен иммундеу кезеңі басталып, 480 медицина қызметкері егілген.

​Рүстем Исаев өз сөзінде өткен жылы денсаулық сақтау нысандарын салуға 7,4 млрд теңге бөлінгенін, 1,1 млрд теңгеге 30 денсаулық сақтау нысаны күрделі​ жөндеуден өткізілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен толықтай қамту бүгінгі күннің басым міндеттерінің бірі болып қала беретінін айтты. Атап айтсақ, облыста 140 мыңнан астам адам сақтандырылмаған, соның ішінде 45 мыңнан астамы — жұмысшы, 55 мыңы — бірыңғай жиынтық төлем төлеуші, 7​170-і — жеке кәсіпкер мен азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істеп жатқан тұлғалар.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин медицина қызметкерлеріне тұрғындар тарапынан жиі шағым түсетінін айтып, олардың реніштері негізсіз емес екендігіне тоқталды. Атап айтсақ, былтыр өңірде 94 шағым, 417 арыз тіркелген. Оның ішінде 97 арыз этика мен деонтологияны сақтамау деректері болса, 97 шағым медициналық көмек көрсетуге байланысты.

— Мен сіздердің кәсіпқойлықтарыңызға шүбә келтіріп, жұмыстарыңызды жоққа шығарғым келіп тұрған жоқ. Сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, көмектесуге дайынмын. Өйткені өңір басшысы ретінде мен үшін әлеуметтік-экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылықпен қатар, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы маңызды. Сіздердің арқаларыңызда біз пандемия кезінде мыңдаған адамның өмірін сақтап қалдық, алайда, өкінішке қарай, ақ халатты абзал жандардың әрекеттеріне лайық емес деректер де бар. 24 ақпан күні менің орынбасарларым күні бойы көпбалалы, жалғызбасты аналармен кездесті. Олар әкімдікке тұрғын үй немесе басқа да проблемалармен келген жоқ. Көбісі емханалар мен емдеу мекемелерінің жұмыстарына шағымдану үшін келген. Алты әйел мүгедектік алуға байланысты келіпті, сегіз әйел өздеріне қойылған диагноз бен тағайындалған ем-домға көңілдері толмаса, бесеуі медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасына шағым айтты. Бұл медициналық мекемелерде жауапсыз әрі немқұрайлы адамдардың отырғандығын көрсетеді. Бұл бас дәрігерлердің кінәсі, олардың өз міндеттеріне салғырт қарауының көрінісі. Алдағы уақытта әрбір деректі ұғынып, талдау жүргізіп, кінәлі адамдарды қызметінен босатқанға дейін тиісті шаралар қабылдау қажет, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында облыс басшысы жауапты тұлғаларға өңірде медициналық қызметтер сапасын көтеру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу, т.б. өзекті​ мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button