Денсаулық

Бір аптада 77 жағдай тіркелді

Екпе науқанының екінші кезеңі аясында бес жүздей медицина қызметкері вакцина алды.

Кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының орынбасарлары Мұхтар Сербаев және Бекболат Ізбасаровтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмония ахуалы жайы сөз болды.

Олардың айтуынша, өткен тәулікте (28 ақпан) COVID-19-дың 6 оқиғасы тіркелген, олардың екеуінде аурудың клиникалық белгілері болса, төртеуі — симптомсыз. Сырқаттанғандар арасында оқушылар да бар. Стационарда осы ауру түрімен барлығы 188 адам емделуде, бес адам жан сақтау бөлімінде. Сырқаттанудың тәуліктік өсуі 0,1% құрайды. Апта бойында 77 адам сырқаттанды.

Вирустық пневмониямен тәулікте үш адам ауырды. Осы диагнозбен 51 адам емделуде. Екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр.

Облыста коронавируспен сырқаттанудың 248 ошағы белгілі болып отыр, оның 190-ы үйде, қалғандары ұжымдарда. Пандемия басталғаннан бері шекарада бақылау-өткізу пункттері арқылы 536 жолаушы келді. Коронавирус инфекциясы 58 адамда анықталды.

Зертханалық тексеру нәтижелері бойынша анықтамасы жоқ 21 адам карантиндік стационарға орналастырылды.

— Облыс аумағындағы эпидемиологиялық ахуал күрделі күйінде қалып отыр, сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтауды жалғастыруды сұраймыз, — деп атап көрсетті Мұхтар Сербаев.

Өңірде егу науқаны одан әрі жалғастырылуда. Екінші толқын аясында 480 медицина қызметкері вакцина алды. Таяу күндері Спутник V вакцинасының жаңа легі келеді деп күтілуде.

— Дәл қазіргі уақытта біздер үшін бірінші кезекте медицина қызметкерлерін егу маңызды. Содан кейін мұғалімдер мен полиция қызметкерлерінің вакцина алуы ұйымдастырылады, — деп түсіндірді Бекболат Ізбасаров.

 Алина СҮЛЕЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button