Денсаулық

Шикі тамақпен шираған келіншек

Кейбір адамдардың өмір сүру салты, анығы, тамақтануы ерекше болады. Бірі тек қана жеміс-жидектермен қоректенсе, екінші бірі шай ішпей, тек қайнаған су ішуге көңіл бөледі. Тағы бірі ет жемейді.

Хромтау қаласының тұрғыны, 43 жастағы Жанар Құлбекованың табиғи, өңделмеген тағамдарды тұтына бастағанына да бір жылдай болыпты. Әңгімелескен едік…

Қандай да бір істі қолға алу үшін алдын ала жоспарлап, тыңғылықты дайындаласың ғой. Жанар да шикі тамақтануға бірден кірісіп кетпеген, біртіндеп, кезең-кезеңімен ауысқан. Өзінің айтуынша, жасөспірім кезінен бастап бір сарынды тамақтануға көңілі толмапты.

— Бала күнімізде кез келген қазақ отбасындағыдай, біздің үйде де анам негізінен ет, лапша пісіретін. Одан қалды қуырмаш, арасында күріш, картоп қуырады. Ал мен бала болсам да, күнделікті бір сарынды тамақтан жалығатынмын. «Орыстардың тамағы» дейтін едік қой, шөп-шалам қосылған көкөністерден бірдеңе жасап бергенін қалайтынмын. Өсе келе дәмді тамақ әзірлеу үшін барымды салатынмын. Алайда ешбір адам тамақтанудың мұндай тәртібіне өздігінен ауыса қоймасы анық. Ілуде бір-екеуі болмаса енді. Мен де денсаулығыма көп алаңдадым. Себебі басым қатты ауыратын, гипотония, яғни қан қысымы төмен болатын үнемі. Басқа да көптеген диагноздарымды қазір тіпті ұмыттым. Бірнеше рет бастан зақым алғаным бар, бірде мені көлік қағып кетті, тағы бірде жұмыста оңбай жарақат алдым. Әйтеуір, басым ауырғанда өзімді қоярға жер таппайтынмын, ештеңеге зауқым болмай, көп шаршайтынмын. Осыдан тоғыз жыл бұрын мен дұрыс тамақтануға көңіл бөліп, сондай-ақ йогамен айналысуға қадам жасадым. Йогамен айналыса бастағаннан-ақ басымның ауырғаны қойды. Алайда жалқаулығым басым болып, ерініп, айналыспай тастап кеттім. Тамақтан да тартынбадым, тәрелкеме түскенін жеп жүрдім, — деп бастады әңгімесін Жанар.

«Ауру — астан» демекші, сөйтіп, Жанардың қайтадан «басы ауырып, балтыры сыздаған». 26 жыл шахтада еңбек еткен ол осыдан үш жыл бұрын жұмыстан шығады. Оған себеп — денсаулығы және мектепте оқитын балалары.

— Жұмыстан босап, үйде отырғаннан бері тамақтану тәртібіне қатаң қарай бастадым. Одан көп жыл бұрын әуелі нан жеуді азайттым, біртіндеп жемейтін дәрежеге жеттім. Сөйтіп, ұннан жасалатын түрлі тәтті тоқаштар мен бөлкелерден де бас тарттым, қазір тұтынбаймын. Одан соң көбіне майлы, қуырылған тағамдарды жесем, өзімді жайсыз сезінетінімді байқадым да, оны да азайтып, кейін мүлде жемейтін болдым. Сосын басым ауырғаны қойғандай болып еді, бұл өзгеріске бейімделіп алған соң, келесі кезеңге өтуге ағзаның өзі дайын болғанын сездіргендей, қайтадан басым ауыра бастады. Сол кезде түсініп, келесі қадамымды жасадым, шайдан бас тарттым. Көк шайдан да, қара шайдан да. Оның орнына қайнаған су іше бастадым. Шайдан бас тарту мен үшін өте қиын болды. Отбасылық отырыстар, болмаса, анаңмен шай ішіп отырып, әңгімелесудің өзі неге тұрады? Бес жыл жүрдім, шайдан өзімді тыя алмай. Қазір ішпеймін. Келесі қадамға көшіп, еттен бас тарттым. Бұған да бірнеше жылғы дайындықпен келдім. Ыстық тамақ ішпейтін болдым, — дейді Жанар.

Осылайша тамақтануына жер үйде тұратыны да көп көмектесті, ауласындағы бақшада аскөк-ақжелкеннен бастап, біраз көкөністі өздері өсіреді. Базардан тек жемістерді сатып алатынын, бұрын ең жақсы көретін жемісі алма деп ойлайтын ол бүгінде талғамы өзгергенін, қазір апельсинді ерекше сүйіп жейтінін айтады.  Сондай-ақ Жанар неше жылдан бері дүкеннен томат, кетчуп сатып алмайды екен, оны бақшасындағы қызанақтан өзі жасап алатын көрінеді.

Бір қызығы, Жанардың тек өзі ғана емес, балалары да шай ішпейді. Оның орнын шөп шайларға ауыстырған. «Күз болғанда итмұрынды, қарақаттың жапырағын теріп, қыс бойы ішуге арнайы жинап аламын. Жалбыз, жаужапырақ шөптерін өсіремін. Осындай шөптерден шай демдеймін. Бақшамдағы жетпей қалып жатса, амал жоқ, шөптерді сатып алуға тура келеді. Айтпақшы, отбасымызбен қантты аз қолданамыз, оны балға алмастырдық. Өрік-мейіз, құрма секілді кептірілген түрлі жемісті тұтынамын. Сондай-ақ бананды кептіріп, құрғақ түрін әзірлеймін», — дейді ол.

Ет жеуден бас тартқанына жарты жылдан асқан Жанардың тамақтану рационына тоқталып өтсем, өзінің айтуынша, шамамен былай: таңғы асқа — қайнатып жеуге арналған сұлы жармасы. Алайда ол қайнатылған суға бұқтырып жейді. Әрине, үстіне банан, алма секілді жемістер турап дәмін келтіреді. Түске дейін бір жеміс жеп алады екен. Ал түскі асы — қияр, қызанақ, қырыққабат, қызылша, сәбіз секілді көкөністерден әзірленген салат. Кешкі асы — салат немесе ақ ірімшік. Жанар қолдың сүтін сатып алып, түрлі өнімдерді өзі жасауға тырысады, мысалы, үш жылдан бері сары ірімшік әзірлейді.

— Мен қазір ет жемеймін. Табиғи тағамдарды тұтынамын. Рационым вегандарға ұқсайды, алайда мен сиырдан алынатын сары май мен араның балын жеймін. «Тәні саудың — жаны сау» дейді ғой, сол рас. Өзіме жасап жүрген тәжірибемнен осыны аңғардым. Расында да тамаққа тойып алғаннан кейін ұйқы басып, ештеңе жасағың келмейді ғой. Ал тағамдарды өңдемей, шикі тұтыну — денсаулықты жақсартып, көңіл күйді көтереді, ерекше күш-қуат береді. Шаршамай жүресің, балалық кездегідей жаның жадырайды. Осындай тамақтану салтын ұстанамын деп, тұтынатын тағамдардағы ақуыз, май, көміртегінің мөлшеріне де көңіл бөлуді үйрене бастадым, — дейді Жанар.

Сонымен қатар Жанар ауызсуға да ерекше көңіл бөледі. Көкөністер мен жемістердің бойында сөлі көп болғандықтан, әрі шөп шай ішетіндіктен шөлдемейтінін айтқан ол  негізінен бұлақ суын тұтынады. Болмаса кран суын мұздатып, ерітіп ішетінін айтты.

 Джампинг-жаттықтырушы

Жанар қазір Хромтау қаласының бір спортзалында джампинг жаттығуымен айналысам деушілерге фитнес-жаттықтырушы боп жүр. Джампинг — чех фитнес-нұсқаушыларының шағын батуттарда ұйымдастыратын кардиожаттығулар жүйесі.  Ағылшын тілінен аударғанымызда, «to jump» — секіру дегенді білдіреді. Анығы, батутте секіруге негізделген жаттығудың жаңа түрі.

— Фитнес залына кіріп, батутта бір секіргеннен-ақ, жаттығудың бұл түрін бірден ұнаттым. Хромтаулықтарға батутты Ақтөбеден келген жаттықтырушылар ұйымдастырды. Оларға тиімсіз болды-ау деймін қатынап жұмыс істеу, сосын жергілікті тұрғындар арасынан жаттықтырушы даярлауды ұйғарыпты. Жаттығу залында жаттыққан қатты ұнайды маған, соны аңғарды ма екен, әйтеуір осы жұмысқа іліктім. Менің бір байқағаным, салауатты тамақтануға көңіл бөлген әр адам параллель осы джампинг-жаттығуларымен айналысса, нәтиже ойдағыдай болады. Мысалы, мен шикі тамақтану тәртібіне кіріспес бұрын кейбіреулер секілді детокс-марафонға қатыспадым немесе бауырымды, ішегімді тазаламадым. Батутта секіру ағзаны тазартуға көмектеседі екен, — дейді  джампинг-жаттықтырушы.

Күніне алты сағаттап залда жүретін Жанар енді балаларды да жаттықтыра бастапты. Бұлай жасауына себеп — ең әуелі өзінің балалары.

— Пандемия басталмай тұрып та, ұялы телефоннан бір елі ажырамайтын балалар онлайн оқығасын, тіпті, қозғалыстан қалды. Осыған көп алаңдайтын едім. Бірақ бұл проблеманы батут шешіп берді. Қазіргі балалар батутта секіргенді ұнатады. Әрі пайдалы, әрі көңілді. Денелері жаттығады, қозғалыс керек. Балалар аптасына үш рет жаттығады, — дейді Жанар.

Табиғатынан тынымсыз Жанар қазір таңғы сағат бесте тұрады. Әр күні Аэройога, сосын қытайдың цигун гимнастикасын жасаумен басталады. Аэройоганы Санк-Петербургтің мектебінен онлайн сабақ алып, үйренеді. «Мұндай жаттығулардан соң омыртқа, буын ауруларым азайды. Әрі бұл дене сымбатына да әсер етеді» дейді ол.

Тоқымашы әрі тігінші

Жанар — екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы аналардың бірі. Әрине, ол да күйеуі Алмаз бен балаларына күнделікті тамақтарын әзірлеп береді. Бірақ олардың денсаулықтарына алаңдайтын ол тіпті, балмұздаққа дейін табиғи жасап беруге тырысады. Тетрапакеттегі шырындарды сатып алмайды, оның орнына кептірілген жемістерді қайнатып береді. Бір сөзбен айтқанда, шебер аспаз.

Бала кезінде әжесінің бес сым темірін ұстап көріп, тоқыманың негіздерін үйренген ол әлі күнге дейін тоқиды. Шұлық, қолғап тоқығысы келмейтін табанды келіншек жұрт тоқуға жүрексінетін жемпір, пальто секілді үлкен киімдерді талай тоқыған.

Сондай-ақ ол — шебер тігінші. Бала кезінде тігін машинасы бар үйді іздеп жүріп, киім тігіп киетін Жанарға ата-анасы 14 жасында алғашқы тігін машинасын сатып әперіпті. Тігуді жаны қалайтын қызы 37 жасқа толғанда ата-ана тағы да жаңасын сыйлаған. Ал күйеуі Алмаз оверлок және тағы басқа тігін құралын алып берген. Қыздарына көйлек, ұлдарына трикоға дейін тігіп беретін ол жақында соңғы үлгіге сай өзіне спорт киімін тігіп алыпты.

«Интернет шексіз шығармашылыққа жол ашады. Көп идеяны сол жерден табамын», — дейді пысық келіншек.

Р.S. Біреуді шикі тамақтануға үгіттеуден аулақпыз. Біз тек денсаулығын түзетудің амалын іздеген келіншектің жасап жүрген тірлігін баяндадық. 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button